АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 23.06.2018


САРАЛЖЫНДЫҚТАР 2 ҚОРЫМДЫ ҚОРШАП, САУАПТЫ ІС ЖАСАДЫ

Күні: , 108 рет оқылды

Бірік ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылының тұрғындары «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ескеріп, көптен бері шешімін таппай жүрген шаруаны жүзеге асырды. Қасиетті Рамазан айында Саралжын ауылынан шыққан жерлестермен, ауылдың қазіргі және бұрынғы тұрғындарының атсалысуымен 1 айға жетер-жетпес уақыт ішінде 1 миллион жарым теңгеге жуық қаржы жиналып, 2 қорым қоршалды. Зират басын қалдықтардан тазартып, мал тұяғының баспауын қадағалау да кейінгі ұрпақтың міндеті. Ол үшін қорымды қоршау қажеттігі өзінен-өзі түсінікті. Қаржының жоқтығынан, қолдың қысқалығынан жылдар бойы зират басы қоршалмай, ашық-шашық жатқаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін саралжындықтар сауапты іске жұмыла кірісіп, ауыл тұрғындары шама-шарқына қарай ақшалай, малдай үлес қосып, ауыл маңындағы 2 зират қоршалды. Қорым қоршалып болғаннан соң саралжындық ағайындар зират басында құрбан шалып, ата-баба аруағына арнап садақа берді. Заманның тыныштығын, елдің ырыс-берекесін, ұрпақтардың амандығын Алладан тілеп, дұға бағыштап, құран оқылды. Ауылдың үлкендері: -Зиратқа келген сайын ішіміз қан жылап кететін еді. Енді, міне, ауылдастарымыз сауапты іс атқарып, қорымды қоршап, садақа беріп жатыр. Енді зираттар мал тұяғына тапталмайтын болды ғой. Істеген істеріңіздің Алла сауапқа жазсын, -деп ризашылықтарын білдіріп жатты. Сонымен қатар осы сауапты істің басталуына ой салып, түрткі болған, зиратты қоршауды ұйымдастыруда, оның қоршау жұмыстарын жүргізуде, қаладан материалдар тасуда үлкен жұмыстар атқарған ауыл азаматы Мұрат Мәжімовке, бүгінде ауылда тұрмаса да ата-баба аруағының разылығы үшін қызмет еткен Айбар Мусин, Ерғали Зайнушев, Мирболат Жылқыбаев, Абзал Молдағалиев, Альберт Әбілхайыровқа және Хадиша Тарихқызына, Ділда Мәжімоваға, сонымен қатар күннің ыссылығына, ауа райының қолайсыздығына қарамай игі іске атсалысқан барша азаматтарға саралжындық ағайын-жерлестердің айтар алғысы шексіз. Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ

ВЕЛОШЕРУ ЭСТАФЕТАСЫ ӨТТІ

Күні: , 80 рет оқылды

Облысымыз бойынша 9 маусым 1 шілде аралығында Елордамыз – Астананың 20 жылдығына орай 5-10 шақырым қашықтықта велошеру эстафетасы оздырылуда. Осы орайда 23 маусым күні аудан орталығы Қазталов ауылында да аудан әкімінің орынбасары, мекеме басшылары, еңбек және спорт ардагерлері, аудан жастары, ауыл тұрғындарының қатысуымен велошеру эстафетасы өтті. Веложорық «Достық» саябағынанан бастау алды. Велошеруге қатысушылар Шарафутдинов, Садықов, Ихсанов, Алма Оразбаева көшелерімен жүріп өтті. Барлығы 15 шақырымдай жолды еңсеріп, қайтадан «Достық» саябағына барып тоқтады. Шеруге қатысушылардың арасында ең жасы үлкені – Мұқанғали мен Теміртай ақсақалдар. Спортты серік еткен қариялар жастардан бір елі қалыспады. Эстафетаны Жәнібек ауданынан қарсылап алып, Тасқала ауданына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова табыстап, барша қатысушыларға алғыс білдірді. Велошеруге қатысушылардың құрметіне ән шырқалып, КСРО-ның спорт шебері Валериан Бектұрғанов ағамыз құттықтау тілегін жеткізді.

Қайрат ЖАҚЫП


МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕР МЕН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Күні: , 80 рет оқылды

23 маусым күні аудандық мәдениет үйінде Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы және Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара өтті. салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова,- Мемлекеттік қызметші – жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірбиеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы тиіс. Ауданымыздың 161 мемлекеттік қызметшілері өздерінің күнделікті жұмыстарында осы талаптарды тиісті дәрежесінде ұстануда. Нәтижесінде билік пен халық арасындағы байланыс жоғары деңгейде,-деп айта аламыз. Сонымен қатар халықтың бостандығын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алуда полиция қызметкерлеріне жауапты міндеттер жүктеледі. Осы міндеттерді ауданымыздың 80-нен астам тәртіп сақшылары абыроймен атқаруда. Сіздерге бүгінгі кәсіби мереке күні алдағы уақытта да қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін,- деген лебізін жеткізді. Салтанатты шарада аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұрбол Иманғали ант қабылдады. Осы салтанатты шарада бір топ мемлекеттік қызметшілер мен тәртіп сақшылары облыс, аудан әкімінің және облыстық департаменттердің алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған облыстық спартакиадада волейболдан 3 орынға ие болған ауданның командасы да марапатқа ие болды. Бір топ полиция қызметкерлері «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісіне ие болса, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің алғысына да ие болды. Салтанатты жиыннан кейін аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің мерекелік концерті көрермендерге ұсынылды. Айта кетер бір жәйт өздерінің кәсіби мерекелерінде тәртіп сақшылары ресмиліктен арылып, жиналған жұртшылыққа өздерінің өнерлерін тарту етті. Ал бұндай тарту – халық пен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің байланысын, бір-біріне деген сенімділігін, құрметін арттыра түсері сөзсіз дейміз.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Күні: , 64 рет оқылды

22 маусым күні аудан орталығында аудандық қоғамдық кеңестің алқа отырыс оздырылды. Алқа отырысына аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов, аудандық коммуналдық көсіпорыны мекемесінің аға шебері Жанболат Аткеев, Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов және қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, аудан орталығындағы ауызсу тапшылығы мәселесі туралы талқылады. Айта кетуіміз керек, былтырғы жылы аудан орталығы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауызсуға толықтай қосылған болатын. Қыс айларында уақытпен су берілген болса, мамыр, маусым айлары басталғалы ауызсу кейбір көшелерге мүлдем жетпейтін жағдайға да жетіп отыр. Осы мәселе төңірегінде оздырылған алқа отырысында аудандық коммуналдық кәсіпорынының аға шебері Жанболат Аткеев ауызсудың жетіспеуі туралы мынандай түсінік берді. — Тәулігіне Лекер артезиан құдығынан аудан орталығына 240 текше литр су айдалады. Оның 40-ғы Әжібай ауылына берілсе, 165-і Қазталов ауылының тұрғындарына, 10-ны аудандық орталық ауруханаға, 5-і ПДП бағытына, ал қалған 20 текше литрі тұрғындарға тасымалданады. Бұл 200 текше литр су аудан орталығын қамтуға толық жетпейді. Себебі су шығыны өте көп. Ауыл тұрғындары кейбірі вакум су сорғыларын қондырып алып, бақша егу тағы басқа да мақсаттарда пайдаланып отыр. Соныман қатар жеке тұрғындардың қоғамдық моншалары ауызсуды мақсатсыз пайдаланып, су шығынының көбеюіне әкелуде. Осыдан кейін ауызсу жетіспеушілігі туындауда. Аудан орталығында жеке тұрғындардың18 қоғамдық моншалары жұмыс жасауда,- деп сөзін қортындылады Жанболат Аткеев. Отырыста сөз алған аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов,- ауызсудың жетіспеушілігі мәселесін шешу жолдарын қарастырудамыз. Сол үшін Лекердегі екінші құдықты іске қосуға тағы да бір су құбырын тартуды жоспарлап жатырмыз. Бүгінгі күнде осы жобаның жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, сараптамадан өтуде. Жобаның құны 140 млн. теңгені құрап отыр,- деді. Отырыс барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сисенғали Нығметов,- қазіргі ауысуына қатысты жағдай ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Ауыл тұрғыны ретінде менің де үйімде ауызсу мүлдем тоқтап қалды. Үйдегі құдығымызға құйдырып ішіп отырмыз. Оны да құйдыру үшін «ұзынсонар» кезекке тұру керек. Су құйдыруға кезекте тұрғандардың кезегі 78-ге жетіп отыр. Алда жаздың аптап ыстық айлары бар. Сол кезде мүлдем сусыз қалуымыз мүмкін. Осы мәселені шешу үшін су таситын қосымша көліктерді жұмылдырып, көрші ауылдардан су тасыту қажет. Сонымен қатар монша иелеріне мен суды мақсатсыз пайдаланып отырған тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу керектігін айтқым келеді,- деген ұсынысын білдірді. Отырыс соңында түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы топ құрылып, алдағы демалыс күндері ауыл тұрғындарын аралайды деген ортақ шешімге жасалды. «Судың да сұрауы бар» — деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Мақсатсыз жұмсалған ысырапшылдықтың арты неге әкелетіні белгілі. Ауыл тұрғындарына айтарымыз, «алтындай» қадірлі ауызсуымызды өз мақсатымен жұмсап, үнемдей білейі

Қайрат ЖАҚЫП


ИНДИРА ТАҒЫ БІР ІСТІ ҚОЛҒА АЛДЫ

Күні: , 76 рет оқылды

Бұдан бұрын жазып жүргеніміздей үш кәсіпті дөңгелетіп отырған нәзік те қаракөз замандасымыз Индира Әлібекова халық үшін тағы бір игілікті істі қолға алды. Қолдағы малдың етінен түрлі өнімдер жасап, саттыққа шығаруда. Дәруменге бай, химиялық қоспасы жоқ, сар даламыздың жусанынан қоректенген малымыздың етінен дайындалған өнімдер – үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Біз қазіргі күнде «тегі белгісіз» өнімдерден алыстап, өз қолымызбен өндірілген тағамдарға қайта оралып жатырмыз. Сондықтан Индира замандасымыздың бұл кәсіпті қолға алуы көңілге қуаныш ұялатады. Ісің оңға бассын!

Жұлдыз АСҚАР


МОНИТОРИНГТІК ТОП ҚЫЗМЕТ САПАСЫН ҚАРАДЫ

Күні: , 68 рет оқылды

21 маусым күні ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі аудандық «Нұр Отан» партиясы, аудан әкімдігі және «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінен құрылған арнайы мониторингтік топ мүшелері аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы, орталық аурухана, «Қазпошта» мекемесі және аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтарында болып, халыққа қызмет көрсету жұмыстарының жәйімен танысты. Арнайы мониторингтік топ мекемелерді аралаған кезінде халыққа қызмет көрсету тиісті талаптарға сай жүргізіліп жатырғанын көрді. Дегенмен «Қазпошта» мекемесінде тұрғындарға қызмет көрсететін бөлімдерінде халықтың кезекке ұзақ тұрып қалатындары байқалды. Бұның негізгі себебі тиісті құжаттарды толтыруда интернет желісінің баяулығы да әсер етуде. Осы және басқа да мәселелерді қарай келіп, мониторингтік топ мүшелелері алдағы уақытта халыққа қызмет етудің сапалылығын мекеме жетекшілеріне одан әрі арттыруды жүктеді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ЕЛБАСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫ ОРЫНДАЛАДЫ

Күні: , 86 рет оқылды

Бұл жөнінде жол бойында Жалпақтал ауылы тұсында өткен көшпелі кеңесте ҚР инвестиция жəне даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты. Чапаев-Жалпақтал-Қазталов тас жолының бойында өткен көшпелі жиында Жеңіс Қасымбек Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы тұрғындары атынан келген ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес өкілдері және депутатармен кездесіп, осы бағыттағы күре жолдың күрделі жөндеу жұмыстары туралы әңгіме қозғады. Жыл соңына дейін тендер бойынша 6 лот жарияланып, жобалық-сметалық құжаттар жасалады. Елбасы тапсырмасына сəйкес, келесі жылы күрделі жөндеуге министрлік ауқымды қаражат бөледі. Жоба мерзімі 2-3 жылдан аспайды. Облыс əкімі Алтай Көлгінов қаражат бөлінгесін, мердігер анықталып жол құрылысы бірден басталатынын айтты. Жиында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев, облыстық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдарының басқармасының басшысы Медет Шакаев баяндама жасады. Көшпелі кеңеске көршілес үш ауданнан келіп қатысқан ардагерлер Елбасы тапсырмасына қатысты жедел шара алынып жатқанына алғыс айтты. «Uniserv» ЖШС-ның атқарушы директоры Дінмұхаммед Сəтбаевтың айтуынша, биыл Қазталов ауданына дейінгі 35 шақырым жолдың құрылысы басталған. Жол салуға 60 адам жұмысқа алынған. Биыл бөлінген 300 млн теңгеге 1,1 шақырым жол салынады. Баяндамаларды тыңдаған министр,- аудан орталығы Қазталов бағытына қосымша 1 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ мердігер үлгеріп жатырса, тағы да қаржыландыруға біз дайынбыз. Ал Бөкей орда, Жәнібек бағытындағы жолдарды жөндеуге керекті қаражатты да тауып отырмыз,- деді. Сонымен қатар жиында Жеңіс Махмұдұлы Атырау-Орал-Алексанров-гай бағытына темір жол тарту жоспарланып жатырғандығын да жеткізді. Бұл жұмыстар болашақ 3-4 жылда жүзеге аспақ.

Қайрат ЖАҚЫП


«ЕЛІҢНІҢ ЖҮРСІҢ ЕСІҢДЕ» (ЖУРНАЛИСТ, САТИРИК Қ.ЖАҚЫПОВТЫ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ)

Күні: , 92 рет оқылды

20 маусым күні Қазталов аудандық мәдениет үйінде Ақжайық өңіріне танымал журналист, тіл жанашыры, аудармашы, сатирик Қабдығали Жақыповты еске алуға арналған «Еліңнің жүрсің есіңде» атты кеші оздырылды. Жайық жұртшылығы еркелетіп «Қабес» деген еді. Ол облыстағы өнер адамдарының, оқымысты ғалымдардың шығармаларын, жетістіктерін, жылт еткен жағымды жаңалықтарын ұдайы насихаттап, олардың елге ерте танылуына еңбек сіңірді. Танымал журналист, сатирик Рашит Шақу «Туған тілінің тағдыры үшін білегі мықтымен күш сынасып, жігері жасымаған, әдебиет әлеміндегі сатира жанрында қалам тербеп, кездескен келеңсіз көріністі тілімен түйреп алатын Қабдығали Жақыповтың есімі оқырманға кеңінен таныс. Егер ол журналистік мамандықты кәсіп қылмағанда, кім білген қазір қазақ әдебиетінің қоржынын толтырып том-том дүниелерін оқырманға ұсынып отырар ма еді» — деген болатын. Келместің кемесіне мініп кеткен ағамыз облыстық, республикалық деңгейлерде өтетін мәдени іс-шаралардың да бел ортасында жүрді. Әсіресе халықтық айтыс өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Өзі де тума талантының арқасында талай айтыстарға қатысып, үлкенді-кішілі сахналарда біраз үзеңгілес ақындармен жұмбақ, қайым, өтірік айтыстың түрлерімен сөз таластырды. Әсіресе өзін әншімін деп, айтыстан алыс ұстағанымен күллі қазаққа құлагері қара домбырасымен танылған Қатимолла Бердіғалиевтың аламан айтыстың сахнасынан көрінуіне Қабдығали ағамыздың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Тіптен ағамыздың арқасын қоздырып, шабытын шақыру үшін кезектесіп өзі де айтысып кететін. Досы, кешіміздің құрметті қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев ағамыз: «Ел тағдыры, тіл тағдыры үшін жанын салып еңбек етті. Бойындағы табиғи таланты, сарқылмайтын шабыты, дарынды ұлын қай істе де алдыңғы қатарға алып шығатын. Туған жерінің мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламаларының сценарийін жазды. «Жадыра» ойын-сауық отауын құрды. Жазуға деген қабілет, көркем жазуға деген құштарлық, ойындағы еркіндік , оның талантын шоқ жұлдыздай жарқырата түсті» деген-ді. Менің осы жазу «дертіне» алғаш тәрбиелеген де Қабдығали көкем еді. Аудандағы «Коммунизм жолы» газетінде Қабдығали Жақып жазған дүниелерді жұот жібермей, іздеп оқитын. Газет жанрында кездесетін очерк, новелла, фельетондар ағамыз үшін түк емес-ті. Қаламының жүйріктігі сол аз ғана уақытта табақтай газеттің бір бетін өзі-ақ толтырып тастайтын. Жетпей қалған 100-150 жолдық бағандарға орталықтан келетін ақпараттарды лезде аударып бере салатын. Қаталдығы мен қайсарлығын қажет кезінде көрсететін. Өнерге де, адами қасиетке де бай көкеміз-қаламы жүйрік журналист, шебер аудармашы, мықты режиссер еді. Ол — ұстаз, тәжірибелі тәлімгер болатын. Өздеріңізге белгілі осыдан 20 жыл бұрын Хан Ордасындағы Жәңгір хан кесенесінің ашылуындағы театрландырылған қойылымның сценарийін жазған да Қабдығали Жақыпов еді. Жалпы қоюшы-режиссердің, ойнаған әртістердің есімі аталады да, осындай құнды дүниелерді жазып шыққан автордың елеусіз қалып жататына да шындық. Аудан мәдениетінің көкжиегін кеңейтуге айрықша үлес қосқан ағамыз концерттер мен «Жадыра» ойын-сауық орталығына жүзден астам сценарийлер мен интермедиалар жазды. Оның туындыларында тәрбиелік ықпалын, ұтқырлығын көрсететін мазмұнды жазбалары көп еді. Еске алу кешінде ағамыздың туындыларынан көріністер қойылып, өлеңдері оқылды. Осы кешке халқымыздың бір туар азаматы Қатимолла Бердіғалиев және облыс ақыны Сәрсенғали Бисенғалиев ағаларымыздың қатысып, естеліктер айтып, оның шығармаларын сахнадан бейнелеуі — өнерге деген құрмет деп санаймыз. Сонымен қатар Қазталов аудандық мәдениет үйінде бірге қызметтес болған Ғалымжан,Зәуре, Ғанижамал, Сандуғаш сынды өнерді пір тұтқан аға-апаларымызбен қатар артынан ерген шәкірттері Боранбай, Нәрік тағы басқа да өнер иелері ағамыздың шығармашылық еңбегін қайта бір жаңғыртқандай болды. Ән-жырмен өрілген кеш өнерге деген құрмет деп білеміз. Қазақ өнерінің небір тума таланттарын дүниеге әкелген қасиетті топырақта өнерге келіп, өзінің ғұмырында қайталанбас із қалдырған ағамыз туралы айтылар әңгіме — болашақ ұрпақтың еншісінде деп санаймыз.

Гүлмира ТІЛЕУБАЕВА «AQJAIYQ» арнасының бас редакторы » ҚР мәдениет саласының үздігі»


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.