23.06.2018, 17:18
Қараулар: 138
САРАЛЖЫНДЫҚТАР 2 ҚОРЫМДЫ ҚОРШАП, САУАПТЫ ІС ЖАСАДЫ

САРАЛЖЫНДЫҚТАР 2 ҚОРЫМДЫ ҚОРШАП, САУАПТЫ ІС ЖАСАДЫ

Бірік ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылының тұрғындары «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ескеріп, көптен бері шешімін таппай жүрген шаруаны жүзеге асырды. Қасиетті Рамазан айында Саралжын ауылынан шыққан жерлестермен, ауылдың қазіргі және бұрынғы тұрғындарының атсалысуымен 1 айға жетер-жетпес уақыт ішінде 1 миллион жарым теңгеге жуық қаржы жиналып, 2 қорым қоршалды.
Зират басын қалдықтардан тазартып, мал тұяғының баспауын қадағалау да кейінгі ұрпақтың міндеті. Ол үшін қорымды қоршау қажеттігі өзінен-өзі түсінікті. Қаржының жоқтығынан, қолдың қысқалығынан жылдар бойы зират басы қоршалмай, ашық-шашық жатқаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін саралжындықтар сауапты іске жұмыла кірісіп, ауыл тұрғындары шама-шарқына қарай ақшалай, малдай үлес қосып, ауыл маңындағы 2 зират қоршалды.
Қорым қоршалып болғаннан соң саралжындық ағайындар зират басында құрбан шалып, ата-баба аруағына арнап садақа берді. Заманның тыныштығын, елдің ырыс-берекесін, ұрпақтардың амандығын Алладан тілеп, дұға бағыштап, құран оқылды.
Ауылдың үлкендері: -Зиратқа келген сайын ішіміз қан жылап кететін еді. Енді, міне, ауылдастарымыз сауапты іс атқарып, қорымды қоршап, садақа беріп жатыр. Енді зираттар мал тұяғына тапталмайтын болды ғой. Істеген істеріңіздің Алла сауапқа жазсын, -деп ризашылықтарын білдіріп жатты.
Сонымен қатар осы сауапты істің басталуына ой салып, түрткі болған, зиратты қоршауды ұйымдастыруда, оның қоршау жұмыстарын жүргізуде, қаладан материалдар тасуда үлкен жұмыстар атқарған ауыл азаматы Мұрат Мәжімовке, бүгінде ауылда тұрмаса да ата-баба аруағының разылығы үшін қызмет еткен Айбар Мусин, Ерғали Зайнушев, Мирболат Жылқыбаев, Абзал Молдағалиев, Альберт Әбілхайыровқа және Хадиша Тарихқызына, Ділда Мәжімоваға, сонымен қатар күннің ыссылығына, ауа райының қолайсыздығына қарамай игі іске атсалысқан барша азаматтарға саралжындық ағайын-жерлестердің айтар алғысы шексіз.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.