31.01.2018, 10:31
Қараулар: 21
АУДАНЫМЫЗДА КӘСІБИ МЕДИАТОР ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

АУДАНЫМЫЗДА КӘСІБИ МЕДИАТОР ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Соңғы бесжылдықта еліміздің сот жүйесіне енгізілген айтулы реформалардың бірі 2011 жылы қабылданған ҚР «Медиация туралы» заңымен байланысты. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған медиация жүйесінің басты мақсаты – түрлі дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей реттеу. Қазталов ауданы бойынша да кәсіби емес медиаторлар қоғамдық негізде жұмыс жасауда. Дегенмен, кәсіби түрде қызмет жасайтын медиатор қызметіне жүгіну үшін облыс орталығына бару қажеті туындайтын. Бұл ауылдық жерде тұратын азаматтар үшін тиімді емес.
Осы мәселенің түйіні шешіліп, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап, аудандар арасында алғашқылардың бірі болып аудан орталығында кәсіби медиатор қызметі ұсынылмақ. Кәсіби медиатор қызметінің арнайы сертификатын алып, қызмет жасауға ауданымыздың дамуына үлкен үлес қосқан, жақында ғана еңбек демалысына шыққан Марат Харесұлы Тоясов кірісіп жатыр. Марат Харесұлы осы күнге дейін кәсіби емес медиатор қоғамдық қызметінде үш жыл еңбектеніп, сотқа дейінгі біраз мәселелерді шешкен болатын.
Осыған орай 29 қаңтар күні кәсіби медиатор қызметіне кіріскен Марат Тоясовты аудандық соттың төрағасы Райбек Хайырбеков қабылдады. Қабылдауда Райбек Серікқалиұлы,- медиация институтын дамыту арқылы әлеуметтік және құқықтық дауларды сотқа жеткізбеу және түрлі дауларды сотқа және басқа да құқық қорғау органдарының қатысуынсыз шешудегі медиацияның тиімділігін халыққа түсіндіру керектігін айта келіп, бастағалы отырған ісіңізге сәттілік тілеймін!- деген тілегін жеткізді.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар