АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 03.07.2018


1 ШІЛДЕ – ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ ҚҰРМАНҒАЗЫ ІЗІ ҚАЛҒАН АУЫЛДАҒЫ КҮЙ ДҮБІРІ…

Күні: , 118 рет оқылды

Бүгін тәуелсіз еліміздің ұлаң-ғайыр даласы домбыра үніне толды. 20 жылдығын атап өткелі отырған Астананың төрінен бастау алған домбыра шеруі кең Қазақстанды шарлап өтуде. Қос өзеннің ортасында жатқан ауданымыз да, ауылдары да күй әуеніне бөленуде. Соның айғағындай бүгін Құрманғазы бабамыздың ізі қалған Көктерек ауылында ұлттық домбыра күні аталып өтті. Мерекеде ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, Құрманғазы бабамыздың киелі өнерін жалғастыратын таланттар ауданымыздан көптеп шыға берсін,-деген лебізін жеткізді. Көктерек ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы да ауыл тұрғындарын алғаш тойланып жатырған мерекемен құттықтап, мерекелік концерт ұсынған ұжымға алғысын білдірді. Мерекелік шарада бүгін ауданымызда өнер көрсеткен аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, саз мектебінің мұғалімі Жанат Өтешова мен жас күйші Еркін Ерболат алыстан мұнартқан Көктерек жұртшылығына әсем ән-күйлерден шашу шашты. Сонымен қатар ауыл азаматы, кезінде оркестр мүшесі болған Амантай Ташжанов ағамыз ауылдағы жас талант Гүлжиһан Бейбітоваға домбыра табыстады. Шара соныңда ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева киелі өнер мен ұлттық аспапты меңгерген жастарымыз көп болсын деген ниетпен мектеп кітапханасына домбыра туралы кітапты сыйға тартты. Сөйтіп, Сарыөзен жағасында орналасқан өнерді сүйетін ауыл тұрғындары ұлттық өнерге бір сусындап қалды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Күні: , 78 рет оқылды

Домбыра — халқымыздың ғасырлар бойғы айнымас серігі. Биылғы 1 шілде Елбасымыздың алғаш рет Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Жалпақтал жұртшылығы да алғашқы мерекені ауыл болып тойлады. Мəдениет үйінде өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Зəйлім Мəжитова қатысып, ауылдастарды ұлттық домбыра күнімен құттықтады. -Жағымды жаңалық жүрегімізге жылы ұялап, жанымызды жадыратты. Елбасымыздың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Жыл сайын атап өтілмек бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты болмақ. Домбыра – қазақтың киесі, қа­сиеті, қазынасы. Қазақ пен дом­быра егіз ұғым. Домбыра күнінің белгіленуі жай­дан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында Талдыапан, Көктерек ауылдық округтерінде домбыра монументтінің орнатылғанын мақтанышпен айтамыз. Бүгінгі ұлттық домбыра күні құтты болсын,- деді Зəйлім Исатайқызы. Мәдениет үйінде өнер мектебінің домбырашылары күмбірлете күй төгіп, ауыл өнерпаздары əн жырдан шашу шашты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


«ҚАЗАҚ» РАДИОСЫНЫҢ ҮНІ ҚАЗТАЛОВ АУЫЛЫНЫҢ АСПАНЫНДА ҚАЛЫҚТАП ТҰР

Күні: , 78 рет оқылды

Осыдан 10 шақты жыл бұрын телеком ғимаратынан «Қазақ» радиосының үні төгіліп тұратын… Соған сәл құлақ түрсең имандылық, адамгершілік, тәрбиелік тақырыптағы әңгімелермен қатар қазақтың әні де, күйі де адам жанын жадырататын. Сол радионың үні түрлі себептермен өшіп қалған еді… Осы «Қазақ» радиосы Талдыапанның төрінде сайрап тұр. Аудан орталығында да осы мәселе қашан шешімін табады деп ойлап жүргенбіз. Шешімі табылды. Аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимаратынан естілген «Қазақ» радиосының үні 1 шілде – ұлттық домбыра күні мерекесінде қайтадан аспан көгінде әуеледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ойларға жауап іздегің келсе, «Қазақ» радиосына құлақ сал, ағайын!

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«ТЕРЕҢКӨЛІМ – ТУҒАН ЖЕРІМ, ТҰНҒАН ТАРИХ!»

Күні: , 90 рет оқылды

30 маусым күні «Достық» саябағында Астананың 20 жылдығына және ауданымыздың 90 жылдығына арналған Тереңкөл ауылдық округінің «Тереңкөлім – туған жерім, тұнған тарих!» атты өнер фестивалі өтті. Бұл фестивальге Тереңкөлдіктер тыңғылықты дайындықпен келгенін айтқан жөн. Ақбоз үйдің ішінде үлкендерге ұлттық тағамдардан дәм татқызса, қолөнер көрмесін де ұйымдастырып, ұлттық ойындарды да өткізді. Концерттік бағдарламаның ашылу алдында сөз алған Тереңкөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Ишанов округ тұрғындарының ыстық ықыласын жеткізсе, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева тереңкөлдіктерге Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарып жатқан жұмыстарына оң баға бере келіп, әрдайым да ауданымыздың дамуы жолында аянбай еңбек етулеріне лебізін білдірді. Концерттік бағдарламада «Асыл әжелер» ансамблі, әнші-күйшілер Айдос Ахатов, Сәлия Кенжеғалиева, Темірхан Мұрат, Мейрам Мақсот, Әсем Әміржанова, Сүйінбай Галимов, Ниязбек Бершімбаев, Әспет Ғазизова, биші Бақыт Гайсина өз өнерлерін ортаға салып, аудан тұрғындарын бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ мектеп оқушысы Әсемжан Отарбайдың поэзиядан көркемсөз оқуы да ерекше болды. Расында да Тереңкөл округі талай өнер жолындағы нарқасқалар Нығмет Нағымов, Төреғали Имашев, Қатимолла Бердіғалиев тағы басқалар болса, Социалистік Еңбек Ері Ахат Аяпов, «Ленин» орденінің иегері Жұмағаным Өтешова, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Салима Ғұбашева сынды аға-апаларымыз да осы жердің даңқты перзенттері. Аудан тұрғындарына әдемі де, сәнді де, мәнді кеш сыйлаған тереңкөлдіктерге Қазталов ауылдық округі әкімінің орынбасары Баймағанбет Сағадденов тұрғындар атынан рахмет айтып, алғысхат табыстады.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«АСТАНА — БАҒЫ БИІК АСҚАРЫМСЫҢ»

Күні: , 92 рет оқылды

Ауданымыз бойынша Елордамыз — Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында мекеме ұжымдары арасында өнер фестивалі оздырылуда. Осы орайда 29 маусым күні аудан орталығындағы «Достық» саябағында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық «Ауыл айнасы» газеті, аудандық мұрағат, «Айбын» спорт клубы, аудандық орталықтандырылған кітапхана, аудандық экономика және қаржы бөлімі, мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық статистика бөлімі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық және аудандық ардагерлер кеңесінің қатысуымен «Астана — бағы биік асқарымсың» атты мерекелік концерті өтті. Концертте жоғарыда аталған мекеме ұжымдарының өнерлі қызметкерлерінен құрылған көркемөнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Концерт барысында құлақтың құрышын қандырар күйлермен қатар әуелеген әндер Астананың атағын асқақтатып жатса, поэзиялық топтамаларда халықтың Астанаға деген ықыласын сездірді.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.