23.02.2018, 10:00
Қараулар: 173
МАЛ ҰРЛАУШЫЛАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ, АЛ МАЛДЫ «ҚАСҚЫРҒА» БАҚТЫРҒАН ЕКЕН…

МАЛ ҰРЛАУШЫЛАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ, АЛ МАЛДЫ «ҚАСҚЫРҒА» БАҚТЫРҒАН ЕКЕН…

Бүгін, 22 ақпан күні Қазталов аудандық жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Бисебай Төлепов шұғыл хабарласты. Аудан тұрғындарының адал малын барымталап жүрген топ құрықталыпты.
Тәртіп сақшысы мән-жәйді баяндады: — Үстіміздегі жылдың 14 қаңтары күні Қазталов ауылдық округіне қарасты «Байтұрған» қыстағынан М.Қажымовтың шаруа қожалығынан 5 бас ірі қара малының жоғалғаны туралы ішкі істер бөліміне хабар түсті. Осыған байланысты жедел жоспар жасақталып, қылмыстық іс қозғалды. 21 ақпан күні таңғы сағат 4-00-де жедел кезекші Нұржан Баймұхамбетовке осы қыстақтан «Газель» автокөлігімен мал ұрлап жатқандар туралы суыт хабар жетті. Жедел кезекші аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Дегенбаевқа хабарлаған. Ауданның бас сақшысының басқаруымен екі жедел тобы құрылды. Мал ұрлаушылар Қайыңды ауылына қарай бағыт алғаны белгілі болғаннан кейін, сол округтегі учаскелік инспектор Серік Ибрашевке, Болашақ ауылдық округінің учаскелік инспекторы Данияр Байдуллинге және «Александров-Гай», «Қарасай» шекара заставасына жедел хабар жіберіліп, ол жақтан арнайы топтар құрылды.
Қазталов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Амангелді Үбішев басқарған құрамында полиция қызметкерлері Азамат Мұратов, Мәрлен Қарабаев, Роллан Бектұрғанов бар жедел топ барымташыларды Қайыңды, Болашақ ауылдық округтері аймағына жеткізбестен құрықтады. Мал ұрлаушылар Әжібай ауылының тұрғыны Д.К., А.Т., А.К. деген азаматтар болып шықты. Бұл топ үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бері осы мал қыстағынан 7 рет мал ұрлағаны анықталды. Сонымен қатар бұл топ Жаңақала ауданынан да сыбайластар тапқан. Ал бір қызығы осы барымташыларға қорадан малды ұрлауға көмектесіп жүрген осы шаруа қожалығының малшысы екені де анықталып отыр. Осы арада «адам аласы ішінде» дегендей, шаруа қожалығының жетекшісімен күнбе күн жүздесіп, бірге еңбек етіп жүрген адамның арам ойға баруы — ойланарлық жағдай. Қазіргі күнде тергеу амалдары жүргізілуде, -деді.
Міне, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне жаңа ғана кіріскен Ринат Дегенбаевтың және аудандық тәртіп сақшыларының жедел қимылдары нәтижесінде ұрылар қолға түсті. Егер халық және тәртіп сақшылары бірігіп қызмет жасаса, ұрылардың адымдары тарылары сөзсіз. Сондықтан ауданның тәртіп сақшыларына ризашылық білдіреміз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.