АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 24.07.2018


СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНЫМЫЗДА

Күні: , 82 рет оқылды

23 шілде күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ерболат Мұқаев жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары өз жұмыстарын Жалпақтал аулында былтырғы жылы күрделі жөндеуден өткен № 15 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысудан бастады. Бұдан кейін депутаттар Жалпақтал аулының Байқоңыр көшесіндегі салынып жатырған 12 пәтерлік 2 қабатты үйге соғып, құрылыс жұмыстарын өз көздерімен көрді. Сонымен қатар Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған саябақтағы «батырлар аллеясы» мен қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың ескерткішіне келген депутаттар туған ауылдың перзенттері ауылдарына жасаған жақсылықтарына оң бағаларын берді. Жалпақтал аулындағы атқарылған істерді аралап шыққан Нариман Төреғалиев пен Ерболат Мұқаев Жалпақтал мәдениет үйінің фоесінде қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл ақсақалдары және мекеме басшыларымен кездесті. Кездесуде халық қалаулылары Қазақстан Республикасында қабылданып жатырған жаңа заңдар мен өзгерістер туралы мағлұмат бере келе, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Ат басын аудан орталығы Қазталов бағытына бұрған Сенат депутаттары жолдан Жаңажол ауылына соғып, күрделі жөндеуден өтіп жатырған кіре беріс және ауыл ішілік жолдардың құрылысымен танысты. Аудан орталығына келген Сенат депутаттары былтырғы жылы пайдалануға берілген 100 орындық интернатқа соғып, құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылғанына куә болды. Сондай-ақ осы интернаттың қасында салынып жатырған саз мектебіне барған депутаттар құрылыс жұмысын атқарып жатырған «ЖолаушыЖол» мекемесінің уәкілдерімен кездесті. Аудандық тарихи-өлкетану музейіне келген халық қалаулыларына қойылған экпонаттар туралы музей жетекшісі Назкеш Адаялиева қызықты әңгімелеп берді. Сенат депутаттары жұмыс сапарларын «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында қортындылап, аудан активімен кездесті.

Қайрат ЖАҚЫП


СЫРА ІШТІ, ШӨЛМЕГІН КӨШЕГЕ ЛАҚТЫРДЫ

Күні: , 74 рет оқылды

14 маусым күні Р. – деген азамат Нұрсай ауылы, Т.Аубакиров көшесі № 1 үйдің жанында, жаяу жүргіншілер жүретін жолда, яғни қоғамдық жерде «Нұржанар» сырасының бос шөлмегін лақтырып, өзінің іс-әрекетімен төңірегіндегілерге сыйламаушылықты білдіріп, ұсақ бұзықылық жасаған. Сот мәжілісінде құқық бұзушы Р. өзінің жасаған әкімшілік құқық бұзушылық іс әрекеттерін және кінәсін толығымен мойындады. Қазталов аудандық соты Р. – ды ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған үшін кінәлі деп танып, осы баппен 1 (бір) тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы қаулы шығарды.Сөйтіп, ол бір күнін қамауда өткізді. (Деректер аудандық соттан алынды). Р.S Біз соттан алынған осы бір материалды жариялай отырып, осындай келеңсіз жағдайдың тек Нұрсай ауылында ғана емес барлық ауылдарға да тән екенін айтқымыз келеді. Аудан орталығындағы саябақтарда, дүкендердің алдында, үйлердің аула-қораларының артында бос шөлмектерден аяқ алып жүргісіз болып қалады. Ал бұл бос шөлмектерді «босатып» жатқан өзіміздің замандастарымыз немесе жасы үлкен ағаларымыз. Олар айналасын сыйлайтын болса, бұндай әрекеттерге бармас еді. Бірақ,әттең, олардың бұған ар-ождандары жетпей тұр ғой…

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ҰЛЫТАУДЫ ТАНЫТҚАН ҚАЗАҚТЫҢ ДОМБЫРАСЫ ДЕР ЕДІМ

Күні: , 72 рет оқылды

» Біз өз тарихымызды білуге барымызды салып келеміз. Өткен тарихтың бір куәгері — Ұлытау жері. бұл мекенді әркім білуі тиіс» -деген еді Елбасымыз. Ұлытау есімі ежелгі грек тарихшысы Герродоттан бастап,батыс,шығыс шежірелерінің жазбаларында ұшырасады. Ұлытау — бүкіл қазақ әлемінің тура географиялық ортасы, дәл кіндігі»- деп жазуы тегін емес. Көне дәуірінде Алаш аталған мемлекеттік орталығы Ұлытауда болған.Қазақ хандығының негізгі салған Керей мен Жәнібек хандардың қыстауы Шу бойында, жайлауы Ұлытауда болған екен. Әйгілі Әз тәуке осы Ұлытаудың басында ақ киізге көтеріліп,Үш жүздің ханы болып сайланған. «Ақтабанды шұбыранды Алақакөл сұламаға» ұшыраған киіз туырлықты қазақ жұртының басын қосып,Қаздауысты Қазыбек, Төле,Әйтеке билер басқыншы жауға қарсы күрес бастағанда ,осы Ұлытаудан өріс алған. Арғанаты тауының етегіндегі балбұлақтың басында Үш жүздің көсемдері кеңес өткізіп, елді бәтуә, бірлікке шақырып, азаттық жолындағы майданды бастаған. осындағы таңбалы таста алты алты алаштың рулары таңбасын түсіріп, берекелі ел болуға ант берген. Сондықтан Ұлытауды Үш жүздің басын қосқан қасиетті мекен деп айтамыз. Енді осындай үш жүздің басын қосқан киелі жерді әлемге қалай танытып жүрміз? Мен айтар едім. Ұлытауды танытып жүрген Қыдырәлі Болманов құрған «Ұлытау» тобы. Бұл өнер тобы қай елге болмасын астамшылықпен қарайтын америкалықтарды таңқалдыра білді. 2001 жылы Голливудта өткен Бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында Бас жүлдені жеңіп алды. Түрлі аспаптармен бірге қазақтың қара домбырасы өнер көрсетті. Алпауыт елдің аспанында қазақтың күйі қалықтады. Өзіміздің өңірімізден шыққан «Жұмыр-Қылыш» күйі орындалды. Ағылшындар тілі келмесе де -Браво! Браво!Ұлытау! -деп қол соқты. Міне қасиетті өнердің арқасында кең жазиралы қазағымның басын біріктірген Ұлытау Америкада да айтылды. Ал осындай елімізді насихаттауда өнер, соның ішінде домбыраның да үлесі зор. Осыны біле білген Елбасымыз күні кеше ғана шілденің бірінші жексенбісін «Ұлттық домбыра» күні деп атады. Ауданымызда да бұл істер жалғасуда. Оны өткенде де жазып жүрмін, алдағы уақытта да жазылатын болады.

Әсемгүл ЖҰМАБАЕВА, «Нағыз қазақ – домбыра» айдарын жүргізуші


ПАЛУАНДАР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

Күні: , 96 рет оқылды

21 шілде күні Орал қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында және «Спорт-нашақорлыққа қарсы күрес» ұранымен қазақ күресінен 2006-2007 жылы туылғандар мен 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер мен кадеттер арасында қалалық ашық турнир өтті. Ауданымыздан жасөспірімдер қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Елгезек Жасталап пен Ершат Омарғали 26 келі салмақ дәрежесінде, Ербақыт Батырғали 23 келіде және Мейрамбек Батырбек бауырымыз 29 салмақ дәрежесінде 3 орынды иеленіп отыр. Жас палуандарды күреске баулып жүрген жаттықтырушы Орақ Хабибуллиннің еңбегі зор. Ал жаттықтырушы Ерасыл Фатиховтың оқушылары Ұлан Жасенов 35 келі салмақ дәрежесінде 2 орынды алса, Ескендір Қайыржанов 38 салмақ дәрежесінде 1 орынды иемденіп, ауданымыздың атын тағы бір белеске көтерді. Ауданымыздың атын шығарып жатқан жас палуандардың алар асуы мол, бағындырар белесі көп болсын дейміз.

Жұлдыз АСҚАР


ТӘЖ МАХАЛ. ВАНДАЛИЗМНІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛА МА?..

Күні: , 100 рет оқылды

Жақында әлеуметтік желіде Үндістан елінің жоғарғы соты мемлекеттен Тәж Махалды орнынан сүріп (алып ) тастау туралы ұсыныс жіберді. Әлем халқы үшін «Махаббаттың еліне» айналған бұл мемлекеттен осындай ұсыныстың шығуы тосын жағдай болды. Тәж Махал деген қандай ескерткіш? Жамуна өзенінің алабынан жоғары жатқан кереметтей, жарқыраған ұлы ғимарат Тәж Махал кесенесі – Үнді сәулет өнерінің тамаша үлгісі ғана емес, бүкіл жер жүзінің мақтанышына айналған, әлемдегі жеті кереметтің бірі. 1630 жылы басталған кесененің құрылысы 22 жылға созылған. Таң шапағымен қызғылт түске, күндіз ақ шаңқан, түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір, ақ мәрмәрді Аградан 300 шақырым жерден алдыртқан екен. Ең кереметі кіре берістегі Құран сүрелері қара ақықтан, ал қабырғалардағы әшекейлер мен гүлдер қызғылт ақық, малахит, жақұт, нифриттен жасалып, мәрмәр тастың ішіне ойып салынған. Әлемдегі ең кесек алмас тас (бриллиант) «Кох-и-Нұр» осы мазарда тұрған. Он тоғыз жыл отасып, он үш құрсақ көтерген, он төртінші перзентін дүниеге әкелерде аяулы жар-қосағы Мұмтаз қаза болғанда, Үндістанның әйгілі билеушісі Жаһан шахтың ертегідей патшалығынан өзегін өртеген қайғысынан айықтырар ештеңе табылмаған: ұлы мемлекетті уысында ұстаған билік те, көл-көсір алтын, күміс, асыл дүние де, үндінің хор қызындай қылықты арулары да жұбаныш бола алмаған. Сыңарынан айырылған аққудай болған патша сүйіктісіне арнап, кейін әлемдегі жеті кереметтің біріне саналған Тәж Махал (ΧVII ғ.) ескерткіш-ғимаратын салдырып, өмірінің ақырына дейін соған қарап, шерін тарқатып өткен екен. Былайша айтқанда қазақтың сайын даласындағы «Қозы-Көрпеш-Баянсұлу» мазарын елестетеді. Ал бұл мазар екі жастың адал махаббаты болып біздерге жетті емес пе?!. ХХI ғасырда , өркениеттің жоғары дамуына жеткен кезде жер-жерде вандализм күшейіп бара жатырғанын көзіміз көріп, естудеміз. Сонау тәліптер Ауғанстанға билік жүргізіп тұрған кезде тауға қашалып жасалған Будда құдайының ескерткішін қиратса, Вильнюсте Кеңес жауынгеріне қойылған ескерткішті орнынан алып тастады. Ал кешегі Сирия соғысында адамзаттың ортақ қазынасы Пальмира қаласы тас-талқан болды. Міне бұның өзі бүгінде өркениеттің даму жолында, соның ішінде адам баласының сана-сезімі жоғарылаған сайын болып жатырған құбылыстар. Ал осы әрекеттерді немен ақтап алуға келеді? Ешқандай ақтап ала алмайсың. Осы орайда елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ойлар адамзатты жөнсіз әрекеттерден сақтануға да үндегендей болады. Соның бір нәтижесі бағдарлама аясында туған жердің әрбір тасын, тарихын, шежірелі жолын түгендеу үшін көптеген істер атқарылуда. Сондықтан да осындай жер-жаһандағы келеңсіз әрекеттер болмау үшін әрбір қазақстандық азаматтың бойында рухани сілкіністер мол болса екен дейміз.

Әсем БОЛАТ


ГҮЛ ӨСІРУ – ТЕМІРБОЛАТ АҒАНЫҢ СҮЙІКТІ ІСІ

Күні: , 62 рет оқылды

«Отан отбасынан басталатынындай» туған жерін гүлдендіру адамның өз үйінің айналасын ажарландырудан басталады. Үйінің ауласын хош иісті әр түрлі гүлдермен безендіріп, туған жерін көркейтуге үлес қосып жүрген ауылымыздың тұрғыны, зейнеткер Темірболат Нұғманов ағамыз өзгелерге үлгі боларлықтай. Неге дейсіздер ғой? Темірболат ағаның үйіне бара қалсаңыз, ауладағы әсем гүлдерге бірден көзіңіз түседі. Гүл — әсемдіктің, сұлулықтың белгісі ғой. Ал сол әдемілікке жаны құмар зейнеткер үйінің ауласын гүлзарлы саябаққа айналдырмаса да гүлді ерекше күтіп, баптағанды әуел бастан-ақ ұнатады екен. Темірболат ағаның айтуынша, отбасы мүшелерінің барлығы ауладағы гүлдерге үнемі қажетті күтім жасап, оларға ерекше қамқорлықпен қарайды. Күніне кем дегенде бір-екі рет суарып тұрады. Әзірге раушан, райхан гүлдерін өсірсе, алдағы уақытта өзге де гүлдерді өсіруді жоспарлауда. Гүл өсіру менің сүйікті ісіме айналды десе де болады. Адамдар ерінбей еңбек етсе ғана, айнала әдемі көріністерге бөленіп, адамның жанына ерекше көңіл-күй орнайды, -дейді Темірболат аға. Оның алыстан әсемдігімен көзге түсетін көрікті ауласына барлық ауылдастары әрқашан қызыға қарайды. Ауласындағы әрбір ашылған гүл оның көңілін қуанышқа толтырады екен. Міне, табиғатты жаны сүйіп, жан-дүниесі әрбір әдемі гүлден нәр алатын Темірболат аға барша ауылдастарын тамаша табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырады.

Әсем БОЛАТ


ӘЖІБАЙДА ФАП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ (ПЕРЗЕНТТЕРДІҢ ТУҒАН АУЫЛДАРЫНА ТАРТУЫ)

Күні: , 70 рет оқылды

Былтырғы жылы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Бірік ауылдық округінде «Жерлестер форумы» өткізілген болатын. Туған жерде бас қосқан төл перзенттер туған ауылдарына қолдарынан келгенше көмек беретіндіктерін айтқан болатын. Солардың қатарында облысымызда еңбек етіп жүрген ағайынды Сыралиевтердің отбасын атап айтуға болады. Ағайынды жігіттер былтырғы уәделеріне тұрып, округ орталығында фелдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысын бастайтын болып шешкен еді. Енді, міне сол уәде орындалып, 21 шілде күні Әжібай ауылында осы нысанның алғашқы кірпіші қаланды. Бұл қуанышты оқиға орын алған күні құрылыс басына аудан әкімі Абат Шыныбеков келіп, іргетасы қаланып жатырған нысанды аралап көрді. Аудан әкімі өз қаражаттарына құрылыс салып жатырған ағайынды Сыралиевтердің үлкені Асқармен кездесіп, құрылыс жұмыстары туралы сөйлесті. Айта кетуіміз керек, бұл құрылыс нысанының жобалық құны 15 млн. теңгені құрап отыр.

Қайрат ЖАҚЫП


ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ

Күні: , 102 рет оқылды

19 шілде Қазталов ауылдық әкімдігінде көші –қон қызмет тобының аға инспекторы,полиция капитаны Балуан Жайнов, шекара қызметі бөлім басшысы майор Бақытжан Шаденов, Жәнібек аудандық ҰҚК бөлім басшысы,майор Иденов Бауыржан тұрғындарға «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы » заңына сәйкес шекара қызметі туралы түсінік беру жұмыстарын жүргізді. Күн тәртібінде шекара қызметі туралы заң, шекаралық белдеуде орналасқан елді мекендердің шекара мәселесі,заңсыз шекараны кесіп өтпеу, шекарадан малдың өтіп кетпеуін қадағалап, қажетті рұқсат қағаздары мен жеке куәліктерін өздерімен бірге алып жүруі туралы мәселелерді қарады. Сонымен қатар шекарадағы қаіпсіздікті сақтау үшін және осы елді-мекеннің қаіпсіздігі үшін жергілікті тұрғындардың қыралығы аса қажет екенін және жергілікті шекарашыларға көмектесу қажет екені тілге тиек етілді. Жиын соңында ауыл тұрғындарына шекара заңдылықтары мен талаптарын сақтау мақсатында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң талаптарын бұзбауға шақырды. Жиын барысында ауыл тұрғындары шекара мәселесіне қатысты қойған сұрақтарына толық жауап алып, шекара қызметінен келген өкілдерге ризашылықтарын білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ

Күні: , 62 рет оқылды

» Нұр Отан» партиялық жобасы аясында ҰОС ардагері Сәрсенбиев Жұмат атаның жағдайы мен денсаулығын білу үшін Жалпақтал бастауыш партия ұйымы кеңесшісі Ләззат Абуханова мен дәрігер Айнұр Наурызғалиева ардагер шаңырағында болды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫЛДЫРҒАН «ЖАСЫЛ ЕЛ»

Күні: , 72 рет оқылды

«Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз мақсатынан тайған емес. Қаншама студенттерiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, туған жерлеріне қызмет жасауда. Бiр жағынан елiмiздi гүлдендiруге, көгалдандыруға атсалысса, екiншiден әрбiр жас өзiнiң бос уақытын игі іске жаратып жатқаны қуантарлық жәйт болып отыр. Осы орайда ауданымызда «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы жанданып келеді. Бір ғана мысал, биылғы жыл жарқын жоба қолға алынғаннан бастап Қазталов, Жалпақтал ауылдарында 20 студент жасағы жұмыспен қамтылып, бірнеше саябақтар мен тоғандар тазартылуда. «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Бинұр Рахметова, -Мен «Жасыл ел» бағдарламасына қатысып отырғаныма биыл екінші жыл. Былтырғыға қарағанда биыл өзгерістер көп. Жылдағыдан қарағанда жастардың жұмысқа деген құлшынысы өте жоғары, -деді. -Болашақта «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамында белсенділік танытқан жастарды көтермелеу, еңбекқорлыққа шақыру бағытында ауданның белсенді жастарымен басқа да жұмыстар жүргізуді жоспарлаудамыз, -дейді жастар ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов. Сондықтан да болашағы бар «Жасыл елдіктердің» мерейі жасай берсiн! дей келе, еліміздің көркеюі мен гүлденуіне үлестерін қосып жүрген жігерлі де ынталы жастарымыздың еңбектері жемісті боларына сенеміз.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.