29.06.2018, 16:58
Қараулар: 104
МОБИЛЬДІК ТОП ӨЗ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА

МОБИЛЬДІК ТОП ӨЗ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА

28 маусым күні ауданымыздан құралған мобильдік топ Талдықұдық, Талдыапан ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесулер өткізді. Аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев тұрғындармен кездесуде мобильдік топтың мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде баяндады. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева ауыл тұрғындарына Елбасымыздың «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен айтып өтті. Бағдарламаға сай істелген жұмыстардың бейнеролигі халық назарына ұсынылды. Ал «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин партиялық жобалардың іске асырылуы, бұл жұмыстарға бастауыш партия ұйымдарының және партия мүшелерінің жауапкершіліктері жөнінде баяндады. Аудандық мұражай жетекшісі Назекеш Адаялиева аудан орталығында жабдықталып жатырған музейге жәдігерлер жинау туралы айтып, оған тұрғындардың атсалысуын сұрады. Сондай-ақ мобильдік топтың мүшелері Райымбек Нұрекешов, Жеміс Ғабдолнасырова ауданымыздағы жастармен бірлесе атқарылып отырған жұмыс және жұртшылықты алаңдатып отырған менингит дертінен сақтану мен балалар арасында екпе жүргізу мәселелерінде де назардан тыс қалдырмай халықты хабардар етті. Теолог маман Есбол Сақауов еліміздегі діни ахуал, жастардың теріс бағытқа түсуі, адасу негіздері және діни сауаттылық жөнінде кеңінен тарқатып айтты. Кездесулер барысында түрлі сауалдар қойылып, сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарылды.
Мобильдік топ мүшелері Талдыапан ауылдық округінде болып, көптеген жаңашыл істерді көздерімен көрді. Мәселен, бүгінгі таңда Талдыапан ауылы аспанында үні қоңыр қазақтың ұлттық «Қазақ» радиосы әуелеп тұр. Жаңалықтарымен қатар рухани бағыттағы бағдарламаларымен «Қазақ» радиосы ауыл адамдарының рухани тынысына одан әрі дем беруде. Осындай «Қазақ» радиосы әр ауылда, әр шаңырақта сайрап тұрса ұтарымыз көп болар еді. Сонымен катар Талдыапан округінің әкімі Асқар Есқалиевтың бастауымен қысқы мал азығын дайындаудың және оның бағасын көрсетіп тұратын тақта көрсеткіш шығарылған. Бұл да ауылдықтар үшін ең маңызды шаруа болып табылатын мал қыстағына мол даярлықпен баруға септігін тигізері сөзсіз.

Гүлнұр ҚАЗБЕК

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.