3.07.2018, 16:47
Қараулар: 4
1 ШІЛДЕ – ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ ҚҰРМАНҒАЗЫ ІЗІ ҚАЛҒАН АУЫЛДАҒЫ КҮЙ ДҮБІРІ…

1 ШІЛДЕ – ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ ҚҰРМАНҒАЗЫ ІЗІ ҚАЛҒАН АУЫЛДАҒЫ КҮЙ ДҮБІРІ…

Бүгін тәуелсіз еліміздің ұлаң-ғайыр даласы домбыра үніне толды. 20 жылдығын атап өткелі отырған Астананың төрінен бастау алған домбыра шеруі кең Қазақстанды шарлап өтуде. Қос өзеннің ортасында жатқан ауданымыз да, ауылдары да күй әуеніне бөленуде. Соның айғағындай бүгін Құрманғазы бабамыздың ізі қалған Көктерек ауылында ұлттық домбыра күні аталып өтті. Мерекеде ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, Құрманғазы бабамыздың киелі өнерін жалғастыратын таланттар ауданымыздан көптеп шыға берсін,-деген лебізін жеткізді. Көктерек ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы да ауыл тұрғындарын алғаш тойланып жатырған мерекемен құттықтап, мерекелік концерт ұсынған ұжымға алғысын білдірді.
Мерекелік шарада бүгін ауданымызда өнер көрсеткен аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, саз мектебінің мұғалімі Жанат Өтешова мен жас күйші Еркін Ерболат алыстан мұнартқан Көктерек жұртшылығына әсем ән-күйлерден шашу шашты. Сонымен қатар ауыл азаматы, кезінде оркестр мүшесі болған Амантай Ташжанов ағамыз ауылдағы жас талант Гүлжиһан Бейбітоваға домбыра табыстады.
Шара соныңда ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева киелі өнер мен ұлттық аспапты меңгерген жастарымыз көп болсын деген ниетпен мектеп кітапханасына домбыра туралы кітапты сыйға тартты.
Сөйтіп, Сарыөзен жағасында орналасқан өнерді сүйетін ауыл тұрғындары ұлттық өнерге бір сусындап қалды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК