АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 04.10.2018


АЛҒАЙДА «МӘРМӘР ЕТ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Күні: , 30 рет оқылды

Қазақ халқының басты тағамы – ет. Ұлттық тағамдарымыздың басым көпшілігі еттен жасалатындықтан одан дәмді әрі қуатты ас жоқ. Қазақ баласын еттің түр-түрімен таң қалдыра алмайсыз. Дегенмен соңғы бес-алты жылда біздің нарықта «мәрмәр сиыр еті» деген жаңа ұғым пайда болды. Сонымен «мәрмәр сиыр еті» деген не? Бұл сұрақтың жауабын көрші Ресей жеріне барған сапарымызда таптық. Әңгімені басынан бастасақ, 29 қыркүйек күні Ресейдің Саратов облысына қарасты Александров-Гай ауданында «Мәрмәр ет» фестивалі оздырылды. Осы фестивальге Қазталов ауданы да арнайы шақырту алып, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова бастаған қазталовтық делегация қатысып қайтты. Фестиваль Алғай жерінде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жоғары деңгейде өткен фестивальге Саратов облысының губернаторы Валерий Радаевтың өзі қатысып, қазталовтықтарға деген ыстық ықыласын білдірді. Байқағанымыздай Александров-Гай ауданы ауыл шаруашылық саласындағы барлық әлеуетін осы шараға жұмылдырып, келген қонақтар мен жиылған көпшіліктің алдында «мәрмәр еттің» қасиетін паш етті. Аудан орталығындағы орталық саябақта «мәрмәр ет» фестиваліне арналған ет жәрмеңкесі, кәуап, палау, қуырдақ пісіру сайыстары, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі, асыл тұқымды малдардың көрмесі керемет ұйымдастырылған. «Мәрмәр ет» жәрмеңкесінде аудандағы шаруа қожалықтар сапалы еттің түр-түрін ұсынып, тиімді бағамен сатып жатты. Жәрмеңке басында мамандардан XIX ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болған бұл деликатестің бүгінде 120-дан астам түрі бар екенін және бұл ет түрінің дәмі, түсі, өңі туралы кеңінен ақпар алдық. Мәрмәр еттің ерекшелігі – бұлшықеттегі май қабаттары етті сөлді әрі жұмсақ етеді екен. Бұндай сапалы етті асыл тұқымды Ангус, Герефорд және өзіміздің Ақбас сиырды күтіп-баптау арқылы өндіруге болатынына көз жеткіздік. Нарықта жоғары бағаланатын «мәрмәр еттің» бұл жәрмеңкеде орны бөлек екендігіне көз жеткіздік. Сонымен қатар фестиваль аясында саябақта театрландырылған қойылым, концерттік, спорттық бағдарламалар және тосаптар көрмесі, палау, стейк сияқты дәмді ет тағамдары жиналған көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ фестивальде спорттық күш экстримі сайысында жерлесіміз Жасұлан Құлқайыровтың асығы алшысынан тұрып, білек күшінің мықтылығын дәлелдеп, екінші орынға тұрақтады. Қазақ елінің намысын қорғаған жерлесіміз жүлделі орынға тігілген «мәрмәр етке» ие болды. Сондай-ақ қой көтеру сайысында да Жасұлан қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, бас жүлдеге тігілген қой баласын қанжығасына байлады. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, бұл фестивальден үлкен әсер алып қайттық. Осындай нәтижеге жетіп жатырған көршілеріміздің мұндай тәжірибесін біздің де ауданда жүзеге асыруға болатынына ой түйдік. Сәтімен болғай!

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.