4.12.2017, 10:32
Қараулар: 24
«КЕМЕЛ ЕЛДІҢ КЕМЕҢГЕР КӨШБАСШЫСЫ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА

«КЕМЕЛ ЕЛДІҢ КЕМЕҢГЕР КӨШБАСШЫСЫ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА

1 желтоқсан – Қазақстан халқының тойы, мемлекетіміздің мерейлі мерекесі. Қазақ тарихында тағы бір таңбалы күн, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің күнін атап өту – елдікті, еңселі Тәуелсіздікті тұғырлы ететін ерекше мереке.
Осыған орай аудандық мәдениет үйінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне арналған «Кемел елдің кемеңгер көшбасшысы» атты мерекелік шара өтті. Шарада сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: -Бұл мереке жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді. Мемлекет басшысының кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігері қиындықтарды жеңіп, еліміз экономикасы қарқынды дамушы елдер қатарынан көрінуде. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп Н.Назарбаев айтқандай, Мәңгілік Ел ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды. Бүгінде ел тарихына алтын әріптермен жазылатын 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мерекесі елдікті ту еткен халқымыздың асқақ арманы мен айбарлы рухының мерекесіне айналуда, -дей келе жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.

Салтанатты шарада аудан әкімі Абат Абайұлы ауданымыздағы бір топ мекеме-ұйым қызметкерлерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясына жаңадан қабылданған мүшелеріне куәліктер табыс етті.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, Б.Мақатова, С.Құсайынова, О.Ерғалиев, Н.Дүйсенов, М.Ахметов, Қ.Абдолов, М.Қабошев, Д.Жұмабаева, Б.Ғұбашева, Саз мектебінің оқушыларынан құралған квинтет және «Әуен» квинтеті, «Күншуақ» балалар хоры туған жер, Отан, Елбасы туралы әндер шырқаса, Ө.Шоқпанов «Шалқыма» күйін қазақтың домбырасымен күмбірлете орындап, «Қарлығаш» би ансамблі «Хорезм», «Жайлау» билерін мың бұрала билеп көрермендердің қошеметіне бөленді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Қазақстан бойынша көптеп кездеседі. Осындай абыройлы есімді үлкен жауапкершілікпен алып жүрген біздің ауданымызда да Нұрсұлтан есімді балалар бар. Осы шарада Нұрсұлтан есімді балалар нақыша келтіре өлең оқыды.

Гауһар ӘДІЛЖАН