АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 23.10.2018


ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Күні: , 38 рет оқылды

Қазталов ауданының халқы үшін ерекше күн. Аудан орталығындағы Алма Оразбаева мектебінің іргетасының қаланғанына — 150 жыл.Бұл аудан тұрғындарының ғана емес, күллі қазақ халқының тойы. Өйткені еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген осы мектепті бітірген барша түлектердің тойы. Мектептен қанаттанған шәкірттердің әрқайсысы қасиетті де киелі шаңырақтан білім алғандарын және осы мектептегі ұстаздарын әрдайым мақтаныш етіп жүргендерінің өзі бір ғанибет! Осы мерекемен тұспа-тұс келіп отырған игілікті шараның бірі — ҰОС ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері,ұстаз Ізбасар Әліпұлы Рысмағанбетов пен ұстаз Хауа Аюпқызы Дулатованың құрметтеріне олар тұрған үйдің(Сырым Датұлы көшесі ,№10) қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуы. Ұлағатты ұстаздар әулетінің құрметіне арналған шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауданның сала басшылары, ұстаздар қауымы мен шәкірттер қатысты. — Бүгін аудан үшін үлкен қуаныш. Мерекелі күн. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Осынау қуанышқа қош келдіңіздер. Білім саласында ұзақ жыл қызмет еткен Рысмағанбетовтар әулеті өнегелі отбасы екені баршамызға мәлім. Ұл-қыздарына саналы тәрбиемен бірге терең білім берген,ағайын-туыстарына, барлық ауылдастарына ерекше қамқор бола білген абзал жандар болғанын ел ауызынан естудеміз. Асыл жандардың кіндігінен тараған ұрпақтары бұл күнде еліміздің көркейіп, гүлденуіне айрықша үлес қосып жүр деп мақтанышпен айтамыз, -деді аудан әкімі өз құттықтау сөзінде. Ардагер ұстаз Уахит Ишанов пен ұстаздың шәкірті Мирболат Жақыпов ескерткіш тақтаны ашса, Ізбасар атамыз бен Хауа анамызбен білім саласында ұзақ жыл бірге қызметтес болған әріптесі Бибісара Хайрбаева ұстаздар туралы сыр шертті. Ал Хауа анамыздың шәкірті, жерлесіміз, өңіріміздің мақтанышы, ҚР Президенті әкімшілігі жалпы бөлімінің меңгерушісі Мирболат Жақыпов: — Орыс тілі пәнінің ұстазы қызметін атқарған Хауа Аюпқызы және осы А.Оразбаева мектебінің ұстаздары орыс тілі пәнін мәскеулік үздік мектептердегі тәрізді тереңдетіп оқытқан еді.Менің әрбір жетістігім-ұстазым Хауа Аюпқызының арқасы деп білемін және сол үшін әрдайым ұстазым алдында бас иемін, — деп өзінің жүрек жарды лебізін айтты. Осы игі істің бастамашысы, А.Оразбаева орта мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Інжумаржан Ғазизова: — Біз бүгін қасиетті де киелі білім ордасы Алма мектебінің 150 жылдық тойымен тұспа-тұс келіп отырған еліне ерекше еңбегі сіңген екі бірдей ұстаздың құрметіне ашылғалы отырған олар тұрған үйдің маңдайшасына ескерткіш тақта орнату шарасына жиналып отырмыз. Ол кісілердің өмірі сонау сұрапыл соғыс жылдарында , соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңіне тап болғанымен, өз кәсібінің шыңына шыққан ұлт пен ұрпаққа адал қызмет еткен жандар ретінде есімдері мәңгі жадымыздан еш кетпейді. Бар өмірін білім саласына, туған жердің рухани түлеуіне арнаған еңбек ардагерлерінің есімін ұлықтайтын осындай елдік істер көп болса екен дейміз. Ал Ізбасар атамыз бен Хауа анамыздың ісін жалғастыратын ауданымыздағы барлық ізбасарлары шәкірт тәрбиелеуде талмай еңбек ете беретініне сенемін.Бүгінгі шараға атсалысқан азматтарға айтар алғысым шексіз!, — деп ескерткіш тақтаның ашылуына қатысқан барша жандарға және осы шараның өтуіне мұрындық болған, көмек еткен азаматтарға мектеп ұжымы атынан ризашылығын білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


«Туған жер» этномәдени жобасы

Күні: , 44 рет оқылды

«Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этномәдени жобасы аясындағы делегацияны қарсы алу сәті.Қонақтардың арасында «Дарын»сыйлығының иегері, ақын, «Ана тілі» Ұлт газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан бар. Қазталов ауданы әкімінің орынбасары З.Мәжитованың «Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этно-мәдени жобасы аясындағы делегация мүшелерін қабылдау сәті. 7-11 сынып оқушылары арасында шығармалар байқауы оздырылып, «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестиваліне іріктеу кезеңі өтті. Сондай-ақ «Жайық пресс» медиахолдингінің бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай шығармалар байқауына қатысушылардың жетекшілерімен кездесті. Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Серік Жұмағалиевтің төрағалығымен «Жайық Пресс» медиахолдингі «Бас редакторлар клубының» алғашқы көшпелі жиынының отырысы. «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғубайдуллин 150 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Алма Оразбаева арнайы барып, мектеп ұжымымен кездесті. Тарихы терең білім ордасында болған Бауыржан Файзоллаұлы мектеп тарихынан сыр шертетін музейді аралап көрді. Бұдан кейін облыстық бас газеттің бас редакторы Алма Оразбаева атындағы мектебінің ұстаздарымен кездесті. Кездесуде әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, ұстаздар қауымын мазалап жүрген сұрақтарға жауаптар берілді. Журналист, «Ана тілі» Ұлт газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан «Бас редакторлар клубына» арналған шеберлік сыныбын өткізді. Журналисттік жолда еңбегі мол Жанарбек ағамыз өзінің тәжірбиесімен бөліскен болатын. – Ел мықты болам десе, оның жаңалық жаршылары мықты болу керек. Мен өз жолымды 1 курс оқып жүрген кезімнен , журналистің беделі «аһ» ұрып тұрған кезде бастаған болатынмын. Ол кезде тілшілер қорғалатын. Қазір тілшілерді кез-келген шараға жұмсап жатады. Бұған біз көз жұмып қарамауымыз қажет. Өз тілшілеріміздің бедерін ұстауымыз керек. Журналисттер ешбір мемлекеттік бағдарламаға енбейді. Ешбір мемлекеттен тиісті қолдауды ала алмайды. Соңғы уақытта осы бір мәселені жиі көтеріп келеміз. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, халық арасына танымал бола бастаған блогерлердің дәрежесін журналистпен теңестіру мәселесі қозғалып келеді. Бұл, әрине, келісті емес деп санаймын. Журналисттердің бедерін көтеру қажет. Одан кейін тағы бір мәселе – журналист ақпаратты жаяулап, жалпылап жүріп алған жөн секілді. Қазіргі уақытта интернет жүйесі дамыған уақытта мәліметті тиісті жерден алып, оны көзбен көру былай қалып жатады. Бұл дегеніміз өз жұмысыңа жауапкершілік аздығы немесе тілшінің «қыры» жібермеуі деп санаймын. Мен өз тәжірибемде тілшілерімді тиісті ақпарат алу үшін жіберіп отырамын. Мысалы, бір тілшімді әл-ахуалы жоғары, тұрмыс деңгейі жоғары ауылға жіберсем, екіншісі ,керісінше, тұрмыс-тіршілігі кенжелеп қалған ауылға жіберіп, екеуінен жауап күтемін. Сонда қағаздағы мәлімет пен көзбен көргенін айырмашылығы бек айқын болады. Сондай-ақ электронды поштаға хаттар мен мақалалар да келіп жатады. Әсіресе, дін жөнінде. Бұл Қазақстанда діни ахуал көңіл қуантарлық емес екенін көрсетеді. Бір ұлттың газеті болғандықтан мен арнайы мамандарды алдырып, іріктетіп аламын. Бұндай тәжірибе кез-келген газетте қолданылуы қажет деп ойлаймын, — деген қаламгер жиналған «Бас редакторлар клубының» мүшелерімен ой-пікірлер алмасты. облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова Қазталов ауданының орталығындағы аурухананың дәрігерлерімен кездесті. Роза Сыйықова алғашқы саны шыға бастағанына 101 жасқа толған басылымдағы дәуір талабына сай серпіліс, жаңа бастамалар жайында кеңінен баяндады. Алдағы кезде газетте уақыт үніне байланысты жаңа айдарлар ашылады, қоғамдық тілшілермен қарым-қатыс одан әрі нығайтылады. Алдағы кезде газетте уақыт үніне байланысты жаңа айдарлар ашылады, қоғамдық тілшілермен қарым-қатыс одан әрі нығайтылады. Бас редактор сондай-ақ әсіресе сыбайлас жемқорлықпен күрес, жат болмыстан сақтану, адастырмас ұлттық құндылықтарымыз басты тақырыптар болатынын әңгімеледі. -Елбасы келер жылы жастар жылы деп жариялады. Күні бүгіннен бастап жастарды патриоттыққа тәрбиелеуіміз қажет. Жастарды ауылға, туған жеріне қызмет етуге шақыруымыз керек,-деген «Приуралье» газетінің бас редакторы Елбасының күні кеше жариялаған Жолдауына тоқталды. Кездесу соңында Роза Сыйықова дәрігерлердің ұсыныс пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

«Ауыл айнасы» газетінің тілшілері

 

СҮЛЕЙМЕН ЕСЕТОВТЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Күні: , 44 рет оқылды

Биыл ауданымызда қашықта жатқан С.Есетов атындағы орта мектеп үшін ерекше жыл. Өйткені 2000 жылы аты берілген бірнеше Ұлы Отан соғысының медалі мен ордендерінің иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Сүлеймен Есетұлының туғанына 100 толып отыр. Осыған орай 5 қазан күні ұстаздар арасында волейболдан аймақтық жарыс өтті. Жарыстың ашылуында Талдықұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Серік Әскерұлы қатысушыларға қош келсін айтып, сәттілік тіледі. Мектеп директоры Ақжол Жасқайратұлы: — Құрметті әріптестер, сіздерді ең алдымен мерекелеріңізбен құттықтаймын. Ұстаздық қызмет — жауапты әрі абыройлы. Осы жолда жүрген сіздердің еңбектеріңіз арқасында мемлекеттің бір кірпіші қалануда. Бүгін осы мерекеде мектебімізге есімі берілген С.Есетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған волейболдан аймақтық жарысқа келіп отырсыздар. Бұл біз үшін үлкен, жауапты шара болғандықтан біраз мектепке хабар берген едік. Белгілі бір себептермен келе алмай отқанын ескере отырып, сіздерге өз ризашылығымды білдіремін — дей келе жарысқа қатысушы ұстаздарға сәттілік серік болуын тіледі. Жарысқа Қарасу, К.Меңдіәлиев, Ғ.Молдашев және С.Есетов мектептерінің командалары қатысты. Қызу, тартысқа толы сайыс нәтижесінде С.Есетов мектебінің ұстаздары топ жарса, К.Меңдіәлиев мектебінің командасы 2 орынға ие болды. Қарасу мен Ғ.Молдашев мектептерінің командалары 3 орынды өзара бөлісті. Сайысқа қатысушы командаларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


КӨШЕ МЕЙРАМЫ ӨТТІ

Күні: , 30 рет оқылды

Елбасымыз «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап көрсеткен болатын. Туған жерге деген ықылас пен патриотизмді қалыптастыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті ынталандыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау мақсатында 6 қазан күні Б.Момышұлы, Амангелді, Ихсанов көшелері тұрғындарының ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын тұғырым» атты көше мейрамы өтті. Бүгінде Амангелді көшесінде 24 үй болса, Ихсанов көшесінде 47 үй бар. Ал Б.Момышұлы көшесінде 23 үй бар. Бұрындары бұл көшенің тұрғындары 70 пайызы орыс халқы болып, әр түрлі мамандықтар иесі тұрған. Сондықтан көшені «Рабочий» деп атаған екен. Күні бүгінде 81 адам осы көше тұрғыны. Көше тойының ашылуында ауыл әкімі Жүсіп Шакуов сөз сөйлеп, көше тұрғындарын көше мейрамын жақсы өткізуіне тілектес екенін жеткізді. Көше мейрамында «Алтын», «Күміс» алқа» иелері мараппатталып, көшенің ең үлкен және ең кіші тұрғындарына естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар қазан айында дүниеге келген тұрғындарына да көше комитеті атынан естелік сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын биік тұтқан қазақтың бесікке салу рәсімі де осы көше тойдан көрініс тапса, ұйымдастыру алқасының шешімімен 3 үйге «Үлгілі үй» тақтайшасы берілді. Көше мейрамы соңында спорттық ойындар ойнатылып, балаларға базарлықтар үйлестірілді. Тұрғындар туған жеріміздің ынтымақ-ырысы, байлығы мен берекесі артып, татулығы жараса берсін деген ниетпен, көтеріңкі көңілмен тарқасты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚҰРМЕТ ТАҚТАСЫ АШЫЛЫП, ҰСТАЗДАР МАРАППАТТАЛДЫ

Күні: , 22 рет оқылды

7 қазан — ұстаздар күні қарсаңында аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданымыз бойынша өзз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап жүрген ұстаздар қауымен кездесті. — «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан. Ұстаз деген сөзде қанша киелі ұғым, жылылық пен ұлағат ұштастырылған. Ұрпақтарды білім теңізіне жетелеген ұстаздардың жөні де, орны да бөлек. Қай кезде болмасын тәлім-тәрбие беру — ең ұлы мұрат. Мұғалімдер күні орны бөлек, дәрежесі биік мереке. Сіздерді мейрамдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы айтқандай, біз осы заманғы білім беру жүйесіндегі алысты барлап, кең ойлай білетін мұғалімдерсіз инновациялық экономиканы ешқашан дамыта алмаймыз. Сондықтан, ұстаз ұғымы бүкіл қоғам құрметтейтін қадірі мол кәсіп. Қай уақытта да үлкен үміттің үдесін сіздерден күтеміз, — деп сөзін бастаған аудан әкімі Абат Абайұлы барша ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ашық ой бөлісіп отыруға шақырды. Кездесуде ұстаздар күні бүгінгі Елбасының Жолдауында педагог мәртебесіне көңіл бөлінгеніне, келер жастар жылы болатына қуанышты екендерін жеткізіп, ауданымызда білім беру саласында жетістіктер мол екені тілге тиек етілді. Күні бүгінде ауданымызда 1081 педагог қызмет етсе, оның 8-і үш тілде білім береді. Сондай-ақ ауданымыздың 9 онлайн жүйеге қосылған болса, 31-і офлайн режимде жұмыс істейді. Ал «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Жалпақталда ашылған IT- сыныптың ерекшелігін К.Меңдіәлиев мектебінің ұстазы кездесу барысында айтып берді. Сонымен қатар мектептер өлкені тану бағытында жүйелі жасап жатқандарын жеткізді. Күні бүгінде аудан бойынша мектептер жанында музей жасақталуда. Бұл бағыттағы жұмыстар баарысында Ғ.Бегалиев орта мектебінің музейі ұзақ жылғы еңбегі өзге үлгі боларлықтай екені сөз болды. Қазіргі таңда ауданымыздың бірқатар мектептері электронды күнделікке көшіп те үлгірген. Бұл да білім саласында ілгірлеу барын көрсетеді. Бір жарым сағатқа созылған кездесуде ұстаздар түрлі пікірлер айтып, болашақ ұрпаққа білім беруде талмай еңбек ететіндерін жеткізді. Кездесу соңы «Құрмет» тақтасының ашылуына жалғасты. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан ұстаздары құрметіне тұңғыш рет Құрмет тақтасы орнатылды. Ауданымызда алғаш орнатылған «Құрмет тақтасын» ашу рәсімі аудан әкімі Абат Шыныбеков мен осы аудандық білім беру бөлімінде ширек ғасыр әдіскерлік қызмет атқарған Ағиба Сейфуллинаға берілді. Аталмыш тақта жыл сайын жаңартылып отырады. Құрмет тақтасына мектеп әкімшілігінің ұсынысы негізінде тәжірибелі, білікті шәкірттері биік белестен көрініп жүрген ұстаздар ұсынылып, Құрмет тақтасында бір жыл бойы тұру құрметіне ие болады. Күні бүгінде 20 ұстаздың есімі осы тақтада жазулы тұр. Ашылу рәсімінде сөз алған биылғы жылы Құрмет тақтасынды тұру құрметіне ие болған А.Оразбаева орта мектебінің ұстазы Бахытқаным Мырзағалиева Бахытқаным: — Әлемдік білім кеңістігінде білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі – ұстаздық. Өйткені біздің мойнымызда адам тәрбиелеу міндеті тұр. Сондықтан бір кезде тарыдай болып келіп, бүгінде таудай болып азамат атанған басқа мамандық иелерін тәрбиелеуде өз шеберлігімізді таныту — біздің басты міндетіміз. Жаһандану заманында біз өзіміздің кәсіби біліктілігімізді еңбек етеміз деген ойдамын, — деп сөзін тәмамдап, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады. Ұлағатты ұстаздарға арналған Құрмет тақтасының ашылу салтанатының соңы аудандықө мәдениет үйінде «Ұстаз аты — биік әрі мәңгілік» атты мерекелік шараға ұласты. Мерекелік шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков пен Жалпақтал өнер мектебінің директоры Қуаныш Абиловке Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мараппаты табысталса, Ғалия Сүлейменова, Гүлнар Нығметова, Ряш Молдашева, Айдар Ерболатов, Марат Бисенгалиев, Бақсиық Тақаев сынды ұстаздарымыз Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ аудандық білім беру бөлімі Шолпан Жұмабаева, Лаура Аткеева, Гүлназира Хайруллина, Әлия Оразаева, Нарша Мұханбетова, Еділ Неғметов, Раушан Құмарғалиева, Рима Хайруллина, Жаухар Даулетоваға өз алғысхаттарын табыс етсе, білім беру жүйесіндегі еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, кәсіподақ ұйымының дамуына және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан ұстаздар Абзал Сүндетов, Орынғали Қабдолов, Ақылбек Құсайынов, Анаргүл Дүйсенова, Ардақ Айтимова аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы атынан мараппатқа ие болды. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Осынау қадір-қасиеті мол мамандық иелерінің құрметіне күмбірлеген күй ойналып, әннен шашу шашылса, мың бұралған бишілер өз өнерлерін паш етті.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.