21.05.2018, 9:41
Қараулар: 58
НҰРДӘУЛЕТ КІШКЕНТАЙ СӘБИДІҢ ӨМІРІН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

НҰРДӘУЛЕТ КІШКЕНТАЙ СӘБИДІҢ ӨМІРІН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

Бұл хабар бізге кешігіңкіреп жетті. Бірақ кешігіп жетсе де өзіндік батырлық тақырып болып қалатын хабар деп білеміз. 5 мамыр күні Қошанкөл ауылының 6 сынып оқушысы Нұрдәулет Айболатов кешкі сағат 19-дар шамасында өрістен келетін малды қарсылауға шығады. Ауыл жанындағы қар суынан жиналған тоғанға барады. Сол кезде тоған суының ішінен кішкентай баланың екі аяғын көзі шалады. Жалма-жан шешінбестен суға сектіріп баланы алып шығады. Сәби талықсып кеткен. Тездетіп алғашқы көмекті жасағанда бала есін жинайды.
Әлі 3-ке толмаған Аршаттың әкесі Медет бізге болған оқиғаны былай деп әңгімелеп берді. –Суға кетіп қала жаздаған балам Аршат үйдің кенжесі. Өзінен үлкен екі баламмен бірге (үлкенінің өзі 1 сыныпта оқиды) осы тоған жағасына келіп ойнаған. Екеуі өздерімен өздері ойнап жатқанда Аршат суға түсіп кеткен. Нұрдәулет балам болмағанда әржағын айтуға келмейтін жағдай орын алатын еді. Айналайын, Нұрдәулетке барлық бақ қонсын!-деді.
Аршаттың өзін де суретке түсіріп алайық деп ойлағанбыз, мектепте мұғалім болып қызмет жасайтын анасы Айнұр Орал қаласына оқуға кетіп, Аршатты Жалпақталдағы нағашы әжелеріне апарып тастапты. Сол себепті кішкентай Аршаттың суретін балабақшадан сұратып алғыздық.
Нұрдәулеттің мектепте қызмет істейтін анасы Гүлжан Сисеноваға да жолықтық. –Иә, балам осындай бір азаматтық іс жасады. Осындай қасиет оның бойында бар екенін көргенде бойымды мақтаныш сезімі биледі,-деді. Ал Нұрдәулетті әңгімеге тартып баланы судан алып шыққанда алғашқы көмек беруді қайдан білесің?- деген сұрағыма: -Мектептің төтенше жағдайларда әрекет ету ережесін күнде көріп жүрмін ғой,-деді.
Біз батырлықты, ерлікті алыстан іздейміз. Ал Нұрдәулеттің оқыс оқиға кезінде ешқандай абыржымастын кішкентай періштенің өмірін сақтап қалуы – нағыз батырлық. Өркенің өссін, айналайын Нұрдәулет!

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ