5.07.2018, 17:15
Қараулар: 96
МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Бүгін Жалпақтал ауылдық округінің әкімшілігінде қоғамдық келісімнің кезекті отырысы өтті. Бұл отырыста құқықбұзушылықтың алдын алу, ішімдік ішкен тұрғындардың мәселелері қаралды. Отырысқа ауыл әкімі Самиғолла Ақмурзин, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова және қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері қатысты.
-Мемлекет басшысының айтқанындай, дамыған қоғамда барлық жерде тәртіп пен реттілік орнауға тиіс. Бұл істе ұсақ-түйек жоқ. Нағыз тәртіп – үй айналасынан, жинақы аулалардан, таза көшелерден және осы жасалған жағдайларға өздері жақын болып жүретін адамдардан басталады. Ұсақ бұзақылықтың, мәдениетсіздіктің қандай түрімен де еш ымыраға келмеуіміз керек. Өйткені осылардың өзі қоғамның тыныштығын бұзады, өмірдің сапасын төмендетеді. Елбасымыздың ұсақ бұзақылыққа төзбеу ахуалын жасау — қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам деуі, жайдан-жай емес-деген округ әкімі қоғамдық келісім кеңесінде құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірлесе жұмыстар атқаруға шақырды.
Ал Жалпақтал полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің мәліметіне сүйенсек мұның ішінде ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, алкогольдік ішімдік ішу және ішімдік ішкен мас күйінде қоғамдық орындарда болу, жекелеген қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салу тәртібін бұзу, кәмелет жасына толмағандардың үй-жайдан тыс жерлерде заңды өкілдерінің ілесуінсіз болуы сынды заң талаптарын бұзғандар бар. 2018 жылдың алты ай ішінде ұсақ бұзақылық яғни қоғамдық орында былапты сөйлеп, төңірегіндегі сыйламаушылық білдіргені және ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін 40 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені және мас күйдекелгені үшін 133 құқық бұзушыға хаттама толтырылыпты.
-Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында учаскелік инспекторлармен барлығы 587 құқық бұзушылық анықталды. Қоғамдық орында және белгіленбеген жерлерде темекі тартқаны үшін 33 құқық бұзушыға ҚР ӘҚБт Кодексінің 441 бабы бойынша хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Отбасы тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушылық жасағаны үшін 31 азаматқа әкімшілік іс құжаттары жинақталып, №2 Қазталов аудандық сотының қаулыларына сәйкес әкімшілік айыппұл салу немесе әкімшілік қамаққа алу түрінде шаралар қабылданды. Жалпы құқық бұзушылықтың дені мас күйінде жасалып отыр,-дейді полиция майоры Балауса Қаженова. Осы отырыста аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Қабдолқызы, Жалпақтал ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғилым Едекешев және қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері өздерінің ой пікірлерімен бөлісті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.