АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 18.06.2018


«АШЫҚ ЕСІК» КҮНДЕРІ ЖАЛҒАСУДА

Күні: , 74 рет оқылды

16 маусым күні аудан әкімдігінің «Ашық есік» күндері аясында аудан әкімі Абат Шыныбеков Еңбек, Қараоба ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындармен өткен жиында Қараоба ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов округте жыл басынан бері атқарылған жұмыстардан қысқаша xабарлама жасады. Жиында аудан әкімі Абат Абайұлы ауданда жасалып жатырған істер туралы баяндап, алда тұрған жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар бірқатар мекеме басшылары ауыл шаруашылық, жұмыспен қамту, ветеринария саласы бойынша бағдарламалармен таныстырып, өзгерістерді айтып өтті. Ауыл тұрғындары да өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Еңбек ауылының xалқы ауызсу, құдық қазу, малға жем-шөп дайындау, бастауыш мектеп айналасын қоршау мәселелерін көтерсе, қараобалықтар да ауызсудың әлсін-әлсін берілмей қалуы, шөп шығымының жоқтығы, жану-жағармайдың қымбаттығы, ауыл шаруашылығы бойынша түрлі бағдарламаларға қатысты сұрақтар қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Мөлдір ӘНУАРБЕКЫЗЫ


ХАЛЫҚТЫҚ БЕГАЛИЕВТЕР АНСАМБЛІ ӘННЕН ШАШУ ШАШТЫ

Күні: , 84 рет оқылды

16 маусым күні «Достық» саябағында «Мерейлі отбасы – 2016» облыстық ұлттық байқауының жеңімпазы, республикалық «Мерейлі отбасы – 2016» ұлттық байқауының номинанты халықтық Бегалиевтер отбасылық ансамблінің Астананың 20 жылдығына арналған концерті өтті. Сахна шымылдығы трионың «Әриайдай» әнімен ашылды. 32 жылдық тарихы бар ансамбльдің орындауында «Ауылдың адамдары-ай», «Әгугай домбыра», «Аяулы анашым», «Мен қазақпын», «Тәуелсіз қазақтың қызымын», «Асыл ана», «Вальс» және үнді әндерінен попуримен қатар басқа да ән-жырлар шашу болып төгіліп жатты… Сонымен қатар Марат аға мен Нұржамал апаның ұл-қыздары сазды да, әсем әнді тындаушылардың құлағына мәнді де сәнді жеткізе білсе, немелері де бұл концертте өз өнерлерін аяп қалған жоқ. Ауа-райы салқындық мінез танытса да әдемі де, өнерлі Бегалиевтер жанұясының жас әншілері «Достық» саябағының көркін одан әрі аша түскендей болды. Бұл отбасының жеткен жетістіктері, алған асулары мол-ақ. Осының бәрі,әрине, отбасындағы береке,ауызбіршіліктің арқасы болса керек-ті. Өнерді өміріне серік еткен отбасының жанашыр достары да аз емес. Солардың бірі ауданымыздың қонағы, өзіміздің жерлесіміз «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы, қазақ журналистикасының қайраткері Мұсағали Тасқалиев бүгінгі концертке арнайы келіп, журналдың арнайы медальдарын отбасы мүшелеріне табыс етсе, мәдениет пен спортқа мол үлес қосып жүрген аудан әкімі Абат Абайұлы Шыныбековтің марапатталғанын айтқан жөн (Аудан әкімі іссапарда болуы себепті шараға қатыса алмады). Концерт Бекболат Тілеуханның «Өз елім» әнімен аяқталды. Халықтық отбасылық Бегалиевтер ансамблінің аудан орталығына осындай тамаша концерттік бағдарлама ұсынғанына аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин рахмет айтып, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ

Күні: , 72 рет оқылды

16 маусым күні аудан орталығы базарында Қошанкөл және Тереңкөл ауылдық округтернің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Бұл ауылшаруашылық жәрмеңкесі биыл жылдағы дәстүрдей әрі қарай әрбір сенбі сайын жалғасын табатын болады. Жәрмеңкеде негізінен мал өнімінен даярланған тағам түрлері саттыққа ұсынылды. Алдағы уақытта жәрмеңкеде ұсақ малдар(қой, ешкі, тоқты, т.б) және малдың шөбі мен басқа да өнімдер саттыққа шығарылады. Жәрмеңкеде саттыққа ұсынылған өнімді сатып алып жатқан Орал қаласынан келген Сағынтай Абдухалықовқа жолықтық. Ол,- Шіркін, туған ауылдың малдарының өнімдері ерекше болып келеді ғой. Әдейі сатып алып жатырмын. Көптен ауылға ат ізін салмаған едім. Көп өзгерістер жасалып жатыр екен. Әсіресе, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Музыкалық мектеп, мейрамхана, тұрғын үйлер мен көшелердің жөнделуі…Ауыл осылай дами берсін,-деді. Алдағы уақытта ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне тұрғындар келіп, белседілік танытса екен дейміз.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АРДАГЕРЛЕРДІҢ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ

Күні: , 62 рет оқылды

16 маусым күні аудандық мәдениет үйінде Қазталов аудан әкімдігінің, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған ардагерлер арасында «Ел жүрегі – Астана» атты өнер фестивалі өтті. Фестивальге 13 ауылдық округ ардагерлері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Өнер фестиваліне қатысушыларды облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары Мырзағали Мұхамбетов және Уәлиолла Әбішев құттықтады. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева фестивальге қатысушыларға сәттілік тілеп, әркезде де ардагерлердің ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласуына тілектес екенін айтты. Фестивальдің шымылдығын Жалпақталдан келген Баян Қабиева жетекшілік ететін «Шапағат» ансамблі «Арман жырым – Ақбесім», «Еркелеші, Есіл өзен!» әнімен ашты. Фестивальге қатысушы «Асыл әжелер», «Әжелер нұры», «Ақтілеу», «Әже сәлемі», «Әжелер шуағы», «Ақкөлім, әжелерім», «Нұр Ана» «Жұлдыз – ай», «Гүлдерайым» ансамблдері мен алтын алқа иегері Маржан Бисенғалиева әжелеріміз өз өнерлерін жиналған жұртшылыққа паш етті. Фестиваль қорытындысында әділқазылар шешімімен орындау шеберліктерімен ерекшеленген Жалпақтал ауылдық округінен келген Баян Қабиева жетекшілік ететін «Шапағат» әжелер ансамблі 1 орынды алып, облыстық байқауға жолдама алса, 2 орынды Қазталов ауылдық округінің «Гүлдерай» әжелер ансамблі иемденіп, бостандықтық «Асыл әжелер» ансамблі 3 орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар басқа округтерден келген ардагерлерден құралған ансамбльдер де, жекелеген дауыста өнер көрсеткен ардагерлер де өздерінің табиғи дауысымен жұртшылықтың көңілінен шыға білді. Мұнымен қоса фестивальді жүргізушісі аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина апамыздың еңбегі бір төбе. Сахнада асқақтата ән салған ата-әжелерімізге айтар алғысымыз шексіз. Ал облыстық байқауға аудан намысын арқалаған «Шапағат» әжелер ансамбліне тек жеңіс тілейміз.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР МЕРЕКЕСІ

Күні: , 68 рет оқылды

Жалпақтал мəдениет үйінде медицина қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын өтіп, онда сала үздіктері марапатталып, ардагерлерге құрмет көрсетілді. Шараға қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, Елбасы тапсырмасына сәйкес елімізде, соның ішінде өңірде медицина саласына мемлекет тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті. Халықтың денсаулығын мен өмір сапасын арттыру бағытында елімізде жүзеге асқан оңды істер көп. Соңғы жылдары Жалпақтал ауруханасы заманауи құрылғылармен жабдықталып, автокөліктермен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда ауданымызда екі аурухана, емханалар, 7 амбулаториялар, 25 медициналық пункттер жұмыс жасап тұр. Осы салаларда 49 білікті дәрігерлер, 325 орта буынды медицина қызметкерлері, 189 кіші медбикелер бар. Бүгінде 500ден аса ақ халатты абзал жандар ауыл тұрғындарына абыройлы қызмет атқаруда. — Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халықтың денсаулығы — елдің байлығы. Елімізде халық денсаулығын қорғау мәселесі ең маңызды жұмыс ретінде мемлекеттік дәрежеде қамқорлыққа алынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынға халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп жүр. Адам жанына араша болып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбектерінің өте зор екені барша жұртшылыққа мәлім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында денсаулық сақтау саласы көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Атап айтсақ, бұл кезеңде жалақы тұрақты болмай, дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігі медицина қызметкерлерінің жұмысын қиындатты. Осындай кедергілерге байланысты көптеген мамандар кәсібін ауыстыруға мәжбүр болды. Дегенмен бұл қиындықтарға төзімділігі мен шыдамдылығының арқасында төтеп берген бүгінгі медицина саласының қызметкерлері өздерінің болашаққа деген нық сенімдерін жоғалтқан жоқ. Алдағы уақытта да денсаулық сақтау ісін тиімді ұйымдастырып, халыққа көрсетіп отырған дәрігерлік көмек көлемі мен сапасын жақсартып, қойған мақсаттар мен міндеттерді абыроймен, жоғары нәтижемен атқаратындарыңызға сенім білдіремін,-Абат Абайұлы. Ал Жалпақтал ауруханасының бас дәрігері Алмас Жүнісбеков те өзінің жылы лебізін білдірді. Салтанатты шара барысында сала мамандары аудан әкімінің жəне Жалпақтал ауруханасының алғыс хаттарымен марапатталды. Шара соңы медицина қызметкерлерінің əн шашуымен аяқталды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ƏКІМ ҚАРАӨЗЕН ОКРУГІНДЕ БОЛДЫ

Күні: , 82 рет оқылды

Аудан әкімі Абат Шыныбековтың жұмыс жоспары бүгін Қараөзен ауылдық округінің Қараөзен, Серік, Жас елді мекендерінде жалғасты. Мұнда бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жағдайымен танысты. Сонымен қатар, елді мекен тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен қам-қарекетін біліп, ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыс барысын және алдағы жоспарлары туралы хабардар етуді мақсат еткен аудан басшысы ауылда ағайындармен кездесіп Ораза айт мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, ауылдардың әлеуметтік жағдайы, халықтың тұрмыс – тіршілігі, өзекті мәселелер жөнінде ауылдастардың ұсыныс – пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын, мемлекетте жүргізіп отырған реформалардың оң нәтижелерін кеңінен түсіндіріп, шағын және орта бизнесті дамыту жолында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


«АСТАНА, ЖАЙНАЙ БЕР!»

Күні: , 74 рет оқылды

15 маусым күні Қазталов аудандық мәдениет үйінде Астанамыздың 20 жылдығына орай аудандық білім бөлімі, «Нұрбалапан», «Ақбота», «Жадыра» бөбекжай-балабақшаларының ұйымдастыруымен «Астана, жайнай бер!» атты мерекелік концерт өтті. Концерт шымылдығын «Нұрбалапан» бөбекжай ұжымы оркестрі «Елім менің» шығармасымен ашты. Үш тілде оқылған поэзия көрермен жүрегіне жол таба білді. Әуелеген ән де, мың бұралған бишілердің биі де сахнаның сәнін келтірді. Сонымен қатар Шәмші атамыздың әндерінен попури айтылып, жастар өздерінің флешмобын ұсынды. Мерекелік концерттік бағдарлама Медет Айтмағамбетовтың орындауындағы «Атамекен» әнімен тәмамдалды. Шара соңында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмурзин сөз алып, көрермендер атынан алғысын білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


«ЕЛ ЖҮРЕГІ — АСТАНА»

Күні: , 64 рет оқылды

Астана қаласының 20 жылдығына орай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жасөспірім оқырмандар арасында «Ел жүрегі — Астана» атты байқау ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты — Астананың әлем мен ел алдындағы маңызын, алар орнын, даму сатыларын өлеңге арқау ете отырып, сол арқылы елді, жерді, Отанды құрметтеудің үлгісін жасөспірімдердің санасына сіңіру, шығармашылық қабілеттерін ашу болатын. Байқаудың ашылуымен аудандық кітапхана директоры Гүлдана Даулетова құттықтап, үміткерлерге сәттілік тіледі. Байқау «Армандарды асқақтатқан Астана», «Жырға қосам мен сені мәңгі Астана», «Менің Астанаға тартуым» атты кезеңдерден тұрды. Байқау қортындысы бойынша Қарасу ауылынан Алихан Уахитов 1 орын алса, Талдықұдық ауылынан Ақбөбек Нариманқызы мен Болашақ ауылынан Зура Қаби 2 орынға ие болды. Ал 3 орынға Қараөзен ауылынан Шырын Мұхтарова мен Қошанкөл ауылынан Ақерке Бисенова , Бостандық ауылынан Жасқайратов Айдынбек иелік етті. Байқауға қатысып, белсенділік танытқан қалған үміткерлер алғыс хатпен мараптталды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.