АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 11.07.2018


ХАБАРЛАНДЫРУ

Күні: , 76 рет оқылды

Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі 2018 жылғы  1 шілдеден бастап ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақыны беру үшін өтінімдерді қабылдайды. Қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыны беруге келесі бағыттар бойынша конкурс өткізу туралы хабарлайды: 1) білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу; 2) азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау; 3) қоршаған ортаны қорғау; 4) жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау; 5) отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу; 6) халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау; 7) жетім балаларға, толық емес және көп балалы отбасылардағы балаларға көмек көрсету; 8) халықты еңбекпен қамтуға жәрдемдесу; 9) азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау; 10) мәдениет пен өнерді дамыту; 11) тарихи-мәдени мұраны қорғау; 12) қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту; 13) өздерінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету кезінде пробация қызметтеріне жәрдемдесу; 14) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу; 15) азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу. Байқауға Қазақстан Республикасында тіркелген және Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына мәліметтер ұсынған үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады. Бір үкіметтік емес ұйым бір номинациядан артық сыйлықақыны алуға  ұсыныла алмайды. Сыйлықақы алғаннан кейін үш жыл ішінде оны алу үшін қайта ұсынуға жол берілмейді. Бір номинация бойынша сыйлықақы бір немесе бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін. Бұл жағдайда сыйлықақы олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықақыны алу үшін өтінімді ұсынуға арналған тізбе мыналарды қамтиды: 1)   өтініш (осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес  нысан бойынша бірінші басшы немесе оның міндетін атқаратын адам қол қойған үкіметтік емес ұйымның ресми бланкісінде); 2)   осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес сыйлықақыға үміткердің сауалнамасы; 3)   осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес сыйлықақыға үміткердің қызметі туралы сипаттама (растайтын материалдармен бірге); 4)   соңғы 3 (үш) жыл ішінде ұсынылған бағыт бойынша іске асырылған жобаларды және бірлескен жұмыс барысында қол жеткізілген нәтижелерді растау мақсатында байланыс деректері көрсетілген қоғамдастық (үкіметтік емес ұйымдар) және (немесе) мемлекеттік органдар өкілдерінің ұсынымдары (екіден кем емес); 5)   үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы құрылтай құжаттарының және куәлiгiнің (анықтаманың) көшірмелері; 6)   банк шотының болуы туралы анықтама (түпнұсқа). Сыйлықақыны алу үшін үкіметтік емес ұйымдарды ұсыну жөніндегі өтінімдер Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам комитетіне қағаз және электронды жеткізгіштерде (СD-дискілерде не USB-флеш-жинақтағыштарында DOC, DOCX, Pdf форматында) 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 1 қыркүйек аралығында келесі мекенжай бойынша қабылданады: Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 15-кіреберісіндегі 265-кабинет. Анықтама телефондары: +7 (7172) 74 05 11, 74 09 97. Естеріңізге саламыз, ағымдағы жылғы 13 маусымда Мемлекет Басшысымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылды. Заңның қабылдануымен сыйлықақы алуға ұсынуға үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі кеңейді. Бұрын сыйлықақы алуға ұсынғаннан кейін үш жыл ішінде конкурсқа қатысуға шектеу болатын. Заң қабылданғаннан кейін өткен жылы сыйлықақы алуға ұсынылған, бірақ жеңімпаз болып табылмаған үкіметтік емес ұйымдар, келесі жылдары да сыйлықақы алуға ұсынуға мүмкіндік алады.  Қағидаға келесі сілтеме бойынша орналасқан https://diakom.gov.kz/kk/content/buyryktar

АҚЖАЙЫҚТАҒЫ АУМАҚТЫҚ СЕМИНАР

Күні: , 102 рет оқылды

Бүгін Ақжайық ауданында БҚО Қазақстан Халқы Ассамблеясының аумақтық семинары өтті. Семинарға Ақжайық, Қазталов ауданы әкімдерінің орынбасары, ішкі саясат бөлімдері, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, этномәдени бірлестіктер құрамы, медиаторлар, ақсақалдар, аналар, жастар кеңестері қатысты. Семинарда Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов ауданда қоғамдық келісім кеңестері бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталды. Осы орайда БҚО Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, — Қоғамдық келісім кеңестерін жаңа белестерге көтеріп, жұмыстарын әрі қарай дамытуымыз қажет. Сол себептен де бүгінгі семинарды да практикалық тәжірибе алмасу бағытында өткізіп отырмыз. Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің құрамында 54 адам бар. Бұл кеңестің құрамында бар адамдар ауылдағы саяси-ахуалға талдау жасап, қандай да болмасын мәселелердің оң шешімін тауып отыруы қажет. Яғни, елдің бірлігін ұйымдастырып, қадағалап отыратын идеялогиялық жұмыс болып табылады, — деді. Сонымен қатар семинарда БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы туралы баяндаса, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторы Алуа Ғилыманқызы медиация жөнінде, ал облысымыздағы ғылыми-сараптамалық топтың жұмысы туралы Асия Төлеубайқызы айтып өтті. Семинарда Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының бастау алғаны туралы да айтылып, жастарды жаңа қырынан танытуға және жаңа жобалар ұсынуға шақырды. Семинарда Жалпақтал ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Жамбыл Нұғманов қоғамдық кеңестің жұмысын жандандырып, халыққа тиімді болуы үшін тек газет бетінде ғана емес, теледидардан тікелей эфирде ашық пікір алаңы ұйымдастырылса екен деген ұсынысын білдірді. Семинарға қатысушылар сұрақтар қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жұлдыз АСҚАР


ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 62 рет оқылды

10 шілде күні «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалының төрағасы Абат Шыныбеков аудан тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға 8 тұрғын тіркеліп, олар тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу сұрақтарын қойды. Қабылдау кезінде аудан әкімі жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша, — Біз тұрғын үйді кезегімен береміз. Келер жылы тұрғын үйлер салынбақшы. Ең алдымен кезекте тұрған тұрғандарды қамтамасыз етеміз. Кезектен тыс үйлер берілмейді. Ал тұрақты жұмыс туралы айтсақ, жұмыс алдымен мамандықты қажет етеді. Сондықтан біздер кәсіптік білім беруді қолға алып отырмыз. Кәсіптік білім алған соң жұмысқа жіберілетін болады. Жұмыс қай жақтан табылса да азаматтар баруы қажет,- деді. Тұрғындардың көтерген мәселелері тиісті заңдылық талаптарға сай шешімін табатын болады.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ШӨП ЖОҚ ДЕП АУЫЗДЫ ҚУ ШӨППЕН СҮРТУГЕ БОЛМАС. БҮГІНГІНІҢ СКОРОДУМОВЫ ҚАЙДА?..

Күні: , 80 рет оқылды

Қазіргі күнде шаруа қуған адамдар мал азығын дайындаудың қамымен жүр. Алдағы қыс айының қандай болатынын бір Алла біледі ғой. Ал өткен қыс өзінің ұзақтығымен және қар аралас жаңбырымен мал баққан шаруа адамдарын әбігерге салғанымен есте қалары сөзсіз. Енді бұл жағдайды қайталамау үшін жаздың әрбір күнін тиімді пайдалану – басты мақсат болуда. Осы орайда ауданымызда мал азығын дайындаудың жұмыстары қарқынды жүруде. Ауданымыз бойынша 350 мың тонна табиғи мал азығын дайындау жоспары тұрса, осы жұмыстарды атқаруға 260-қа жуық техникалар іске қосылуда. 16 округтегі мал азығын дайындаудағы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Тереңкөл ауылдық округі — 29 пайыз орындаумен алда келеді екен. Сонымен қатар жеке тұрғындар да қолдарындағы малдарына мал азығын дайындау үшін күн-түн демей білек сыбана кірісуде. Мәселен Қазталов ауылының жанындағы Солдаткөлдің 260 га (суармалы көл) жері 181 тұрғын адамдарға бөлініп берілді. Биылғы жылы су шығарылғандықтан болар шөптің түсімі де жаман емес. Гектарынан 7,5 центнер шөп дайындалуда. Бұнымен қоса ауданның шаруа қожалықтары далалық шабындықтардың да шөбін шабуда. Енді осы жерде аздап шегініс жасайық. Өткенде Бірік ауылдық округінің Саралжын елді мекенінен бір ағайынды кездестіріп қалдым. Сонда оның айтқаны: -Шөп жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Даярлай білсек қысқа жететін табиғи шөп бар, -деді. Расында да тиімді жинай білсе Жер-Ананың төсінде малға азық болар шөп көп қой. Бала кезімізде көре қалдық Қазталов ауылындағы Ихсанов көшесінде Скородумовтар отбасы тұрды. Соның отағасы күн сайын велосипедпен қапшықтап сай-саланы қол орақпен шауып, қолындағы бір-екі сиырына шөп дайындап алатын. Ал бүгінде осындай еңбекқор адамдар азайып бара жатқан сияқты көрінеді. Айналамызға зер салсақ, техника бара алмайтын сай да, тоғанның, жолдардың жағасы да толып жатыр. Ал сол жерлерде көк құрақтар жайқалып тұр емес пе? Тек оған ниет керек, ынта керек. Міне, осындай жұмыстарды өзіміз ұйымдастырып, өзіміздің шаруамыз үшін жасасақ, алда келе жатырған қыстан қиналмай шығарымыз сөзсіз.

Әсем БОЛАТ


ОБЛЫСТЫҚ «КҮМІС ШАБАҚ – 2018» ЖАС ВЕЛОСИПЕДШІЛЕР САЙЫСЫ АУДАНЫМЫЗДА ӨТУДЕ

Күні: , 100 рет оқылды

9 шілде күні Қазталов ауданында облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған велосипед туризмі техникасынан облыстық «Күміс шабақ – 2018» жарысы өз жалауын көтерді . Туризм – мемлекет жарнамасы. Соның ішінде балалар жасөспірімдер туризмі – ішкі туризм мен туристік мәдениетке тәрбиелеудің негізі болып табылады. Балалық шақтан бастап түрлі туризм түрлерімен айналысу – бала бойындағы азаматтылықты, ұлтжандылықты, мейірімділікті туристік мәдениет арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Ал бүгінде ауданымызда өтіп жатқан оқушылар арасындағы велосипед туризмін, Елбасының ішкі туризмді дамыту жөніндегі салуатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы облыстық «Күміс шабақ – 2018» велосипедшілер сайысына 9 аудан командасы қатысуда. Атап айтсақ, Ақжайық, Бөкей Ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Зеленов, Қазталов, Қаратөбе және Тасқала мен Орал қаласының командалары. Сондай-ақ, веложорық қатысушылардың туристік шеберліктерін жетілдіру және веложорық қауіпсіздігін арттыру міндеттерін көздеуде.Үш күнге созылатын жарыс 3 кезең бойынша қатысушылардың жылдамдықтары мен ептіліктерін сынға салатын болады. Облыстық «Күміс шабақ – 2018» велосипед туризмі техникасы жарысы «Мәнерлеп жүру», «Триал», «Велобағдарлау» қашықтығынан өту кезеңдерін қамтиды. Облыстық жарыстың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова жарысқа қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан соң педагогика ғылымдарының кандидаты, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин сөз сөйлеп, аталмыш жарыстың оқушылар арасында достық қарым-қатынасты нығайтатындығына сенім білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ШАБЫНДЫҚТА – ШАЛҒЫ СЫРЫЛЫ

Күні: , 74 рет оқылды

«Қыстың қамын жазда ойла» деген қазақ мәтелі бекерге айтылмаса керек. Ауданымызда шөп шабу науқаны басталып та кетті. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуді көздеген шаруалар бүгінде еңбек майданының бел ортасында. Осы мақсатта біз Қараөзен ауылдық округіне қарасты «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Тұрарбек Татпановтың шаруашылығында болған едік. Шөп шабу науқаны басталысымен аудандағы барлық округтер шаруагерлеріне өздеріне тиесілі жерлерін белгілеп, шабындыққа шалғы түсірді. Біз аралаған Тұрабек Татпанов шапқан шөптерін жинап, қыстақ орындарына тасып алу қамында екен. Ал, енді бірі пішенін саттыққа шығаруға дайындап жатты. Таңмен таласа тұрып, ерте еңбекке араласатын пішеншілер жұмысы оңай емес. Қожалық жектшісінің айтуынша, қазір бригадада үш адам екі трактормен жұмыс жасауда. Өрт қауіпсіздігін сақтай отырып, мол өнім алуды көздеген бұл қожалық артылған шөпті саттыққа да шығармақшы. Шабындықта – шалғы сырылы басталып, мал азығын дайындау барысында басты қаперге алатыны – қауіпсіздік. Өткен жылдары қауіпсіздікке салғырт қарау салдарынан дала өрті өршіп, шабындық жермен қоса адам өлімі мен біраз малдар отқа оранған болатын. Біз аралаған қожалықта шөп шабу техникалары қызу жұмыс үстінде екен. Тракторшылар өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өрт сөндіргіш құрал, киіз, сапалақ, күрек секілді керек-жарақтарын өздерімен бірге алып жүр. -Маңдай термен келген еңбектің қызығын көремін деген шақта шапқан шөп пен техниканы «тілсіз жау» жалмап кетсе, кім-кімге де оңай тимесі анық. Сондықтан, әр шаруагер еңбегі еш кетпеуі үшін қауіпсіздікті қатаң сақтағаны абзал. Таңмен ерте тұрып, күннің ыссылығында демалып, кешкі салқынмен жұмыстар атқарып лтырмыз. Бүгінде бес адамды жұмыспен қамтып, биыл 2000 рулон жиануды жөн көріп отырмыз. Қыстағы табиғаттың тосын мінезіне дайын болуымыз қажет,-дейді бізбен әңгімелескен «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі.

Аман ЕСЕН


ЖОЛАУШЫЛАР ДƏМ ТАТСА, ШАРШАМАЙ ЖЕТЕРІ СӨЗСІЗ

Күні: , 84 рет оқылды

Аудан орталығындағы кәсіпкер Мәншүк Малаеваның халыққа қызмет жасайтын дүкендерін жұртшылық жақсы біледі. Əсіресе, оның дүкені жыл бойына тұрғындарды ет өнімдерімен қамтамасыз етуде үзіліс болып көрген жоқ. Сондықтан да тұтынушылар Мәншүкке риза. Дүкенде ет өнімдерінен дайындалған қуырдақ, қазы, кептірілген құйрық майлары тағы басқа да өнімдер жеткілікті. Мəншүктің Шайханасы да адамдарға сапалы қызмет жасауда. Қазіргі жаздың аптап ыстығында сусынның барлық түрі тұр. Сонымен қатар ыссы, қою шай мен жаңадан пісірілген бауырсақ та жолаушыларға дəмді мəзір болуда. Мəншүк: — Енді жолаушыларға салқын көже(қамыран) əзірлеуді қолға алайын деп отырмын. Себебі ұлтымыздың сүттен жасалған көжесі адам денсаулығына пайдалы əрі таптырмас сусын,-дейді. Міне, жаз айында жолаушылап келген жолаушылар осындай салқын шайханадан дəм татса, баратын жерлеріне шаршамай жетері сөзсіз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМДІ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Күні: , 70 рет оқылды

Қазіргі таңда әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – діни экстремизм мен терроризм қаупі екендігі көпшілікке аян. Ғаламдық бұл қауіп-қатер қоғамға саяси, экономикалық, моралдық шығындар әкеліп, үрей тудыруда. Әсіресе, терроризм қаупі XX ғасырдың 60-жылдарынан бастап күшейе түсті. Әлемнің көптеген аймақтарында экстремистік топтар мен ұйымдар қанқұйлы терактілер жасау арқылы өз мақсаттарына қол жеткізгісі келді. Бүгінгі күні жаһанда 500-дей экстремистік ұйымдардың бар екені белгілі болып отыр. Осы тұста 5 шілде күні аудандық орталықтандырылған кітапханада Қазталов аудандық ішкі саясат бөлімі және аудандық пробация қызметінің инспекторы Салауат Байдоллин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев пен теолог маман Есбол Сақауовтың бірлесуімен пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалармен терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Кездесу барысында дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер арасындағы айырмашылықтар, деструктивті діни ағымдардың теріс әсері, қоғамда дәстүрлі конфессиялардың маңыздылығы жайлы мәселелер талқыланды. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша бейнекөрініс көрсетілді. Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал. Біздің қазақи көшпенді мәдениетіміз басқа мәдениеттерден көп қырлылығымен және біртұтастығымен ерекшеленеді. Бұл дегеніміз, біздің ата-бабаларымыздың дін мәселелерінде ақ-қараны айыра білсе де, дінді арнайы салаға немесе өмірдің міндетті бөлігіне айналдырмағанын аңғартады.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


САРЫАРҚАНЫҢ ТӨСІНЕН БОЙ КӨТЕРГЕН АСТАНА ЕЛІМІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫ

Күні: , 68 рет оқылды

Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, Қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзінде өзімізді – келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық. Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана бүгінде еліміздің мақтанышына, даламыздың көркіне айналып отыр. 5 шілде күні аудандық мәдениет үйінде мерейлі Астанамыздың 20 жылдық мерекесіне орай «Елімнің жүрегі – Астана» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиында аудан әкімі Абат Шыныбеков Астананың 20 жылдық мерекесіне орай баяндама жасады. Мерекелік салтанатта «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен Қайыңды орта жалпы білім беретін мектебінің директоры Серікжан Сүлейменов, сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестте ең жоғары балл(30) жинаған Қоңыс мектебінің түлегі Дәулет Сеғуатов, Астананың құрдасы, БҚМУ-дың студенті Наргиза Исқалиева және 1998 жылы өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткен Гүлнар Тайгаринова мен «Қайнар» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Бермағанбетов пен күні кеше облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен спорттық сайыста жүлделі орындарға ие болғандар аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды. Салтанатқа жиналған жұртшылықты аудандық қоғамдық келісім төрағасы Тауфих Мұқанов және бостандықтық марафоншылар Мержан Серіков, Еділжан Қосболов пен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті, Астананың құрдасы Айбарша Айболатова құттықтады. Салтанаттың соңы аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ЖАЛПАҚТАЛДА АСТАНА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Күні: , 66 рет оқылды

Жуырда Жалпақтал мәдениет үйінде Елордамыз Астананың 20 жылдық мерекесіне орай мерекелік шара өтті. Бұл шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы қатысып, Жалпақтал жұртшылығын мерекемен құттықтады. Бүгінде төрткүл дүние көз тіккен Қазақстан жер бетіндегі қуатты мемлекеттердің қатарына еніп, еңсесін тіктеді. Ең бастысы, болашаққа бағыт-бағдар берген бас қала — Астананы айшықтап алдық. Онда, әрине, қысқа уақыт ішінде тотыдай таранған ару қала Астананың ажары күн санап артып, болашаққа нықтап табан тірегені айтылды. Бұған ең бірінші, еліміздің кемеңгер көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының ықпалы тигені ақиқат. Тарихқа зер салсақ, Елбасы 1998 жылы Алатаудың бөктерінен Астананы Арқа төріне көшіргенде кейбір адамның күмәнмен, күдікпен қарағаны да жасырын емес. Сол кездегі келешекке деген сенімсіздік көп өтпей-ақ сейілді. Еркелей аққан Есіл өзенінің қос қапталынан бой көтерген еңселі Елордамыздың сәулеті мен келбеті күн өткен сайын көрер көзге көрік беріп, көркейіп келеді. Дәулеті де жүрек жылытып, көңіл нұрландырады. -Киелі тәуелсіздігіміздің тірегі, сүйікті Отанымыздың жүрегі — Астана — ең алдымен, азаматтығымыздың символы, мемлекетіміздің жаһан алдындағы жаңаруының нышаны, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегінің шынайы болмысы. Еліміздің жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен жетістіктеріміздің, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі, келісім мен сенімнің құт мекені. Құшағын кеңге жайған Астана көп кешікпей әлемнің ең тартымды және бәсекеге қабілетті Елордаларының қатарына кіретініне сенімдімін. Еліміздің, Астанамыздың мәртебесі асқақтай берсін. Астана күні құтты болсын, — деген Абат Абайұлы Астананың 20 жылдық мерекесіне орай «Ел жүрегі – Елорда» атты Астананың 20 жылдық мерекесіне орай өткен облыстық ардагерлер байқауының лауреаты халықтық «Шапағат» әжелер ансамблінің жетекшісі Баян Қабиеваны, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, биылғы жылы шәкірті дзюдо күресінен ел чемпионы және Азия кубогінің иегерінің жаттықтырушысы Нұрлан Қауметовты, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы қол күресінен облыс әкімі кубогінің жеңімпазы Талғат Әжниязовты, меценат, жеке кәсіпкер Ахметқали Қарағойшинді, кәсібін дөңгелеткеніне 20 жыл толған, жеке кәсіпкер Гүлбану Шукаеваны, Талдыапан ауылдық округіне қарасты «Еламан» шаруа қожалығының жетекшісі Орал Жұмалиевты аудан әкімдігі атынан алғыс хаттармен марапаттады. Мұнан кейін округ әкімі Самиғолла Ақмурзинауылымыздың жастары арасында белсенділік танытып жүрген жастарымызды марапаттап, жылы лебізін білдірсе, Атырау медициналық колледжінің түлегі, Астананың құрдасы Аружан Нұрланқызы, Астана қаласындағы Л.Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Бақытжан Ғилымов та өздерінің ақжарма тілектерін айтты. Салтанатты шара соңында Жалпақтал мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ел жүрегі – Астана» атты мерекелік оздырылды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.