АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 13.08.2018


БАҚША САЛЫП, АЛМА БАҚҚА ЖАН БІТІРГЕН

Күні: , 50 рет оқылды

Қараөзеннің бойында орналасқан Қайыңды ауылында бақша салып, балық аулап өз күніңді көруге көп мүмкіндік бар. Осындай құдайдың берген несібесін пайдаланып жатырғандар да жоқ емес. Әсіресе, аудандық білім бөліміне қарасты аудандық балалар тәрбие орталығының ұжымы Қайыңды балалар жазғы демалыс лагерінде бақша егіп, жемісін алып жатыр. Әңгімені басынан бастайық. Бұл демалыс лагері орналасқан жер кезінде үлкен алма өсірген бақ болатын. Бүгінде бағзының көзіндей әр жерде «шошайған» тал-теректен басқа көзге ештеңе ілінбейтін. Жері әбден тыңайып, кім мені игереді?-дегендей күй кешкендей еді… Жаста болса жүрген жерінде шаруаға мығым Нұрлан Жасқалиев балалар тәрбие орталығына басшы болып келген күннен-ақ осы бақты жандандыруды қолға алып жатыр. Биылғы жылы бақ ішіндегі 1 гектар жерді жыртқызып, бақша дақылдарын ектіріпті. Қайыңдыға барып, өз көзімізбен көріп қайттық. Нұрланның өзінің айтуынша: — Қайыңды демалыс лагерінің орналасқан жері бақша егуге қолайлы болғасын, биылғы жылы азда болса бақша дақылдарын егіп көрейік деп шештік. Бақшаға қияр, қызанақ, картофель, қызылша, сарымсақ, пияз, асқабақ, қауын, қарбыз сияқты дақылдар отырғыздық. Еңбегіміз нәтижесіз болған жоқ, өсіп жатыр. Лагерьде демалған балаларды да осы жұмыстарға тарттық. Осы бақшаны күтіп-баптау жұмыстарында жүрген азаматтарға алғысым шексіз! Ауыл азаматтары Қуат Қабиев, Орынбай Алтаев, Талғат Сапаровтарды атап айтар едім. Әсіресе, бақша дақылдарын егуде өзінің өмірлік тәжірибесі мол Талғат ағамыздың еңбегі зор. Бұрынғы бақты да жандандыруды қолға алмақ ойымыз бар. Алдағы жылы жеміс теректерін де отырғызуды көздеп отырмыз,- деді. Бақшаның басында жүрген Талғат ағамыз да әңгімеге араласып,- 1989 жылы әкем Өмірзақ осы жерде бағбан болып қызмет жасады. Сол кездері алма мен алмұрт самсаған жеміс теректері көп болатын. Бала болсам да әкемнің қалмай, бақтың басында жүретінмін. Біреуге өтірік шығар, баққа бал аралары ұя салғанын да өз көзіммен көріп едім. Міне сол бақты жандандыруды ойлап жүрміз,- деген ойын жайып салды. Ел аузындағы «Мал семіз болса, төл егіз. Жер семіз болса, дән егіз» деген сөзі осындай еңбекқор жандардың берекелі кәсібіне берілген оң бағасы болса керек. Бұдан шығар түйін, Қайыңдының алма бағына жан бітіріп, жандандырып жатырған азаматтардың еңбегінің еш болмасы анық.

Қайрат ЖАҚЫП


АҚПӘТЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Күні: , 50 рет оқылды

Ақпәтер ауылдық округінің активіне жаңадан сайланған округ әкімі таныстырылды. Қазталов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 9 тамыз 2018 жылғы Қазталов ауылдық округінің сайланған әкімін тіркеу туралы шешіміне сәйкес, аудан әкімінің өкімімен Ақпәтер ауылдық округі әкімі лауазымына Нұрхат Сатыбалдыұлы Булаев тағайындалған болатын. Жаңа әкімді округ активіне аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин таныстырып, Нұрхат Сатыбалдыұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Нұрхат Сатыбалдыұлы Булаев 1984 жылы туған, Жалпақтал атыраптық пошта байланыс бөлімшесінің басшысы қызметін атқарған.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ ҚЫЗЫП ЖАТЫР

Күні: , 52 рет оқылды

Тамыз айы басталғалы аудан орталығында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі оздырылуда. Мал баққан және бақша салған ағайындар өз өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен сатуда. Әр жұманың сенбі күні ұйымдастырылатын жәрмеңке бүгінде қызып жатыр. Аудан орталығындағы базарға бара қалсаңыз, ет, сүт өнімдерін сөрелерге шығарып тұрған апаларымыздың қасынан жайбарақат өте алмайсыз. Көздің жауын алатын құрт, май, қаймақ, көжені көргенде еріксіз бұрыласыз. Бау-бақшаның дақылдары да пісіп жатырған кез. Қысқа керекті ащы мен тәттіні де осы жерден табасыз. Ал базардың сыртын айналсаңыз, шөп саудасы жүріп жатыр. Бүгінгі күнде әр бума (руллон) шөптің құны 4000-4500 теңгеге сатылуда. Сондай-ақ қой малын сатуға әкелгендер де жоқ емес.

Қайрат ЖАҚЫП


«АСТАНАҒА СƏЛЕМ!» АТТЫ ҚАЗТАЛОВ АУДАНЫ КӨРКЕМӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ КОНЦЕРТІ

Күні: , 96 рет оқылды

10 тамыз күні облыс орталығындағы Қадыр Мырза Əлі атындағы мəдениет жəне өнер орталығында Елорданың 20 жылдығына арналған «Астанаға сəлем!» атты Қазталов ауданының көркемөнерпаздарының концерті өтті. Облыс көрермендеріне бағдарламаның ашылуы барабаншылар тобының флешмоб орындауымен басталды. Бұдан кейін Асылхан Болтанов «Арнауын» орындады. Концерттік бағдарламада Асхат Неғметов «Ауылым» əнін орындаса, сондай-ақ Гүлфайруз Маратов орындауында «Астана», дуэттің орындауындағы халық əні «Беуайдай», Мұрат Ахметов пен Сыйлық Құсайынованың «Қаздар қайтқанда», трио орындағын патриоттық əндерден попурри, əнші Балғаным Ғұбашеваның » Астана» әндері жұртшылық жасыл қала Оралдың кешкі аспанының сəнін келтірді деуге болады. Сонымен қатар Ахмет Ескендіров жетекшілік ететін халықтық «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі жəне Ақмарал Ғабдуллинаның халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің орындауындағы халықтық күйлер мен билер көрермендерді өздеріне тарта түсті. Ал Баян Хабиеваның жетекшілік ететін үлгілі «Қыз Жібек» ансамблінің орындауындағы əндер ауданымыздың өнердегі биіктігін тағы бір дəлелдесе, Наргиза Касумова, Аяна Орынғалидың орындауындағы композиция да жұртшылықты таң қалдырды. Астана — айбынды орда қазағыма, Іліккен талай елдің назарына, Есілдің жағасында бой көтерген, Тамсанып қарайды ел ажарына — дегендей Астананың 20 жылдығына арналған қазталовтық көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы Е.Хасанғалиевтың «Атамекен» əнімен аяқталды. Жиналған халықтың қарасы көп болып, «Жарайсың, Қазталов!» деген жылы лебіздер айтылып жатты.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.