АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 06.08.2018


«ТУҒАН ЖЕР — ТҰНҒАН ТАРИХ»

Күні: , 80 рет оқылды

4 тамыз күні аудан орталығындағы «Достық» саябағында Астананың 20 жылдығы аясында және ауданымыздың 90 жылдығына орай «Туған жер — тұнған тарих» атты өнер фестивалі өз жалғасын тауып, Қайыңды ауылының көркемөнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды. Саябаққа демалуға келген тұрғындардың назарына ұсынылған концертте қайыңдылық әжелер ансамблі ән шырқап, өздерінің қолөнер бұйымдарын да көрмеге ұсынды. Әдемі ұйымдастырылған концерттік бағдарламада туған ел, Астана тақырыптарында әндер шырқалып, мың бұралған билерде биленді. Әсіресе Қайыңдының биші қыздары туған дала төсіндегі қызғалдақтардай құлпырып, сахнаның сәнін келтірді. Концерт соңында Қайыңды ауылдық округінің әкімі Болат Төлеушев қазталовтықтарға жылы лебізін арнаса, Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов ауылдастар атынан Қайыңды ауылының делегациясына алғыс хат табыстады.

Қайрат ЖАҚЫП

 

КӨКТЕРЕКТІКТЕР ТАМАША КЕШ СЫЙЛАДЫ

Күні: , 144 рет оқылды

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көктерек ауылында «Жерлестер форумы», «Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы», Астананың 20 жылдығына түрлі мәдени іс-шаралар өткізілді. Сол шаралардың жалғасы ретінде Жалпақтал ауылының демалыс саябағында Астана қаласының 20 жылдығы жəне ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толуына орай «Туған жерім – тұнған тарих» атты өнер фестивалі аясында 4 тамыз күні Көктерек ауылдық округі концерттік бағдарламаларын ұсынды. Концертте сөз алған Көктерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бейбіт Батуллин барша ауылдастарды айтулы мерекемен құттықтады. Саябаққа жиналған көпшіліктің алдында Көктерек ауылдық округінің көркемөнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Концерт барысында туған жерлеріне арналған жерлес ақын, сазгерлердің «Киелі — Көктерегім», «Көктерегім» әндері орындалды. Көктеректіктердің концерттік бағдарламасын тамашалаған жалпақталдық көрермен күмбірлеген күй мен қобыздың үні, әсем əндер, мың бұралып би билеген өнерпаздар көрермендер қошеметіне бөленіп, шапалақтарын аямады. Сахна төріне көтерілген Жалпақтал ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Меңдіхан Халимуллин ауыл тұрғындары атынан Көктерек ауылдық округінің көркемөнерпаздарына алғыс білдіріп, алғысхат табыстады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«БІРЫҢҒАЙ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕДИАЦИЯ КҮНІ»

Күні: , 122 рет оқылды

3 тамыз күні аудан орталығында аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен «Бірыңғай республикалық медиация күні» қарсаңында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Ұмсын Мұқанғалиева, ішкі істер бөлімінің инспекторлары, кәсіби және қоғамдық медиаторлар, округ әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелге жиналғандарды аудан әкімі Абат Абайұлы кәсіби меркемен құттықтап, медиация халықтық институтының сотқа дейін дауларды шешудегі маңызды роліне тоқталып өтті. Сонымен қатар сөз алған аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Ұмсын Сүйінғалиқызы 2011 жылдан бері қызметін бастаған медиация саласы мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың жұмыстары туралы түсінік бере келіп, Қазталов ауданындағы медиаторлардың тікелей қатысуымен шешілген біраз істерге тоқталып өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылар медиация қызметіне байланысты өз пікірлерін білдіріп, дауларды шешу жолындағы тәжірибелерімен де бөлісті. Сондай-ақ медиация қызметіне байланысты туындайтын сұрақтарын ортаға салып, жауаптарын алды. Айта кетуіміз керек, ауданымыздың барлық округтерінде кәсіби емес медиаторлар қызмет жасауда, ал аудан орталығында кәсіби медиатор қызметін Марат Тоясов ұсынады. Мереке қарсаңында өткізіліп отырған дөңгелек үстелде аудан басшысы медиаторларға куәліктер мен алғыс хаттар табыстады.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МӘЖІЛІСІНДЕ

Күні: , 158 рет оқылды

3 тамыз күні аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сисенғали Неғметовтың төрағалық етуімен қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Кеңесте аудандағы пробация есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналасу жәйі және көше атауын өзгерту туралы мәселелер қаралды. Бұл мәселелер бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов, Қазталов ауылдық округінің бас маманы Әзілхан Зарипов хабарламалар жасады. Жалпы ауданымызда пробация есебінде 67 адам бар. Қазіргі уақытта 16 адам жұмыс іздеуші ретінде жолықса, 2 ақылы қоғамдық жұмысқа, 1 тұрақты жұмысқа, 3 уақытша жұмысқа орналасқан, ал 4 адам қысқа мерзімді курсқа жолданыпты. Сонымен қатар 2 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Аудандық ішкі істер бөлімі бас бостандығынан айырылған адамдар туралы уақыттылы ақпарат беріп отырса, аудандық жұмыс қамту бөлімі бұл жұмыстарды жалғастыра беретін болады. Аудан орталығындағы жаңадан бой түзеген көшелерге Хиуаз Доспанованың және Бейбарыс сұлтанның есімін беру туралы ұсыныс та мақұлданып, арнайы шешімдер қабылданды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖАБЫДАН АСҚАН ЖЫЛҚЫ ЖОҚ

Күні: , 62 рет оқылды

Бұқар жыраудың: … Жал-құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз. Жабадан айғыр салсаңыз, Жауға да мінер ат тумас – деген аталы сөзі жадымызда. Әрине, ол заман жылқы баласы Алаш жұртына майдан даласында қызмет еткендігін, қолтығында қос қанаты бар қазақы жылқының қашса құтылып, қуса жеткендігін, жарақты жауға жалтаңдап кіріп, арты артына сыпырылған дұшпанды тұяғымен жапырып тастайдығын көне тарихтың көмбесінен білеміз. Қазір қазақ атқа мініп, жауға шабайын деп жатқан жоқ қой. Ендігі бізге керегі – етті әрі сүтті тұқым. Оның үстіне жабының қысқа шыдамдылығы жақсы. Ауданымызда жылқы шаруашылығы жақсы дамыған. Өткен қыс ұзақтығымен, бірде аяз, бірде көк мұз болып жылқы малына көп қиындық әкелгенін де жақсы білеміз. Дейтұрғанмен Қамбар атаны өсіріп отырғандар құрық ұстап қалған жоқ. Қай округке барма дала төсін қасиетті жануардың тұяқтары дүбірге толтыруда. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 24472 бас жылқы малы бар екен. Исатай Абулхатин жетекшілік ететін «Жаңа тұрмыс» өндірістік кооперативі , «Бейназар» және «Қамқор» шаруа қожалығының жетекшілері Бейбіт Өтеғұлов, Мұрат Хасановтар асыл тұқымды Көшім жылқысын өсірумен айналысады. Ал «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжанов аралас тауарлы жылқы малын өсіруде. Сонымен қатар ауданымызда Нұрлан Нұғманов («Екпін» ШҚ), Ғайса Жұмағалиев («Қарасу» ШҚ), Рауан Есенғалиев («Бақыт жолы» ШҚ) сияқты қадірлеген кәсіп иелері де дала төсін жылқы малына толтыруда. Биылғы жылдың алты айлық қорытындысы бойынша 6578 бас құлын алынған екен. Бұл өткен жылдың осы уақыттарымен салыстырғанда 7,2 пайызға артып отыр. Сонымен қатар 2014 жылдан бері он алты шаруашылық 464 бас Көшім жылқыларын алып, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде бастаған. Осыны зерделеп қарасақ, ауданымыздағы жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруа иелерінде қазақтың жабы тұқымдас жылқысы аз сияқты көрінеді де тұрады. Енді сәл шегініс. Сонау Кеңес дәуірі кезінде жылқы малына деген сұраныстың азайып кеткен уақыттың болғаны да бар. Сөйтіп қазақтың жабы тұқымы аза бастады. Осындай немқұрайлықтың әсерінен бестісі тайдай, тайы жабағыдай, тұқымы азған жылқы пайда бола бастады. Құрығы құтты жылқышылар да көп болған жоқ. Барлық назар ақ қойға ауды. Өйткені ол кезде ақ қойдың жүні алтынмен пара-пар еді. Міне, сөйтіп халқымыздың төрт түлігінің бірі Қамбар ата назардан тыс қалғаны бар. Қазір заман өзгерді. Жылқыға деген сұраныс күшейді. Осындай сұраныс күшейіп тұрғанда даламызды жабы тұқымына толтыру толғағы жеткен мәселе. Ғылыми негіздемеге сүйенсек, Жабы – нағыз қазақы жылқы. Өзге жылқылармен салыстырғанда артықшылығы да көп. Ол жыл он екі ай бойы жайылымда тебіндеп шығады. Тым қатты боран аяз болмаса өз күнін өзі көреді. Оның үстіне жылқының бұл түрі денесінің ірілігімен ерекшеленеді. Қоңдылығы жағынан алғанда көп жылқыдан бәсі басым. Ірі жылқының салмағы 450-500 келіге дейін жетеді. Ал биелері тәулігіне орташа есеппен 5 литрге дейін сүт береді екен. ал осындай қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсірсе, ырыс босағаңызға келеді деуге болады. Өткенде жылқы өсірумен 150 жыл болған династия «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжановпен кездесіп қалғанымыз бар. Сонда ол: — Атам, әкем, мен, бүгінде балаларым қасиетті жануарды бағумен келеміз. Жылқы – біздің жанымыз. Ал бүгінгі күнде шындығы керек қазақтың жабысы азайып бара жатыр. Тіпті көп адамдар мұхиттың ар жағынан ағылшын тұқымдастарды әкелуде. Әкелсін, өсірсін, бірақ сар даламен етене байланыстағы жабы тұқымынан қашқақтамауымыз керек. Осы күнге дейін халқымыз сол жабы тұқымын өсіріп келді,- деді. Жылқы өсіруден «дала академигі» атанған Бекжановтар династиясының шеберінің сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


АТАУЛЫ КӨМЕК – МАСЫЛДЫҚТЫ КӨБЕЙТУ ҮШІН БЕРІЛІП ТҰРҒАН ЖОҚ

Күні: , 76 рет оқылды

3 тамыз күні аудан әкімі Абат Шыныбеков ауылдық округі әкімдерімен, мекеме, ұйым жетекшілерімен мәжіліс өткізді. Мәжілісте аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының ауданда орындалу барысы туралы хабарлама жасады. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына округтерде жаңа форматтағы шартты атаулы әлеуметтік көмек бойынша 265 отбасыларымен 450 әлеуметтік келісім шарт жасалса, тұрақты және уақытша жұмысқа 44 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 21 адам, қысқа мерзімді оқуға 11 адам, қоғамдық жұмысқа 78 адам, жастар практикасына 8 адам барлығы 162 адамды қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш әлеуметтік келісім шарттың 37,4 пайызын құрап отыр. Осы тұста айта кеткен жөн Болашақ және Қараоба ауылдық округтері ең төменгі көрсеткішті көрсетсе, жұмысқа орналыстыру пайызы бойынша Қараөзен және Тереңкөл мен Талдықұдық ауылдық округтері жоғары көрсеткішті көрсетіп тұр. Алайда мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты масылдықты азайту болып отырған кезде түрлі айла-амалдар арқылы атаулы әлеуметтік көмекті алу мемлекеттің қаржысын тиімсіз жұмсауға әкелері сөзсіз.«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі аудандық комиссия ауылдық округтерде құрылған комиссиялардың жұмысын зерделегенде атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың талаптарына сай келмейтін фактілер анықталды. Сондықтан округтерде құрылған комиссиялар тұрғындардың көмек алуға берген өтініштерін қараған кезде бағдарламада көрсетілген тиісті талаптарға сәйкес болуын талап етулері қажет. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Абат Абайұлы қаралған мәселе бойынша жіберіліп отырған кемшіліктерді түзетуді тиісті салалық мекемелерге және округ әкімдеріне жүктеді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Күні: , 80 рет оқылды

Кәсіподақ – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар; қызметінің сипаты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қарай ұйымдасқан азаматтардың бұқаралық ерікті қоғамдық бірлестіктері. Осы орайда 3 шілде күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында кәсіподақ ұйымдарының жұмысы туралы түсінік қалыптастыру, оларды жүзеге асыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімі Абат Шыныбеков төрағалық етіп, кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру мәселелерін қарастырды. Басқосуға салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен бірге аудандық мекеме, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағалары мен мүшелері, шаруашылық басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Жиында «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салыхов , — 110 жылдан астам тарихы бар кәсіподақтар Федерациясы жұмысының негізгі бағыты — кәсіподақтарды ірілендіру, біріктіру және құрылымын жаңғырту. Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының құрамын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 74 562 құрайды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыс көлемінде 969 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыстануда. Облыс көлеміндегі кейбір мекеме мен ұйымдар, соның ішінде облыстағы құрылыс, қайта өңдеу, кәсіпкерлік салаларындағы мекемелер кәсіподақ ұйымдарын құруға құлықты емес. Сондықтан бұл кәсіпорын-мекемелерде кәсіподақ ұйымдарын ашу жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары әлі де жалғасады,- деді өз сөзінде. Сондай-ақ облыстық еңбек инспекциясы басқармасының өкілі Ерсайын Қыдыров «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясы жөнінде, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Айша Әбішева комитеттің атқарып жатырған жұмыстары туралы баяндады. Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салыхов кәсіподақ ұйымының белсенділері – Бостандық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Максим Қожағалиев пен аудандық білім беру бөлімінің бас экономисі, білім беру ұйымдары бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымының қазынашысы Балжан Тоқпановаға облыстық кәсіподақтар орталығының алғысхаттарын табыс етті. Жиын соңында облыстық кәсіподақтар орталығы және Қазталов аудандық әкімдігі арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан кейін «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салыхов бастап келген топ аудандық орталық ауруханада болып, денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесті. Сонымен қоса «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы міндетін атқарушы Махамбет Құсайынов және БҚО кәсіподақтар төрағасының заңгері Зина Төлеуғалиева кәсіподақ ұйымының жұмысын ширату, түйінді түйткілдерін шешу жайында әңгімелесті.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


МАРАФОН СЫРЫМ ЕЛІНЕ ТАБЫСТАЛДЫ

Күні: , 64 рет оқылды

Елбасының 2018 жылдың 10-қаңтарында жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауынның «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» аталатын 9-міндетін орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі 2018 жылға арналған кешенді жоспар белгілеген болатын. Осыған сәйкес 11 шілде күні эстафетаны Жәнібек ауданынан біздің ауданымыз қабылдап алған болатын.Мекеме, ұйымдар, округтер арасында өз дәрежесін өткен марафон кеше 2 тамыз күні Сырым ауданына салтанатты түрде табысталды. -Сыбайлас жемқорлық – тәуелсіздіктің дамуын тежейтін ауыр дерт. Мемлекет парақорлықпен күрестің озық шараларын қабылдады. Бірақ, жемқорлықпен күрестің негізгі бағыты пара алған я болмаса пара берген адаммен күресу емес, ең әуелі қоғамдық сананы өзгерту. Марафон аясында, Қазталов ауданындағы барлық ауылдық округте мемлекеттік қызметті тұтынудың электронды бұрыштары ашылды. Бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығы үшін керек. Марафон Сырым ауданы үшін де өте нәтижелі болады деп ойлаймын, — деді Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков. Марафонды қазталовтық делегаттан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады. «Адал жол – честный путь» жобасы аясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоншыларды қарсылау мақсатында Сырым ауданының белсенді жастары Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Сырым батырдың кесенесінен бастап, Сырым ауданының орталығындағы басты көшелері арқылы автокеруен ұйымдастырды. Түске дейін барған делегат құрамы (қоғамдық ұйым өкілдері,кәсіпкерлер мен депутаттар) аудандық музей мен саябақтарда болды. Бұдан бөлек, Қазталов ауданынан арнайы келген кәсіпкерлер тәжірибе алмасу мақсатында Жымпитыдағы кәсіпкерлік нысандарының жұмыстарымен танысты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


МЕДИАЦИЯ КҮНІНЕ АРНАЛДЫ

Күні: , 62 рет оқылды

2 тамыз күні «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында медация күні қарсаңында «Бірыңғай республикалық медиация күнін» өткізуге арналған жиын өтті. Жиынға қатысушылар алдында медиатор Марат Тоясов, — Медиация қоғамыздағы жаңа көрініс, дауды шешудің жаңа әдісі екенін айта келіп, дау-дамай, талас,азаматтық және еңбек, отбасылық басқа да құқықтық қарым-қатынасты жеңіл және орташа қылмыстық іс бойынша сот ісі кезінде медацияның шараларын пайдалануға болатындығы туралы айтып өтті. Қазіргі күнде кәмелетке толмағандар және әйел адамдармен жасалатын ұсақ ұрлықтармен, алаяқтық қылмыстар көптеп кездесуде. Оларды қылмыстық жауапқа тартып, темір тордың артына жіберу қоғам үшін пайда әкелмейтіні анық. Сондықтан медация келтірілген зиянды өтей отырып, тараптарды бітімге келтіруде біздің ата-бабамыздың тәжірибесін өмірге қайта әкеліп отыр деп түсінуіміз қажет. Осыны ескере отырып, медиация қызметі ауданымызда да кең өріс алып келеді. Соның айғағындай ауданымызда кәсіби медиатор болып Марат Харесұлы Тоясов жұмыс жасауда. Егер медиатор қызметіне жүгінуге тура келсе кеңсесі Қазталов ауылы, Алма Оразбаева көшесі, №19 «Бизнес бастау»орталығының 24 бөлмеге келулеріңізге болады.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


«ҚАРАСУ АВТОНОМИЯСЫ»

Күні: , 60 рет оқылды

Бұл – аудан орталығындағы «Қарасу автономиясы». Автономия десе, дегендей… Ортасын Қарасу бөліп тұрған 13 үй тыныш, бақуатты өмір сүріп жатыр. Олардың түрлі жиындарда,- бұл жаққа бір нәрсе жасаңдар – деп, мәселе де көтеріп жатырғандарын естіген жоқпыз. Тіпті ол жаққа барып биржада жұмыс жасайтын адамдардың түрлі қалдықтарды жинап жүргенін де көрген жоқпыз. Яғни, бұл «автономия» барлық мәселелерді өздері шешетін секілді… Керек десең олардың малдары да «автономия». Қарасудың малы бағылып жатыр деп тағы естіген жоқпыз. Өріске барады, өрістен жоғалмай келеді… Бұл «автономиядағылар» «урбанизация» дегеннен де бейхабар. Олай дейтініміз – көшеміздегі көршілердің бірі көшіп, бірі келіп жатса бұнда ондай үрдіс некен-саяқ. 13 үйдің барлығында ежелгі тұрғындар немесе солардың балалары, немерелері. Бұл «Қарасу автономиясы» Қазталовтың этнографиялық ескерткіші деуге де болады. Осы жақта ауданымыз қала берді республикаға танымал адамдар өсіп, ер жетті. Мысал келтірейік. Өңірімізді басқарған Қабиболла Жақыпов, оның туыстары Каримолла Жақыпов, Қазиолла Жақыпов, ұзақ жыл есепші болған Айтжан аға, соғыс ардагері Баташ Балмулдин, қолынан өнер тамған Талап аға, ұзақ жыл редактор болған Зайдолла Қабдығалиев, Салыховтар әулеті , тағы басқалары осы көшенің байырғы тұрғындары болды. Сондай-ақ бүгінгі күнде мемқызметшілердің «ақсақалы» атанған, еңбек кітапшасындағы қызметіне көз жүгірте қалсаң бір күн уақытың кететін «Ақтөкең»(Тұяқ Жалмұқанов) та осы «автономияның» байырғы тұрғыны. «Автономияның» қазіргі күндегі үлкені Жұмажан аға мен Айғаным апа – немере сүйіп отырған жандар. Ал олар жыл сайын бау-бақша өсіріп, ырыздығын татып отыр. Қарасудың бетінде ақ қаздар да қалқып жүр. Күнде олар өздерінің ата-әжелері, аға-апалары жүрген Қарасу көпірінің үстімен «үлкен жермен» байланыс жасайды. Осыны көріп отырып, халқымыздың ерте кездег і бір ауыл болып отыратын дәстүрі елестейді. Сондықтан да «Қарасу автономиясының» тұрғындарына осындай тату-тәтті, жұртқа үлгі болатындай бақытты ғұмыр кеше беріңіздер! — дегіміз келеді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.