АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 20.08.2018


«СПОРТ КҮНІ» АТАЛЫП ӨТТІ

Күні: , 54 рет оқылды

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес елімізде «Спорт күні» кәсіби мерекесі тамыз айының үшінші жексенбісінде жыл сайын аталып келеді. Осы орайда 19 тамыз күні Қазталов ауданы орталығында спорт күніне арналған мерекелік шаралар оздырылды. Аудан спортшыларының кәсіби мерекесі күні көпшілік эстафеталық жүгіру старт алып, жүгіруге аудан орталығындағы мекеме ұжымдары, аудан тұрғындары жаппай қатысты. Орталықтағы Шарафутдинов, Садықов, Желтоқсан, Ихсанов, Оразбаева көшелері арқылы жүгіріп өткен көпшілік орталық алаңға жетіп таңғы жаттығу жасады. Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан спортшыларын кәсіби мерекемен құттықтап, спорттық жарыстарда ауданымыздың намысын асқақтатып жүрген бір топ спортшыларды алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар шарада аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Досжан Ахметов жас спортшыларға алғыс хаттар табыстаса, «Айбын» спорт клубының атынан көпшілік жүгіруге қатысқан ең жас және ардагер спортшылар марапатқа ие болды. Спорт күніне арналған шара «Достық» саябағында жалғасын тауып, жағажай волейболы мен шахмат сайыстарына ұласты.

Қайрат ЖАҚЫП


АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ

Күні: , 56 рет оқылды

Ауданымызда сенбі сайын өткізілетін ауыл шаруашылық жәрмеңкесі жалғасын табуда. Аудан жұртшылығы асыға күтетін аталмыш жәрмеңкенің мақсаты – ауыл тұрғындарын толыққанды ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп, азық-түлік тауарларының бағасын төмендетіп, оларды кедергісіз халыққа жеткізу болып табылады. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің ұйымдастырумен оздырылған жәрмеңкеде ауданымыздың Қазталов, Бірік, Тереңкөл, Қайыңды ауылдық округтерінің шаруа қожалықтары өз тауарларын өткізсе, біреулері бұл күні өзіне керекті қажетті өнімді арзан бағаға сатып алды. Бүгінде аудан тұрғындарының тауарды таңдап жүріп алуларына мүмкіндіктері зор. Әсіресе, ауыл шаруашығы өнімдері жәрмеңкесінде сатылатын жас ет пен бақша өнімдерінің жөні бір басқа. Сенбі сайын өтетін жәрмеңкеге тұрғындардың көптеп келуі де сондықтан шығар. Биыл екінші рет өтіп отырған бұл жәрмеңкеде қой, ет, сүт өнімдері, жем және шөп, жұмыртқа, бау – бақша өнімдері тұрғындарға ұсынылды. Жәрмеңкеден жиылған халықтың көңілін әуелеген әндермен көтеріп, арқан тарту, гір тасын көтері және қол күресі сынды спорттық ойындар да оздырылыды. Сонымен қатар жәрмеңкеде ауыл жастары лотерея билеттерін ойнатып, ұтқан ауыл тұрғындары ауыл шаруашылық өнімдеріне ие болды.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚАРАӨЗЕНДЕ ШАҒЫН ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 44 рет оқылды

Елордамыз Астананың 20 жылдығы және спорт күні мерекесі қарсаңында Қараөзен ауылдық округінің орталығында шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Спорт алаңының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтқожин Елбасымыздың халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту тапсырмасының кезең-кезеңмен орындалып отырғанын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған спорт ардагері Замир Шәкірұлы, «Ақпәтер құрылыс жол» ЖШС басшысы Оралбек Дүйсенғалиев сөз сөйлеп, жиналған спорт сүйер қауымды, ауылдастарды құттықтады. Алаңның құрылысына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша аудандық бюджеттен 9 млн. теңге бөлініп, жанкүйерлер отыратын орындықтар, қақпа, жасанды төсеніш төселіпті. Жаңа шағын футбол алаңында Жалпақтал Талдыапан, Ақпәтер, Жаңажол, Қараөзен ауылдық округтері арасында жасақталған командалар арасында футболдан жарыс жалауын желбіретті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Күні: , 42 рет оқылды

17 тамыз күні аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан еңбек ардагерлері Махамбет Бермағамбетов пен Тауфиқ Мұқановты 70 жасқа толу мерейтойына орай қабылдау жасады. Бұл екі есім – ауданымыз емес, облысымызға танымал деп айта аламыз. Жастайынан еңбекке араласқан Махамбет Бермағамбетов еңбек әулетінің темірқазығы деуге болады. Бүгінде 70-тің төріне келсе де ағамыз еңбектен қол үзген жоқ. «Қайнар» шаруа қожалығының жетекшісі ретінде көптеген істер тындыруда. Ал Тауфиқ ағамыз ауданның қаржы саласының өркендеуіне бір кісідей үлес қосқан азамат. Сонымен қатар аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметінде жүргенде сол кездегі елдегі экономикалық қиыншылықтардан ауданымызды алып шығуға өзіндік қолтаңба қалдырды. Бұдан басқа да бұл ел сыйлаған екі азамат ауданымыздың қоғамдық-саяси өмірінен де қол үзбей келеді. Тауфиқ Уәшұлы аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы ретінде ауданымызда тұрақтылықтың, бірліктің болуы үшін еңбек етуде. Қабылдауда аудан әкімі осындай ізгі тілектерді айта келіп, екі ардагерді мерейлі жастарымен құттықтап, иықтарына шапан жапты. Сонымен қатар алғысхат пен Тұрар Рысқұлов атындағы қордың «Ауылға еңбегі үшін» медалін табыстады. Екі ардагерді аудандық мәслихат және аудандық ардагерлер кеңесі , аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі атынан құттықтап, республикалық «Құрмет граматосымен» қатар облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің, облыстық ауыл шаруашылығы бөлімінің алғысхаттарымен марапатталды. Осындай жылы шырайлы қабылдау үшін екі еңбек ардагері аудан әкіміне, қоғамдық және салалық ұйымдарға рахмет айтып, атқарып жатырған жұмыстарына табыс тіледі.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.