АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

«ТӨРТҚҰДЫҚ» ҚАҺАРЛЫ ҚЫСТАН ҚАЙМЫҚПАЙДЫ

Күні , 20 рет оқылды

Қазталов ауданы ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы саласы бойынша өңірдегі көш бастаушы аудан болып табылады. Ауданның шаруашылық құрылымдары мемлекеттің түрлі бағдарламаларына қатыса отырып, көптеген нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл жөнінде ауданымызға іссапармен келген кезде өңір басшысы Алтай Көлгінов те атап өтті. Қазіргі күнде ауданымызда мал қыстату науқаны ойдағыдай өтуде. 316 мал орында 35 мыңға жуық ірі қара, 115 мың қой-ешкі, 15 мың жылқы және 158 түйе малы қыстатылуда. Әлі қалған қыс айына жеткілікті 98 мың тонна мал азығы бар. Сондай мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізіп жатырған «Мүслім» шаруа қожалығының жетекшімі Махамбет Тайгариннің «Төртқұдық» қыстағына ат басын тіредік. Біз барған кезде қазақтың ақбас мал тұқымының республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі Мақсот Балқыбаев бастаған арнайы топ ақбас тұқымды сиырларды сұрыптаудан өткізіп жатыр екен. Әркезде де шаруа қамымен жүретін Махамбет күнделікті шаруаның басын қайыруда. Бізбен әңгімесінде ол: -180 бас ақбас тұқымды сиыр, одан өзге 120 бас ірі қарам болса, сонымен қатар 600-дей қой малы да бар. Оның үстіне 250 бас баспақ малы да бар. Осы малдарға 14 мың центнер табиғи мал азығы дайындалды. Биылғы қыс шаруа қуған адамдарға жайлы болып тұр ғой. Жалпы қыстан аман-есен шығамыз деген ойымыз бар. Қазіргі күнде ірі қараның алды төлдеп те жатыр, -деді. Махамбет сөз арасында алдағы уақытта ангар қорасын салуды жсопарлайтынын айтып өтсе, скважиналық құдық қаздырып жатқанын да тілге тиек етті. Осы жерде қазақтың ақбас мал тұқымының республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі Мақсот Балқыбаев та әңгімеге араласты. -Жалпы облысымыз қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіру жөнінен республика бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан кейінгі екінші орында тұр. Қазталов ауданында да бұл жұмыс нақты жолға қойылған. Алдағы уақытта осы жұмыстар жалғасын таба беретін болса, аудан мал шаруашылығы саласынан үздіктер қатарынан көріне берері сөзсіз, -деп сөзін сабақтады. Махамбет Тайгариннің шаруа қожалығында болғанда Елбасымыздың кешегі Жолдауда айтып өткен ауыл шаруашылығына «Ақылды технологияларды» енгізу туралы міндеті іске асырылып жатқанын да көзіміз көрді. Бұл орын да электр энергиясын желден және күннен алатын «Гибридит» қондырғысын пайдаланып отыр екен. Бұл қондырғы 4 квт электр қуатын беретін көрінеді. Осындай қаһарлы қыс айында мал қыстату науқанын үлгілі өткізумен қатар қазіргі талаптарға сай заманауи технологияларды пайдалана отырып, алысқа көз тігіп отырған Махамбеттей шаруа азаматын көргенде еліміз болашақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда алдыңғы қатарда болатынына сеніммен қарадық.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Тегтер:

Пікір қалдыру


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.