3.07.2018, 16:31
Қараулар: 111
«ТЕРЕҢКӨЛІМ – ТУҒАН ЖЕРІМ, ТҰНҒАН ТАРИХ!»

«ТЕРЕҢКӨЛІМ – ТУҒАН ЖЕРІМ, ТҰНҒАН ТАРИХ!»

30 маусым күні «Достық» саябағында Астананың 20 жылдығына және ауданымыздың 90 жылдығына арналған Тереңкөл ауылдық округінің «Тереңкөлім – туған жерім, тұнған тарих!» атты өнер фестивалі өтті. Бұл фестивальге Тереңкөлдіктер тыңғылықты дайындықпен келгенін айтқан жөн. Ақбоз үйдің ішінде үлкендерге ұлттық тағамдардан дәм татқызса, қолөнер көрмесін де ұйымдастырып, ұлттық ойындарды да өткізді. Концерттік бағдарламаның ашылу алдында сөз алған Тереңкөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Ишанов округ тұрғындарының ыстық ықыласын жеткізсе, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева тереңкөлдіктерге Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарып жатқан жұмыстарына оң баға бере келіп, әрдайым да ауданымыздың дамуы жолында аянбай еңбек етулеріне лебізін білдірді.
Концерттік бағдарламада «Асыл әжелер» ансамблі, әнші-күйшілер Айдос Ахатов, Сәлия Кенжеғалиева, Темірхан Мұрат, Мейрам Мақсот, Әсем Әміржанова, Сүйінбай Галимов, Ниязбек Бершімбаев, Әспет Ғазизова, биші Бақыт Гайсина өз өнерлерін ортаға салып, аудан тұрғындарын бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ мектеп оқушысы Әсемжан Отарбайдың поэзиядан көркемсөз оқуы да ерекше болды. Расында да Тереңкөл округі талай өнер жолындағы нарқасқалар Нығмет Нағымов, Төреғали Имашев, Қатимолла Бердіғалиев тағы басқалар болса, Социалистік Еңбек Ері Ахат Аяпов, «Ленин» орденінің иегері Жұмағаным Өтешова, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Салима Ғұбашева сынды аға-апаларымыз да осы жердің даңқты перзенттері.
Аудан тұрғындарына әдемі де, сәнді де, мәнді кеш сыйлаған тереңкөлдіктерге Қазталов ауылдық округі әкімінің орынбасары Баймағанбет Сағадденов тұрғындар атынан рахмет айтып, алғысхат табыстады.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.