АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 20.09.2018


ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАРДЫҢ ӨНЕГЕЛІ ЖОЛДАРЫ

Күні: , 54 рет оқылды

14 қыркүйек күні «Рухани жаңғыру» кеңсесінде «Отан – отбасының беріктігі» тақырыбында ауданымыздағы үлгілі отбасылармен кездесу өтті. Кездесуге білім, өнер саласында еңбек етіп жүрген Нұрлан Нығметов пен мемлекеттік қызметкер Нұркен Иманғалиевтің отбасылары қатысты. Кездесу барысында отбасы күні мерекесінің мән-мағынасы, отбасындағы басты құндылық – бала тәрбиесі жайлы, отбасын дәстүрді нығайту туралы ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ өнегесі мол отбасылар отбасы беріктігін сақтауда, ата-ана болып бала тәрбиелеуде, отбасындағы сенім мен түсіністік арқасында өмірдің қызығы мен шыжығын бірге бөлісіп, бақытқа жеткен қызықты сәттерімен бөлісті. — Мен қызымдарымды қияға, ұлымды ұясына қондырып отырған анамын. 5 қызды өмірге әкелдім. Қызылорданың Қазалысында бір емші болды. Сол емшіге қаралғаннан соң, Нұркенім өмірге келді. Сол кездері заманның қиын уақыты еді. Әрине, жолдасымнан ерте айырылсамда, барлық ұл-қыздарыма әке орнын жоқтатпай, өмірдің ыстық-суығына төзіп мәпелеп өсірдім. Қыздарым білімдерін алып, жан-жаққа өз жолдарымен кетті. Бір күндері Нұркенім келіп, — Ана, мен үйленемін. Қызылорданың қызын келін етіп алып келемін, — дегенде аң-таң болдым да қалдым. Құдайдың құдіретінің шексіз екеніне көзімді жеткіздім. Нұркенімдей ұлды сыйлаған әуелі Алла болса, екіншіден Қазалының емшісі еді. Міне, енді Қызылорданың Әйгерімдей қызы шаңырағымызға келіп болып отыр. Бұл да бір сәйкестік шығар, — деп Зәуреш анамыз өткенді осылай еске түсірді. Нұркендей ұлды өмірге әкелген Зәуреш анамыз қазірде келіні Әйгерімнің қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып қана қоймай, отбасының шамшырағы болып отырғанын мақтаныш етеді. Өмірде жұптары жазылмаған жас отбасы Нұркен мен Әйгерім мемлекеттік қызметте де қатар жүріп, мемлеттік бағдарламалардың жүзеге асуына өз септіктерін тигізіп келеді. Қиын да қызығы мол ұстаздық жолда зор жетістіктерге жетіп, ұрпағы мен шәкірттерін өнерге баулыған Нұрлан аға бүгінде зейнеткерлік жаста. Ағамызды ауданның белді сазгері деп танимыз. Ағаның әніне жазылған әндер көптеген сахналарда шырқалып, көрермендердің қошеметіне айналды. Зейнеткерлікке шықса да шәкірт тәрбиелеп, өнер жолында талмай еңбек етуде. Қазіргі таңда Әсет, Әділ, Асхатын да өнер жолына тәрбиелеп, жетістіктерін көруде. Әкенің басқан ізімен жүрген ұрпағы имандылық қасиеттерді бойларына сіңіріп, ауыл адамдарының алғысына бөленіп жүр. Сан саланың сырын меңгеріп жүрген отбасылардың өнегелі жолдары осылай өрбуде. Тәрбиесі мол тағылымды кездесуде рухани азық алдық. Қос отбасының өнерпаздары Асхат Нығметов пен Әйгерім Иманғалиеваның әсем әндері көңілімізді бір серпілтіп тастағандай болды. Иә, осындай үлгілі отбасыларға қарап, отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы — Атамекенннің тұтастығы екеніне көз жеткіздік.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.