АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 27.07.2018


ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ӨТКІЗІЛГЕН БРИФИНГ

Күні: , 80 рет оқылды

26 шілде күні аудандық жергілікті полиция қызметі өкілдерімен брифинг өткізілді. Брифингке қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдері қатысты. Аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция бастығының міндетін атқарушы Бисебай Төлепов ,Қазталов ауылы учаскелік полициясы Нұркен Қалманов 6 айда атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті. 6 айлық қорытынды бойынша аудан аймағында 130 СДТБТ тіркелген, аяқталғаны 119, ашылуы 91,5 пайыз. Ұрлық фактісі бойынша 54 іс тіркеліп, оның ашылуы 91,7 пайыз болса, тіркелген мал ұрлығының 23-інің 22-сі ашылып отыр. Жыл басынан бері ауданымызда «құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидасы бойынша әкімшілік құқық бұзған 987 азамат анықталған. Алдағы уақытта Қазталов және Жалпақтал ауылдарына 8 бейнебақылау қою жоспарлары тұр. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдарда, жеке дүкендерде бейнебақылау қажеттілігі туындап тұр. Полиция қызметкерлері бұдан басқа да атқарылған жұмыстармен құқық қорғау қызметкерлеріне қиындық туғызып отырған мәселелерге тоқталып өтті. Құқық бұзушылықтың алдын алуда халықтың белсенділігі төмен. «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша кездесетін фактілерді дер кезінде тәртіп сақшыларына хабарламайды. Нәтижесінде ауылдың немесе қоғамдық орындардағы мәдениеттілікті сақтауда құқық бұзушылықтар жиі кездесіп қалуда. Әсіресе рұқсатсыз ішімдіктер сату немесе беймезгіл уақытта кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жүрулеріне ата-аналар тарапынан жалпы тұрғындардан ықпал аз. Бір ғана мысал түнгі уақыттарда(жаз айларында) көше бойында, қалтарыстарда ішімдік ішіп отырған адамдардың әрекетін дер кезінде ішкі істер бөліміне хабарлау жеткіліксіз. Аудан орталығының барлық аймағын кезекшілердің бақылау мүмкіндігі жоқ. Осыны ескере келгенде халық көмегі қажет етілуде.  Брифингте «Нұр Отан» партиясы және қоғамдық ұйымдар атынан жергілікті полиция қызметіне сауалдар қойылып, ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, БАҚ өкілдері және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, жиі рейдтер жасау, оны ақпарат құралдарында жариялау, ұсақ бұзақылықтардың жолын кесу үшін түрлі тәжірбиеден өткен әдістерді пайдалану керектігі айтылды.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ТӨРТІНШІ ДЕҢГЕЙДЕГІ БЮДЖЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫ КӨБЕЙДІ

Күні: , 84 рет оқылды

25 шілде күні аудандық мәслихаттың кезектен тыс 24 сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде Қазталов аудандық мәслихатының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы №18-1 «2018-2020 жылдарға арналған ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы мәселе қаралып, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қадер Нұрғалиев хабарлама жасады. Хабарламаға қысқаша тоқталсақ, дербес бюджеті бар округтерге аудандық бюджеттен берілетін трансферттер көлемі 8 млн. 604 мың теңгеге көбейіп отыр. Соның ішінде Қазталов ауылдық округіне — 5 млн. 310 мың, Жалпақтал ауылдық округіне — 5 млн. 302 мың және Бостандық ауылдық округіне — 322 мың теңге қаражат бөлінбек. Сессияда күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық мәслихаттың депутаттары бірауыздан қабылдады. Сессия соңында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков округ әкімдеріне және мамандарына табыс салығынан түсетін кірістерді көбейтіп, округтерде жоспарланған істерді нақтылауға және бюджеттік комиссияға уақытылы ұсынуға тапсырма берді.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАСТАР «МҮЛДЕМ ТӨЗБЕУШІЛІК» ҚАҒИДАТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ДАЙЫН

Күні: , 136 рет оқылды

24 шілде күні «Адал жол – Честный путь» республикалық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында жастармен «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – уақыт талабы» дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде сөз алған аудандлық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Райымбек Нұрекешов — Өзімізге белгілі Елбасымыз Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын бекіткен болатын. Бұл стратегия – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі. Осы стратегияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені жұртшылықтың қатысуымен жүргізілуі қажеттігі айтылған. Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Осылайша әрқайсымыз өзімізден бастауымыз қажет. Сонда ғана біз бұл дертті жеңе аламыз. Ал бұған біз, жастар, бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын бірге қалыптастыруымыз қажет! – деді өз сөзінде. Дөңгелек үстелге қатысушы жастардың да ойы бір жерден шығып, жастар бұл дертпен күрес жолында үнемі өз жұмыстарын адал, таза атқаруға уағдаласты.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


САТЫБАЛДЫЛЫҚ ШӘКІРТТЕР «КҮНШУАҚТА»

Күні: , 72 рет оқылды

24 шілде күні Сатыбалды негізгі жалпы білім беретін мектебінің республикалық байқаудағы жеңімпаздары мен жүлдегер оқушылары Ақбота Қапиет, Наргиз Мақпозова, Айтжан Салауат, Жанерке Фазылова, Зейнеп Шабқат облыстық «Aqjaiyq» телеарнасы «Күншуақ» сазды- танымдық бағдарламасының қонағы болды. Бағдарламада мектеп директоры Қайыржан Ғатауов 2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстарды, әріптестері мен оқушылар жетістіктеріне тоқталса, мектеп ұстазы Үміткер Орынғалиев оқушылардың поэзияға құштарлығын оятудағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Бағдарламада мектептің «Қадыртану» үйірмесінің мүшелері патриоттық бағытта ақындардың өлеңдерін нақышана келтіре мəнерлеп оқып, тікелей эфир арқылы ұстаздарына тілектерін жеткізді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУ

Күні: , 128 рет оқылды

Айбек Жаншаұлы Исламбеков аудан әкімдігі жанындағы бірыңғай конкурстық комиссияның 2018 жылғы 20 шілдедегі №55 хаттамасы негізінде аудан әкімінің 2018 жылғы 23 шілдедегі №149 өкімімен 24 шілдеден бастап Қазталов ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды. АЙБЕК ЖАНШАҰЛЫ ИСЛАМБЕКОВ Айбек Жаншаұлы 1984 жылдың 3 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау ауылында дүниеге келген. 2005 жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Заңгер» мамандығы бойынша білім алған. 2014 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы халық щаруашылығы және мемлекеттік қызмет Ресей академиясының юриспруденция магистрі. Еңбек жолын 2004 жылдан 2009 жылға дейін Батыс Қазақстан соттар әкімшісі Шыңғырлау аудандық сотында маман, жетекші маман қызметінен бастаған, 2009-2010 жылдары Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы, 2010-2013 жылдары Орал қалалық маслихаты аппаратының бас маманы, 2013 жылдан күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар, құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы, терроризмге қарсы комиссия жұмысы бөлімдерінде бас маман және мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспектор қызметін атқарып келді.  

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАС ҮШІН

Күні: , 62 рет оқылды

24 шілде күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен кезекті кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Мәжілісте 2018-2019 ж. жылыту маусымына дайындық жұмыстары туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов, аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Темірғалиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Иманғали, аудандық орталық аурухана директоры Қайырбай Алтаев, аудандық аурухана директорының орынбасары Сәлім Қалиевтер атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады. Хабарламаға құлақ түрсек, ауданда 41 мектеп жұмыс жасап тұр. Білім ордалары негізінен көгілдір отынмен жылытылса, 19 білім ордасы қатты отынмен жылытылады екен. Алдағы оқу жылында 345 тонна сұйық отын алу қажет етілсе, 815 тонна қатты отын алынбақшы. Мектептерді қажетті отынмен қамтамасыз ету үшін аудандық білім беру бөлімі қатты және сұйық отындарға сатып алу конкурстарын өткізіп, келісім шарттар жасаған. Сонымен қатар ауданның табиғи газбен жағылатын мектептері, балабақшаларының газ есептегіш қүралдары мен сигнализаторлары құралдарын тексерістен өтуде. Ал мәдениет саласы бойынша 51 тонна сұйық және 193 тонна қатты отынды сатып алу конкурсы ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде. Бұнымен қоса Қазталов, Жалпақтал және округтердегі денсаулық сақтау ғимараттарында қысқы мерзімге әзірлік жұмыстары атқарылуда. Мәжілісте жасалған хабарламаларды тыңдай келіп, аудан әкімі Абат Абайұлы кейбір мәселелерге салалық мекемелердің назарын аудартты. Атап айтқанда, білім беру және мәдениет орындарының кейбіреулері әлі күнге дейін қысқы мерзімге әзір емес. Мәселен, Тереңкөл орта мектебінің қазандықтары жөндеуді қажет етуде. Болашақ, Қарасу ауылдарындағы мәдениет үйлері қыс айларында салқын болады. Ал осындай тұрақты жылылық жоқ орындарда тиімді жұмыстар жүргізіледі деп айтуға бола ма?! Қыс айы жайбарақаттықты көтермейді. Сондықтан жаз айының тиімді уақыттарын пайдалана отырып, әлеуметтік орындар қыс айына сақадай сай болу қажет. Бұл жұмыстардың қорытындысы тиісті мекеме басшыларынан сұралатын болады, – деді аудан әкімі. Аудан әкімдігінің мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

Күні: , 172 рет оқылды

24 шілде күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының басшысы Райхан Ибраева мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ қызмет көрсету бөлімінің басшысы Әлия Кожумованың қатысуымен ҚР зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы жиналыс өтті. Жиналысқа ауылдық округ әкімдері, мекеме бөлім басшылары қатысты. ҚР-ның зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мақсатында БҚО-ның әкімдігі мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылған еді. Осы меморандумға сәйкес алдағы уақытта жергілікті тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, зейнетақы жинақтарының негізі және салымшының құрметті демалысқа шыққан кездегі тіршілігін қамтамасыз ету көзі ретінде зейнетақы жарналарының тиімділігін насихаттау бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыру көзделуде. Бұл мәселе туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының басшысы Райхан Ибраева жан-жақты түсіндіріп өтті. Қаралған мәселе бойынша түрлі сауалдар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылды. Гүлнұр ҚАЗБЕК

Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.