АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 11.06.2018


«ТУҒАН ЕЛІМ, БАР ӨНЕРІМ ӨЗІҢЕ!»

Күні: , 78 рет оқылды

9 маусым күні Жалпақтал ауылында Елордамыз — Астананың 20 жылдығы мерекесіне орай және «Туған жер — тұнған тарих» атты өнер фестиваліне орайластырылған Халықтық Баян Қабиеваның жанұялық ансамблінің «Туған елім, бар өнерім өзіңе!» атты ән-думан кеші өтті. Кеште 30 жылдық тарихы бар бұл жанұялық ансамбльдің мүшелері өнерге деген құштарлығы мен туған ауылдың халқына деген сүйіспеншілігін ән-жыр арқылы паш етіп, мәдениет үйіне жиналған ағайынды бір серпілтіп тастады. Ансамбльдің бүгінгі күнде марқұм болған мүшелерінің ұл-қыздары және Баян апамыздың ұлдары Әділ, Асылхан өздерінің тамаша әндерімен көрерменді баурап, кештің сәнін аша түсті. Сонымен қатар Баян Қабиева жетекшілік ететін «Қыз Жібек» термешілер ансамблі мен «Шапағат» әжелер ансамблі көрерменге әннен шашу шашып, кештің шоғын үрлеп, отын маздата түскендей әсер берді. Кеш соңында «Ажарлы ауылым» әнімен сахна төрінен табылған ансамбль жетекшісі, «Жалпақталдың Ақ Баяны» атанған Баян Құбайқызы кешті тамашалауға келген ауылдастарына ризашылығын білдіріп, көп балалы аналарға жанұясы атынан сыйлықтар табыс етті. Кештің қонақтары аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева мен Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Меңдіхан Халимуллин Баян Қабиеваға ауылдастары атынан рахмет айтып, Жалпақтал ауылдық округі әкімінің алғыс хатын табыстады.

Қайрат ЖАҚЫП


…ҚОШАНКӨЛДЕН ҚУАТ АЛЫП ҚАЙТАРСЫҢ…

Күні: , 88 рет оқылды

9 маусым күні Астананың 20 жылдығы және ауданымыздың 90 жылдығына арналған «Туған жер — тұнған тарих» өнер фестивалі аясында «Достық» саябағында Қошанкөл ауылдық округінің күні өтті. Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Радж Шарипов аудан тұрғындарын келе жатырған жарқын мерекемен құттықтап, қошанкөлдіктердің ыстық ықыласын жеткізді. Концерттік бағдарламаның бір ерекшелігі — қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде хабарланды. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаланың идеясына сәйкес ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында кішкентай баланы алғаш рет атқа мінгізу «Ашамай» және киіз басу дәстүрлерін сахналады. Сахнада қошанкөлдік өнерпаздар ән-жыр мен күйден көрермендерге шашу шашты. Кітапханашы Жанар Адаялиева, әдіскер Рая Құмарғалиева және түрлі сала қызметкерлері Айғаным Қауданова, Мұрат Темірхан, Аян Каримуллин тағы басқалары орындаған әндер мен күйлері көремендерді бей-жәй қалдырмады. Сонымен қатар жауқазындай бишілердің қимылы құбылып тұрған ауа райының «тентек» мінезін саябырсытып тастағандай болды… Казталовтың аспанында Арман Биғалиевтің әні мен сөзіне жазылған «Қошанкөлім» әні қалықтап, Сарыөзеннің жағасында орналасқан округтің тарихын да, тынысын да, бүгінгі іргелі істерін де көремендердің көз алдынан өткізгендей әсер берді… … Туған жерім жүрек толқи сағынар, Көктерегім,сай-саламыз тағы бар. Сағынышпен келсең ғана ауылға- Қошанкөлден қуат алып қайтарсың… Қошанкөлдіктердің өнер кешінде тек аудан тұрғындары ғана емес, сонау Ақсайдан келген қонақтар және дәл осы күні үлкен өмірге қос аққудай қанат қаққан жас жұбайлар Мереке ауылының тұрғыны Асхат пен оралдық Гүлжиянның неке қию рәсіміне қатысушылар да тамаша бағдарламаның куәсі болды. Сондай-ақ тігілген ақшаңқан үйде қошанкөлдіктердің әзірлеген ұлттық тағамдарынан көрермендер дәм татып, ризашылықтарын білдірді. Осындай әдемі бағдарлама ұсынған қошанкөлдіктерге Қазталов ауылдық округі әкімнің алғыс хатын округ әкімінің орынбасары Баймағамбет Сағадденов Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Радж Шариповке табыстап, аудан орталығы тұрғындары атынан рахметін білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ҚАЗТАЛОВТА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Күні: , 98 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Қазталов ауданына сапары аудан орталығындағы саз мектебінің құрылыс жұмыстарымен танысудан басталды. Номиналдық қуаты 24 оқушыға арналған саз мектебінің жобалық құны 87 млн. 615,9 мың теңге. Бұл жобаға облыстық бюджет есебінен әзірге 44 млн. 500 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «ЖолаушыЖол» ЖШС жүргізуде. Алдағы уақытта саз мектебінде би, музыкалық аспаттарды үйрету сыныптары, концерттік залы, гардероб, санитарлық торабы іске қосылады деп жоспарлануда. Құрылыс нысанын аралап көрген облыс әкімі, ауыл ақсақалдары, мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Кездесуде Алтай Сейдірұлы,- Қазталов ауданында ауықымды жобалар жүзеге асуда. Өздеріңіз көріп отырғандай Жалпақталдан асқан қатқыл табанды жол аудан орталығына 35 шақырым қалды. Ол жолдың да құрылысы басталып кетті. Алдағы уақытта орталықтарыңызға келіп жетеді. Сонымен қатар биылғы жылы аудандарыңызда 13 елді мекенді көгілдір отынға қосу жұмыстарын бастап жатырмыз. Соның сыртында Қазталов, Жалпақтал ауылдарының ішкі жолдарын жасау да қолға алынуда. Бұдан басқа тұрғын үй құрылысы да бар,- деді. Кездесу барысында Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков ауданымызда атқарылып жатырған жұмыстар туралы әңгімелеп берсе, ауыл ақсақалдары осындай жұмыстар үшін облыс әкіміне ел атынан алғыстарын білдірді. Бұдан кейін өңір басшысы ат басын Бозоба-Қайыңды бағытындағы Қараөзен өзені арқылы өтетін қалқымалы көпір бағытына бұрды. Бұрынғы қалқымалы көпірдің істен шығуына байланысты Қайыңды, Болашақ ауылдық округтерінің тұрғындарына аудан орталығымен қатынас қиындап, Жалпақтал арқылы айналма жолмен жүруге тура келді. Міне, сол мәселенің түйіні шешіліп, жаңадан жасалған қалқымалы көпір 15 мамыр күні ашылған болатын. Бұл қалқымалы көпірді Владимир Самсонов жетекшілік ететін «Орал жөндеу компаниясы» ЖШС 52 млн. 724 мың теңгеге салған. Ұзындығы 42 метр, ені 6 метр, жүк көтеруі 20 тоннаға дейін жететін көпір құрылысы сапалы салынған. Осы қалқымалы көпір арқылы өткен жолаушылар Қайыңды, Болашақ ауылдары арқылы Тасқала-Орал бағытындағы тас жолға тікелей шыға алады. Келесі кезектегі Ақпәтер ауылдық округіндегі Талғат Қабденов жетекшілік ететін «Перизат» шаруа қожалығында болған облыс әкімі шаруашылықтың жәй-күйімен танысты. «Перизат» шаруа қожалығы 2016 жылдан бері асыл тұқымды «Еділбай» қойын өсіруді қолға алған. Үкіметтің демеу қаржысымен асыл тұқымды «Еділбай» қойын сатып алған шаруашылық бүгінге күнде осы қой тұқымын 1000 басқа жеткізіп отыр. Сонымен қатар шаруашылықта 100 бас жылқы, 300 бас тауарлы ірі қара малы бар. Ал Ақпәтер аулында былтырғы жылдан бері «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауызсу құбырының реконстукциялау жұмыстары жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қаржыландырып жатырған бұл жобаға 239 млн. 689,4 мың теңге бөлініп, ұзындығы 18,731 шақырымды құрайтын су құбыры таза ауызсумен 1014 адамды қамтымақ. Осы жұмыстардың басында болған облыс басшысы мердігер «БатысгазСтрой» ЖШС-ның өкілдерімен кездесті. Ауданымызда жүзеге асып жатырған ауқымды жобаның бірі – Киров-Шежін каналының 3-ші кезеңін қайта құру жұмыстары. 3 кезең жұмыстарының ұзындығы 47,9 шақырымды құрайтын бұл канал іске қосылған кезде Ресейдің Еділ өзенінен келетін су тәуелділігін азайтып, Жайық суын Қараөзенге әкелу мақсаты тұр. Жобалық құны 2 млрд. 291,123 млн құрайтын бұл жұмыстарға республика бюджетінен 1 млд. 967,98 млн көлемінде қаржы жұмсалып отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру жыл сайын Жайықтан Қараөзенге 50 млн. текше метр көлемінде су айдауға, бұл өз кезегінде жылына 600-700 млн. теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын мердігер «АзияТехСтрой» ЖШС жүргізіп жатыр. Киров-Шежін каналының қайта құру жұмыстарын өз көзімен көрген Алтай Сейдірұлы,- Қазіргі атқарылып жатырған жұмыстарды уақытын да және сапалы аяқтауымыз қажет. Алда 4-ші кезеңнің жұмыстарының жоспары тұр,- дей келе мердігерге тапсырма берді. Өңір басшысының соңғы аялдаған нысаны Жаңажол аулындағы кіреберіс және ауыл ішіндегі көшелердің жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары. Жаңажол ауылының кіре берісі мен Жалпақтал ауылына апаратын шыға беріс жолдарына және ауыл ішіндегі 3 көшеге ұзындығы 7,5 шақырым болатын қатқыл табанды жол салу жұмыстары басталған. Сонымен қатар 4 көшеге жаяу жүргінші жолы да жасалып жатыр. Бұл құрылыс жобасына республикалық бюджет есебінен 704 млн. 887 мың теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстарын облыс жұртшылығына жақсы таныс «Айдана» ЖШС жүргізуде. Ауданымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі өз ризашылығын білдіріп, облыс орталығына аттанып кетті.

Қайрат ЖАҚЫП


АУДАН ӘКІМІНІҢ ЖҮЛДЕСІНЕ АРНАЛҒАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТУДЕ

Күні: , 104 рет оқылды

9 маусым күні ҚР Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына және Қазталов аудан әкімінің жүлдесіне арналған волейболдан ерлер арасындағы ашық біріншілік жалауын көтерді. Ашық біріншілікте сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов, — Елімізде үлкен, жарқын мереке жақындап келеді. Ол – Елордамыз Астананың 20 жылдығы. Осыған байланысты түрлі мәдени-спорттық шаралар өтуде. Бүгін соның бір айғағындай Елорданың 20 жылдығымен сабақтастыра аудан әкімінің кубогі сарапқа салынғалы отыр. Бұл ашық біріншілікке облысымыздың аудандарымен қатар шекаралас Ресейдің Александров- Гай командалары қатысуда. Барлық командаларға жеңіс тілеймін,- деген тілегін жеткізді. Ашық біріншілікке жалпы саны 6 команда қатысуда. Олар Ақжайық, Александров-Гай, Бөкей Ордасы, Жаңақала ауданы және Қазталов ауданың екі командасы. Тартысты өткен біріншілікте 1 орынды Ақжайық, 2 орынды Бөкей Ордасы, 3 орынды Қазталов ауданының командалары иеленіп, алғысхаттармен, кубоктермен марапатталды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КОНЦЕРТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Күні: , 72 рет оқылды

8 маусым күні Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өткізіліп жатқан мекемелер арасындағы өнер фестиваль аясында Қазталов аудандық орталық аурухана, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және аудандық санитарлық-эпидемиялогиялық сараптама орталығы мекемелері бірлесе отырып концерт қойды. Концерт барысы Аққанат Аяпбергеннің әуелеген әнімен басталса, өз жалғасын жан тебірентіп құлақ құрышын қандырар поэзиямен тапты. Сонымен қатар өнерпаз Темірхан Мұрат домбыраның күмбіріне салып екі күйді тарту етсе, жастар жағы сюжеті әдемі флешмобын ұсынды. Ал мекеме ішіндегі әсем дауыс иелері құр алақан емес екендерін көрсетіп залды жанды дауыстарымен ұйытты. Аталмыш ұжым мерекелік концертін соңын Роза Әлқожаның «Атамекен» әнімен хор арқылы өз межесіне жеткізді. Мерекелік концерттен соң Қазталов ауылдық округі әкімі Жүсіп Шакуов, аудандық орталық ауруханың директоры Қайырбай Алтаев сөз алып, ұжымдарға ризашылықтарын айтты.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.