31.01.2018, 10:27
Қараулар: 82
ЖАЛПАҚТАЛДА ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРҒАН «ТАМАША» ӨТТІ

ЖАЛПАҚТАЛДА ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРҒАН «ТАМАША» ӨТТІ

Жалпақтал мәдениет үй жанындағы «Тамаша» ойын-сайық отауы кезекті қойылымы жұртшылық назарына ұсынылды.
Жерлес ағамыз Әли Ахметовтың бастамасымен ұйымдастырылған жергілікті бүгінде дүниеден өткен Темірғали Жазбаев, Гузяль Хабиева, Жәрдем Тұяқов, Закария Оразаевтырдың арнайы сатиралық туындыларымен бастау алып, оларды сахнада әрлендіруде, тамаша өнерімен жеткізе білген «Тамаша» ойын сауық отауының алғашқы ірге тасын қалаушылар Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Зәуреш Ақмурзина, Қайрат Туляшев, «Мәдениет қайраткері» атағының иегерлері Нұрлан Шаканаев, Самат Ерғалиев, Сүлеймен Қайбалиев, Бейбіт Оразовтарды айтпай кету мүмкін емес.
Бүгінде міне мәдениет үйі жанындағы «Тамаша» ойын-сауық отауы есігін айқара ашқан күннен бастап, көрермендердің көңілінен шығып, көзайымына айналуда. Басқа ауыл тұрғындарын қайдам, ал жалпақталдық ағайындар «Тамаша» ойын-сауық отауы өнер көрсетеді деген күні қонақтық пен той-томалақ былай тұрсын, алдындағы асын ішпестен мәдениет үйінің залына ертерек барып, орын алып қалуға асығады. Екі жүздің үстінде орындығы бар көрермендер залы лық толғанын айтпағанда ауылдастардың екі сағатқа жуық аяғынан тік тұрып, «Тамаша» тамашалағанына риза болды.
Әсем безендірілген сахна. Күлкіден шегің түйілетін қойылымдар. Әсем ән, мың бұрала билеген билер, бәрі-бәрі көрермендердің сұрауы бойынша беріліп жатқандай әсер қалдырып жатты. Жоғары да есімдері аталған аға-апаларының ізін жалғастырушы, жас буын өкілдері сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздары Нұрхат Жалмұқанов, Азамат Дүйсеков, Мержан Дүйсенов, Ерлан Аманжолов, Нұрбек Мұхамбетқалиев, Жандос Жексенбаев, Анар Мусина, Шалқыма Меркулова, Шайзада Елжанова, София Мерғалиева, Асылғаным Құсайынова, Гаяз Мазгутов, Наргиза Сүлейменова, Гүлхан Елемесовалардың өнер көрсетуі көрермендердің көңілін көкке көтерді.
Осы кеште «Тамаша» ойын сауық отауының алғашқылары болып ірге тасын қалаған Самат Ерғалиев сахна төріне шығып, өзінің шынайы ризашылық сезімін білдере отырып, мәдениет үйінің өнерлі жастарына шығармашылық табыс тіледі.
Жалпақталда өткен талайды тамсандырған «Тамаша» ойын-сауық отауында өнерпаздардың өнеріне тәнті болған жалпақталдық ағайындар көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар