АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 09.08.2018


ҚОЙ ҰРЛАҒАНДАР ТҰТЫЛДЫ

Күні: , 68 рет оқылды

Енді басталған тамыз айының алтысына қараған түнінің тыныштығын «гастролер» келді де бұзып жіберді… Басынан бастайық. Аудандық жергілікті полиция қызметінің орынбасары, полиция майоры Бисебай Төлепов біздерге жедел хабарлады..- Тамыздың 6-сы күніне қараған таңда Қазталов ауылдық округіне қарасты «Меңдәлі» қыстағынан иесі Бейімбет Жакуповтың мал қорасынан 3 бас қой жасырын ұрланды. Сөйтіп мал иесіне 69 мың теңге зиян келтірді. Осы ұрлыққа байланысты тергеуші Жарас Уәлиахметов, жедел уәкіл Исатай Захаров, криманалист Дәурен Есқалиев, учаскелік инспекторлар Нұркен Қалманов, Ернар Хамитов бастаған жедел тергеу тобы іске кірісті. Ізін суытпай ұры ұсталды. Ол – Орал қаласының тұрғыны, 1972 жылы дүниеге келген Фарид Ғұмарұлы Зайниев екен. Сонымен қоса бұның Қазталов ауылында екі сыбайласы да құрықталды. Қазіргі күнде ҚРҚК-ның 188 бабы, 2 бөлімі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, — деді. Тәртіп сақшылары мал ұрлығының алдын алуда жеделділік көрсетті. Себебі, ауылдық жердегі қылмыстың көбі мал ұрлығына қатысты ғой. Әсіресе жақындап келе жатырған күз айында мал ұрлығы фактілері көп кездеседі. Бұдан бұрын да мал ұрлығына қатысты қылмыстардың астарына үңіліп қарасақ, көбінесе сыбайластар ауылдан шығатындары байқалады. Өмір көрсетіп отырғандай осындай келеңсіздіктерге ауылдағы ағайындардың өздері қолдаушы болатыны көңілге кірбің ұялатады…

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


РУСЛАН – «КҮРЕҢ БЕРЕТ» КИДІ

Күні: , 76 рет оқылды

Осыдан 2 жыл бұрын Бостандықтан түлеп ұшқан Миржан Бақтыбаев Мәскеуде өткен боевое самбодан(қарусыз қорғану) өткен халықаралық жарыста 3-інші орын алып, ауданымыздың мәртебесін бір көтеріп тастаған еді. Ержүректілікті, мықтылықты, шыдамдылықты, ептілікті, жылдамдықты қажет ететін осы бір күрес түрінен Сарыөзеннің жағасында орналасқан қазақи ауылдан мықтының шығуы некен-саяқ. Бірақ топты жарып шықты. Енді міне соның жалғасындай 1989 жылғы Руслан Жасұланұлы Кенжеғалиев арнайы мақсаттағы бөлімдер арасында «әскердің элитасы» деп аталатын «Бүркітте» күрең береттілер қатарына өтті. Биылғы сынақ тапсыруға 102 әскери қызметкер өтініш білдірсе, олардың 66-сы іріктеліп алынған. Оның ішінде 9 мықты деген жігіт сынақтан өткен.Сол тоғыздың бірі – Руслан. Күрең берет – қайсарлықтың белгісі, ал кеуде белгісі кәсіби шеберліктің нышаны болып табылады екен. Сондықтан күрең берет алу мен кеуде белгісін алу жасақ жауынгерлеріне үлкен абырой. Үміткерлер 5 күн бойы бірнеше ауыр сынақ тапсырса,соның ішінде 75 шақырымды жүріп өтеді. Және салмағы 25 келі болатын қару-жарақ салынған жәшіктерді көтеріп, кедергілерден өту қажет екен. Ал соңғы сынақта бұған дейінгі жылдары күрең берет киген әріптестерімен жекпе-жекке шығатын көрінеді. Сөйтіп осындай сынақтардан өткен жерлесіміз Руслан өзі армандаған «күрең беретті» киді. Ол осы кезге дейін Атырау қаласындағы әскери қалашықта қызмет істеген. Русланға алдағы уақытта зор биіктерден көрініп, Отанды қорғаудың нағыз үлгісін көрсетуге және өзіндей шәкірттері ауданымыздан шыға беруіне оқырмандар атынан тілек білдіреміз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


20 СТУДЕНТ ЕҢБЕК СЕМЕСТРІН БАСТАДЫ

Күні: , 72 рет оқылды

Шілде айында «Жасыл ел» жастар жасағында оқу орындарында оқып жатырған студенттер Қазталов және Жалпақтал ауылдарында көгалдандыру жұмыстарын жасап, жазғы демалыстарын еңбекпен өткізсе, тамыз айында Қазталов ауылында – 10, Жалпақталда – 10 студент «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек семестрін бастады. Жастар тек көгалдандыру жұмыстары ғана емес, ауылдағы үлкен қарияларға да көмектер көрсетіп, алғыстарын алды. Енді осы еңбек семестрін бастаған жастарға да жұмыстарына табыс тілей отырып, оқуларына жоғары көңіл-күймен баруға тілекшіміз.

Қайрат ЖАҚЫП


ҒАРИФОЛЛАНЫҢ ҚАУЫНЫ, ҚАРБЫЗЫ

Күні: , 54 рет оқылды

Тамыз айы басталғанда қазталовтықтардың есіне Ғарифолла Ғаббасов және Қосшы ағамыз еске түседі. Еске түспей қайтсін, өз жерімізде өсіп-өнген бау-бақшаның өнімін сатып алғың келеді. Басқа жақтан келіп жатқан көкөністерге кейде күмәнмен де қараймыз ғой… Ғарекең 2014 жылдан бері Сарыөзеннің жағасында бау-бақша өсіреді. Өткен жылы Ғарекең сырқаттанып қалды. Сол кезде Ғарекеңнің қаңтар, ақпан айындағы саттыққа шығаратын қарбыз-қауынынан енді дәм татпаймыз ба деп те ойлағанымыз бар. Бірақ Ғарекең сырқатынан жазылып, биыл 1 гектардың үстіндегі жерге қияр, асқабақ, қауын-қарбыз, сәбіз, қызылша, картоп, тағы басқа да көкөністерді салып, алдын саттыққа да шығарып жатыр. Ғарифола: — Жаз бойы мына салып қойған үйшікте боламын. Күн сайын суарып, арам шөбін жұлудың өзі бір жұмыс. Кейде Қазталовтың 75 сиыры беймезгіл «қонаққа» келіп, мазаны алатыны бар. Бұл сиырларды қайыра-қайыра танып та алдым,иесін де білетін болдым,-дейді. Сонымен қатар Ғарифолла жеміс ағаштарын да отырғызыпты. Енді Алла бұйыртса 2-3 жылдан кейін бұл ағаштар да жеміс беретін көрінеді. Біздермен әңгімесінің соңында ол,- күнде бу,су сериалдарды теледидардан көріп, 380 теңгенің темекесін тартып жатқаннан не пайда? Мынандай керемет жерде еңбек етіп, табыс тапқанға не жетсін?! — деді. Расында да Сарыөзеннің бойында не барлығы 3 адам ғана бау-бақша салып жатыр екен. Ал Сарыөзен сылдырлай ағып,- Ей ағайын, менің төсімді неге еміп жатпайсыңдар? Қолдарыңа күрек ұстап, аздап терлесеңдер, ырыс үйіңе кіреді ғой, — дегендей тіл қатады…

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ҚИМЫЛЫ «ОЙХОЙ,ЖИЫРМА БЕСТІ» ОРТА ЖОЛДА ҚАЛДЫРАДЫ

Күні: , 46 рет оқылды

Мына қолына шалғы орақ ұстап, сайдан, қырдан, ордан қолындағы малына шөп дайындап жатқан жасы 73-ке «аттап» бара жатқан Темірболат Нұғманов ағамыз. Қолындағы шалғы орақпен шөпті орғанда қимылы «Ойхой,жиырма бес!» деп айқайлап жүргендерді орта жолда қалдырады. Ал шындығы керек «жиырма бестер» көшеде сыраның шөлмегінен құралған «қызметтерін» жасап жүргендерін көзіміз көріп жүр… — Мен баяғыдан қол орақпен шөп шауып жүрмін. Денсаулыққа да пайдалы. Бүгінгі күнде екі тоннаға жуық шөп дайындадым. Ал бір қызық айтайын, жолдастарым Талап Мұқанов пен Хамит Дәулетов,- Тәке, бұзауға шөп керек еді, -дегесін оларға да шөп шауып бердім,-деді. Міне, еңбек! Үйіміздің ауласындағы өсіп кеткен алабота Сібірдің ну орманын да артқа тастағанын ескерсек, осындай шаршамайтын ағалардан үлгі алатын нәрсе көп-ау...

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ 500 ШАРБАҚҚА ШӨП ДАЙЫНДАЛУЫ КЕРЕК

Күні: , 80 рет оқылды

Ауданымызда мал азығын дайындау жұмыстары күннен-күнге қарқын алуда. Жұртшылық шөп шығымы аз деп қол қусырып қарап отырмағанын көрудеміз. Ауданның шаруа қожалықтарымен қатар жеке тұрғындардың қолындағы мал үшін де шөп базасы жасақталуда. Осыны білу мақсатында Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуовке жолығып, әңгімеге тарттық. — Ауданымыздағы ең үлкен округ -Қазталов ауылдық округі. Аудан орталығымен қоса 3 елді мекені бар. Шаруа қожалықтарын және жеке тұрғындарды қосқанда қолдағы мал үшін 290 мың центнер табиғи шөп дайындау жоспары тұр. Қазір соның 199 мың центнері дайындалды. Жоспар 47,9 пайызға орындалып отыр. Су шығарылған «Солдаткөлден» 201 адам 15 мың центнердей шөп дайындап алды. Жалпы аудан орталығындағы 500 шарбаққа шөп алынуы қажет. Бұнымен қоса бүгінгі күнде Қайыңды ауылдық округімен келісе отырып, Абат Хитаров деген кәсіпкер азаматымыз өзінің «Камаз» автокөлігімен 6 рейс шөп тасыды. Әрбір рейсінде 25-тей рулон келеді. Оның әрбіреуі 4 мың теңгеден саттыққа ұсынылуда. Сондай-ақ жеке тұрғындар да өз күштерімен мал азығын дайындауда. Мәселен, Болат Тұрсынов, Таймас Валиев «Урал» мотоцикліне шалғы орақ орнатып, сай-салалардан шөп дайындаса, ал жасы 72-ден асқан Темірболат Нұғманов, Мұқанғали Бектілеу ағаларымыз қолына шалғы орақ ұстап, жастарға үлгі болатындай еңбек етуде. Жалпы шөп дайындауда бұнымен тоқтап қалмаймыз. Шөп шығымы жақсы Болашақ , Қайыңды ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарымен келісімдер жасалуда. Сонымен қатар малдың құрама жемін сатып алуды ұйымдастыруда күн тәртібінде тұр. Барлығымызға белгілі биылғы жылы облыстың басқа өңірлерінде салған егіннің шығымы төмен ғой. Дейтұрғанмен бұл мәселені де ойластырудамыз,-деді округ әкімі бізбен әңгімесінде. Біз де осындай атқарылып жатырған жұмыстарға ел болып қолдау көрсетейік деген ойымызды білдірдік.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


АҚЫЛБЕКТІҢ «АҚЫЛДЫ ҮЙІ»

Күні: , 52 рет оқылды

Мына суретте көріп отырғандарыңыздай Ақылбектің «Ақылды үйі». Жалпы «Ақылды қала», «Ақылды үй» деген сөз тіркестерін жиі келтіреміз. Бұның негізгі мағынасы — Елбасымыздың биылғы халыққа арнаған жолдауында «Смарт Сити» тұжырымдамасында айтып өтті. «Төртінші жаңғыруда» елімізде жаңа технологияларға мүмкіндік берілуде. Ал «Ақылды үй» дегеніміз қалалық жерлердегі болашақ салынатын тұрғын үйлерде тұрмысқа қажетті жағдайлар өздігінен-өзі жетілдірілген технологиямен реттеліп отыратынын естіп, оқып жатырмыз. Ауылдық жерлерге бұндай мүмкіндіктер бірден кіре қоймаса да заманауи талаптарға сай өз кәсіптерін жаңашылдандырып жатқан азаматтар баршылық. Солардың бірі — Ақылбек Нығметов. Ол автокөлік жөндейтін шеберханасының жанынан екі қабатты ғимарат салып, астыңғы қабатында автокөліктің қосалқы бөлшектерін сататын дүкенді орналыстырса, ал үстіңгі қабатын қонақ үй жасаған. Нәтижесінде алыстан келген жолаушының автокөлігі сынып, қиындық туындаған жағдайда осы жерге келіп көлігін жөндетеді, әрі демалуына да болады. Жұртшылық,- бұл қонақ үйге сұраныс көп,-дейді. Міне, ауылдың «Ақылды үйлері» деп осыны айтуға болады.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ОРТАЛЫҚҚА СЫЙ ЖАСАДЫ

Күні: , 60 рет оқылды

Өткен 12 сәуір күні ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ашылу салтанатына «Атымтай» кәсіпкерлеріміз құр қол келмегенін жазған болатынбыз. Жобалық кеңседегі «Рухани жаңғыру» залы қай жағынан да келушілерге үлкен ой салып, рухани азық алары сөзсіз. Соны түсіне білген кәсіпкерлер Нұрлыбай Жолдыбаев пен Мереке, Лиза Қайбушевтер «Рухани жаңғыру» залына өздерінің демеушілік жасайтындарын айтқан болатын. Міне, кәсіпкерлеріміз уәделеріне тұрып, Нұрлыбай Жолдыбаев ноутбукты сыйға тартса, Мереке, Лиза Қайбушевтер теледидар мен бөлме салқындатқышын сыйға тартты. Сөйтіп, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің шығармашылықпен қызмет жасауларына кәсіпкерлер өзіндік үлесін қосты. Осындай аудандағы игі істерге үлес қосып келе жатырған «Атымтай» кәсіпкерлерге ел риза.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ОЛАР – ҚОҒАМНЫҢ БЕЛСЕНДІ МҮШЕЛЕРІ

Күні: , 56 рет оқылды

6 шілде күні аудандық мәдениет үйінде Астананың 20 жылдығына арналған мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы байқаудың аудандық кезеңі өтті. Байқаудың ашылуында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: — Сіздер қоғамнан ешқандай шет қалып жатырған жоқсыздар. Сіздердің бойларыңызда түрлі қасиеттер бар. Ол халыққа қызмет етеді. Соның бір айғағындай өнер деген ұлы ұғымды биікке ұстап жүрсіздер. Сондықтан да бүгінгі байқауда осы өнерді халық алдына шығарғалы отырсыздар. Сіздерге мемлекет барлық қолдан келген қамқорлықты жасай береді. Сіздерге осы байқауда табыс тілеймін! — деген тілегін жеткізді. Бұдан соң байқау өз жалғасын тауып, үміткерлер «Үздік қолөнер», «Эстрадалық байқау», «Көркем сөз оқу» және «Музыкалық аспапта орындаушы номинациялары бойынша сынға түсіп, өз өнерлерін ортаға салды. Байқау нәтижесінде аталмыш номинациялар бойынша Қансұлу Сапарова, Елжан Рахатов, Ахан Досболатов, Дана Әділбековалар топ жарып, облыстық кезеңге жолдама алды. Байқау соныңда Қазталов аудандық жұмыспен қамту және бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов сөз сөйлеп, үміткерлерге алғысхаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етті. Облыстық кезеңге жолдама алған үміткерлерімізге сәттілік тілейміз.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


АРНАЙЫ СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

Күні: , 56 рет оқылды

Өздеріңізге мәлім 23 сәуірден бері аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімімен бірлесе отырып «Finsity» ЖК ағылшын тілін үйренушілерге оқыту курсы жүргізген болатын. Күні бүгінде бұл курста 45 адам оқыса, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де болды. Курс «Beginnеr», «Elementаry» деңгейінде оқытылған болатын. Бұл оқу курсында жоғары санатты А. Оразбаева мектебінің ұстазы Сұлу Кенжеғалиева дәріс берген. Алғашқы оқу курсына тартылғандар күні бүгін оқуларын аяқтап, арнайы сертификат алды. Сертификат табыстаған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова: — Қазіргі заман – көп тілді меңгеруді талап етіп тұрған заман. Сондықтан біз ағылшын тілін емін-еркін меңгеріп, бәсекелестік қабілетті тудыруымыз қажет. Қазіргі таңда осы бітіріп отырған курстарыңызда алған білімдеріңізді пайдаға жаратуларыңыз керек. Алдағы уақытта осы курс шеңберінде шектелмей әрі қарай білімдеріңізді жетілдірулеріңізге тілектеспін, – деді өз сөзінде.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.