АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 15.06.2018


АУДАН ӘКІМІ «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

Күні: , 102 рет оқылды

15 маусым күні аудан әкімі Абат Шыныбеков «Алтын белгі» иегерлерімен кездесу өткізді. Мектеп қабырғасында алған сапалы білімдерін дәлелдеп, ұстаздар мен ата-аналарының үкілеген үмітін ақтаған ауданымыздың 28 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Жиын барысында аудан басшысы оқушыларды және оларға 11 жыл бой білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымын шынайы пейілмен құттықтап, түлектерді «Алтын белгі» төсбелгілерімен марапаттап, алғыс хаттар табыс етті. Өз кезегінде сөз кезегін алған аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев,- Ауданымызда бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір жоғары көрсеткішке жеттік. Алдағы уақытта да бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткіземіз деген үміттеміз. Бүгінде білім сапасы жылдан-жылға жоғарылатып келе жатқаны бізді қуантады,- деді. Іс-шара барысында Абат Абайұлы түлектермен сұрақ-жауап арқылы пікірлесіп,- Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жастар саясаты мен тәрбиесі мәселесіне өте көп көңіл бөліп, қамқорлық жасап, мемлекет бойынша қаншама заман талабына сай мектептер салып жатыр осы мүмкіндікті орынды пайдаланыңыздар дей келе түлектерге сәт сапар тілеп, алға қойған мақсаттарың мен армандарың орындалып, Егеменді еліміздің өсіп өркендеуіне өз үлестеріңді қосыңдар,-деген ақыл-кеңесін берді. Мектеп түлектеріде сөз ала отырып, аудан басшысына және ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, өз өнерлерін де ортаға салды. Жиын соңында аудан басшысымен түлектер естелік суретке түсіп жақсы көңіл күймен тарқасты.

Қайрат ЖАҚЫП


КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Күні: , 86 рет оқылды

Қазақстанда бірнеше жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісі ақ желеңді абзал жандардың төл мерекесі ретінде аталып өтіп келеді. Сырқатына ем, жанына дәру іздегендер дәрігердің көмегіне жүгінері хақ. Бұл мереке — жаны қиналғанға жанашыр болып, дауа іздегеннің көңіліне демеу болған жандардың ерен еңбегі бағаланатын күн. Осыған орай 15 маусым күні аудан әкімі Абат Шыныбеков аудандық орталық ауруханада болып, ақ желеңділермен кездесті. Кездесуде Абат Абайұлы,- Бағалау, марапаттау, құрметтеу бір күнмен тоқтамау керек. Өйткені, сіздер тәулік бойы, жылына 365 күн тыным таппастан халыққа қызмет қыласыздар. Сіздер өмір мен өлімнің тайталасына түскен жандарға екінші мәрте жарық күн сыйлаған жансыздар. Төгілген маңдай тердің, жұмсалған күш-қайраттың, төзім мен шыдамның өтеуі болар мереке — Медицина қызметкерлерінің күні. Келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын!- деген тілегін жеткізе отырып, бір топ қызметкерлерге алғыс хаттар табыстады. Кездесу барасында облыстық денсаулық басқармасы және кәсіподақ атынан да алғыс хаттар табыс етілді.

Қайрат ЖАҚЫП


АУДАНЫМЫЗДЫҢ ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАРЫ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДА

Күні: , 78 рет оқылды

«Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде ауданымыздың атынан қатысқан Ерекешовтер отбасы (Қазталов ауылдық округі) БІРІНШІ ОРЫНДЫ иеленсе, Жүсіповтер отбасы (Бостандық ауылдық округі) арнайы номинацияға ие болды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ОРАЗА АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ

Күні: , 106 рет оқылды

Бүкіл мұсылман қауымының қасиетті айы – Рамазан айы да аяқталды. Осыған орай Қазталов мешітінде айт намазы оқылды. Жиналған жамағаттың алдында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков,-Қасиетті Рамазан айы – рухани жаңарудың символы. Бұл кезде адамдар мейірімділік, ізгілік, татулық пен келісім сияқты бірегей құндылықтарға бет бұрып, әркім өзінің әрекеті мен өзгелерге қарым-қатынасын қайта бір саралайды. Осы мереке күндері әрбір мұсылман жақсы істер жасауға, жақындарына қуаныш сыйлап, мұқтаж жандарға көмектесуге тырысады. Ауданымызда Рамазан айында көптеген игілікті, қайырымды істер атқарылды. Сіздерді айт мейрамымен құттықтап,шаңырақтарыңа бақыт, елімізде бірлік пен тыныштық болсын,-деген тілегін жеткізді. Жиналған жамағат алдында Қазталов ауылының иманы Жандосбек Құсайынов айт намазын оқып, халыққа бірлік, береке, елге тыныштық тіледі.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ БЕСІНШІ БАСТАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Күні: , 74 рет оқылды

14 маусым күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Қайыңды, Ақпәтер, Талдықұдық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімдігінің ашық есік күндеріне орай оздырылып жатырған кездесулерде ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, олардың сұрақтарына да жауаптар берілді. Сондай-ақ кездесулерде аудан басшысы ауданымыз бойынша атқарылып жатырған жұмыстар туралы айта келіп, болашақтың еншісінде жүзеге асатын жобалар туралы да сөз қозғады. Сонымен қатар аудан әкімі Қайыңды, Ақпәтер ауылдарындағы балаларға арналған жазғы демалыс лагерлерінің жұмысымен танысты. Осы күнгі кездесулер Талдықұдық ауылдық округінде өз мәресіне жетті. Округ тұрғындарымен ашық-жарқын жүздескен аудан әкімі округке қатысты істер туралы баяндады. — Өздеріңіз көріп, біліп отырғандай биылғы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жарияланды. Елбасы осы үндеудің Бесінші бастамасы: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруда» Астана өңірі мен өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз ету туралы анық айтқан болатын. Осы орайда ауданымыз бойынша үш бағытта көгілдір отын тарту жұмыстары қолға алынып, қаржы бөлінді. Соның бір бағыты — Талдықұдық ауылына газ тарту жұмыстары жақын арада басталатын болады. Осы жұмыстармен қатар ауылда байланыс жүйесі іске қосылып, таза ауызсу қондырғысы да орнатылмақ. Яғни, Талдықұдық ауылында біраз жұмыстар істелмек. Бұл халықтың тұрмыстық жағдайына оң өзгерістер алып келері сөзсіз,- деді Абат Абайұлы.

Қайрат ЖАҚЫП


«САХНА САҢЛАҒЫ» — СЕРДЕШ ҚАЖЫМҰРАТОВ

Күні: , 84 рет оқылды

14 маусым күні Қадыр Мырза Əлі орталығында «Елеулі есімдер» тақырыбы аясында белгілі киноактёрі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Сердеш Қажымұратовтың «Сахна саңлағы» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл кешке ауданымыздан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева қатысып, аудан əкімінің алғысхатын табыстады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ДӘРІГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Күні: , 76 рет оқылды

14 маусым күні кәсіби «Дәрігерлер күні» мерекесіне орай «Рухани жаңғыру» орталығында аудан жастары мен мектеп түлектеріне кәсіби бағдар мен рухани бағыт беру мақсатында дәрігерлер Жалпақтал ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, дәрігер инфекционист Гүлнар Сапақова мен Казталов ауруханасының жүйке аурулары дәрігері, нарколог, психиатр Жанна Жардемалиевамен кездесу оздырылды. Кездесуге мектеп оқушыларықатысты. Орталық жетекшісі Мирбол Адаялиев келген қонақтарға арнайы төсбелгі тағып, оларды «Рухани орталық» жұмысымен таныстырды. Кездесуді Қазталов орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Набия Төлегенқызы жүргізді. Ашық форматта өткен кездесуде дәрігерлер өз өмір жолдары туралы, бұл мамандыққа қалай келді кім әсер етті, «дәрігер адам неден сақ болу керек, неге жақ болу керек», «дәрігерде кәсіби біліктілік пен шеберліктен басқа қандай қасиеттер болу керек», «отбасы, ұрпақ тәрбиесі туралы ойлары», өз өмірлік ұстанымдары туралы айтты. Сонымен қатар дәрігерлер «Цифрландыру» мен «Медициналық сақтандыру» бағдарламалары туралы да түсініктер берілді. Сондай-ақ салауатты өмір салтын сақтап, жаман әдеттерден қашық болуға кеңестер берді. Кездесу соңында дәрігерлер «Құрметті меймандар» кітабына өз қолтаңбаларын қалдырды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ШЕКАРАЛЫҚ АЙМАҚТА ТҰРҒАН СОҢ ОНЫҢ ТАЛАПТАРЫ САҚТАЛУЫ ТИІС

Күні: , 136 рет оқылды

14 маусым күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожиннің төрағалық етуімен шекаралық аймақтың мәселелері жөнінде үйлестіру кеңесі өтті. Кеңес жұмысына ҰҚК-нің «Батыс»аймақтық шекаралық қызметінің подполковнигі Қанатбек Тыныбеков, №2036 шекара қызметі бөлімінің командирінің орынбасары Тимур Кокабаев қатысып, шкаралық аймақтағы жағдайды баяндады. –Елдің тыныштығы, қауіпсіздігі шекарамыздың беріктігінен байқалу қажет, -деді олар сөз сөзінде. Қазталов ауданы шекаралық аймаққа жатады. Бұл аймақта мемлекеттік шекараны өрескел бұзу заңдылықтары болып жатқан жоқ. Дегенмен кей жағдайларда малдардың қараусыз қалуынан малдар шекарадан әрі қарай өтіп кетіп жатады. Ал оны кері қайтарып алу көптеген қиындықтар туғызуда. Сонымен қатар кейбір азаматтар шекарадан өздерін анықтайтын құжатсыз өтіп кетуі нәтижесінде шекара бұзу фактілері де көрініс табуда. Міне, осы басқа да шекара тәртібін сақтау, оның тиісті заңдылықтарын әрбір адамның орындау міндеттері тұр. Бұл орайда аудан халқы арасында түсінік жұмыстары көбірек жүргізілуі қажет. Әсіресе, жаз айында түрлі науқандық жұмыстар кезінде қозғалыстар көп болатыны белгілі. Мәселен шекара бойындағы жерлерден мал азығы үшін шөп шабу немесе мал жаю тағы басқа да шаруалар жасалғанда жұмыс істеп жүрген адамдардың төлқұжаттары өздерімен бірге болуға тиіс. Бұнымен қоса шекаралық аймақ болып белгіленген жерде(Қоныс ауылынан есептегенде) 25 шақырым бойында әрбір адамның өздерін анықтайтын құжаттары өздерімен бірге болуы тиіс,-деген бағыттағы түсініктер келтіріп кетті. Үйлестіру кеңесіне қатысушылар шекара мәселесі туралы қойған сауалдарына тиісті жауаптар қайтарылды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ МӘРТЕБЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Күні: , 78 рет оқылды

14 маусым күні мемлекеттік қызметші күні қарсаңында және мемлекеттік қызмет органдарына 20 жыл толуына орай аудандық кітапханада мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, олардың ұрпақтары, мемлекеттік қызметшілер мен жастардың қатысуымен «Мемлекеттік қызметтің мәртебесі» атты дөңгелек үстел оздырылды. Дөңгелек үстел барысы аудан әкімі аппараты басшысының міндетін уақытша атқарушы Жандос Дүйсенғалиевтың кіріспе сөзінен басталды. Қатысушылар назарына Қазталов ауданының мемлекеттік архивінің жеке тектік қорынан алынған мемлекеттік қызметкерлердің құжатнамасы мен мұражайдан алынған жәдігерлерінен жасалған көрме ұсынылды. Кітапханашы Данагүл Сәбитқызы көрмеге шолу жасап, қатысушыларға түсіндірді. Дөңгелек үстелге қатысушы жас буын мемлекеттік қызметтегі аға өкілдердің әңгімесін тыңдады. Келген ұрпақтары алғыстарын айтса, жастар осындай шара жиі ұйымдастырылса деген ұсыныстарын білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


«ӘНІМ СЕНСІҢ, ТУҒАН ЖЕР!»

Күні: , 90 рет оқылды

Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген, Қыз қайда құдашадай көзі күлген. Алыстан ат арытып келгенімде, Шақыртпай еш адамға өзі келген. Ахау-ау, сәулем-ай, Өзі келген-ай, Аха-ха-ау арманай… Кең де, ашық дауыс сахнаға сыймай көкке өрледі. Бұл – қазақтың халық әні «Ақбақайды» шырқап тұрған жерлесіміз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мұқан Төлебаев әндер байқауының лауреаты Айбар Хайырханов болатын. 13 маусым күні Айбар аудандық мәдениет үйінде «Әнім сенсің, туған жер!» атты кешін өткізді. Айбардың әндерін Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі сүйемелдеді. Осы кеште Айбар Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ», Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», әндерін орындаса, сонымен қатар И.Кальманның «Ария Мистера Х», Э.Ди Капуаның «О соле мио» классикалық әндерін де шырқап, көрермендердің құлақ құрышын бір қандырды. Сонымен қатар осы кеште Айбардың әріптестері күйші Асылбек Бектасов «Төремұрат» күйін және Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін камералық оркестрмен бірге орындап, күй құдіреттің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Эльмира Усаева «Гәкку» төгілдірсе, Айбар екеуі қосылып классикалық шығармаларды да өз деңгейіне жеткізе әуелетті. Сондай-ақ камералық оркестрдің орындауындағы «Симфония Сол Можор» шығармасы және оркестрдің вокалдық тобы да ұлтымыздың классикалық шығармаларымен бірге әлемдік туындыларды да сахна төрінен асқақтатты. Аудандық мәдениет үйінің сахнасында көп уақыттардан бері классикалық шығармалардың үні естілмегендіктен болар, көрермендер оны сағынып қалған екен. Әрбір орындалған нөмірлерге ұзақ қол шапалақтау мен ықлас білдіріліп отырылды. Кеш Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» әнімен аяқталды. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова жерлесіміздің осындай рухани демалыс сыйлағаны үшін және облыстық камералық оркестрдің ұжымына аудан жұртшылығы атынан рахмет айтып, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Осы кеште аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Нұрия Хабибуллина және аудандық саз мектебінің директоры, Айбардың алғашқы ұстазы Жадыра Тілеубаева өнер иесіне ризашылық тілектерін жеткізіп, естелік сыйлықтарын табыс етті.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.