АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 05.10.2018


ЖАС АҚЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСКЕН АҚЫН ДАРИҒА

Күні: , 58 рет оқылды

4 қазан күні ақын жерлесіміз Дариға Мұштанова туған жерге ат басын тіреді. Осы орайда К.Меңдəлиев мектебінде жерлес ақынымыз Дариға Мұштановаға арналған «Ақжайықтың Дариғасы» атты əдеби-сазды кеш өтті. Əдеби кешке жиналған өлең өлкесінің өрендері ақынның өнердегі жолын сахналап, көрерменге ұсынды. «Дара жолдың» ізімен жалғасқан кеш ақын жолындағы əңгімелер өрбіді. Өмірінің қиын да қызықты естеліктерімен бөліскен Дариға ақын бір сəтте оқырмандарының жүрегіңе рухани азық сыйлады. Сондай-ақ жан-жақтан жиналған жас талантты ақындарымыз да өз туындыларын оқып, ақын жүрегінен жол тапты. Əдеби кеште аудан əкімінің орынбасары Зəйлім Мəжитова, К.Меңдəлиев мектебінің директоры Салтанат Өтеғұлова сөз алып, мерекемен құттықтап, ақын апамызға алғысхат табыстады. Әдеби-сазды кештен соң, ақын Дариға Мұштанова мен аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова К.Меңдәлиев мектебінде жасақталынған «Мұра» жас ақындар сыныбының алғашқы лентасын қиды. Жас ақындар сыныбының тұсауын кескен ақын Дариға өлең баспалдағына енді қадам басқан оқушыларға ақ жол тіледі. «Қаламдарың қарымды, жырларың жалынды болсын» — деп бата берді. «Мұра» жас ақындар сыныбына К.Меңдәлиев мектебінің жас ұстазы Ардақ Жангелді жетекшілік етеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей дарынды, талантты оқушыларды дер кезінде байқап талантын танытып, көпшілікке таныстыру ұстаздардың міндеті деп білеміз. Жалпақтал мәдениет үйінде ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» кітабының таныстырылымы өтті. Кеште сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: — Бүгін Жалпақтал ауылына жыр жауған күн деп айтуға болады. Енді міне мәдениет үйінде өзіңіздің өміршең туындыларыңызды сүйіп оқитын оқырмандарыңыз жиналып тұр. Сіз «Аңыз болған абысындар» прозасы арқылы оқырмандарыңыздың жүрегінен жол таптыңыз. Бұл шығарма шынайы өмірмен байланыстырып жазылған. Бұл түйсінерлік туынды. Сіздің жүрегіңізден шыққан туынды жүректерге жетті. Ендеше, сізге аудан халқының атынан ризашылығымызды жеткіземіз, — деген тілегін білдіріп, ақын апамызға ұлттық нақыштағы комзол кигізді. Кеште К.Меңдәлиев мектебінің ұстазы Гүлмира Темірғалиева «Аңыз болған абысындар» кітабынан шолу жасаса, мәдениет үйінің актрисасы Шалқыма Мерқұлова осы шығармадағы Сақып пен Қизаның 5 бірдей баласын ажал жалмаған жағдайын әсерлі сахналап, барлық көрерменді жылатты. Сондай-ақ кеште аудан мектептерінен келген мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқыса, ақынның сөзіне жазылған «Жалпақталым», «Ұстаз бен шәкірт» әндері де шырқалды. Кешке Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұргүл Жұбатова, дәстүрлі әнші Күләш Қуанышқалиева, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов сынды өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетіп, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Туған еліне құнды дүниемен келген ақын апамыз елге деген сағынышын жасырып қалмады. — Сіздер маған сәуле тәріздісіздер. Айналама шуақ беріп, шабыт сыйлайсыздар. «Аңыз болған абысындар» прозасының өмірге келуіне осы абысындардың келіні Рысты Қайсағалиева замандасым арқау болды. Рысты арнайы хабарласып, үш анасының өмірдерегін баяндап берді. Сөйтіп арнайы жол түсіріп Қараоба ауылына бардым. Сол аналарымыздың бейітіне барып, құран бағыштадық. Осы кісілердің көзін көрген үлкендерден де деректер алып, жазуды бастадым. Туынды осылай өмірге келді. Әрине, оңай болмады. Өзім де бұл туындыны жазғанда көзіме жас алып тұрып жаздым. Оқырмандарыма да солай жеткенін осы кештен байқап отырмын. Сіздерге мың алғысымды білдерімін, — деп ақын апамыз қуаныштан көзіне еріксіз жас алып, туған ауылының жайсаң жандары мен оқырмандарына ризашылығын білдірді.
Жұлдыз АСҚАР

ХАЛЫҚ САЗЫНА АЙНАЛҒАН ӘН НЕМЕСЕ ӘКЕГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ

Күні: , 54 рет оқылды

Жүректі тербеп күй сынды, Биікке ұшсам сүйсіндің. Мойныңа көптен асылмай, Сағындым, әке, иісіңді,- деп жырланған, халық сазына айналған «Әкем — әнім» әнінің шыққанына міне 40 жыл толып отыр. Алыста жүріп ауылдағы әкесін сағынған бозбала Әділбек жүрегінен шыққан сағынышын әні арқылы қалықтатқан еді. Бұл 1978 жылы Әділбектің Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтының музыка факультетінде оқып жүрген кезі еді. Әкесі Нәсекеннің 60 жас мерейтойына бара алмаған Әділбек досы Орынбасар Сүттібаев екеуі осы әнді жазуға бел буады. Фортопиано алдында отырып, талай таңды көзбен атырған қос жігіт «Әкем — әнім» әнін жазып шыққан еді. Бірақ, олар бұл әннің қазақ даласын қалықтап, халықтың жауҺар жырына айналатынын сезбесе керек… «Әкем — әнім» әнінің шырқалғанын 40 жыл толуы мен әннің кейіпкері, Ұлы отан соғысы мен еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі Нәсекен Сүлейменовтің 100 жылдығына арналған еске алу шарасы 3 қазан күні Қазталов ауданы орталығында өтті. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер қоғамдық қорының «Ерекше тұлға» төсбелгісінің иегері, әнші-сазгер, жерлесіміз Әділбек Сүлейменовтің шығармашылыған арналған бұл концерттік бағдарламаның шымылдығы аудандық саз мектебінің хор сыныбы оқушыларының және барабаншылардың орындауындағы Мира Сүйіншәлиеваның сөзіне жазылған ағамыздың «Қазақстан жас ұланы» әні арқылы ашылды. Әуезді әннің құдіретін тек жүрекпен ғана сезіну керек шығар. Ән көңілді ғана ажарландырып қана қоймай, адам абыройын биіктетіп жіберетінін Әділбек Сүлейменовтің шығармашылыған ұғуға болады. Қариялар күні және қайырымдылық айына орайластырылған концертте сазгер ағаның аудандық мәдениет үйі әншілерінің орындауында «Ағаларды еске алу», «Қариялар», «Ауылдастар» әндері шырқалды. Сонымен қатар Қазақстан полициясының гимніне айналған «Полиция мектебі» әнін Әділбек аға жеке дауыста әуелетсе, аудандық ішкі істер бөлімінің ұжымынан құралған хор қосыла асқақтатты. Концертке жиналған көпшілік те Әділбек Сүлейменовтің қанат қаққан қиялмен ұштасқан сазгерлік талантына тәнті болды. Кәусәр сезім мен тояттамас көңілге, қуаныш пен мұңға толы «Кешігіп келген махаббат», «Арман жылдар», «Қоштасудың қиыны-ай» сияқты махаббат әндері сахна төрінен төгіліп шырқалып, тыңдарманды сезімге жетеледі. Кеш қонағы, Республикалық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің иегері, әнші Айбар Хайырханов Әділбек ағамыздың «Хадиша апа», «Қазақстан құрылысшылары» әндерін шебер орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Концерт соңында әкелерге арналған әнұран болған, ғұмырлы әндердің бірегейі, Әділбек Сүлейменовтің төлқұжатына айналған Орынбасар Сүттібаевтың сөзіне жазылған «Әкем — әнім» әні орындалғанда, сүйсінген көрермен ыстық ықыластарын ұзақ соғылған шапалақтары арқылы білдірді. Концерт бітісімен сахна төріне көтерілген аудан әкімі Абат Шыныбеков тамаша шығармашылық кеш сыйлаған Әділбек ағамызға ел атынан алғысын білдіріп, өнер иесінің иығына шапан жауып, алғыс хат табыстады. Міне, құт дарыған қос өзеннің ортасында ән қалықтап, төрткүл дүниені ән арқылы бағындырған өнер иесінің шығармашылық концерті жоғары деңгейде өткенін мақтанышпен айта аламыз. Концерттен ұмытылмас әсер алып, көтеріңкі көңіл күйде тарап жатқан ауылдастардың бірі – Гүлнұр Иманғалиеваны әңгімеге тартқанымызда,- Әділбек ағамыздың шығармашылық кеші керемет өтті. Ағамыздың шығармашылығының шыңы, барша қазақ жұрты шырқайтын «Әкем — әнім» әнінің ерекшелігін атап айтқым келеді. Сондай-ақ кеш барысында Әділбек ағанның басқа да біз естімеген әндерін тыңдап, үлкен әсер алдым. Осындай тума таланттары бар киелі Қазталов топырағы жасай берсін! — деген көңілін жайып салды.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.