22.01.2018, 11:59
Қараулар: 132
ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖОЛ ТАПҚАН ЖОЛДАУ

ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖОЛ ТАПҚАН ЖОЛДАУ

Ағымдағы жылдың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы жарияланған болатын. Осыған орай Қазталов ауданында құрылған ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері А.Оразбаева және Қазталов мектептерінің, аудандық аурухананың, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен жүздесті. Мекеме ұжымдармен болған жүздесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев және Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауындағы басымдық беріліп отырған мәселелерге тоқталып, алға қойған міндеттер туралы әңгіме өрбітті. Сондай-ақ ауданымызды дамыту жолында ауыз толтырып айтатындай ауқымды жобалардың жүзеге асырылып жатқаны жөнінде атап айтты.

Жолдаудың бір ерекшелігі – мұнда білім саласының барлық сатылары бойынша нақты міндеттер айқындалған. Бұл білім саласы басты назарда екенін көрсетсе керек. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні туралы хабарды ұстаздар қауымы ерекше ықыласпен қабылдады. А.Оразбаева және Қазталов орта жалпы білім беретін мектептерінде болған кездесуде, -Биылғы Жолдауда айрықша айтылған бағыт — Қазақстанның болашағы – үш тілді еркін меңгерудің қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату үшін латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі болжампаздық бағдаршамы. Халыққа арналған жаңа Жолдау жанымызды да, жадымызды да жаңғыртып, өркениет өрінің тағы бір белесіне алып шығар баспалдақ болмақ,-деп ұстаздар қауымы өз пікірлерін білдірді.

Президент өз Жолдауында денсаулық саласында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет екенін айтты. Сондай-ақ Жолдауда Президент тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеуді тапсырды. Яғни халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы мен денсаулығы басты назарда болмақ. Осыған орай Елбасының Жолдауындағы денсаулық саласы бойынша аталып өткен жағымды жаңалықтары аудандық аурухана қызметкерлерін бір қуантып тастады. Ақпараттық түсіндіру тобы аурухана қызметкерлерімен кездескенде сауалдарын жолдап, Елбасы Жолдауын бір ауыздан қолдайтындықтарын білдіріп жатты.

Н.Назарбаев Жолдаудың тоғызыншы міндетінде Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрес жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жүргізе беруді тапсырды. Ал құқық қорғау органдарының ұжымдарымен болған кездесуде тоғызыншы бағытына байланысты түрлі сауалдар айтылып, ішкі істер қызметкерлері тарапынан түрлі пікірлер мен ұсыныстар білдірілді.
Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыздың бағыт-бағдарын бағамдап берген Президент Жолдауы Қазақстан халқы үшін маңызды құжат болатындығы туралы ортақ ой өрбіткен білім, денсаулық, құқық қорғау саласының қызметкерлері басқосудан ой түйіндеп, Елбасы Жолдауын қолдайтындарын білдірді.

Жұлдыз АСҚАР