АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Октябрь, 2018


ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Күні: , 38 рет оқылды

Қазталов ауданының халқы үшін ерекше күн. Аудан орталығындағы Алма Оразбаева мектебінің іргетасының қаланғанына — 150 жыл.Бұл аудан тұрғындарының ғана емес, күллі қазақ халқының тойы. Өйткені еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген осы мектепті бітірген барша түлектердің тойы. Мектептен қанаттанған шәкірттердің әрқайсысы қасиетті де киелі шаңырақтан білім алғандарын және осы мектептегі ұстаздарын әрдайым мақтаныш етіп жүргендерінің өзі бір ғанибет! Осы мерекемен тұспа-тұс келіп отырған игілікті шараның бірі — ҰОС ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері,ұстаз Ізбасар Әліпұлы Рысмағанбетов пен ұстаз Хауа Аюпқызы Дулатованың құрметтеріне олар тұрған үйдің(Сырым Датұлы көшесі ,№10) қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуы. Ұлағатты ұстаздар әулетінің құрметіне арналған шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауданның сала басшылары, ұстаздар қауымы мен шәкірттер қатысты. — Бүгін аудан үшін үлкен қуаныш. Мерекелі күн. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Осынау қуанышқа қош келдіңіздер. Білім саласында ұзақ жыл қызмет еткен Рысмағанбетовтар әулеті өнегелі отбасы екені баршамызға мәлім. Ұл-қыздарына саналы тәрбиемен бірге терең білім берген,ағайын-туыстарына, барлық ауылдастарына ерекше қамқор бола білген абзал жандар болғанын ел ауызынан естудеміз. Асыл жандардың кіндігінен тараған ұрпақтары бұл күнде еліміздің көркейіп, гүлденуіне айрықша үлес қосып жүр деп мақтанышпен айтамыз, -деді аудан әкімі өз құттықтау сөзінде. Ардагер ұстаз Уахит Ишанов пен ұстаздың шәкірті Мирболат Жақыпов ескерткіш тақтаны ашса, Ізбасар атамыз бен Хауа анамызбен білім саласында ұзақ жыл бірге қызметтес болған әріптесі Бибісара Хайрбаева ұстаздар туралы сыр шертті. Ал Хауа анамыздың шәкірті, жерлесіміз, өңіріміздің мақтанышы, ҚР Президенті әкімшілігі жалпы бөлімінің меңгерушісі Мирболат Жақыпов: — Орыс тілі пәнінің ұстазы қызметін атқарған Хауа Аюпқызы және осы А.Оразбаева мектебінің ұстаздары орыс тілі пәнін мәскеулік үздік мектептердегі тәрізді тереңдетіп оқытқан еді.Менің әрбір жетістігім-ұстазым Хауа Аюпқызының арқасы деп білемін және сол үшін әрдайым ұстазым алдында бас иемін, — деп өзінің жүрек жарды лебізін айтты. Осы игі істің бастамашысы, А.Оразбаева орта мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Інжумаржан Ғазизова: — Біз бүгін қасиетті де киелі білім ордасы Алма мектебінің 150 жылдық тойымен тұспа-тұс келіп отырған еліне ерекше еңбегі сіңген екі бірдей ұстаздың құрметіне ашылғалы отырған олар тұрған үйдің маңдайшасына ескерткіш тақта орнату шарасына жиналып отырмыз. Ол кісілердің өмірі сонау сұрапыл соғыс жылдарында , соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңіне тап болғанымен, өз кәсібінің шыңына шыққан ұлт пен ұрпаққа адал қызмет еткен жандар ретінде есімдері мәңгі жадымыздан еш кетпейді. Бар өмірін білім саласына, туған жердің рухани түлеуіне арнаған еңбек ардагерлерінің есімін ұлықтайтын осындай елдік істер көп болса екен дейміз. Ал Ізбасар атамыз бен Хауа анамыздың ісін жалғастыратын ауданымыздағы барлық ізбасарлары шәкірт тәрбиелеуде талмай еңбек ете беретініне сенемін.Бүгінгі шараға атсалысқан азматтарға айтар алғысым шексіз!, — деп ескерткіш тақтаның ашылуына қатысқан барша жандарға және осы шараның өтуіне мұрындық болған, көмек еткен азаматтарға мектеп ұжымы атынан ризашылығын білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


«Туған жер» этномәдени жобасы

Күні: , 44 рет оқылды

«Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этномәдени жобасы аясындағы делегацияны қарсы алу сәті.Қонақтардың арасында «Дарын»сыйлығының иегері, ақын, «Ана тілі» Ұлт газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан бар. Қазталов ауданы әкімінің орынбасары З.Мәжитованың «Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этно-мәдени жобасы аясындағы делегация мүшелерін қабылдау сәті. 7-11 сынып оқушылары арасында шығармалар байқауы оздырылып, «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестиваліне іріктеу кезеңі өтті. Сондай-ақ «Жайық пресс» медиахолдингінің бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай шығармалар байқауына қатысушылардың жетекшілерімен кездесті. Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Серік Жұмағалиевтің төрағалығымен «Жайық Пресс» медиахолдингі «Бас редакторлар клубының» алғашқы көшпелі жиынының отырысы. «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғубайдуллин 150 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Алма Оразбаева арнайы барып, мектеп ұжымымен кездесті. Тарихы терең білім ордасында болған Бауыржан Файзоллаұлы мектеп тарихынан сыр шертетін музейді аралап көрді. Бұдан кейін облыстық бас газеттің бас редакторы Алма Оразбаева атындағы мектебінің ұстаздарымен кездесті. Кездесуде әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, ұстаздар қауымын мазалап жүрген сұрақтарға жауаптар берілді. Журналист, «Ана тілі» Ұлт газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан «Бас редакторлар клубына» арналған шеберлік сыныбын өткізді. Журналисттік жолда еңбегі мол Жанарбек ағамыз өзінің тәжірбиесімен бөліскен болатын. – Ел мықты болам десе, оның жаңалық жаршылары мықты болу керек. Мен өз жолымды 1 курс оқып жүрген кезімнен , журналистің беделі «аһ» ұрып тұрған кезде бастаған болатынмын. Ол кезде тілшілер қорғалатын. Қазір тілшілерді кез-келген шараға жұмсап жатады. Бұған біз көз жұмып қарамауымыз қажет. Өз тілшілеріміздің бедерін ұстауымыз керек. Журналисттер ешбір мемлекеттік бағдарламаға енбейді. Ешбір мемлекеттен тиісті қолдауды ала алмайды. Соңғы уақытта осы бір мәселені жиі көтеріп келеміз. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, халық арасына танымал бола бастаған блогерлердің дәрежесін журналистпен теңестіру мәселесі қозғалып келеді. Бұл, әрине, келісті емес деп санаймын. Журналисттердің бедерін көтеру қажет. Одан кейін тағы бір мәселе – журналист ақпаратты жаяулап, жалпылап жүріп алған жөн секілді. Қазіргі уақытта интернет жүйесі дамыған уақытта мәліметті тиісті жерден алып, оны көзбен көру былай қалып жатады. Бұл дегеніміз өз жұмысыңа жауапкершілік аздығы немесе тілшінің «қыры» жібермеуі деп санаймын. Мен өз тәжірибемде тілшілерімді тиісті ақпарат алу үшін жіберіп отырамын. Мысалы, бір тілшімді әл-ахуалы жоғары, тұрмыс деңгейі жоғары ауылға жіберсем, екіншісі ,керісінше, тұрмыс-тіршілігі кенжелеп қалған ауылға жіберіп, екеуінен жауап күтемін. Сонда қағаздағы мәлімет пен көзбен көргенін айырмашылығы бек айқын болады. Сондай-ақ электронды поштаға хаттар мен мақалалар да келіп жатады. Әсіресе, дін жөнінде. Бұл Қазақстанда діни ахуал көңіл қуантарлық емес екенін көрсетеді. Бір ұлттың газеті болғандықтан мен арнайы мамандарды алдырып, іріктетіп аламын. Бұндай тәжірибе кез-келген газетте қолданылуы қажет деп ойлаймын, — деген қаламгер жиналған «Бас редакторлар клубының» мүшелерімен ой-пікірлер алмасты. облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова Қазталов ауданының орталығындағы аурухананың дәрігерлерімен кездесті. Роза Сыйықова алғашқы саны шыға бастағанына 101 жасқа толған басылымдағы дәуір талабына сай серпіліс, жаңа бастамалар жайында кеңінен баяндады. Алдағы кезде газетте уақыт үніне байланысты жаңа айдарлар ашылады, қоғамдық тілшілермен қарым-қатыс одан әрі нығайтылады. Алдағы кезде газетте уақыт үніне байланысты жаңа айдарлар ашылады, қоғамдық тілшілермен қарым-қатыс одан әрі нығайтылады. Бас редактор сондай-ақ әсіресе сыбайлас жемқорлықпен күрес, жат болмыстан сақтану, адастырмас ұлттық құндылықтарымыз басты тақырыптар болатынын әңгімеледі. -Елбасы келер жылы жастар жылы деп жариялады. Күні бүгіннен бастап жастарды патриоттыққа тәрбиелеуіміз қажет. Жастарды ауылға, туған жеріне қызмет етуге шақыруымыз керек,-деген «Приуралье» газетінің бас редакторы Елбасының күні кеше жариялаған Жолдауына тоқталды. Кездесу соңында Роза Сыйықова дәрігерлердің ұсыныс пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

«Ауыл айнасы» газетінің тілшілері

 

СҮЛЕЙМЕН ЕСЕТОВТЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Күні: , 44 рет оқылды

Биыл ауданымызда қашықта жатқан С.Есетов атындағы орта мектеп үшін ерекше жыл. Өйткені 2000 жылы аты берілген бірнеше Ұлы Отан соғысының медалі мен ордендерінің иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Сүлеймен Есетұлының туғанына 100 толып отыр. Осыған орай 5 қазан күні ұстаздар арасында волейболдан аймақтық жарыс өтті. Жарыстың ашылуында Талдықұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Серік Әскерұлы қатысушыларға қош келсін айтып, сәттілік тіледі. Мектеп директоры Ақжол Жасқайратұлы: — Құрметті әріптестер, сіздерді ең алдымен мерекелеріңізбен құттықтаймын. Ұстаздық қызмет — жауапты әрі абыройлы. Осы жолда жүрген сіздердің еңбектеріңіз арқасында мемлекеттің бір кірпіші қалануда. Бүгін осы мерекеде мектебімізге есімі берілген С.Есетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған волейболдан аймақтық жарысқа келіп отырсыздар. Бұл біз үшін үлкен, жауапты шара болғандықтан біраз мектепке хабар берген едік. Белгілі бір себептермен келе алмай отқанын ескере отырып, сіздерге өз ризашылығымды білдіремін — дей келе жарысқа қатысушы ұстаздарға сәттілік серік болуын тіледі. Жарысқа Қарасу, К.Меңдіәлиев, Ғ.Молдашев және С.Есетов мектептерінің командалары қатысты. Қызу, тартысқа толы сайыс нәтижесінде С.Есетов мектебінің ұстаздары топ жарса, К.Меңдіәлиев мектебінің командасы 2 орынға ие болды. Қарасу мен Ғ.Молдашев мектептерінің командалары 3 орынды өзара бөлісті. Сайысқа қатысушы командаларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


КӨШЕ МЕЙРАМЫ ӨТТІ

Күні: , 30 рет оқылды

Елбасымыз «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап көрсеткен болатын. Туған жерге деген ықылас пен патриотизмді қалыптастыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті ынталандыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау мақсатында 6 қазан күні Б.Момышұлы, Амангелді, Ихсанов көшелері тұрғындарының ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын тұғырым» атты көше мейрамы өтті. Бүгінде Амангелді көшесінде 24 үй болса, Ихсанов көшесінде 47 үй бар. Ал Б.Момышұлы көшесінде 23 үй бар. Бұрындары бұл көшенің тұрғындары 70 пайызы орыс халқы болып, әр түрлі мамандықтар иесі тұрған. Сондықтан көшені «Рабочий» деп атаған екен. Күні бүгінде 81 адам осы көше тұрғыны. Көше тойының ашылуында ауыл әкімі Жүсіп Шакуов сөз сөйлеп, көше тұрғындарын көше мейрамын жақсы өткізуіне тілектес екенін жеткізді. Көше мейрамында «Алтын», «Күміс» алқа» иелері мараппатталып, көшенің ең үлкен және ең кіші тұрғындарына естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар қазан айында дүниеге келген тұрғындарына да көше комитеті атынан естелік сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын биік тұтқан қазақтың бесікке салу рәсімі де осы көше тойдан көрініс тапса, ұйымдастыру алқасының шешімімен 3 үйге «Үлгілі үй» тақтайшасы берілді. Көше мейрамы соңында спорттық ойындар ойнатылып, балаларға базарлықтар үйлестірілді. Тұрғындар туған жеріміздің ынтымақ-ырысы, байлығы мен берекесі артып, татулығы жараса берсін деген ниетпен, көтеріңкі көңілмен тарқасты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚҰРМЕТ ТАҚТАСЫ АШЫЛЫП, ҰСТАЗДАР МАРАППАТТАЛДЫ

Күні: , 22 рет оқылды

7 қазан — ұстаздар күні қарсаңында аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданымыз бойынша өзз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап жүрген ұстаздар қауымен кездесті. — «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан. Ұстаз деген сөзде қанша киелі ұғым, жылылық пен ұлағат ұштастырылған. Ұрпақтарды білім теңізіне жетелеген ұстаздардың жөні де, орны да бөлек. Қай кезде болмасын тәлім-тәрбие беру — ең ұлы мұрат. Мұғалімдер күні орны бөлек, дәрежесі биік мереке. Сіздерді мейрамдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы айтқандай, біз осы заманғы білім беру жүйесіндегі алысты барлап, кең ойлай білетін мұғалімдерсіз инновациялық экономиканы ешқашан дамыта алмаймыз. Сондықтан, ұстаз ұғымы бүкіл қоғам құрметтейтін қадірі мол кәсіп. Қай уақытта да үлкен үміттің үдесін сіздерден күтеміз, — деп сөзін бастаған аудан әкімі Абат Абайұлы барша ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ашық ой бөлісіп отыруға шақырды. Кездесуде ұстаздар күні бүгінгі Елбасының Жолдауында педагог мәртебесіне көңіл бөлінгеніне, келер жастар жылы болатына қуанышты екендерін жеткізіп, ауданымызда білім беру саласында жетістіктер мол екені тілге тиек етілді. Күні бүгінде ауданымызда 1081 педагог қызмет етсе, оның 8-і үш тілде білім береді. Сондай-ақ ауданымыздың 9 онлайн жүйеге қосылған болса, 31-і офлайн режимде жұмыс істейді. Ал «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Жалпақталда ашылған IT- сыныптың ерекшелігін К.Меңдіәлиев мектебінің ұстазы кездесу барысында айтып берді. Сонымен қатар мектептер өлкені тану бағытында жүйелі жасап жатқандарын жеткізді. Күні бүгінде аудан бойынша мектептер жанында музей жасақталуда. Бұл бағыттағы жұмыстар баарысында Ғ.Бегалиев орта мектебінің музейі ұзақ жылғы еңбегі өзге үлгі боларлықтай екені сөз болды. Қазіргі таңда ауданымыздың бірқатар мектептері электронды күнделікке көшіп те үлгірген. Бұл да білім саласында ілгірлеу барын көрсетеді. Бір жарым сағатқа созылған кездесуде ұстаздар түрлі пікірлер айтып, болашақ ұрпаққа білім беруде талмай еңбек ететіндерін жеткізді. Кездесу соңы «Құрмет» тақтасының ашылуына жалғасты. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан ұстаздары құрметіне тұңғыш рет Құрмет тақтасы орнатылды. Ауданымызда алғаш орнатылған «Құрмет тақтасын» ашу рәсімі аудан әкімі Абат Шыныбеков мен осы аудандық білім беру бөлімінде ширек ғасыр әдіскерлік қызмет атқарған Ағиба Сейфуллинаға берілді. Аталмыш тақта жыл сайын жаңартылып отырады. Құрмет тақтасына мектеп әкімшілігінің ұсынысы негізінде тәжірибелі, білікті шәкірттері биік белестен көрініп жүрген ұстаздар ұсынылып, Құрмет тақтасында бір жыл бойы тұру құрметіне ие болады. Күні бүгінде 20 ұстаздың есімі осы тақтада жазулы тұр. Ашылу рәсімінде сөз алған биылғы жылы Құрмет тақтасынды тұру құрметіне ие болған А.Оразбаева орта мектебінің ұстазы Бахытқаным Мырзағалиева Бахытқаным: — Әлемдік білім кеңістігінде білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі – ұстаздық. Өйткені біздің мойнымызда адам тәрбиелеу міндеті тұр. Сондықтан бір кезде тарыдай болып келіп, бүгінде таудай болып азамат атанған басқа мамандық иелерін тәрбиелеуде өз шеберлігімізді таныту — біздің басты міндетіміз. Жаһандану заманында біз өзіміздің кәсіби біліктілігімізді еңбек етеміз деген ойдамын, — деп сөзін тәмамдап, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады. Ұлағатты ұстаздарға арналған Құрмет тақтасының ашылу салтанатының соңы аудандықө мәдениет үйінде «Ұстаз аты — биік әрі мәңгілік» атты мерекелік шараға ұласты. Мерекелік шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков пен Жалпақтал өнер мектебінің директоры Қуаныш Абиловке Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мараппаты табысталса, Ғалия Сүлейменова, Гүлнар Нығметова, Ряш Молдашева, Айдар Ерболатов, Марат Бисенгалиев, Бақсиық Тақаев сынды ұстаздарымыз Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ аудандық білім беру бөлімі Шолпан Жұмабаева, Лаура Аткеева, Гүлназира Хайруллина, Әлия Оразаева, Нарша Мұханбетова, Еділ Неғметов, Раушан Құмарғалиева, Рима Хайруллина, Жаухар Даулетоваға өз алғысхаттарын табыс етсе, білім беру жүйесіндегі еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, кәсіподақ ұйымының дамуына және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан ұстаздар Абзал Сүндетов, Орынғали Қабдолов, Ақылбек Құсайынов, Анаргүл Дүйсенова, Ардақ Айтимова аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы атынан мараппатқа ие болды. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Осынау қадір-қасиеті мол мамандық иелерінің құрметіне күмбірлеген күй ойналып, әннен шашу шашылса, мың бұралған бишілер өз өнерлерін паш етті.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


Мемлекеттік сатып алу шарттарымен міндеттемелерді орындаудағы даулардың туындау себептері

Күні: , 20 рет оқылды

Электронды сатып алулардың саласының өркендеуіне байланысты сатып алулардың ашықтығы ұлғайды. Бүгінгі күнге сатып алуға қатысушы әрбір әлеуетті өнім беруші өзіне бәсекелеспен қатар конкурстық комиссияның барлық шешімдерімен таныса алады. Алайда, конкурстық комиссиялардың шешімдері, барлық мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды қанағаттандыра алмайды, бұл өз кезегінде әлеуетті өнім берушілердің уәкiлеттi органға немесе сотқа шағымданудың ұлғаюына әкеліп соғады. Шағымдардың басым бөлігі әлеуетті өнім берушілерді заңсыз конкурсқа жіберу немесе әлеуетті өнім берушілердің баға ұсынымына әсер ететін өлшемшарттардың дұрыс қолданбауы және жеңімпаздарды айқындау тұрғысында. Сонымен қатар өнім берушімен, тапсырыс беруші тарапынан мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындауға байланысты шағымдар саны төмендемей отыр. Шағымдардың туындауы себептерінің бірден бірі сатып алудың қорытындылары бойынша жеңімпаз танылған жеткізушімен, тапсырыс берушілердің көңіл аудармаушылықтарынан орын алуда. Мысал ретінде кейбір қателерге тоқталсақ: веб-порталда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарламаны қалыптастыруда тапсырыс беруші тауардың нақты сипаттамалары көрсетпейді –яғни цифрлық құлыбымен жанбайтын сейф қабырғасының қалыңдығы 6 см тағысын тағыларды көрсетіп сейфтің биіктігін көрсетпейді нәтижесінде үлкен сейфтің орнына сипаттамалары сәйкес кіші сейф алады; веб-порталда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарламаны қалыптастыруда тапсырыс беруші сатып алатын қызметтің көлемін және сипаттамасын- атап айтқанда сценалық костюмдерді тігу санын ғана көрсетіп сатып алатын костюмдердің мөлшерін, ерлер/әйелдер, нақты костюмің (европалық, ұлттық) қандай болу керек екендігін айқындап жазбауы нәтижесінде, сатып алуға тиесілі тауарлар әкелінбейді; Өнім беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары дұрыс оқымайды немесе оқып түсінбейді, салдарында өнім беруші басқа тауар әкеледі немесе оған тауар жеткізу мен қызмет көрсету тиімсіз болады; Өнiм берушiнiң баға ұсынысын ұыснғанда 2500 теңгенің орнына 250 теңге көрсетуі тағы басқалар. Департаментке келіп түскен шағымдардың басым бөлігі жеткізушілер (өнім беруші) тарапынан мемлекеттік сатып алу шарттық міндеттемелерін орындамауы бөлігінде орын алуда. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 7 бабында азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындататыны аталған. Ал, Азаматтық кодексінің 9 бабында азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк, заңнамалық актілерінде көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асыратыны көзделген. Жоғарыдағыларға сәйкес, шарттық міндеттерді орындау барысындағы тараптар арасындағы туындаған даулар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі және соттармен қаралатынын ескерген жөн.

В.Л.Пак

ҚР ҚМ ІМАК-нің Батыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшы орынбасары


ЖАС АҚЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСКЕН АҚЫН ДАРИҒА

Күні: , 64 рет оқылды

4 қазан күні ақын жерлесіміз Дариға Мұштанова туған жерге ат басын тіреді. Осы орайда К.Меңдəлиев мектебінде жерлес ақынымыз Дариға Мұштановаға арналған «Ақжайықтың Дариғасы» атты əдеби-сазды кеш өтті. Əдеби кешке жиналған өлең өлкесінің өрендері ақынның өнердегі жолын сахналап, көрерменге ұсынды. «Дара жолдың» ізімен жалғасқан кеш ақын жолындағы əңгімелер өрбіді. Өмірінің қиын да қызықты естеліктерімен бөліскен Дариға ақын бір сəтте оқырмандарының жүрегіңе рухани азық сыйлады. Сондай-ақ жан-жақтан жиналған жас талантты ақындарымыз да өз туындыларын оқып, ақын жүрегінен жол тапты. Əдеби кеште аудан əкімінің орынбасары Зəйлім Мəжитова, К.Меңдəлиев мектебінің директоры Салтанат Өтеғұлова сөз алып, мерекемен құттықтап, ақын апамызға алғысхат табыстады. Әдеби-сазды кештен соң, ақын Дариға Мұштанова мен аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова К.Меңдәлиев мектебінде жасақталынған «Мұра» жас ақындар сыныбының алғашқы лентасын қиды. Жас ақындар сыныбының тұсауын кескен ақын Дариға өлең баспалдағына енді қадам басқан оқушыларға ақ жол тіледі. «Қаламдарың қарымды, жырларың жалынды болсын» — деп бата берді. «Мұра» жас ақындар сыныбына К.Меңдәлиев мектебінің жас ұстазы Ардақ Жангелді жетекшілік етеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей дарынды, талантты оқушыларды дер кезінде байқап талантын танытып, көпшілікке таныстыру ұстаздардың міндеті деп білеміз. Жалпақтал мәдениет үйінде ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» кітабының таныстырылымы өтті. Кеште сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: — Бүгін Жалпақтал ауылына жыр жауған күн деп айтуға болады. Енді міне мәдениет үйінде өзіңіздің өміршең туындыларыңызды сүйіп оқитын оқырмандарыңыз жиналып тұр. Сіз «Аңыз болған абысындар» прозасы арқылы оқырмандарыңыздың жүрегінен жол таптыңыз. Бұл шығарма шынайы өмірмен байланыстырып жазылған. Бұл түйсінерлік туынды. Сіздің жүрегіңізден шыққан туынды жүректерге жетті. Ендеше, сізге аудан халқының атынан ризашылығымызды жеткіземіз, — деген тілегін білдіріп, ақын апамызға ұлттық нақыштағы комзол кигізді. Кеште К.Меңдәлиев мектебінің ұстазы Гүлмира Темірғалиева «Аңыз болған абысындар» кітабынан шолу жасаса, мәдениет үйінің актрисасы Шалқыма Мерқұлова осы шығармадағы Сақып пен Қизаның 5 бірдей баласын ажал жалмаған жағдайын әсерлі сахналап, барлық көрерменді жылатты. Сондай-ақ кеште аудан мектептерінен келген мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқыса, ақынның сөзіне жазылған «Жалпақталым», «Ұстаз бен шәкірт» әндері де шырқалды. Кешке Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұргүл Жұбатова, дәстүрлі әнші Күләш Қуанышқалиева, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов сынды өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетіп, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Туған еліне құнды дүниемен келген ақын апамыз елге деген сағынышын жасырып қалмады. — Сіздер маған сәуле тәріздісіздер. Айналама шуақ беріп, шабыт сыйлайсыздар. «Аңыз болған абысындар» прозасының өмірге келуіне осы абысындардың келіні Рысты Қайсағалиева замандасым арқау болды. Рысты арнайы хабарласып, үш анасының өмірдерегін баяндап берді. Сөйтіп арнайы жол түсіріп Қараоба ауылына бардым. Сол аналарымыздың бейітіне барып, құран бағыштадық. Осы кісілердің көзін көрген үлкендерден де деректер алып, жазуды бастадым. Туынды осылай өмірге келді. Әрине, оңай болмады. Өзім де бұл туындыны жазғанда көзіме жас алып тұрып жаздым. Оқырмандарыма да солай жеткенін осы кештен байқап отырмын. Сіздерге мың алғысымды білдерімін, — деп ақын апамыз қуаныштан көзіне еріксіз жас алып, туған ауылының жайсаң жандары мен оқырмандарына ризашылығын білдірді.
Жұлдыз АСҚАР

ХАЛЫҚ САЗЫНА АЙНАЛҒАН ӘН НЕМЕСЕ ӘКЕГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ

Күні: , 60 рет оқылды

Жүректі тербеп күй сынды, Биікке ұшсам сүйсіндің. Мойныңа көптен асылмай, Сағындым, әке, иісіңді,- деп жырланған, халық сазына айналған «Әкем — әнім» әнінің шыққанына міне 40 жыл толып отыр. Алыста жүріп ауылдағы әкесін сағынған бозбала Әділбек жүрегінен шыққан сағынышын әні арқылы қалықтатқан еді. Бұл 1978 жылы Әділбектің Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтының музыка факультетінде оқып жүрген кезі еді. Әкесі Нәсекеннің 60 жас мерейтойына бара алмаған Әділбек досы Орынбасар Сүттібаев екеуі осы әнді жазуға бел буады. Фортопиано алдында отырып, талай таңды көзбен атырған қос жігіт «Әкем — әнім» әнін жазып шыққан еді. Бірақ, олар бұл әннің қазақ даласын қалықтап, халықтың жауҺар жырына айналатынын сезбесе керек… «Әкем — әнім» әнінің шырқалғанын 40 жыл толуы мен әннің кейіпкері, Ұлы отан соғысы мен еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі Нәсекен Сүлейменовтің 100 жылдығына арналған еске алу шарасы 3 қазан күні Қазталов ауданы орталығында өтті. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер қоғамдық қорының «Ерекше тұлға» төсбелгісінің иегері, әнші-сазгер, жерлесіміз Әділбек Сүлейменовтің шығармашылыған арналған бұл концерттік бағдарламаның шымылдығы аудандық саз мектебінің хор сыныбы оқушыларының және барабаншылардың орындауындағы Мира Сүйіншәлиеваның сөзіне жазылған ағамыздың «Қазақстан жас ұланы» әні арқылы ашылды. Әуезді әннің құдіретін тек жүрекпен ғана сезіну керек шығар. Ән көңілді ғана ажарландырып қана қоймай, адам абыройын биіктетіп жіберетінін Әділбек Сүлейменовтің шығармашылыған ұғуға болады. Қариялар күні және қайырымдылық айына орайластырылған концертте сазгер ағаның аудандық мәдениет үйі әншілерінің орындауында «Ағаларды еске алу», «Қариялар», «Ауылдастар» әндері шырқалды. Сонымен қатар Қазақстан полициясының гимніне айналған «Полиция мектебі» әнін Әділбек аға жеке дауыста әуелетсе, аудандық ішкі істер бөлімінің ұжымынан құралған хор қосыла асқақтатты. Концертке жиналған көпшілік те Әділбек Сүлейменовтің қанат қаққан қиялмен ұштасқан сазгерлік талантына тәнті болды. Кәусәр сезім мен тояттамас көңілге, қуаныш пен мұңға толы «Кешігіп келген махаббат», «Арман жылдар», «Қоштасудың қиыны-ай» сияқты махаббат әндері сахна төрінен төгіліп шырқалып, тыңдарманды сезімге жетеледі. Кеш қонағы, Республикалық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің иегері, әнші Айбар Хайырханов Әділбек ағамыздың «Хадиша апа», «Қазақстан құрылысшылары» әндерін шебер орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Концерт соңында әкелерге арналған әнұран болған, ғұмырлы әндердің бірегейі, Әділбек Сүлейменовтің төлқұжатына айналған Орынбасар Сүттібаевтың сөзіне жазылған «Әкем — әнім» әні орындалғанда, сүйсінген көрермен ыстық ықыластарын ұзақ соғылған шапалақтары арқылы білдірді. Концерт бітісімен сахна төріне көтерілген аудан әкімі Абат Шыныбеков тамаша шығармашылық кеш сыйлаған Әділбек ағамызға ел атынан алғысын білдіріп, өнер иесінің иығына шапан жауып, алғыс хат табыстады. Міне, құт дарыған қос өзеннің ортасында ән қалықтап, төрткүл дүниені ән арқылы бағындырған өнер иесінің шығармашылық концерті жоғары деңгейде өткенін мақтанышпен айта аламыз. Концерттен ұмытылмас әсер алып, көтеріңкі көңіл күйде тарап жатқан ауылдастардың бірі – Гүлнұр Иманғалиеваны әңгімеге тартқанымызда,- Әділбек ағамыздың шығармашылық кеші керемет өтті. Ағамыздың шығармашылығының шыңы, барша қазақ жұрты шырқайтын «Әкем — әнім» әнінің ерекшелігін атап айтқым келеді. Сондай-ақ кеш барысында Әділбек ағанның басқа да біз естімеген әндерін тыңдап, үлкен әсер алдым. Осындай тума таланттары бар киелі Қазталов топырағы жасай берсін! — деген көңілін жайып салды.

Қайрат ЖАҚЫП


АЛҒАЙДА «МӘРМӘР ЕТ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Күні: , 36 рет оқылды

Қазақ халқының басты тағамы – ет. Ұлттық тағамдарымыздың басым көпшілігі еттен жасалатындықтан одан дәмді әрі қуатты ас жоқ. Қазақ баласын еттің түр-түрімен таң қалдыра алмайсыз. Дегенмен соңғы бес-алты жылда біздің нарықта «мәрмәр сиыр еті» деген жаңа ұғым пайда болды. Сонымен «мәрмәр сиыр еті» деген не? Бұл сұрақтың жауабын көрші Ресей жеріне барған сапарымызда таптық. Әңгімені басынан бастасақ, 29 қыркүйек күні Ресейдің Саратов облысына қарасты Александров-Гай ауданында «Мәрмәр ет» фестивалі оздырылды. Осы фестивальге Қазталов ауданы да арнайы шақырту алып, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова бастаған қазталовтық делегация қатысып қайтты. Фестиваль Алғай жерінде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жоғары деңгейде өткен фестивальге Саратов облысының губернаторы Валерий Радаевтың өзі қатысып, қазталовтықтарға деген ыстық ықыласын білдірді. Байқағанымыздай Александров-Гай ауданы ауыл шаруашылық саласындағы барлық әлеуетін осы шараға жұмылдырып, келген қонақтар мен жиылған көпшіліктің алдында «мәрмәр еттің» қасиетін паш етті. Аудан орталығындағы орталық саябақта «мәрмәр ет» фестиваліне арналған ет жәрмеңкесі, кәуап, палау, қуырдақ пісіру сайыстары, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі, асыл тұқымды малдардың көрмесі керемет ұйымдастырылған. «Мәрмәр ет» жәрмеңкесінде аудандағы шаруа қожалықтар сапалы еттің түр-түрін ұсынып, тиімді бағамен сатып жатты. Жәрмеңке басында мамандардан XIX ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болған бұл деликатестің бүгінде 120-дан астам түрі бар екенін және бұл ет түрінің дәмі, түсі, өңі туралы кеңінен ақпар алдық. Мәрмәр еттің ерекшелігі – бұлшықеттегі май қабаттары етті сөлді әрі жұмсақ етеді екен. Бұндай сапалы етті асыл тұқымды Ангус, Герефорд және өзіміздің Ақбас сиырды күтіп-баптау арқылы өндіруге болатынына көз жеткіздік. Нарықта жоғары бағаланатын «мәрмәр еттің» бұл жәрмеңкеде орны бөлек екендігіне көз жеткіздік. Сонымен қатар фестиваль аясында саябақта театрландырылған қойылым, концерттік, спорттық бағдарламалар және тосаптар көрмесі, палау, стейк сияқты дәмді ет тағамдары жиналған көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ фестивальде спорттық күш экстримі сайысында жерлесіміз Жасұлан Құлқайыровтың асығы алшысынан тұрып, білек күшінің мықтылығын дәлелдеп, екінші орынға тұрақтады. Қазақ елінің намысын қорғаған жерлесіміз жүлделі орынға тігілген «мәрмәр етке» ие болды. Сондай-ақ қой көтеру сайысында да Жасұлан қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, бас жүлдеге тігілген қой баласын қанжығасына байлады. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, бұл фестивальден үлкен әсер алып қайттық. Осындай нәтижеге жетіп жатырған көршілеріміздің мұндай тәжірибесін біздің де ауданда жүзеге асыруға болатынына ой түйдік. Сәтімен болғай!

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.