11.01.2018, 10:35
Қараулар: 54
ЖЫЛҚЫ ТАНЫП, СӘЙГҮЛІК БАПТАҒАН…

ЖЫЛҚЫ ТАНЫП, СӘЙГҮЛІК БАПТАҒАН…

Атбегілік – бұл үлкен өнер. Бұл қасиет қазақтың қанына сіңген. Өйткені қазақтан басқа аттың жағдайын білетін халық жоқ десек те болады. Осы қасиетті жануарға деген қызығушылық танытатындардың қатары көп болғанымен, ат баптау ісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Дегенме ауданымыздың Көктерек ауылдық округіндегі ат баптау ісіне ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Солдардың қатарында көктеректік Нұрболат Әдиетов пен Анарбек Жайлаубаевтардың есімдерін атап айтуға болады. Атбегілердің тыныс-тіршілігімен танысудың сәті аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге мал қыстақтарын аралаған кезде түсті.
Шағын ғана Оразғали ауылында «Ақжол» шаруа қожалығын құрып, атакәсіпті жандандырып отырған ағайынды Қолғанат пен Нұрболат Әдиетовтер төрт түлік мал өсіріп қана қоймай, текті жануар жылқыға ерекше көңіл бөледі. Осы жігіттердің атқорасында таза қанды және асыл тұқымды ағылшын жылқылары бағылуда.
Атбегі Нұрболатты әңгімеге тартқанымызда: — Біздің атқорада 15 бәйге аты бапталып күтілуде. Осы жылқылардың көбін Ресей жерінен сатып алдық. Кейін өзіміздің еліміздегі текті жылқылардың құлындарын да алдық. Бәйге аттарын баптауды қаңтар айының басынан бастаймыз. Қыстағы дайындық мықты болса, сәйгүлік жазда бәйге бермейді, ал көктем айынан бастап дайындалған ат тез алқынып қалады дейді. Сол себепті қыс айы ат баптаудың нағыз таптырмас уақыты. Аттың қыр-сырын білетін адам ғана аттың жан дүниесін түсінеді,- деді.
Сонымен қатар бұл қожалықта қазақтың еділбай қойын өсіруді де дұрыс жолға қойған екен. Ауданымыздағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Қамқор» шаруа қожалығынан 400 бас еділбай тоқтыларын сатып алған. Тағы бір байқағанымыз еңбекқор азаматтар мал бордақылауды да қолға алған екен. Арнайы орында 20 бас ірі қараны жемдеп отыр.
Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын атбегілердің бірі – «Төлеген» шаруа қожалығының жетекшісі Анарбек Жайлаубаев деген азамат. Сарыөзен бойындағы Көктікен қыстағында орналасқан ағамыздың шаруашылығында жылқы малына арнап жаңа үлгідегі атқора салынған. Бұл қорада 10 асыл тұқымды ағылшын аттары бапталуда.
— Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол бәйге бермейтіні анық. Сол себептен шамамыз келгенше асыл тұқымды жылқыларды баптаймыз. Атбегінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақсысы тамақты да талғап жейтін көрінеді. Яғни, шын жүйрік бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. Бұл жылқы малының ерекше қасиеті, — дейді атбегі.
Бұдан басқа Анарбектің шаруашылығында 200 бас ірі қара, 100 бас жылқы, 1500-ға тарта қой өсірілуде. Сондай-ақ жаңа мал қораның да құрылысын бастап қойған.
Міне, біздің көргеніміз осындай жарасымды тірлік. Әрдайым сәйгүліктерінің бабы мен бағы қатар шабатын ат бапкерлеріне, -баптаған жүйріктеріңіз мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін, -дейміз!

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар