АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 04.09.2018


БАСПАСӨЗ БРИФИНГІ ӨТТІ

Күні: , 84 рет оқылды

4 қыркүйек күні аудан орталығында аудандық ішкі істер бөлімі, жергілікті полиция қызметі басшылары және аудандық білім бөлімінің мамандарының қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Брифингке қатысқан қоғамдық ұйым өкілдері, мекеме қызметкерлерінің алдында аудандық ішкі істер бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы полиция полковнигі Амангелді Убишев, жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция майоры Әділ Ғазизовтар құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауданымыз бойынша 8 ай ішінде атқарылған жұмыстары туралы айтып өтті. Қысқаша тоқталып өтсек, ауданымыз бойынша 8 айдың ішінде 177 қылмыс фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға төмендеген. Тіркелген қылмыстардың ашылу көрсеткіші 91,5 пайызға жетіп отыр. Негізінен алаңдатушылық туғызып, ашылмай отырған қылмыстардың қатарында мал ұрлығының фактілері. Бұл қылмыстармен қоғам болып күресу керектігі туралы айтылды брифингте. Сонымен қатар баспасөз брифингінде аудандық балалар тәрбие орталығының директоры Нұрлан Жасқалиев балалардың жазғы демалысы туралы хабарлама жасады. Оның сөзіне де тоқталсақ, ағымдағы жылдың 1 маусым — 9 тамыз аралығында ауданымызда балаларға арналған 4 жазғы демалыс лагері жұмыс жасап, бұл лагерьлерде 804 оқушы демалған екен. Оқушыларға әр түрлі бағыттарда қызықты делалыстар ұйымдастырылған. Брифинг барысында айтылған мәселелерге қатысты сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Қайрат ЖАҚЫП


СӘЛЕМ САҒАН, МЕКТЕБІМ!

Күні: , 60 рет оқылды

Елбасы Н.Назарбаев республиканы əлемдегі бəсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енгізу туралы міндет қойған болатын. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Қазақстанды дамыған елдердің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім. 1 қыркүйек күні шекарада жатырған Көпкүтір елді мекенінің мектебі тоғыз жылдық білім беретін негізгі мектеп болып құрылды. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтқожин, аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Райгүл Аткешеева, Болашақ ауылдық округінің әкімі Қобылан Тұрақбайұлы қатысып көпкүтірліктерді айтулы қуаныштарымен құттықтады. Сонымен қатар мектептің мерекелік шарасына ақсақалдар алқасының төрағасы Қамидулла атамыз қатысып, білім ордасының лентасын қиды. Білім күні ашылған білім ордасының жетістіктері мол болсын дейміз.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«СӘЛЕМ САҒАН СҮЙІКТІ, АЛТЫН ҰЯМ МЕКТЕБІМ»

Күні: , 50 рет оқылды

1 қыркүйек — Білім күні Бостандық орта мектебінде «Сәлем саған сүйікті, алтын ұям мектебім» атты салтанатты жиын өтті. Білім күні мерекесінде Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, Бостандық ауылдық округі әкімі Манарбек Сүндетов, Нұр Отан бастауыш партия ұйымының төрайымы Алтын Ақбаева, ардагер ұстаз Ақсұлу Жаулап өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, жаңа оқу жылына табыс тіледі. Мектеп биылғы оқу жылын 297 оқушымен бастап отыр. Оның жиырмасы бітіруші түлектер болса, 26 оқушы мектеп табалдырығын аттап отыр. Ал 1,2,3,6,7,8 сыныптар жаңатырылған білім мазмұнына көшкен. Салтанатты жиынға қатысқан қонақтар жиыннан соң тәрбие сағаттарына қатысып, тілдерді дамыту басқармасының бөлімі басшысы оқушылармен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын кейбір түйткілді мәселелерге тоқталып, әңгіме өрбітті. Соның бірі ономастикалық атаулардың маңыздылығы, ұлттың өзіндік ерекшелігі болу тиіс аты-жөні, адам есімінің өміріне әсері жөнінде бөлісіп, қазақ елінің саналы, білімді ұрпақ болуына тілектестігін білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ҚУАНЫШҚА ҚУАНЫШ ЖАЛҒАСҚАН КҮН

Күні: , 70 рет оқылды

Білім мерекесі Талдыапан ауылдық округінің орталығы мен барлық елді мекендерде тойланды. Үстеріне мектеп формасын киіп, ақ бантик тағынған қыздар мен сөмке асынған ұлдар ұлағатты ұстаздарына гүл шоқтарын ұсынып жатты. Айтулы шарада ортаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, мектеп басшысы Руслан Кенжеғалиев жиылған жұртшылықты Білім күнімен құттықтап, оқу ордасының жеткен жетістіктерін сөз етті. “Күш — білімде, білім — кітапта” деген нақылға сүйене отырып, жас буынды жақсы оқып, ел абыройын асқақтата түсе берулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ салтанатты шарада округ әкімі Асқар Есқалиев мерекелік жиынға жиналған оқушылар, ұстаздар мен ауыл тұрғындарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өресі биік еліміздің мерейін асыратын азаматтар болуына тілек білдірді. Іс -шарада оқушылар əн шырқап, би биленсе, 1 сынып оқушылары салтанатты алғашқы қоңырауды соқты. Одан кейін ауыл тұрғындары орталық алаңда бой көтерген балалар ойын алаңының ашылуына куə болды. (31 тамыз күні кеште құрылған ойын алаңын бүгін таңертең көрген бүлдіршіндер таңданыстарын жасыра алмай мəз). Ашылу салтанатында сөз алған Талдыапан ауылдық округнің əкімі Асқар Есқалиев ауданнан ең шалғай жатқан талдыапандық бүлдіршіндерге осындай тамаша алаң жасақтауға жағдай жасаған аудан əкімдігіне алғыс айта отырып, ауылдың ажарына ажар қосқан алаңның бүлдіршіндер игілігі үшін ұзақ жылдар қызмет көрсетуіне тілегін білдірді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖАЛПАҚТАЛ КОЛЛЕДЖІНДЕГІ БІЛІМ КҮНІ

Күні: , 44 рет оқылды

Қыркүйектің 1-і күні Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінде «Білім күні» аталып өтті. Салтанатты мерекеге колледждің ұстаздары, ата-аналар, студенттер қатысты. Салтанатты шараны колледжі басшысы Мағауия Есмағұлов ресми құттықтауымен кешті ашып берді. «Біздің еліміз дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуда ең алдымен адами капиталды дамыту, оның ішінде халықты сапалы біліммен қамтамасыз ету басты міндет», дей келе, өткен оқу жылында жеткен жетістіктерін саралап, бірақтар ұстаздар мен студенттер қауымын Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамотасы мен облыстық білім басқармасының алғыс хаттарымен марапаттады. Ал Жалпақтал колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Ғұмаров, жеке кәсіпкер Гүлбану Шукаева, Жалпақтал аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Сапахова студенттерді білім күнімен құттықап, жылы лебіздерін білдірді. Салтанатты жиыннан соң студенттер мен ата – аналар әр курс бойынша ұйымдастырылған топ жетекшілері мен өндірістік оқыту шеберлерінің «Рухани жаңғыру – ұлт жаңғыруы» атты тақырыбында жоспарланған тәрбие сағаттарына қатысты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


АУДАНЫМЫЗДА АЛҒАШҚЫ РЕТ ІТ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 88 рет оқылды

«Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырылуына атсалысуда. Осыған орай 1 қыркүйек білім күнінде Жалпақтал ауылының К.Меңдәлиев атындағы орта мектебінде ІТ-сыныбының ашылу салтанаты өтті. Аталмыш сыныптың тұсаукесеріне «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков арнайы келіп, ұжымды, оқушылар мен ата-аналарды сыныптың ашылуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мақсаты – оқушылардың ІТ технологияға қызығушылығын арттыру және жазғы демалыстарын тиімді өткізу. Балаларға арналған тегін IT- сыныбында 8-16 жас аралығындағы балалар еуропалық білім беру стандарты негізінде, факультативті пән ретінде тереңдетілген білім алатын болады. Білім беру жүйесін цифрландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігін ескерсек, бұл міндетті жүзеге асыруда «IT – сыныптан» үлкен көмек болмақ. -Облыс бойынша 15 ІТ сыныбы ашылу керек болса, соның бірі ауданымызда алғашқы рет К.Меңдәлиев атындағы орта мектепте ашылып отыр. Бұл сынып балаларды мектеп табалдырығын аттап, бітіріп шыққан уақытта үлкен бір мамандық иесі болып шығу үшін жасалып жатыр,-дейді Ерболат Мұратқалиұлы. Ал К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Назерке Наурызғалиева мектеп оқушылары үшін үлкен қуаныш екенін, ел ағаларына шексіз ризашылығын білдірді. Ауылымызда ашылып жатқан алғашқы ІТ-сынып жөнінде: «Бұл ІТ сыныбымыз өте маңызды. Қазіргі жыл өткен сайын заманның қойылып жатқан талаптары да өзгеше. Облыста «Нұр Отан» партиясының бастамасымен бірнеше ІТ-сыныптар ашылып жатса, міне, бүгін өзіміздің алғашқы ІТ-сыныбымыз К.Меңдәлиев атындағы орта мектепте ашылып отыр. Бұл біздің балаларымызға үлкен мүмкіндік» — дейді мектеп басшысы Салтанат Өтеғұлова. Айта кетсек, «IT- технологиялар» кабинетін ашу мектеп түлектерінің қолдауы арқылы жүзеге асқан. Жаңа технологиялармен жабдықталған кабинет жастардың цифрлы технологияның тілін жетік меңгеріп, инженерлік-технология, химия-биология бағытында ғылыми-зерттеулермен айналысуларына, шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


Ғ.МОЛДАШЕВ МЕКТЕБІНДЕГІ БІЛІМ КҮНІ

Күні: , 74 рет оқылды

Арайлы жаздың үш айын қызықты да, мазмұнды өткізіп, армандарын арқалап, жиған білімдерін одан әрі тереңдете түсу үшін Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің барша оқушылары сағынышпен алтын ұя мектептеріне оралды. Еліміздің тірегі мен көркі – білімді де білікті, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген саналы ұрпақ. Қыркүйек айының бірінші жұлдызы, Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы орта мектебі білім күнін жақсы дайындықпен қарсы алды. Ортаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелініп, мерекелік жиын ашық деп жарияланысымен, әуезді Әнұранымыз орындалды. Мерекенің алғы сөзі мектеп директоры Гүлмайра Абуғалиева сөз сөйлеп «Мектебімізде сапалы білім мен саналы тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Жаңа оқу жылына білім ордасы сақадай сай»-дей келе, барша жиылған ауыл тұрғындарын қуанышқа толы мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылына жаңа табыстар, биік белестер тіледі. Сондай-ақ мерекелік шараға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков оқушылардың жеткен жетістіктерін сарпалап, оқушылар мен ұстаздар қауымын, ата-аналарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Мектеп атты кемеге кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері елжіреп жүрген ойын балалары, қасиетті ұғым «оқушы» ретінде алғашқы ұстазы Данагүл Ермекова бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған кішкентай бүлдіршіндер ұстаз, алтын ұя мектеп туралы тақпақтарынан шашу шашты. Мерекелік шараның ең маңызды сәті – алғашқы қоңырау соғу рәсімі жаңа ғана мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндер Расул Бақтығали, Мейірбек Гайсин, Көркем Алим, Нұрдана Қайратоваға табыс етілді. Білім теңізіндегі үлкен сапарларыңда талмай ізденіп, «Мектеп» атты кеменің желкенін биік те нық ұстаңдар, ақ жол, сапарларың сәтті болсын деген ниетпен 1-сынып оқушылары білім ордасына бастап кірді. Салтанатты мереке білім күніне арналған «Мен – өз Елімнің патриотымын» тақырыптарындағы тәрбие сағаттарымен жалғасын тапты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


К.МЕҢДӘЛИЕВ МЕКТЕБІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ ҮНІ

Күні: , 44 рет оқылды

Жайдары жаз мезгілі межесіне жетіп, міне күз айы да келіп жетті. Күзбен бірге кезекті оқу жылы басталып, бала біткен мектепке қарай асығады. 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі республикадағы барлық өңірлердегі секілді, біздің Жалпақтал ауылында да өзіндік сән-салтанатымен аталып өтілді. 25 жылдық тарихы бар К.Меңдәлиев атындағы орта мектепте 63-ке тарта ұстаз қызмет етіп келеді. 2017-2018 оқу жылын 24 түлек тәмамдаса, биыл қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын 42 бала аттағалы отыр. Қолдарына гүл ұстаған сол жасөскіндердің қатысуымен өткен іс-шарада алдымен Мемлекеттік Ту ортаға шығарылып, Әнұранымыз шырқалды. Онда сөз сөйлеген аудандық «Нұр Отан» партиясы филиал төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин: -Сапалы білім алу – әр адамның маңызды мақсаты. Қоғамда бұған мүдделі. Әрбір ұжым күнделікті жұмысында уақыт талабына, қоғам сұранысына, заманның ырғағына сай келетін әдіс-тәсілдерді, технологияларды қолдана огтырып, сапалы білім беретін болса, біз уақыт үрдісіне сай биік деңгейде көрінетін боламыз. Жаңа оқу жылында шығармашылық ізденістерге толы еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін. Мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған соғылғалы тұрған алғашқы қоңырау мерекесі құтты болсын,-деп игі тілегін арнады. Мұнан кейін мектеп басшысы Салтанат Өтеғұлова барша мұғалімдерді, оқушыларды, олардың ата-аналарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Аталмыш білім ордасында қызмет етіп жүрген білікті мамандардың ықпалымен өнерлі, оқуда озат жастардың жетіліп келе жатқанын келешектің келісті болуы үшін саналы да, сапалы ұрпақ тәрбиелеу керектігін, бұл жолда ұстаздар қауымының талмай еңбек етуі қажеттігін атап өтті. Білім күнінде 1 сыныпқа қабылданған Алина Ерболқызы мен Дастан Серіков алғашқы қоңырауды соқты. Салтанатты жиын соңында «Мен — өз Елімнің патриотымын» тақырыбында білім сабағы өтті.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


«МЕН — ӨЗ ЕЛІМНІҢ ПАТРИОТЫМЫН»

Күні: , 42 рет оқылды

Ұстаздар мен оқушылардың аңсап күткен 1 қыркүйек – Білім күні де келіп жетті. Құшақ-құшақ гүлдері мен кітап толған сөмкелерін арқалаған балалар мектепке қарай ағылуда… 1 қыркүйек күні Қазталов ауданы орталығындағы 150 жылдық тарихы бар білім ордасында да Білім күніне арналған «Мен — өз елімнің патриоты» атты салтанатты шара оздырылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков, осы мектептің түлегі, «Ақжайық» телеарнасының директоры Аланбек Ғұбашев, ардагер ұстаздар, ата-аналар қатысты. Салтанатты шарада аудан әкімі Абат Абайұлы жиналған көрпшілікті және ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, ауданымыз бойынша білім саласындағы жетістіктерге тоқталып өтті. Шарада 1-ші сыныптың табалдырығын енді ғана аттаған оқушылар өз қуаныштарын поэзия топтамалары арқылы жеткізсе, оқушылар мен ұстаздар қосылып ән шырқады. Шарада алғашқы қоңырауды 11 а сынып оқушысы Әзілхан Идрисов пен 1 а сынып оқушысы Ақнұр Набиуллина соғып, көптен күткен қоңырау үні мектептің ауласында әуеледі. Алғашқы қоңыраудан кейін әр сыныпта «Мен — өз елімнің патриотымын» атты тәрбие сағаттарымен жалғасты.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАҒАЖАЙДА ДЕМАЛЫС АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 44 рет оқылды

Қазталов-Жәнібек-Бөкей Орда бағытындағы күре жолдың бойында орналасқан, аудан орталығы Қазталовтан 3 шақырым қашықтықтағы Сарыөзен өзенінің жағалауы халық арасында «үшінші көпір» атауына ие. Тұрғындардың жаз айларында суға түсіп, демалатын сүйікті орыны десе де болады. Демалушыларға қолайлы жағдай туғызуды ойлаған кәсіпкер Сұпығалиевтер әулеті жағажайдың қасынан демалыс алаңын салуды қолға алған болатын. Міне, сол жоба сәтті іске асып, 30 тамыз күні Ата заңымыздың мерекесіне орай жағажайдан демалыс алаңы ашылыды. Демалыс алаңының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, әкесі Ахмет ағамыздың ісін жалғастырып, жаңа кәсіп бастап жатырған Әсетханға ризашылығын білдірді. Сарыөзеннің жағасында орналасқан бұл демалыс алаңы қазіргі заманға сай жабдықталған. Жағажайға тынығуға келгендерге арнап салқындатылған сусындар мен қуырдақ, кәуап секілді тағам түрлері ұсынылмақ. Сонымен қатар аяқ суытуға арналған сәкілер де жасалған. Жас кәсіпкер Әсетханды әңгімеге тартқанымызда: — Бұл жағажайды жабдықтау көптен бері ойластырып жүрген істердің бірі еді. Осы ұсынысымды қолдаған ел ағаларына алғысым шексіз. Алдағы уақытта жағажайға құм төселіп, айналасына арнайы қатқыл жол салу да ойымызда бар. Сонымен қатар кәсіпкерледі осы жерге тартпақпыз,- деді. Әсетханның ата-анасы Ахмет ағамыз бен Рая апамыз халыққа қызмет көрсетуде ел алғысына бөленіп жүрген жандар десек артық болмас. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» — демекші, ата-анасы бастаған кәсіпті жалғап жатырған Әсетханның бастамасына сәттілік тілейік!

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.