АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 05.07.2018


МЕРЕКЕЛІК ҚҰТТЫҚТАУ

Күні: , 114 рет оқылды

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР! Сіздерді мемлекеттік мереке – Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын! Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен тарихи бастамаларының арқасында қасиетті Сарыарқа даласында өзіне ғана тән бірегей сәулетімен арман қала бой көтерді. Астана – халқымыздың мақтанышы, еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің символы. Бір кездері қатардағы қалалардың бірі болған елордамыз 20 жылдық тарихында миллионнан астам тұрғыны бар, экономикалық, саяси және рухани орталыққа, өркениеттің сындарлы пікірталас алаңына, ынтымақтастық пен жаhандық қауіпсіздіктің негізгі бағыттарын анықтайтын орынға айналды. Ол — әлемдегі ең әсем қалалардың бірі. Жарқын Астанамыз одан әрі өркендей берсін, біз ол үшін барлық күш жігерімізді жұмсауымыз қажет. Астана – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы, Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі. Астана 20 жылдың ішінде Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытты. Мұнда әлемдік көшбасшылардың кездесулері, аса өзекті саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шаралар өткізіліп келеді. Ол Еуразияның кіндік қаласына – елдердің орнықты даму жолдарын айқындап, халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту тетіктері қарастырылатын ортаға айналды. Қуанышқа толы мереке күні Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!

Игі ниетпен, аудан әкімі Абат ШЫНЫБЕКОВ


МЕРЕКЕДЕ АШЫЛҒАН МОДЕЛЬДІ КІТАПХАНА

Күні: , 68 рет оқылды

Астана күні қарсаңында Жалпақтал ауылындағы кітапхана «Жаңа үлгідегі модельді кітапхана» атағына ие болып, тұсаукесер рәсімі жасалды. Айшықты мерекеге орай ашылған модельді кітапхананың салтанатты ашылуына аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы қатысты. Ауыл халқын Астана күні мерекесі қарсаңындағы қуаныштарымен құттықтаған аудан әкімі Абат Абайұлы модельді кітапхана ауыл оқырмандарының сұранысына қызмет етіп, жаңа жүйеде жұмыс жасауларына тілектестігін жеткізді. — Адам баласы кітап оқымай, тек қана ғаламтор немесе теледидармен білімді бола алмайды. Сондықтан, ұрпағымыз күн сайын кітап оқып, үнемі ізденісте болу керек. Бүгінгі ашылып отырған модельді кітапхана мектеп пен ауыл тұрғындары үшін аса қажет рухани орда, -деген аудан басшысы Жалпақтал ауылдық кітапханасына модельді кітапхана статусы берілгендігі туралы сертификаттын табыс етті. Жалпақтал жұртшылығы үшін модельді кітапхананың ашылуы үлкен қуаныш. Кітапхана рухани орда заманауи талапқа сай жабдықталған және қызықты деген кітап-журналдардың барлығын да осы жерден табуға болады. Модельді кітапхана – оқырмандарға қызмет көрсетуді жоғары сатыға көтеретін жаңа кітапхананың стандарты. Бүгінде Жалпақтал кітапханасында 30 мыңның үстінде кітап қоры бар. Оқырмандар кітапханада сондай-ақ, ғаламтор жүйесін де пайдалана алады. Лента қию рәсімінен соң қонақтар жаңадан ашылған кітапхананы аралап, ондағы бөлімдермен танысты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ЖАҢАЖОЛДА ЖАҢА ФУТБОЛ АЛАҢЫ

Күні: , 108 рет оқылды

Бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында билік пен жергілікті кәсіпкерлер жан – жақты қолдау көрсетіп, жаңа спорт аландарын салуда. Осындай игі бастама ауданымыздың Жаңажол ауылында Елордамыздың 20 жылдық мерекесі қарсаңында көрініс тапты. Жылма-жыл аудандық бюджет есебінен округ орталықтарында шағын футбол алаңдарын салынуда. Биылғы жылдың өзінде аудандағы бұл төртінші футбол алаңы. Шағын футбол алаңы «КазСтрой» ЖШС-нің басшысы Қайрат Мұсағалиев «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 9 млн теңге қаражатқа салып берді. Ауылдың қақ ортасында орналасқан шағын футбол алаңында спортпен айналысамын деушілерге шектеу жоқ. Салтанатты сәтте сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков Астананың 20 жылдық мерекесі қарсаңында ауылға жасалған сый деп бағалады. Сонымен қатар аудан басшысы Жаңажол ауылында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. -Биылғы жылы Көктерек, Болашақ, Қайыңды ауылдық округтерінің орталықтарында осындай шағын футбол алаңы бойы көтерді. Бұл төртінші футбаол алаңы. Енді алдағы уақытта Қараөзен ауылдық округінің орталығында да осындай футбол алаңы жасақталмақ. Мықты спортшылардың көбі ауылдан шығады. Осы футбол алаңынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп шықсын, — деді аудан басшысы. Заман талабына сай шағын спорт алаңын салған мердігерге ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Зейнеткер Серік Әжкенов тұрғындар атынан ыстық ықыласын жеткізіп, ақ батасын берді. Елге тарту етілген спорт алаңын жақсы күйде ұстау ауылдықтардың міндеті екенін айтты. Салтанатты шара соңында жаңа футбол алаңының лентасын аудан әкімі Абат Шыныбеков пен ардагер спортшы, еркін күрестен республиканың, облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы Қайырлы Жиенбаев қиды, шашу шашылды. Футбол алаңының ашылған сәтінен соң жасөспірімдер ойын бастауға дайын болды. Жаңа футбол алаңындағы алғашқы ойынға доп қосу құрметіне аудан әкімі Абат Абайұлы ие болды.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


АУЫЗСУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТҮЙТКІЛДІ ШЕШУ ҮШІН

Күні: , 70 рет оқылды

5 шілде күні аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі, коммуналдық кәсіпорын, аудандық құрылыс бөлімі басшыларымен және Қазталов ауылдық округі әкімімен тұрғындарды ауызсумен қамту мәселесі жөнінде брифинг өткізілді. Брифингке «Нұр Отан»партиясы аудандық филиалы, аудандық ішкі саясат бөлімі және қоғамдық ұйым өкілдері, көше комитетінің мүшелері қатысты. Брифингке қатысушылар алдында аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі, коммуналдық кәсіпорын, аудандық құрылыс бөлімі басшылары тұрғындарды ауызсумен қамтудағы жағдай туралы хабарлады. Қазіргі күнде Лекер артезиан құдығынан аудан орталығына тәулігіне 240 текше литр су беріліп отыр. Оның 40 шаршы литрі Әжбай ауылына беріледі. Жаз айындағы суға сұраныстың өсуіне байланысты қосымша 3 су таситын көлік шығарылып, тәулігіне 16 рейс жасалынуда. Беріліп жатқан ауызсуды тиімді пайдалану үшін арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға түсінік жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнде су 2 мезгіл, таңертеңгі 6-30-да және кешкі 18-де 240 текше литр судың бітуіне дейін жіберіледі. Алайда, анықталып отырғандай кейбір тұрғындар осы берілген суды үйлеріндегі құдықтарына тартып алса, сондай-ақ мал суаруға да пайдалануда. Нәтижесінде құбыр арқылы келетін судың қысымы төмендеп, ауылдың ДСК бағытындағы үйлерге ауызсу бармай қалу жағдайы қалыптасуда. БҰЛ ЖАҒДАЙДАН ШЫҒУДЫҢ ЖӘЙІ ТУРАЛЫ МАМАНДАРДЫҢ КЕЛТІРГЕН ПІКІРІ: Аудан орталығына ауызсудың жетіспеушілігін шешу үшін Лекерден екінші құдықты іске қосуға, тағы да бір су құбырын тарту жоспарлануда. 14 шақырым су құбырын тарту үшін оның жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, сараптамадан өтті. Жобаның құны 200 млн. теңгені құрайды. Егер облыстан осы жұмысты бастау үшін алғашқы кезеңдегі қаражатты берсе, құрылыс жұмысы жүргізіледі. Сол кезде аудан орталығына тәулігіне 500 текше метр су берілетін болады. ТЕХНИКАЛЫҚ СУ ЖІБЕРУ МӘСЕЛЕСІ: Көшелерге техникалық су жіберу үшін арнайы құбырлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл кедергі болған бір жағдай осы суды айдайтын су сорғыш моторының қолды болып кетуінен туындауда. Бұл мәселе бойынша арнайы тергеу жұмыстары да жүргізілуде. ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖӘНЕ КӨШЕ КОМИТЕТІ МҮШЕЛЕРІНІҢ БРИФИНГТЕ АЙТҚАН ҰСЫНЫСТАРЫ: Ауыл тұрғындарының қазіргі жағдайды ескере келіп, ауызсуды үнемді пайдалану үшін басқа пайдалану көздеріне арнайы су таситын көлікпен өзеннен су алуды ұйымдастыру. Су құбырларының шахталарын жиналып қалған жер асты суларынан тазарту, әрбір тұрғынның ауызсуды пайдаланудағы су есептегіш құралын комуналдық мекеме қызметкерлері жиі тексеру, «Ақбұлақ» бағдарламасын жүргізген мердігерлік мекемені шақыртып, атқарып кеткен жұмыстың сапалығын тексерту. ТҮЙІН: Сағат жарымға созылған брифингке қатысқандар ауызсуға байланысты қалыптасып отырған ахуалға түсіністікпен қарап, өздерінің сауалдарын да қойып, ұсыныстарын да білдірді. Ашық әңгіме нәтижесінде ортақ мүдде үшін әрбір адамның да жауапкершілік болатыны нақтыланды.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ, Гүлнұр ҚАЗБЕК


ҚОС АУЫЛДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Күні: , 96 рет оқылды

Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауызсу мәселесі Қазталов ауданында жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Сөз еткелі отырған оқиға «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына орай 4 шілде күні Қайыңды, Ақпәтер ауылдарында таза ауызсу жүйесін қайта жабдықтау жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Нысандардың ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева Қайыңды, Ақпәтер ауылдарының тұрғындарын құттықтап, — Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ауылдарды таза ауызсумен қамту жұмыстары жүзеге асуда. Елімізде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның басты мақсаты биік. Халықты қажетті мөлшердегі және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Осы орайда облысымыз бойынша былтырғы жылдан бері жобалық құны 4 млрд теңге құрайтын таза ауызсу құрлығыларының құрылыс жұмыстары іске асуда. Сол қатардағы жұмыстар Қазталов ауданының 13 елді мекенінде атқарылуда. Өздеріңіз куә болып отырғандай таза ауызсу жүйелерін Қайыңды мен Ақпәтер ауылдарында қосып отырмыз. Денсаулықтың кепілі болатын ауызсуларыңыз сарқылмасын,- деген тілегін білдірді. Сондай-ақ нысандардың ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Шыныбеков құрылыс жұмыстарын жүргізген «НовоселСтройСервис» және «БатысГазСтой» ЖШС-нің басшыларына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Қос нысанның ашылу салтанатынан кейін облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Тищанқызы таза ауыз су қондырғыларының жұмыстарымен танысып, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Сондай-ақ Бибігүл Тищанқызы ауызсу өткен үйлерге де кіріп шықты. Ауыз судың шапағатын көріп отырған жанның бірі – Сақыпжамал Жұмалиева. Зейнеткер апамыз Ақпәтер ауылында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарыпты. – Елімізде сапалы ауыз суға жарымай отырған елді-мекендер көп-ақ. Өзіміздің басымыздан өтті ғой. Бұл мемлекеттік бағдарламаның арқасы. Осының аясында да көптеген елді-мекендерге, әсіресе шалғайдағы ауылдарға да су тартылып, халық сапалы ауыз судың игілігін көре бастады. Бізде үйімізге су кіріп рахатын көріп жатырмыз. Су тіршілік көзі ғой. Осындай игі істер су зардабын көріп отырған әр ауылда атқарылып жатыр. Осы жұмыстарды атқарған барлық азаматтарға алғысым шексіз, – дейді Сақыпжамал апа. Айта кететіні, Қайыңды ауылындағы таза ауызсу жүйесін қайта жабдықтау жұмысына 196 млн теңге қаражат жұмсалса, Ақпәтер ауылындағы нысанның қайта құру жұмысына 247 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінген болатын. Құрылыс нысандары толығымен сапалы аяқталып, екі ауылдың тұрғындары таза ауызсумен қамтылуда. Жоғарыда аталған қос ауылға да Қараөзен өзені арқылы тазарту құрлығылары қойылып, ауызсу жүйесі тартылып отыр. Ел ырыздығын арттырып, көптің алғысын арқалаған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан бұл бір аудандағы іс. Осы сияқты облыс бойынша қаншама ауылға ауызсу жетіп жатыр. Келешекте су машақатын көріп отырған тұрғындардың жанайқайы да осылайша оң шешімін тауып жатса игі.

Қайрат ЖАҚЫП


АУДАНДА КӨГІЛДІР ОТЫН ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Күні: , 166 рет оқылды

Ауданымыздың 41 пайызы табиғи газбен қамтылып отыр. Кейбір ауылдық округтер бізге «көгілдір отын қашан келеді» екен деген көкейдегі сұрақтарын әкімдердің есеп беру жиындарында талай айтып жүр. Сол көгілдір отынның жыры биыл өз шешімін тапты. Ауданымыздағы 13 елді мекенге көгілдір отын тарту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарды «АлияСервис» ЖШС-гі атқаруда. Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан және Қособа ауылдарын, Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз ауылдарын газбен жабдықтау және Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейістерек елді мекендерін көгілдір отынмен қамту проблемалық мәселесі шешіліп, үш бағытқа республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінуде. Міне, «көптен күткен ұлы той» — демекші газ мәселесі алыстағы ағайынның көптен бері қол жеткізе алмай жүрген арманы десек артық айтқандық болмас. Армандаған көгілдір отынның ауылы да алыс емес

Тұрарбек АҚМУРЗИН


МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Күні: , 68 рет оқылды

Бүгін Жалпақтал ауылдық округінің әкімшілігінде қоғамдық келісімнің кезекті отырысы өтті. Бұл отырыста құқықбұзушылықтың алдын алу, ішімдік ішкен тұрғындардың мәселелері қаралды. Отырысқа ауыл әкімі Самиғолла Ақмурзин, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова және қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері қатысты. -Мемлекет басшысының айтқанындай, дамыған қоғамда барлық жерде тәртіп пен реттілік орнауға тиіс. Бұл істе ұсақ-түйек жоқ. Нағыз тәртіп – үй айналасынан, жинақы аулалардан, таза көшелерден және осы жасалған жағдайларға өздері жақын болып жүретін адамдардан басталады. Ұсақ бұзақылықтың, мәдениетсіздіктің қандай түрімен де еш ымыраға келмеуіміз керек. Өйткені осылардың өзі қоғамның тыныштығын бұзады, өмірдің сапасын төмендетеді. Елбасымыздың ұсақ бұзақылыққа төзбеу ахуалын жасау — қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам деуі, жайдан-жай емес-деген округ әкімі қоғамдық келісім кеңесінде құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірлесе жұмыстар атқаруға шақырды. Ал Жалпақтал полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің мәліметіне сүйенсек мұның ішінде ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, алкогольдік ішімдік ішу және ішімдік ішкен мас күйінде қоғамдық орындарда болу, жекелеген қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салу тәртібін бұзу, кәмелет жасына толмағандардың үй-жайдан тыс жерлерде заңды өкілдерінің ілесуінсіз болуы сынды заң талаптарын бұзғандар бар. 2018 жылдың алты ай ішінде ұсақ бұзақылық яғни қоғамдық орында былапты сөйлеп, төңірегіндегі сыйламаушылық білдіргені және ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін 40 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені және мас күйдекелгені үшін 133 құқық бұзушыға хаттама толтырылыпты. -Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында учаскелік инспекторлармен барлығы 587 құқық бұзушылық анықталды. Қоғамдық орында және белгіленбеген жерлерде темекі тартқаны үшін 33 құқық бұзушыға ҚР ӘҚБт Кодексінің 441 бабы бойынша хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Отбасы тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушылық жасағаны үшін 31 азаматқа әкімшілік іс құжаттары жинақталып, №2 Қазталов аудандық сотының қаулыларына сәйкес әкімшілік айыппұл салу немесе әкімшілік қамаққа алу түрінде шаралар қабылданды. Жалпы құқық бұзушылықтың дені мас күйінде жасалып отыр,-дейді полиция майоры Балауса Қаженова. Осы отырыста аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Қабдолқызы, Жалпақтал ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғилым Едекешев және қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері өздерінің ой пікірлерімен бөлісті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ҚАЗТАЛОВ АРНАУЛЫ ƏЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖОСПАРЛЫ ШАРАЛАР ӨТУДЕ

Күні: , 64 рет оқылды

2-4 шілде күндері Қазталов арнаулы əлеуметтік қызмет көрсету орталығында Астанамыздың 20 жылдығына байланысты түрлі шаралар өтті. 2 шілдеде ән-күй пәнінің мұғалімі Мұрат Темірхан қазақ халқының киелі домбырасын насихаттау барысында «Қазақ халқының күй өнері», «Ұлттық аспап – домбыра» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Шілденің 3-і күні мерекелік шараны еңбек нұсқаушылары Əділжан Тасболатов мен Ғалия Шалакашева жəне аға мейірбике Ляйла Жашимова ұйымдастыруымен «Асқақтай бер,Астана!» атты көрме ұйымдастырылып, бейнекөрініс көрсетілді. Сонымен қатар еңбек сабағынан шеберлік сынып ұйымдастырылды. 4 шілдеде дене шынықтыру мұғалімі Эдик Жұмасейтов Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай волейбол жəне үстел теннисінен спорттық шара өткізді. Шара Қазақстан Республикасының гимнімен ашылып, өз жалғасын тапты. Қамқорланушылар барлық шараға қызығушылықпен қатысып, көңілдері бір серпіліп қалды.

Жұлдыз АСҚАР


ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР ЕҢБЕККЕ АРАЛАСУДА

Күні: , 80 рет оқылды

Елбасымыз жастарға үлкен үміт артуда. Жыл сайынғы Жолдауларында жастардың білім алуына, қызметке орналасуына, баспанамен қамтамасыз етуге қолдау жасап келеді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» айтылғандай білім алу үшін оларға жаңа көкжиек ашылуда. Жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жатқан жастар жазғы демалыс кезінде «Жасыл ел» жастар жинағы құрамында еңбек етеді. Ауданымызда да бұл бағдарлама жыл сайын іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде биыл да ауданымыз бойынша 40 сарбаз жұмысқа тартылуда. Сарбаздар шілде мен тамыз айларында кезекпен жұмыс жасамақшы. Бұлардың қатарында Оралдың және Алматы қаласындағы жоғары және орта арнаулы студенттері бар. Олар айтады: — Еселі еңбегімізді туған ауылымызға арнаймыз және келе жатқан Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтаймыз! – деді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУ

Күні: , 60 рет оқылды

4 шілде күні Қазталов ауданының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің ережесінің талаптарына сай және Қазталов ауданы әкімдігінің Қазталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық құқығындағы кәсіпорыны директоры бос азаматтық қызметші лауазымын иеленуге үміткерлерді іріктеу үшін құрылған конкурстық комиссиясының 2018 жылғы 3 шілдедегі №3 хаттамасына сәйкес Қазталов ауданының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысының бұйрығымен Сабыржан Ерсайынұлы Избасаров Қазталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық құқығындағы кәсіпорыны директоры қызметіне тағайындалды. Ұжымға жаңадан сайланған кәсіпорын директоры Сабыржан Избасаровты аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин таныстырды. Сабыржан Ерсайынұлы Избасаров 1981 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. БҚАТУ-дың «инженер-механик» және Батыс Қазақстан инженерлік академиясының «қаржыгер» мамандықтары бойынша білім алған. 2007-2014 жылдар аралығында аудандық балалар, жасөспірімдер туризм орталығында ұйымдастырушы, директор міндетін атқарушы, «Жайық Жарығы» ЖШС-ның инженер, бас маманы қызметтерін атқарған. 2018 жылдың 3 шілдесінен бастап Қазталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық құқығындағы кәсіпорыны директоры қызметінде.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.