31.01.2018, 10:40
Қараулар: 23
АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТ ТОБЫ ЖАЛПАҚТАЛДА

АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТ ТОБЫ ЖАЛПАҚТАЛДА

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру, насихаттау мақсатында облыс әкімдігі тарапынан құрылған ақпараттық топтың өкілдері облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Неғметуллин, облыстық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тұрарбек Алтынбекұлы 30 қаңтар күні ауданымыздың Жалпақтал ауылында болды.
Жалпақтал ауылдық округі аппаратының мәжіліс залында өткен кездесуде сөз алған облыстық спорт басқармасы басшысынң орынбасары Жеңіс Махамбетұлы
бүгінгі таңда еліміздің қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқандығын айтты.
-Бұл жолғы Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу, жетістікке жету жолында не істеу қажеттігін айқындайды. Елбасымыздың өзі атап өткендей, біздің басты мақсатымыз — озық дамыған 30 елдің қатарына кіру. Ол үшін түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. 100 нақты қадам — Ұлт жоспары жүзеге асырылып, индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. Президенттің жыл сайынғы Жолдауы уақыт талабына сай ерекшеленіп отырады. Биылғы Жолдау да соның бір жарқын мысалы. Елбасымыз негізгі 10 бағытқа ден қойып, елімізде жарқын болашақта атқарылуы тиіс жұмыстарды айқындап, әрбір қазақстандықтың алдына нақты міндеттер қойды. Жолдаудың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» аталуының өзі көрсетіп тұрғандай, негізгі екпін шикізаттық тәуелділіктен арылып, жаңа технологияларды дамытуға, сол арқылы ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басуға беріледі. Әрине, алға қойылған міндеттердің барлығы адами ресурстардың сапасын арттыруды қажет етеді. Соның ішінде, мемлекеттік аппараттың деңгейін жоғарылату, мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін көтеру мәселесі бірінше кезекте болуы тиіс. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен де әлі де болса жасалуы тиіс дүниелер бар,-деді спорт басқарма басшысының орынбасары.
Осы жиында КүМеңдәлиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің ұстазы Абылай Молдашев, Жалпақтал аймағы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының меңгерушісі Артур Жексенов Елбасы Жолдауының басты міндеттеріне тоқталып, ұсыныс пікірлерін ортаға салды.
Округ әкімі Самиғолла Ақмурзин Елбасы Жолдауын қолдайтындығын айтып, жиын барысын қорытындылады.
Облыстық ақпараттық насихат тобының өкілдері ауданымыздың барлық округ орталықтарында болып, Жолдау аясында ұсыныс пікірлерімен бөлісті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар