АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

ТАЛДЫАПАНДЫҚТАР ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА НЕГЕ ӨКПЕЛІ?

Күні , 915 рет оқылды

Жаңбырлы аптаның ортасы болатын. Дәл айтар болсақ, қазанның он тоғызыншы жұлдызы еді. Редакцияға үш азамат аяқтай келді. Олар: Берік Жапаров, Қайрат Шанғалиев, Ерболат Қабдолов. Үшеуі де Талдыапан ауылынан. Үшеуі де қарапайым шаруа адамдары. Қолда бар малдарын өсіріп, соның рахатын көріп отырған жандар. Үшеуін де күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған бір уайым, ол – ақ адал малдарының қолды болып, таптырмай кеткендігі. Ұрыны жер жұтты ма, аспанға ұша ма ұсталмайды. Астарына сайлы көлік, қолдарына байланыс құралдарының неше түрін беріп қойған жалпақталдық полиция дәрменсіз. Мал ұрланса, «Іздеп жатырмыз, жердің жарығына кіріп кетсе де табамыз» деген құрғақ уәде. Бір қызығы, ауыл адамдары ұрының қайдан келетінін, кім екенін шамамен біледі. Оны полицияға да айтады. Бірақ одан не пайда? Ал жоғарыда айтқан жарағы сайлы, көлігі (жыл аралатып жаңалап жататын) жүйрік полицейлер ұрының ініне су құя алмай келеді. Неге? Бұл сұраққа жауапты үш азаматтың әңгімесінен іздеп көрелік. Әуелі газетке арызданушылар не дейді? Соны шетінен шиырып, ортаға тастайық.


«Кімге барып, кімге айтамыз?»

-Тірнектеп жинаған ақ адал малымызды ұрылардың жемсауына салып, мал ұрлату оңай дейсің бе? -деп әңгімесін Берік Жапаров бастады. -28 маусым күні жайылымда жүрген күйінде екі сиыр, бір қашар, бір бұқам және үш жасар тай  ұшты-күйлі жоғалып кетті.  Қайрат Шанғалиевтің он жасар жылқысының қасында жүрген үш жасар дөненім жоғалып кетті. Төрт байтал бір айғырдың қасында бірге жүретін. Сол күні дөненім де ірі қара малдарым да жоғалды. Ауылда болған соң күнделікті күйбең тірлікпен кешкісін малымды қарсылап, таңертеңгілік өріске бақташыға қосып, айдап жіберетінмін. 28 маусым күні кеште малдарымды түгендегенде жоғарыда айтып өткен малдарымды көре алмадым. Сол күні екі бұзауым енелерін таба алмай, мөңіреп жүрді. Содан бұзауларыммен бірге іңір қараңғы түскенше енелерін іздедім. Бұзауларымды қораға қамап тастап, екінші күні таңертең ертемен өріске айдалатын малдардың арасынан іздеген екі сиырым, бір қашарым, бір бұқам көрінбеді. Сол күні қой кезегім болып, қой бағып кеттім. «Батыс-Е» ауыл шаруашылық кооперативінің бақташысы бар еді Ернар Ғарифуллин деген. Соған хабарластым. Ол: -Орал қаласындамын. Ауыл іргесіндегі қалың қамыс-қопаның арасында болар, -деген соң мән бермедім. Табылар, кешке бұзауларына келер деген ой болды. Жаңа айтқанымдай қой бағып жүргенде Қайрат Шанғалиев: -Жылқым жоқ, -деп хабарласты. Сосын кешке қой бағып келген соң, көршім Ерболат Қабдолов  өрісте   жүрген бір сиырым жоқ, сонымен қатар 3-4 жасар өгізім басында 1-1,5 метр арқанмен келіп тұр,  -деп хабарласты.  Сезіктеніп іздеуге шықтық. 29 маусым күні кешкісін малшыға, Талдыапан ауылдық округі бойынша учаскелік полицияға хабар бердік. Баяғы білетініміз бақташы. Соған хабарластық. Бақташының айтуы бойынша кешкісін 28 маусым күні ауылдың малдарын түгендеуге барса, Талдыапан ауылының іргесіндегі 3 шақырымдай Үлкенкөл қыстағы жағынан мөңіреп 2-3 бұзаудың қосылғандығын айтты. Сонда сезіктеніп ойладық, түстен кейін малдарымызды бақташы жоқ кезде қамап алып отыр деген күдік пайда болды. Бұның бәрі 28 маусым күні болған оқиға. Бақташының айтуы бойынша:  -Қостанбай қыстағы жағынан келді деген соң бірден аталған қыстаққа бардық. (Қостанбай қыстағында жалғызбасты 1968 жылы туған Рахат Мұхамбетжановтың үйі, Болат Мұхамбетьяров деген азаматтың жазда барып отыратын үйі және зейнеткер Хансұлтан Мұханбетовтың үйі). Біз барып анықтағанымызда Рахат Мұханбетжановтың қорасының артында 50 метр жердегі төбешікті машина отыратындай жаңадан (машина протекторының ізі кетпегесін жаңа деп айтып отырмын) қазылғандығын, малдар тиелгенін көрдік. Содан дереу учаскелік полиция инспекторы  Аслан Жақыпов пен көмекшісі Мырзабек Молдашевқа хабарластық. Олар келіп фотоға түсіріп, сол жерде жұмыстанғандай болды.

30 маусым күні болатын. Сол жерде полиция инспекторлары Қособа ауылы бағытына бара жатқан уақытта түн мезгілінде бейсауыт жүрген «КамАЗ» аутокөлігін тоқтатпаған. Көліктің нөмірін қарамаған. Бұл неғылған «КамАЗ», қайдан жүр? -деп сол жерде тоқтатып, тіркесе, мұндай жағдай болмас па еді?! Ұрлықтың алдын алу шараларына көңіл бөлінбеген. Пәленшенің «КамАЗ»-ы, түгеншенің «КамАЗ»-ы дейтіндей Талдыапан ауылында бірде-бір «КамАЗ» көлігі жоқ. Содан полиция инспекторлары ауылдан шығатын үлкен күрежол бағытында күтіп, таңғы сағат төртке дейін тұрған. Ал «КамАЗ» көлігі Талдыапан ауылы іргесімен сол Үлкенкөлге қарай бағыттап барып, малдарды сол жерден тиеп кетіп тұр. «КамАЗ» аутокөлігі келген бағытымен кері қарай кеткен. Бұл жерде біздің ренжіп отырғанымыз арнайы қылмысты іздестіру тобы, тергеушілер, анықтаушылар неге келмеді? Олардың келіп, бізден түсініктеме алып, жұмыстанғанын көрмедік. Оларды  өзіміз шақырттық. Бұл жерде МАИ қосылып, бірге жұмыстану керек еді. Екі апта өткен соң, қылмысты іздестіру тобынан бір жас бала келді. Олар сұрастырып, тергеп келгенде Дөңгелек су қоймасынан өтіп, Тамон қыстағынан, Қособа ауылынан өтіп, жол сұраған. Талдыапан ауылына дейін келген. Қай ауылдың да іргесімен жүрген. Ұрлыққа келіп жүрген көлік екені анық емес пе? Дөңгелек су қоймасымен өткенде күзетшілер нөмірін қарап неге жазып алмаған деген ой туады. Учаскелік полиция инспекторлары бір-екі күн жүрді. Бейнебақылауға түскен. Бейнебақылауды ала-алмай тағы бір-екі күн жүрдік. Содан Орал қаласына барып, бейнебақылауға түскені жайында суретін алып келді. «КамАЗ»-дың фотосы көрінер-көрінбес. Бірақ көліктің түр-түсі бар. Тек нөмірі түспей қалған. Таңғы 5:15-те кері қарай өтіп кеткен. Содан учаскелік полиция инспекторларымен Дөңгелек су қоймасына бардық. Ол жерде көрдім, білдім деген жан баласы жақ ашпады. Учаскелік инспекторлармен Атырау, Ақтау қалаларына дейін бардық. Ол «КамАЗ» аутокөлігі Жаңаөзендікі деген сыбыс шықты. Оған да бардық. Барғанда байқағанымыз, кейбір анықталатын жағдайларға учаскелік полициялардың құзіреті болмай шықты. Ал тергеу әр сағат сайын маңызды екенін білесіз. Ақтаудың мал базарларын араладық. Жоқ, табылмады.

Содан ауылға келіп, Жалпақтал полиция бөлімінің бастығы Сағат Ғаббасовқа жолықтық. Жағдай не болып жатыр? Тергеу қалай жүріп жатыр дегеніміз де: «Тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз. Ештеңе айта алмаймыз. Малдарыңыз табылса табылады. Табылмаса жоқ. Мал жоғалтып жатырғандар көп»-деп тікесінен айтты Сағат Ғаббасов. Полиция бастығына күмәнді кісілер бар, соларды неге тергемейсіздер дегенімізде: «Біздер тергедік»-деп немқұрайлылық танытты.

Енді Қарекеңді тыңдаңыз. Мұның да айтары бар. -Бес жылдан бері ауылдың жеке малын бағамын. 28 маусым күні таңда жылқыларымыз болды. Түс мезгілінде және кешкі сағат 5-6-лардың шамасында көл жағасында жүрді. Оны өзім көрдім. Ауылдың малдарын айдап келуге өріске бара жатқан болатынмын. Өрістен малдарды айдап келген уақытта кешкі сағат 8-9-дардың шамасында біздің жылқыларымыз жоқ болып шықты. Берік Жапаров екеуміздің жылқыларымыз Рахат Мұхамбетжановтың байталдарымен бірге жүретін. Жылқыларды атпен жүрген уақытта ұстап, айыра алмайсың. Оларды тек қана қораға қамағанда ғана айырып, ұстап алатынбыз. Үлкен көлде тұратын Алмасбек деген оқушыдан аттар қайда дегенімімде: Ауыл іргесіндегі жыңғылдың ішінде»-деп жауап берді. Төрт байтал, айғырымен қыстаққа қарай кетіп бара жатырды. Содан жыңғылдың ішінен қарадым. Біздің аттарымыз жоқ болып шықты. Іңір қараңғысы түсіп кетті. Екінші күні 29 маусымда ауылдың малдарын жинап, өріске қарай айдап шығарып жібердім. Атымды іздеп Үлкенкөлге келдім. Сол қыстақтың тұрғындарынан сұрағанымда:  -Біз көрмедік, білмейміз, -деген  жауап алдым. Рахат Мұхамбетжановтан сұрғанымда ол да көрмедім, білмедім, -деген жауабын берді. Төрт байтал мен бір айғырдан  біздің аттарымыз айырылмайтын.  Бірге  жүрген  жылқылар ішінен тек Берік Жапаровтың және менің жылқым жоқ та, ал Рахат Мұхамбетжановтың жылқылары түгел болуы да күмән тудырып отыр.

Берік Жапаров айтқандай тергеу амалдары жүргізілді. Ешқандай нәтиже жоқ. Рахат Мұхамбетжановтың қорасының артына келіп, мал тиеген. Біз ізімен келдік. Учаскелік полиция инспекторлары фотоға түсірді. Бәрін көрді. Рахат неге көрмейді. Рахаттың ауласында 100-ге тарта қой жатыр. Түн мезгілінде қойын ұрлап жатыр ма, бір тысқа шығып қарамай ма? Тергеу амалдары жүргізілген уақытта «КамАЗ» Қазталовтың Бостандық ауылынан ұсталды, -деген сыбыс шықты. Жалпақтал полиция бөліміне алып келіп, тексерген уақытта тергеу ешқандай нәтиже бермеді. Содан міне, төрт айдай уақыт болды. Сонда кімге барып, кімге айтамыз?-дейді Қайрат Шанғалиев. Бұдан әрі әңгімені Ерболат Қабдолов жалғастырды. -Берік пен Қайраттың малдары жоғалған уақытта менің де бір сиырым мен бір өгізім жоғалды. 29 маусым күні өгізім басында арқаны бар қашып келді. Содан үшеуіміз сезіктеніп, іздеуге шықтық. Тергеу амалдары ешқандай нәтиже бермеді.

Ауданда жыл басынан бері 30 мал ұрлығы тіркелген

Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің айтуынша жыл басынан бері 206 қылмыстық оқиға тіркелген. Оның 167 ашылып, ашылуы 89,3 пайызды құрап отыр. Былтырғы жылмен салыстырар болсақ, 247 қылмыстың 204 ашылып, 82,6 пайызды құраған. Оның ішінде ұрлық – 89,  ашылғаны –66, мал ұрлығы 30, ашылғаны – 19, пәтер ұрлығы –18, ашылғаны – 16, ұялы телефон – 11,  ашылғаны – 10.   Осы орын алған 206 қылмыс оқиғасының (142 қылмыс, 64 қылмыстық теріс қылық), соның ішінде 61  35/26 қылмысты  учаскелік полиция инспекторлары жеке дара ашқан, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторының қатысуымен 4 қылмыс жеке дара ашылған. -Аудан тұрғындарының көбінесе мал шаруашалығымен айналысқандықтан мал ұрлығы азаймай отыр.  Мысалы, осы  2017 жылдың 9 айында 30 мал ұрлығы фактісі орын алып, (2016 жылы- 42) ұрлық дерегі тіркелген. Осы санаттағы қылмыстарды ашылу пайызы ағымдағы жылдың 9 айы ішінде 73,1% болды. Аудан бойынша мал ұрлығы көп орын алған Талдыапан ауылдық округі, өткен 9 ай ішінде 9 мал ұрлығы оқиғасы тіркелген, мал ұрлықтарына талдау анықтағандай  оның 80 пайызы иелерінің   малдарына  қарамай иесіз жіберетіндіктерінен жайылымнан жоғалып, олардың қылмыскерге оңай олжа болуына себеп болып отыр. Сонымен қатар мал иелері өз күштерімен малды іздеп тым кеш арызданатындары қылмыстың ашылуына өз кезегінде кедергісін тигізеді. Себебі мал ізі суып кеткеннен кейін шұғыл жедел іздестіру жұмыстары оң нәтиже бермейді. Сондықтан мал ұрлығы жөніңде қозғалған қылмыстық істердің тергеуі қаншама сапалы жүргізілсе де оның ашылуының тиімділігі төмен, -дейді Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Әділбек Ғазизов. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында аудан прокуратурасы және аудандық ішкі істер бөлімімен бірге барлық ауылдық округтерінде және шалғайдағы қожалық жетекшілері қарауындағы өз малдарын өздері қараулары, малдарын кезекпен бағу және оларды  таңбалап, сырғалау керектігіжүргізіп келеді екен. -Әр ауылда жалғыз учаскелік полиция инспекторы үлгермейді, сол себептен мал ұрлығына қарсы күресті күшейтіп, қоғамдық ұйымдардың жұмысын көтере отыра әрбір ауыл әкімдіктерінде мал ұрлығына қарсы топтардың жұмыстарын ұйымдастыру қажет болып отыр. Аудан көлемінде мал ұрлығының алдын алуға бағытталған  жұмысты  жалпы  қоғам болып  қолға алмаса, тек жалғыз аудандық ішкі істер бөлімінің күшімен мал ұрлығы қылмысын азайту мүмкін емес. Қазіргі уақытта Қазталов АІІб-нің бөліністерімен бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу, соның ішінде, мал ұрлығының алдын алу бағытында ауылдық округ тұрғындарымен халық жиындарында ұдайы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, -дейді аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы. Ал Жалпақтал полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сағат Ғаббасов: -Талдыапан ауылдық округінің мал ұрлығы бойынша тиісінше жан-жақты тексеру  амалдары жүргізілді. Учаскелік полиция инспекторлары Ақтау, Жаңаөзен қалаларына дейін жұмыс сапарымен барып келді. Айтылған «КамАЗ» аутокөлігі жайында түскен ақпарат бойынша жұмыстанып, тыңдау құрылғылары арқылы  сол  көліктің ауданымыздың Бостандық ауылында жүр деген сыбыс шықты. Дереу сол маңға барып Жалпақтал полиция бөліміне алып келдік. Тексеру амалдары жүргізілді. Осы іс бойынша жұмыстанып жатырмыз, -деп жауап қатты.

Үлкенкөл қыстағындағы әңгіме

Болған оқиғаға байланысты Талдыапан ауылдық округіне қарасты Үлкенкөл қыстағында тұрып жатқан Рахат Мұхамбетжановпен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен болатын. Енді сол Рахатты тыңдап көрелік. -Ал мен ол  уақытта  ауылда болған жоқпын. Не болып жатырғанынан бейхабармын. Шындығы керек. Сол уақытта қошқар жоғалттым, тойға кеттім, құдалыққа бардым. Мен бұл арада «не приделах»-деген Рахат болған оқиғаның қай күні болғанын ұмытып қалғанын айтып, фотоға түсуге қарсылық білдірді. -Оқиға болатын күні қой сойып, кәуап пісірдім. Сол кезде көрші Рахат аға бірге болды. Кәуап жеп бірге отырдық, -деп жауап берді Азамат Сүлейменов (суретте).

Мал бағуды ұйымдастыруда кемшіліктер бар

-Ауыл шаруашылық кооперативі жөнінде әкімшілік тарапынан жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындарын мәдениет үйіне жинаған уақытта кейбір тұрғындар қатыспады. Талдыапан ауылында үш бағыт бойынша мал өріске айдалып, 555 бас аналық мал қосылды. Ал жиналысқа 20 шақты  үйдің тұрғындары қатысты. Жиналыс барысында ауыл тұрғындары өздерінің тараптарынан сауалдарын дұрыс қоя алмады. «Батыс-Е» ауыл шаруашылық кооперативінің төрағасы Ернар Әбішев: -Мен келісім-шартқа отырмаймын. Егер де далада өліп қалса, даладан малдарыңыз жоғалған жағдайда дәлелдеріңіз болып жатырса, мен төлеуге дайынмын, -деп ауызша айтты. Сол жерде ауыл тұрғындары талап ету керек еді. Алғашқы құрылып жатырған соң, арты мынандай оқиға болатынын кім білген? Бір үйден төрт бас жоғалатынын. Ауыл шаруашылық кооперативін құрушы азамат өзінің ұйымдастыру жұмыстарын мойнына алды. «Малдың бағылуын, егілуін, барлығын қадағалайтын боламын» -деп менің алдымнан да өтті. «Бағылуына да еш мәселе болмайды» -деді. Бақташы етіп алған үш жігіттің жалақыларын уақытында бермей, аттарын дұрыс бермей, жалпы  ауыл тұрғындары риза болатындай жұмыс ұйымдастырылмады. Ауыл шаруашылық кооперативі құрылмаған жылдары мұндай бас мал жоғалмаған еді. Ал бірінші бағытқа шығатын бақташының аты өліп қалды, ол малды жаяу бағып жүр. Екінші бағытқа шығатын бақташы ат жоқ деп малды бақпай отыр. Бұрын әр тұрғын өзінің кезегімен бағатын еді, -дейді бізбен әңгімесінде Талдыапан ауылдық округінің әкімі Асқар Есқалиев. Ал «Батыс-Е» ауыл шаруашылық кооперативінің бақташысы Ернар Ғарифуллиннің айтуы бойынша тұрғындар таңертеңгілік уақытта малдарын өздері айдап шығып, кешкісін өздері қарсылап алатынын айтты. -Өрістен жоғалатын күні түс мезгілінде малдар болды. Содан кешкісін өрістегі малдарды жинақтап, ауылға қарай айдаған уақытта екі бұзау енелерін іздеп мөңіреп жүрді, -дейді бақташы. -Бақташымен келісім-шартқа отырдық. Бастапқыда ауыл тұрғындары өздері таңертеңгілік малдарын шығарып, кешкісін қарсылап алып жүрді. Содан кейін қарсылауды да қойды. Бақташы Ернар Ғарифуллин екі айдай жұмыс жасады. Кейін шығып кетті,-деп жауап берді Ернар Әбішев.

Тайға таңба басқандай айғақтар бар

-Тайға таңба басқандай айғақтар бар. Барлығымыз күдікті деп отырған Рахат Мұхамбетжанов дұрыс тергелмей отыр. Ойлаңызшы, кім барып кімнің үйінің қасынан 50 метр жерден мал тиейді. Үй иесі шығып қалады деп ойламай ма? Ал Жалпақтал   полиция бөлімінің бастығы Сағат Ғаббасов Маңғыстау облысына неге арнайы құзіреті  жоқ учаскелік полиция  инспекторларын жіберіп отыр. Біздің талабымыз арнайы қылмыстық іздестіру тобы құрылып, тиісінше  жұмыстар атқарса екен. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары түн мезгілінде ауылда көбіне болмауы да ұрылардың дәнігуіне жол ашып отыр емес пе? Күндізгі уақытта ұрылар да қылмыс жасамайтыны анық. Барлық нәрсе түнде болып отыр емес пе? Ал біздің учаскелік полиция инспекторлары күндіз бір-екі күн көрініп, үш күн бойы Жалпақтал ауылына кетіп қалады. Жиналыс дейді, жиналысқа біреуі барып, біреуі қалса болмай ма? Түнімен жатпай кезіп жүрсе, ұрылар да бұл ауылдың полициясы  жатпайды деп ойлап, аяқтарын жинар еді. Ұрылар да учаскелік полициялардың түнгі уақытта жоқтығын пайдаланып, дәнігіп отыр емес пе? Жаздың жайма шуағында ауылымыздан тағы екі бас мал ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Мықты полиция инспекторы болса ұрылар ауылдың маңы түгіл жайылымына да жоламас еді, -деп бізбен тілдескен жігіттер: -Полициялар қопарып, неге тексермейді?- деген назын айтты. Енді бұл жігіттер облыстық ішкі істер департаменті және аудандық ішкі істер бөлімі ақ адал малдарын ұрлап, қан қақсатып кеткен баукеспелерді анықтап, сазайларын тарттырса дейді. Біз де Қазталов аудандық ішкі істері бөлімімен хабарда болып, осынау қылмыстық істің жай-жапсарымен оқырмандарымызды алдағы уақытта хабардар етіп отырмақшымыз.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


Тегтер:

Пікір қалдыру


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.