АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Сентябрь, 2018


«ТҮБІРТЕК ТАЛАП ЕТ ТЕ – ЖҮЛДЕ ҰТЫП АЛ»

Күні: , 58 рет оқылды

«Түбіртекті талап ет те – жүлде ұтып ал» науқаны басталды. Акцияға кез-келген қала тұрғыны қатыса алады. Мемлекеттік кірістер басқармасы ұйымдастырған 1 мамырдан басталған акция 30 қарашаға дейін жалғасады. Енді, ай сайын жеңімпаздар анықталып, ең көп түбіртек жинаған тұтынушылар арнайы сыйлықтар алады. Бұл акция Қазталов ауданында да қолдау тауып, ұйымдастырылып жатыр. Жуырда ауданымыз бойынша кірістер басқармасының мамандарымен бірге аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастары бірлесіп акцияға ат салысты. Акцияға Алма Оразбаева атындағы орта мектебінің оқушылары да тартылды. Акцияға қатысушылар аудан орталығындағы сауда орындарын аралап, кәсіпкерлер мен тұтынушыларға чек талап етуді насихаттап, өздері де арнайы парақшалар таратты. Бұл акцияның сақсаты – түбіртекті талап ет те жүлде ұтып ал. Яғни тұтынушылар кез-келген дүкенде, жұмыста берілген түбіртегін суретке түсіріп, «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы жіберуі керек. Одан соң, 1 ай бойы жиналған түбіртектерге ұтыс ойындары өтіп, жеңімпаздар анықталады. Тағы бір айта кететіні, бір тұтынушы бір күнде бірнеше түбіртек жолдауға болады. Бюджетке салық түсімін көбейтіп, кәсіпкерлерді адал бәсекелестікке ынталандыру және көлеңкелі бизнеспен күресу. Түбіртекті талап ету бұл тұтынушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, әрі салық өсіміне ықпалын тигізеді. Акцияға кез-келген ауыл тұрғыны қатыса алады. Ол үшін ұялы телефоныңызға «Wipon» мобильді қосымшасын жүктеу қажет. Онда түбіртек суретін қалай салу керектігі нақты көрсетілген. Түбіртекті көп жинаған тұтынушылар арнайы сыйлықтарға ие болады. Ал акцияның бас жүлдесіне темір тұлпар тігілді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


БАУЫРЖАН МЕН ЕРЖАН ЖЕҢІМПАЗ. «ҚАРЛЫҒАШ» ТАҒЫ ДА САМҒАДЫ

Күні: , 44 рет оқылды

Облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалі өз мәресіне жетті. Үстіміздегі жылдың 26 қыркүйек күні Жастар мәдениет үйінде Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалі оздырылды. Фестиваль облысымыздағы жас өнерпаздардың талантын ұштап, шығармашылығын дамыту, оларды өнер жолында қанаттандыруға қолдау көрсету, талантты жастардың мүмкіндіктерін танытуына зор ықпал етеді. Осындай мақсатта байқау «Әдеби шығарма», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы – домбыра — күй» және «Халық музыкасы – домбырамен ән салу», «Хореография», «Эстрадалық вокал» аталымдары бойынша жүргізілді. Бойындағы табиғи талантымен қоса, өнерге құштарлығы бар жас өнерпаздарға арналған фестивальге облыс аудандары мен қаламыздан 70-ке тарта үміткер қатысты. «Халық музыкасы – домбырамен ән салу» аталымы бойынша Бауыржан Қыдырғалиев I-ші орын, «Халық музыкасы – домбыра — күй» аталымы бойынша Ержан Құмарғалиев II-ші орынды иеленді. Сонымен қатар Қазталовтық Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің үлкен тобы байқауда жүлделі III- ші орынды иеленіп, аудан мәртебесін тағы бір жоғары көтеріп тастады. Өнер көгінде жүзген жас таланттарға биіктен көріне беріңіздер!- деген тілегімізді жеткіземіз.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ӨҢІРДІҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ ДАМУЫ

Күні: , 34 рет оқылды

Қазталов ауданы облысымызда ауыл шаруашылығы дамыған және мал басының өскен аудандардың бірі. Ауданның экономикасының даму қарқыны мал шаруашылығының өркендеуімен тікелей байланысты. Сондықтанда агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік бағдарламалар аясында одан әрі дамыту, салаға жаңа технологиялар енгізу, асыл тұқымды мал басын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Осы мәселелерді пысықтау мақсатында, шаруаларды бүгінде не толғандырады, мал шаруашылығын дамыту әулеті қандай, инвесторларға қандай мүмкіндіктер бар? -деген сұрақтарына жауап беру мен талқылау үшін осы аптада ауданымызға облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов сала мамандарымен бірге жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Сапар барысында қонақтар Талдыапан ауылдық округінде болып, Лиман 55 суармалы каналының жәй-күйімен танысты. Сапары барысында облыс әкімінің орынбасары «Терра» ЖШС өкілдерімен бірге осы аймақта мал бордақылау кешенін салу мүмкіндіктерін саралады. Ауданымызға ат басын тіреген инвесторға біздің өңірде мал шаруашылығын дамытудың тиімділігін көрсеткен Игорь Валерьевич қонақтарды округтің істері алға басқан шаруашылықтарын аралатты. Бұдан кейін Талдыапан ауылында ауданның бірқатар шаруа қожалық жетекшілерімен кездесіп, ауыл шаруашылық саласының біраз мәселелерін талқылап, ашық-жарқын әңгімелесті.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Күні: , 54 рет оқылды

26 қыркүйек күні аудан әкімдігінде алдағы қысқа дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте қысқа мал азығын дайындау туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Айбек Акмалиев, аудан бойынша әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығы туралы аудандық тұрғын үй, автомобиль жолдары және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов баяндама жасады. Баяндамалардан түсінгеніміз, биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан Қазталов ауданы 235,3 мың тонна мал азығын дайындау қажет екендігі туралы жоспар берілген. Облыс жоспары 24 қыркүйек күнгі қорытынды мәліметке сәйкес 97,4 пайызды орындалып отыр. Ал аудан әкімшілігінің қойған жоспары 350,0 мың тонна. Аудан бойынша барлық ауылдық округтердің мал қыстағы уақытына дайындығы ағымдағы жылдың 21-25 қыркүйек күндері аралығында тұрғылықты жеріне бекітілген кестеге сәйкес, жауапты мамандар барып толықтай тексерулер жүргізген. Нәтижесінде қысқа мал азығын дайындау барлық округтерде толық болмаса да 80-90 пайызға жақын орындалып отырғаны анықталған. Ал аудандағы әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығына келсек, ауданның білім беру жүйесі 41 мектеп ( 20 орта, 7 негізгі, 14 бастауыш) 16 балабақша және 3 мектептен тыс білім ұйымдарынан тұрады. Соңын ішінде 41 білім ошақтары көгілдір отынмен (16 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, 4 бастауыш мектеп, 5 мектеп жанындағы интернат, 15 балабақша) 4 нысан сұйық отынмен (3 орта мектеп, 1 балабақша) 19 нысан қатты отынмен (1 орта мектеп, 6 негізгі мектеп, 10 бастауыш мектеп, 1 мектеп жанындағы интернат, 1 мектеп жанындағы шағын орталық) жағылады. Сондай-ақ ауданымызда 18 мәдениет үйі мен ауылдық клубтар көгілдір отынмен, 2 мәдениет үйі сұйық отынмен, 15 ауылдық клуб ошақтары қатты отынмен жағылады. Нысандардың дайындығын арнайы құрылған мамандар тобы тексеріп, кейбір әлеуметтік ныснадардың жылыту қазандықтарының жарамсыздығы мен қатты отытындардың дер кезінде жеткізілмей отырғандығы анықталған. Жиында сөз алған аудан әкімі Абат Абайұлы,- Алдағы қыстың қандай мінез танытатыны белгісіз. Сондықтан жылыту маусымына дейін барлық әлеуметтік нысандардардағы дайындық жұмыстарын бітіріп, анықталған ақауларды уақытылы түзету керек. Сонымен қатар қатты және сұйық отындары жеткізілмеген ауылдарға тасымал ұйымдастыруды да бақылауға алуды тапсырамын,- деді. Жиын соңында қысқа мал азығын дайындауға және жылыту маусымына жауапты мекемелер мен бөлімдердің басшыларына, округ әкімдеріне біраз тапсырмалар жүктелді.

Қайрат ЖАҚЫП


АХУАЛ БІР ҚАЛЫПТЫ

Күні: , 38 рет оқылды

26 қыркүйек күні аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға арнайы құрылған комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына азаматтық қорғау және төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты мекемелер мен бөлім басшылары, округ әкімдері қатысты. Отырыста аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Абай Насиповтың ауданымыз бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды. Баяндамашының сөзіне қысқаша тоқталсақ, жыл басынан күні бүгінге дейін бөлімнің есепке алу кітабына 67 хабарлама тіркеліп, соның 17-сі өрт оқиғасы, 12-сі авариялық құтқару жұмыстары, 37-сі жану оқиғалары (соның ішінде 10-ны дала өрттері), 1 суға бату фактісі орын алған. Орын алған дала өрттері уақытында сөндірілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда дала өрттері 12 пайызға азайғаны байқалады. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында арнайы айлықтар ұйымдастырылуда. Сол кезде аудан тұрғындарымен түсінік жұмыстары жүргізіліп, парақшалар таратылған. Жалпы ахуал бір қалыпты. Бөлім басшысының есебін тыңдаған аудан әкімі дала өрттерін болдырмау үшін ауыл шаруашылық техникаларын мұқият тексеріп, қауіпсіздік шараларын сақтамағандарды дала жұмыстарына жібермей, қажет болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Отырыс барысында аудандағы мемлекеттік коммуналдық шаруашлық кәсіпорындары мен газ шаруашлығы, электр торабы мекмелерінің төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары мен қысқа дайындығы туралы хабарламалары тыңдалып, жауапты мекемелерге тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар көтерілген мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ

Күні: , 54 рет оқылды

26 қыркүйек күні Қазталов ауданы әкімдігінде аудан әкімі Абат Шыныбековтың қатысуымен және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сисенғали Нығметовтың төрағалық етуімен округ әкімдері, мекеме басшылары мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің басын қосқан отырыс өтті. Қоғамдық кеңестің отырысында аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Өтебаев құрылыс бөлімінің ауданымыз бойынша атқарған және алдағы тұрған міндеттері туралы есеп берді. Бөлім басшысының есебіне үңілсек, биылғы жылы елді мекендерді ауыз сумен қамту «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 5 жоба бойынша 10 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қазталов ауылындағы саз мектебінің құрылысы мен құрылыс мотаж жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған. Тұрғын үй мәселесі бойынша Жалпақтал ауылындағы Байқоңыр көшесінде орналасқан 12 пәтерлік 2 қабаттыы тұрғын үй құрылысы жүруде. Сонымен қатар ағымдағы жылы 13 елді мекенді газбен қамту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталуда. Кеңестің күн тәртібіндегі тағы бір ұсынылған мәселе: типтік жобадағы жылдың төрт мезгілінде демалатын демалыс лагерлерінің жобалық сметалық құжаттарын дайындау болды. Сондай-ақ қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшелері өз өтінішіне сәйкес Мұрат Ахметжановты аудандық қоғамдық кеңес құрамынан шығаруға және аудандық қоғамдық кеңес мүшелігіне Мирболат Мырзағалиев пен Қайрат Жақыповты сайлауға бірауыздан дауыс берді. Аудандық қоғамдық кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Отырыс соңында арнайы қарар қабылданды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАРДЫҢ ӨНЕГЕЛІ ЖОЛДАРЫ

Күні: , 56 рет оқылды

14 қыркүйек күні «Рухани жаңғыру» кеңсесінде «Отан – отбасының беріктігі» тақырыбында ауданымыздағы үлгілі отбасылармен кездесу өтті. Кездесуге білім, өнер саласында еңбек етіп жүрген Нұрлан Нығметов пен мемлекеттік қызметкер Нұркен Иманғалиевтің отбасылары қатысты. Кездесу барысында отбасы күні мерекесінің мән-мағынасы, отбасындағы басты құндылық – бала тәрбиесі жайлы, отбасын дәстүрді нығайту туралы ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ өнегесі мол отбасылар отбасы беріктігін сақтауда, ата-ана болып бала тәрбиелеуде, отбасындағы сенім мен түсіністік арқасында өмірдің қызығы мен шыжығын бірге бөлісіп, бақытқа жеткен қызықты сәттерімен бөлісті. — Мен қызымдарымды қияға, ұлымды ұясына қондырып отырған анамын. 5 қызды өмірге әкелдім. Қызылорданың Қазалысында бір емші болды. Сол емшіге қаралғаннан соң, Нұркенім өмірге келді. Сол кездері заманның қиын уақыты еді. Әрине, жолдасымнан ерте айырылсамда, барлық ұл-қыздарыма әке орнын жоқтатпай, өмірдің ыстық-суығына төзіп мәпелеп өсірдім. Қыздарым білімдерін алып, жан-жаққа өз жолдарымен кетті. Бір күндері Нұркенім келіп, — Ана, мен үйленемін. Қызылорданың қызын келін етіп алып келемін, — дегенде аң-таң болдым да қалдым. Құдайдың құдіретінің шексіз екеніне көзімді жеткіздім. Нұркенімдей ұлды сыйлаған әуелі Алла болса, екіншіден Қазалының емшісі еді. Міне, енді Қызылорданың Әйгерімдей қызы шаңырағымызға келіп болып отыр. Бұл да бір сәйкестік шығар, — деп Зәуреш анамыз өткенді осылай еске түсірді. Нұркендей ұлды өмірге әкелген Зәуреш анамыз қазірде келіні Әйгерімнің қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып қана қоймай, отбасының шамшырағы болып отырғанын мақтаныш етеді. Өмірде жұптары жазылмаған жас отбасы Нұркен мен Әйгерім мемлекеттік қызметте де қатар жүріп, мемлеттік бағдарламалардың жүзеге асуына өз септіктерін тигізіп келеді. Қиын да қызығы мол ұстаздық жолда зор жетістіктерге жетіп, ұрпағы мен шәкірттерін өнерге баулыған Нұрлан аға бүгінде зейнеткерлік жаста. Ағамызды ауданның белді сазгері деп танимыз. Ағаның әніне жазылған әндер көптеген сахналарда шырқалып, көрермендердің қошеметіне айналды. Зейнеткерлікке шықса да шәкірт тәрбиелеп, өнер жолында талмай еңбек етуде. Қазіргі таңда Әсет, Әділ, Асхатын да өнер жолына тәрбиелеп, жетістіктерін көруде. Әкенің басқан ізімен жүрген ұрпағы имандылық қасиеттерді бойларына сіңіріп, ауыл адамдарының алғысына бөленіп жүр. Сан саланың сырын меңгеріп жүрген отбасылардың өнегелі жолдары осылай өрбуде. Тәрбиесі мол тағылымды кездесуде рухани азық алдық. Қос отбасының өнерпаздары Асхат Нығметов пен Әйгерім Иманғалиеваның әсем әндері көңілімізді бір серпілтіп тастағандай болды. Иә, осындай үлгілі отбасыларға қарап, отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы — Атамекенннің тұтастығы екеніне көз жеткіздік.

Жұлдыз АСҚАР


1441 ШАҢЫРАҚ «АҚБҰЛАҚТЫҢ» ИГІЛІГІН КӨРМЕК

Күні: , 58 рет оқылды

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылында болып, ауыл ардагерлерімен және көше тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. — Аудан бойынша елді мекендердің әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған жалпы құны 10,9 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске асуда. Өздеріңіз білетіндей аудан орталығында 87,615 млн. теңге қаражатқа саз мектебінің құрылысы жүріп жатса, Жалпақтал ауылында «Эврика» ЖШС-ы 112,666 млн. теңгеге 12 пәтерлік 2 қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Оның сыртында инженерлік-коммуникациялық жұмыстарына 18 млн. теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар 13 елді мекенге көгілдір отын тарту жұмыстары басталып кетті. Осы бағытта 16 елді мекенді газбен қамтуға, атап айтсақ Әбіш, Еламан, Саралжын, Көпкүтір, Аққурай, Хайруш, Саралжын, Қызылту, Қаракөл, Сексенбаев, Мереке, Сатыбалды, Бостандық, Ащысай, Жас, Таңат ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып жатыр. Аталған жұмыстар іске қосылған жағдайда тұрғындардың 79 пайызы таза судың, 77 пайызы көгілдір отынның игілігін көрмек. Алдағы жылы Жалпақтал, Қазталов ауылдарына әмбебап спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 2430,3 мың теңге бөлініп, Талдықұдық ауылына «Таза су» қондырғысын орнату жұмыстары жүргізілмек,- деген Абат Абайұлы ақсақалдар мен көше төрағаларының ұсыныс пікірлерін тыңдады. Ал ауыл әкімі Самиғолла Ақмурзин 8 ай ішінде ауылда атқарылған жұмыстарға тоқталса, Жалпақтал коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысының міндетін атқарушы Тілек Ибрашев та хабарлама жасады. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Жалпақтал, Қараөзен ауылдарына 360 млн. теңге қаражат қаралып, Жалпақтал ауылының 1208, Қараөзен ауылының 233 тұрғыны «Ақбұлақтың» игілігін көреді деп күтілуде. Тілек Ибрашевтың айтуы бойынша су айдау станциясындағы құрал-жабдықтар түгелдей ауысытырылып, күні бүгін қос ауылға 400 тонна көлемінде су беріліп отыр. Осы кездесу барысында ауыл ардагерлері Нағым Ризуанов, Шынболат Өтешқалиев, Мерғараф Әкімалиев, Кенжебай Үмбетов, Ахметқали Қарағойшин, аудандық мәслихат депутаты Дулат Ихсанов аудан басшысына мал азығы, тұрақтандыру қорының жұмысы жайында және Жалпақтал коммуналдық шаруашылық мекемесінің қазіргі жағдайы жайында сөз қозғап, аудан әкімінен көмек көрсетуін сұрады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков айтылған мәселелердің өте дұрыс екенін, олардың өз кезегінде шешілетіндігін айтып, кездесу жиынын қорытындылады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


«ЖОМАРТ ЖҮРЕК» СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Күні: , 68 рет оқылды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап көрсетті. Аталмыш бағдарлама туған жерге деген ықылас пен патриотизмді қалыптастыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті ынталандыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау мақсатында жүзеге асуда. Осы орайда 12 қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінде Қазталов ауданы бойынша «Жомарт жүрек — 2018» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі өтті. Арнайы шақырылған қонақтарға көрме ұйымдастырылып, ауданымыздағы «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында жыл басынан атқарылған жұмыстар, жүзеге асқан жобалар, кітаптар презентациясы (жер-су атаулары, сазгерлер жинағы) мен 2017 жылы өткен жерлестер форумының бейнефильмі көрсетілді. Еңбек ардагері, Қазталов ауданының «Құрметті азаматы», Ақпәтер ауылындағы өлкетану музейі мен «Ана мен бала» монументінің меценаты Кәрім Өтеғұлов «Нұрсай» кіреберіс жол белгісін орнатқан Тереңкөл орта мектебін 1998 жылы бітірген түлектеріне, Қарасу ауылындағы мектеп ауласын абаттандыру жұмыстарын жүргізген Қарасу орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, Ғ.Молдашев және К.Меңдәлиев мектептеріне светодиодты табло орнатқан 2008 жылы бітірген мектеп түлектеріне, Қараөзен ауылында саябақты абаттандыру жұмыстарын жүргізген Қараөзен мектеп — лицейін 2008 жылы бітірген мектеп түлектеріне, сонымен қоса «Жаңажол» кіреберіс жол белгісін орнатқан Жаңажол орта мектебінің 1993 жылы бітірген мектеп түлектері мен «Менің жүрегім – Талдықұдық» светодиодты композициясын орнатқан Талдықұдық орта мектебін 2003 жылы бітірген мектеп түлектеріне «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхат табыстады. Мотивациялық медиа-жоба жетекшісі, «История успеха» журналының редакторы Альбина Байқонақова А.Хұсайынов орта мектебінің ауласына орнатылған субұрқақ үшін А.Хұсайынов атындағы орта мектептің ұжымына, «Қайынды» кіреберіс жол белгісін орнатқан Қайыңды 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, «Атамекенім – Қошанкөл» светодиодты композациясы орнатқан Ғ.Бегалиев атындағы орта мектебін 1993 жылы бітірген мектеп түлектеріне, «Менің жүрегім – Қарасу» светодиодты композиция орнатқан Қарасу орта мектебін 2003 жылы бітірген мектеп түлектеріне. Қарасу мектебінің ауласына субұрқақ орнатқан Қарасу орта 1993 жылы бітірген мектеп түлектеріне және «Менің жүрегім – Жаңажол» светодиодты композициясын орнатқан Жаңажол орта мектебін 1988 жылы бітірген мектеп түлектеріне «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхатын табыстады. Батыс Қазақстан облысы өңірлік-жобалық офистің менеджері Гүлсім Ұсағалиева «Менің жүрегім – Әжібай» светодиодты композиция орнатқан Бірік орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, «Менің жүрегім – Көктерек» светодиодты композиция орнатқан Көктерек орта мектебін 2008 жылы бітірген мектеп түлектеріне, балалар ойын алаңан сыйға тартқан Қараөзен мектеп-лицейін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, «Жұлдыз. Қош келдіңіздер!» жол белгісін орнатқан А.Хұсайынов атындағы орта мектебінің 2008 жылғы мектеп түлектеріне, Қазталов ауылындағы «Жеңіс» саябағына балалар ойын алаңын салған жеке кәсіпкер Светлана Ғұбашеваға және «Бостандық» кіреберіс жол белгісі орнатқан Бостандық орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхат табыстады. Аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев Көктерек ауылына балалар ойын алаңын саябағын салған Қазталов аудандық мәслихатының депутаты Руслан Сарбаев пен Көктерек орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, Бостандықтағы «Өлкетану» мен Қабира Салықова арналған музей ашқан құқық қорғау саласының ардагері Салықов Ғинаят және ауыл кәсіпкерлеріне, Нұрсай ауылында тарихи-өлкетану музейін ашқан «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Құрманбек Шынәлиев және жеке кәсіпкер Сағадат Ахметовқа, «Асыл домбыра» монументі Көктерек орта мектебін 1988 жылы бітірген мектеп түлектеріне және Жалпақталда «Жастар» саябағын ашқан мектепті 1978 жылы бітірген мектеп түлектеріне, Нұрсай ауылында «Мәңгі ұмытылмас есімдер» монументін орнатқан “Кеңдала” шаруа қожалығының жетекшісі Әбуғали Ғұмаров және жеке кәсіпкер Дамир Балмулдинге т«Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхат табыстады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков «Алтыбақан» алаңын ашқан «Асқар» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Аябалиевті, Қошанкөлдегі «Шаңырағы биік ел бірлігі, ел теңдігі» жол белгісін орнатқан Ғ.Бегалиев атындағы орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектерін, Ақпәтерде орталық саябақ ашқан Ақпәтер орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектерін, Жалпақталға «STREET WORKOUT» орнатқан мектепті 1998 жылы бітірген түлектерді, Қазақстандық қылқалам шебері, суретші Сәкен Ғұмаровтың құрметіне ескерткіш орнатқан «Казком» банкінің БҚО филиалының төрағасы Мирғат Ахметов, С.Ғұмаров атындағы қордың тең төрағасы, техника ғылымдарының докторы, академик Талант Оразғалиевке, Жалпақталда «Батырлар» аллеясын ашқан 1983 жылы бітірген мектеп түлектері мен күні бүгін Әжібайда ашылу салтанаты өткен фельдшерлік-акушерлік пунктті халық игілігіне берген ағайынды Сыралиевтерді «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттап, алғысхат табыстады. Туған жерге деген патриотизм мен сүйіспеншілікті нық қалыптастырып, жетістіктерге жеткен жерлестеріміздің туған өлкелеріне деген сый-құрметі өзінің емес, өзгенің қамын ойлап, тынымсыз еңбекпен танылған азаматтар мен азаматшалардың құрметіне әулетіп ән шырқалып, мың бұралып би биленіп, көркемөнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Гүлнұр ҚАЗБЕК

АҒАЙЫНДЫ СЫРАЛИЕВТЕРДІҢ ТАРТУЫ

Күні: , 54 рет оқылды

12 қыркүйек күні Қазталов ауданы Әжібай ауылында қуанышты жағдай орын алды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы елдің төл перзенттері, ағайынды Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам, Абзал Сыралиевтер туған ауылына фельдшерлік-акушерлік пунктті сыйға тартты. Әжібай аулында өсіп-өнген, бүгінгі күнде облыс орталығында құрылыс жұмыстарымен айналысатын ағайынды жігіттер өз қаражаттарынан 15 млн. теңге жұмсап, нысанның құрылыс жұмыстарын екі айдың ішінде бітірді.

Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков Әжібай ауылының тұрғындарын фельдшерлік пункттің ашылуымен құттықтап, жомарт жанды азаматтарға ел атынан алғысын білдірді. Салтанатты шарада Асқар Сыралиев фельдшерлік-акушерлік пункттің кілтін аудандық орталық аурухананың директоры Қайырбай Алтаевқа табыс етті. Айтулы шараға арнайы келген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Абдрахманова жомарт жігіттерге алғысхат пен естелік сыйлықты тарту етті. Ал осындай игі іске ризашылықтарын білдірген әжібайлықтар ағайынды жігіттерге шапан жауып, сәйгүлік мінгізді. Салтанатты шарада жаңадан салынған нысанның лентасы кесіліп, жиналған көпшілік фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап көрді. Бүгінгі заманға сай салынған бұл нысанға қажетті коммуникациялар жүйесі тартылып, фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі, акушерлік кабинет, күндізгі емхана бөлмесі де бар. Кабинеттердің бәрі де толықтай жаңа қондырғылармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.
Асқар Сыралиев – кәсіпкер: — Біз осы жерде оқып, білім алдық. Еңбекке араластық. Өзіміздің туған аулымызға көмек жасап, осындай бір игі істі бастауды көптен бері жоспарлап жүрдік. Сол жоспарымызды орындауда қолдау көрсеткен және кеңестерін берген аудан, округ әкімі және ауыл азаматарына ризашылығымыз зор. Елге көмек көрсету әрбір азаматтың борышы деп білемін. Меңсұлу Батырханова – зейнеткер, ауыл тұрғыны: — Мен бұл азаматтардың ата-анасымен жақсы араластым. Елге сыйлы отбасы еді. Енді, міне, олардан тараған ұрпақтары туған ауылдарына үлкен тарту жасап жатырғанына куә болып отырмыз. Ел атынан аналық алғысымды білдіріп, ақ батамды бердім. Гүлзира Төлегенова – Әжібай ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері: — Ауылымызда ораналасқан бұрынғы ФАП-тың тозығы жетіп, ескіріп тұрған еді. Бұл мәселенің шешімін тауып, өз қаражаттарына осындай тамаша ғимарат салып берген ағайынды жігіттерге ризамыз. Жаңа ғимарат ауыл халқының денсаулығының жақсаруына үлкен үлес қосады даган сенімдеміз.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.