АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 28.09.2018


«ТҮБІРТЕК ТАЛАП ЕТ ТЕ – ЖҮЛДЕ ҰТЫП АЛ»

Күні: , 56 рет оқылды

«Түбіртекті талап ет те – жүлде ұтып ал» науқаны басталды. Акцияға кез-келген қала тұрғыны қатыса алады. Мемлекеттік кірістер басқармасы ұйымдастырған 1 мамырдан басталған акция 30 қарашаға дейін жалғасады. Енді, ай сайын жеңімпаздар анықталып, ең көп түбіртек жинаған тұтынушылар арнайы сыйлықтар алады. Бұл акция Қазталов ауданында да қолдау тауып, ұйымдастырылып жатыр. Жуырда ауданымыз бойынша кірістер басқармасының мамандарымен бірге аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастары бірлесіп акцияға ат салысты. Акцияға Алма Оразбаева атындағы орта мектебінің оқушылары да тартылды. Акцияға қатысушылар аудан орталығындағы сауда орындарын аралап, кәсіпкерлер мен тұтынушыларға чек талап етуді насихаттап, өздері де арнайы парақшалар таратты. Бұл акцияның сақсаты – түбіртекті талап ет те жүлде ұтып ал. Яғни тұтынушылар кез-келген дүкенде, жұмыста берілген түбіртегін суретке түсіріп, «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы жіберуі керек. Одан соң, 1 ай бойы жиналған түбіртектерге ұтыс ойындары өтіп, жеңімпаздар анықталады. Тағы бір айта кететіні, бір тұтынушы бір күнде бірнеше түбіртек жолдауға болады. Бюджетке салық түсімін көбейтіп, кәсіпкерлерді адал бәсекелестікке ынталандыру және көлеңкелі бизнеспен күресу. Түбіртекті талап ету бұл тұтынушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, әрі салық өсіміне ықпалын тигізеді. Акцияға кез-келген ауыл тұрғыны қатыса алады. Ол үшін ұялы телефоныңызға «Wipon» мобильді қосымшасын жүктеу қажет. Онда түбіртек суретін қалай салу керектігі нақты көрсетілген. Түбіртекті көп жинаған тұтынушылар арнайы сыйлықтарға ие болады. Ал акцияның бас жүлдесіне темір тұлпар тігілді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


БАУЫРЖАН МЕН ЕРЖАН ЖЕҢІМПАЗ. «ҚАРЛЫҒАШ» ТАҒЫ ДА САМҒАДЫ

Күні: , 44 рет оқылды

Облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалі өз мәресіне жетті. Үстіміздегі жылдың 26 қыркүйек күні Жастар мәдениет үйінде Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалі оздырылды. Фестиваль облысымыздағы жас өнерпаздардың талантын ұштап, шығармашылығын дамыту, оларды өнер жолында қанаттандыруға қолдау көрсету, талантты жастардың мүмкіндіктерін танытуына зор ықпал етеді. Осындай мақсатта байқау «Әдеби шығарма», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы – домбыра — күй» және «Халық музыкасы – домбырамен ән салу», «Хореография», «Эстрадалық вокал» аталымдары бойынша жүргізілді. Бойындағы табиғи талантымен қоса, өнерге құштарлығы бар жас өнерпаздарға арналған фестивальге облыс аудандары мен қаламыздан 70-ке тарта үміткер қатысты. «Халық музыкасы – домбырамен ән салу» аталымы бойынша Бауыржан Қыдырғалиев I-ші орын, «Халық музыкасы – домбыра — күй» аталымы бойынша Ержан Құмарғалиев II-ші орынды иеленді. Сонымен қатар Қазталовтық Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің үлкен тобы байқауда жүлделі III- ші орынды иеленіп, аудан мәртебесін тағы бір жоғары көтеріп тастады. Өнер көгінде жүзген жас таланттарға биіктен көріне беріңіздер!- деген тілегімізді жеткіземіз.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ӨҢІРДІҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ ДАМУЫ

Күні: , 34 рет оқылды

Қазталов ауданы облысымызда ауыл шаруашылығы дамыған және мал басының өскен аудандардың бірі. Ауданның экономикасының даму қарқыны мал шаруашылығының өркендеуімен тікелей байланысты. Сондықтанда агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік бағдарламалар аясында одан әрі дамыту, салаға жаңа технологиялар енгізу, асыл тұқымды мал басын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Осы мәселелерді пысықтау мақсатында, шаруаларды бүгінде не толғандырады, мал шаруашылығын дамыту әулеті қандай, инвесторларға қандай мүмкіндіктер бар? -деген сұрақтарына жауап беру мен талқылау үшін осы аптада ауданымызға облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов сала мамандарымен бірге жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Сапар барысында қонақтар Талдыапан ауылдық округінде болып, Лиман 55 суармалы каналының жәй-күйімен танысты. Сапары барысында облыс әкімінің орынбасары «Терра» ЖШС өкілдерімен бірге осы аймақта мал бордақылау кешенін салу мүмкіндіктерін саралады. Ауданымызға ат басын тіреген инвесторға біздің өңірде мал шаруашылығын дамытудың тиімділігін көрсеткен Игорь Валерьевич қонақтарды округтің істері алға басқан шаруашылықтарын аралатты. Бұдан кейін Талдыапан ауылында ауданның бірқатар шаруа қожалық жетекшілерімен кездесіп, ауыл шаруашылық саласының біраз мәселелерін талқылап, ашық-жарқын әңгімелесті.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Күні: , 54 рет оқылды

26 қыркүйек күні аудан әкімдігінде алдағы қысқа дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте қысқа мал азығын дайындау туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Айбек Акмалиев, аудан бойынша әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығы туралы аудандық тұрғын үй, автомобиль жолдары және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов баяндама жасады. Баяндамалардан түсінгеніміз, биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан Қазталов ауданы 235,3 мың тонна мал азығын дайындау қажет екендігі туралы жоспар берілген. Облыс жоспары 24 қыркүйек күнгі қорытынды мәліметке сәйкес 97,4 пайызды орындалып отыр. Ал аудан әкімшілігінің қойған жоспары 350,0 мың тонна. Аудан бойынша барлық ауылдық округтердің мал қыстағы уақытына дайындығы ағымдағы жылдың 21-25 қыркүйек күндері аралығында тұрғылықты жеріне бекітілген кестеге сәйкес, жауапты мамандар барып толықтай тексерулер жүргізген. Нәтижесінде қысқа мал азығын дайындау барлық округтерде толық болмаса да 80-90 пайызға жақын орындалып отырғаны анықталған. Ал аудандағы әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығына келсек, ауданның білім беру жүйесі 41 мектеп ( 20 орта, 7 негізгі, 14 бастауыш) 16 балабақша және 3 мектептен тыс білім ұйымдарынан тұрады. Соңын ішінде 41 білім ошақтары көгілдір отынмен (16 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, 4 бастауыш мектеп, 5 мектеп жанындағы интернат, 15 балабақша) 4 нысан сұйық отынмен (3 орта мектеп, 1 балабақша) 19 нысан қатты отынмен (1 орта мектеп, 6 негізгі мектеп, 10 бастауыш мектеп, 1 мектеп жанындағы интернат, 1 мектеп жанындағы шағын орталық) жағылады. Сондай-ақ ауданымызда 18 мәдениет үйі мен ауылдық клубтар көгілдір отынмен, 2 мәдениет үйі сұйық отынмен, 15 ауылдық клуб ошақтары қатты отынмен жағылады. Нысандардың дайындығын арнайы құрылған мамандар тобы тексеріп, кейбір әлеуметтік ныснадардың жылыту қазандықтарының жарамсыздығы мен қатты отытындардың дер кезінде жеткізілмей отырғандығы анықталған. Жиында сөз алған аудан әкімі Абат Абайұлы,- Алдағы қыстың қандай мінез танытатыны белгісіз. Сондықтан жылыту маусымына дейін барлық әлеуметтік нысандардардағы дайындық жұмыстарын бітіріп, анықталған ақауларды уақытылы түзету керек. Сонымен қатар қатты және сұйық отындары жеткізілмеген ауылдарға тасымал ұйымдастыруды да бақылауға алуды тапсырамын,- деді. Жиын соңында қысқа мал азығын дайындауға және жылыту маусымына жауапты мекемелер мен бөлімдердің басшыларына, округ әкімдеріне біраз тапсырмалар жүктелді.

Қайрат ЖАҚЫП


АХУАЛ БІР ҚАЛЫПТЫ

Күні: , 38 рет оқылды

26 қыркүйек күні аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға арнайы құрылған комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына азаматтық қорғау және төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты мекемелер мен бөлім басшылары, округ әкімдері қатысты. Отырыста аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Абай Насиповтың ауданымыз бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды. Баяндамашының сөзіне қысқаша тоқталсақ, жыл басынан күні бүгінге дейін бөлімнің есепке алу кітабына 67 хабарлама тіркеліп, соның 17-сі өрт оқиғасы, 12-сі авариялық құтқару жұмыстары, 37-сі жану оқиғалары (соның ішінде 10-ны дала өрттері), 1 суға бату фактісі орын алған. Орын алған дала өрттері уақытында сөндірілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда дала өрттері 12 пайызға азайғаны байқалады. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында арнайы айлықтар ұйымдастырылуда. Сол кезде аудан тұрғындарымен түсінік жұмыстары жүргізіліп, парақшалар таратылған. Жалпы ахуал бір қалыпты. Бөлім басшысының есебін тыңдаған аудан әкімі дала өрттерін болдырмау үшін ауыл шаруашылық техникаларын мұқият тексеріп, қауіпсіздік шараларын сақтамағандарды дала жұмыстарына жібермей, қажет болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Отырыс барысында аудандағы мемлекеттік коммуналдық шаруашлық кәсіпорындары мен газ шаруашлығы, электр торабы мекмелерінің төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары мен қысқа дайындығы туралы хабарламалары тыңдалып, жауапты мекемелерге тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар көтерілген мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ

Күні: , 54 рет оқылды

26 қыркүйек күні Қазталов ауданы әкімдігінде аудан әкімі Абат Шыныбековтың қатысуымен және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сисенғали Нығметовтың төрағалық етуімен округ әкімдері, мекеме басшылары мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің басын қосқан отырыс өтті. Қоғамдық кеңестің отырысында аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Өтебаев құрылыс бөлімінің ауданымыз бойынша атқарған және алдағы тұрған міндеттері туралы есеп берді. Бөлім басшысының есебіне үңілсек, биылғы жылы елді мекендерді ауыз сумен қамту «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 5 жоба бойынша 10 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қазталов ауылындағы саз мектебінің құрылысы мен құрылыс мотаж жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған. Тұрғын үй мәселесі бойынша Жалпақтал ауылындағы Байқоңыр көшесінде орналасқан 12 пәтерлік 2 қабаттыы тұрғын үй құрылысы жүруде. Сонымен қатар ағымдағы жылы 13 елді мекенді газбен қамту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталуда. Кеңестің күн тәртібіндегі тағы бір ұсынылған мәселе: типтік жобадағы жылдың төрт мезгілінде демалатын демалыс лагерлерінің жобалық сметалық құжаттарын дайындау болды. Сондай-ақ қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшелері өз өтінішіне сәйкес Мұрат Ахметжановты аудандық қоғамдық кеңес құрамынан шығаруға және аудандық қоғамдық кеңес мүшелігіне Мирболат Мырзағалиев пен Қайрат Жақыповты сайлауға бірауыздан дауыс берді. Аудандық қоғамдық кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Отырыс соңында арнайы қарар қабылданды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.