АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 08.06.2018


ӨНЕРЛЕРІМЕН «АЛАУЛЫҚ» ТЫНЫҒУШЫЛАРДЫ ҚУАНТТЫ

Күні: , 72 рет оқылды

Мамыражай маусым айының 7 жұлдызында Қазталов аудандық саз мектебі табиғаты әсем, ауасы таза «Алау» балалар жазғы демалыс лагеріне жол тартты. Ондағы мақсат –тынығушылардың көңілін бір серпіп, өнерлерін паш ету еді. «Аялаған Астана» атымен барған концерттік бағдарлама саз мектебінің директоры Жадыра Тілеубаева мен лагерь басшы Елжан Қабылтаев алғыс сөзімен басталып, мың бұралған бишілердің биімен, әуелеген әсем әнмен, күбірлеген күймен үйлесімді компазициямен жалғасын тапты. Бағдарламада саз мектебінің фольклорлық ансамблі орындаған күйлер, ұстаздар Гүлшат Ізмағамбетова,Әсем Бекжан, Гаухар Мерғалиева, Әсемгүл Жұмабаева және вокальдық-аспаптық ансамблдің орындауындағы әндер балғын оқушылардың көңілдерін бір көтеріп тастаса, «Шаттық» бишілер тобы да мың бұралған биімен лагердің шырайын әрі қарай аша түсті. Концертті тамашалаған балалардың осындай концертке риза болғандары олардың жүздерінен байқалып тұрды. Тынығушылар атынан күбірлеген қоңыр дауыс иесі жұлдыздық оқушы Асылжан Хайреденов алғысын әнмен жеткізді. «Алау» балалар жазғы демалысының бірінші кезеңінде 44 оқушы демалуда. Оларға барлық жағдай жасалған. Демалушы оқушылар жоспарға сәйкес түрлі бағытта демалыс шараларына қатысуда.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


БАС ЖҮЛДЕ ЖӘНЕ III ОРЫН ЖАЛПАҚТАЛДЫҚ ӨРЕНДЕРДЕ

Күні: , 94 рет оқылды

Жалпақтал балалар өнер мектебінің бір топ оқушылары 4-7 маусым күндері Алматы қаласында өткен І Халықаралық «Қазақстан таланттары» рухани-патриоттық байқауға қатысқан Жалпақтал балалар өнер мектебінің «Желдірме» фольклорлық ансамблі (жетекшісі Ж. О. Ержанов) БАС ЖҮЛДЕГЕ және ансамбльдің басқобызшысы осы номинация бойынша БАС ЖҮЛДЕНІ Серік Аңсаған (оқытушысы -А. Е. Ғұбайдуллин) иеленді. Сондай-ақ терме номинациясы бойынша Азамат Мәліков (оқытушысы -А. Н. Досқалиев) жүлделі ІІІ ОРЫН иеленді. Алатау бөктеріндегі әсем қала Алматыда жүлдеге ие болған өнер таланттарына алар асуларың биік болсын! – дейміз.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАТҚЫЛ ТАБАНДЫ ЖОЛ ЖАҢАЖОЛҒА КЕЛІП ЖЕТТІ

Күні: , 64 рет оқылды

7 маусым күні аудан әкімдігінің ашық есік күніне арналған тұрғындармен кездесулер Жаңажол ауылдық округінің Жаңажол, Көмекші ауылдарында, Көктерек ауылдық округінің Сатыбалды және Қарасу ауылдық округінің Бостандық ауылдарында өтті. Ашық есік күні аталған ауылдарды аралаған аудан әкімі Абат Шыныбеков тұрғындармен кездесіп, ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан басшысымен бірге Чапаев-Жалпақтал-Қазталов күре жолының бойында орналасқан Жаңажол ауылында болған сапарымызда ауыз толтырып айтар жаңалықтың куәсі болдық. Жаңажол ауылының кіре берісі мен Жалпақтал ауылына апаратын шыға беріс жолдарына және ауыл ішіндегі 3 көшеге ұзындығы 7,5 км болатын қатқыл табанды жол салу жұмыстары басталған. Сонымен қатар 4 көшеге жаяу жүргінші жолы да жасалып жатыр. Бұл құрылыс жобасына республикалық бюджет есебінен 704 млн 887 мың теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстарын облыс жұртшылығына жақсы таныс «Айдана» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарын аралап көріп, жаңажолдық ағайынмен кездескен аудан әкімі Абат Шыныбеков,- Елбасымыздың биылғы жылы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек» -деп атап көрсеткен болатын. Елбасымыз айқындап берген сол мақсат орындалып жатыр. Ауданымыз бойынша алғаш рет қатқыл табанды жол төсеу үшін жергілікті маңызы бар жолдарға қаржы бөлініп, өздеріңіз көріп отырғандай сол жол құрылысы Жаңажол ауылына да келіп жетті. Ауылдарыңызда былтырғы жылдан бастап «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауызсу жүйесі іске қосылып жатса, енді міне ауыл ішіндегі жолдың да мәселесі шешіліп жатыр. Осындай жұмыстар ауданымыздың басқа да округтерінде жалғасын табу үшін жұмыстанып жатырмыз,- деген сенімін білдірді. Міне, осындай жұмыстар Жаңажолда орын алып жатырса, облыс орталығынан тартылған қатқыл табанды жол аудан орталығына да жетіп қалды. Осындай ел басқарып отырғын азаматтардың еселі еңбегінің жемісі болған қатқыл табанды жол ауданымыздың тыныс-тіршілігіне де оң өзгерістер әкелері сөзсіз.

Қайрат ЖАҚЫП


ЕНДІ АЗ КҮННЕН КЕЙІН АРНАЙЫ СЕРТИФИКАТ АЛАДЫ

Күні: , 80 рет оқылды

Өздеріңізге мәлім 23 сәуірден бері аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімімен бірлесе отырып «Finsity» ЖК ағылшын тілін үйренушілерге оқыту курсын жүргізуде. Күні бүгінде бұл курста 45 адам оқыса, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де бар. Курс «Beginnеr», «Elementаry» деңгейінде оқытылуда. Бұл оқу курсын жоғары санатты А. Оразбаева мектебінің ұстазы Сұлу Кенжеғалиева жүргізеді. Алғашқы оқу курсына тартылғандар 23 маусым күні оқуларын аяқтап, арнайы сертификат алатын болады. Ағылшын тілін оқыту курсы келесі жылы да жалғасын табады.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


II РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ДА СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Күні: , 90 рет оқылды

4-6 маусым күндері Орал қаласында Есту қабілеті төмен спортшылар арасында II Республикалық спартакиада өткен болатын. Бұл спорттық жарысқа біздің спортшыларымызда қатысып, аудан намысын қорғады. Шахматтан (ерлер арасында) Оралхан Әубекеров және дюздо күресінен 81 келі салмақ дәрежесінде Жақсылық Ақмурзин 3 орындарды иеленсе, ал үстел теннисінен Ерлан Қадиров қала командасынан шығып, 1 орынды қанжығасына байлады. Тағы бір қуантатын жәйт – шахматтан 3 орынға ие болған Оралхан Ақтөбе қаласында өтетін республикалық спартакиадаға жолдама алды. Ендеше, спортшыларымызды жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы жарысқа сәттілік тілейміз!

«Ауыл айнасы» ақпарат


БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА БӘРІМІЗ ДЕ ЖАУАПТЫМЫЗ

Күні: , 66 рет оқылды

Күндіз-түні адамдардың өмірі үшін күресетін ақ халатты абзал жандардың төл мерекелері де жақындап қалды. Бұл мамандық иелері демалыс уақыттарында болсын, не мейрам күндері болсын үнемі қызмет көрсетуге даяр тұратыны сөзсіз. Пенде болған соң кейде дәрігерлерге базына айтып жататын кезіміз де жиі кездесіп қалып жатады. Алайда мына бір жағдайды да естен шығарып аламыз. Адамды мендеген ауруды жеңу немесе алдын алуда адамның бірінші кезекте өзі тұруы қажет. Шындығы керек батпандап кірген ауруды дәрігерлер бірден қайдан «қуып шыға қойсын»…? Сондықтан да әр нәрсенің де өз жөні болғаны дұрыс. Осыған орай мереке күні қарсаңында аудандық аурухананың балалар дәрігері Ұлданай Хибатоллақызына жолығып тілдескен едік. — Біздің аурухана есебінде 4 мыңның үстінде балалар бар. Болашақты жасайтын осы балалардың денсаулығының мықты болуы үшін барлық медициналық қызмет көрсету жоспарлы жүргізілуде. Жыл сайын скрининг жоспарлы өтеді. Сонымен қатар екпе салу жұмыстары да ауданымызда бірқалыпты деп айтамыз. Дегенмен ел болғасын түрлі адамдар болады ғой. Ауданымызда екі отбасы балаларын екпе салдыртуға немқұрайлық танытып жүрген, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін олар да балаларын екпе салдыртуға алып келуді қолға алды. Сондай-ақ жыл сайын Отан алдындағы борышын өтейтін жастарды дәрігерлік тексеруден өткізуге қатысып келеміз. Жастарымыздың денсаулықтары көңіл қуантарлық деуге болады. Алайда дәрігер ретінде бір байқап жүргенім – бүгінгі жасөспірімдер ұсақталып бара жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Оған да бір себеп болар, әсіресе, бүгінде дүкендерді жаулап алған тегі белгісіз, құнарсыз тағамдардың да әсері бар ма деген ой келеді. Өткенімізге көз жіберсек, тарихи кітаптарды оқысақ тау тұлғалы ата-бабаларымыздың кескін-келбеттері елестейді. Олар неге тұлғалы, шымыр болды? Себебі олар ұлттық тағаммен қоректенді, былайша айтқанда ұлттық колоритті, генді жоғалтпай ұстады. Соның нәтижесінде біздің өткен ата-бабаларымыз нар тұлғалы болды. Осыны ескерер болсақ, ауылда болсын, қалада болсын біздің ұл-қыздарымыз ұлттық мәзірге жақын болуы қажет деймін. Өздеріңізге белгілі Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық колоритті сақтау туралы айтылған ойының өзі осыған тіреліп жатқан жоқ па? Сау ұрпақ ғана болашақты жасай алады. Сондықтан да әрбір шаңырақта желбіреп өсіп келе жатқан жас өрендеріміздің дені сау болуы – баршамыздың міндетіміз, -деді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖҮЛДЕЛЕР ҚАЗТАЛОВТЫҚ ЖАС ТАЛАНТТАРДА

Күні: , 70 рет оқылды

4-7 маусым аралығында Алматыда «Қазақстан таланттары» атты оқушылар арасында халықаралық байқау өтті. Сол байқауға аудандық музыка(саз) мектебінің шәкірттері вокаль жанры бойынша Кәмшат Аюпова (ұстазы Гаухар Мерғалиева) қатысып, ЕКІНШІ орынды иеленді. Ал баян жанры бойынша ЕКІНШІ орынды Сұлтан Бақытжан, ҮШІНШІ орынды Бақдәулет Жасбуын (ұстазы Ерлан Уаресев) иеленіп, ауданымыздың мәртебесін бір көтерді. Ауданнан барған жас таланттар Кәмшаттың әдемі дауысы Алатаудың ұшар басына қалықтаса, Алатаудың басынан бастау алатын сылдырлай аққан бұлақтарға Сұлтан мен Бақдәулет сырнайдан шыққан сазды әуендері үн қосты деп айтамыз. Өнерлерің биіктей берсін, жас таланттар! – дейміз.

Жұлдыз АСҚАР


МЕНИНГОКОККТЫ ИНФЕКЦИЯ (ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ӨКІЛІМЕН ӨТКЕН БРИФИНГ)

Күні: , 82 рет оқылды

Еліміздің БАҚ құралдарында менингококкты инфекциясы, оның адам денсаулығына қауіптілігі жөнінде дабыл қағылуда. Осы таралған аурудың нәтижесінде қайтыс болған адамдардың деректері де тіркелуде. Осыған орай халық арасында аурудың таралуына жол бермеу және оның алдын алу бағытында жүргізіліп жатырған жұмыстар жөнінде аудандық аурухананың дәрігері Ұлданай Адаялиевамен бұқаралық ақпарат және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен брифинг өткізілді.
Дәрігердің айтуы бойынша менингококкты инфекция әлі күнге дейін ерекше проблема болып саналатын көрінеді. Инфекция көзі-ауру адам және тасымалдаушы. Бұл тек адамда кездесетін ауру. Егер де тасымалдаушылар көбейетін болса, онда эпидемия болу қаупі күшейеді.Балалар бұл ауруға өте сезімтал болып келеді. Менингококктар ауамен мұрын – жұтқыншақтың шырышты қабатына енеді. Сол жерде бала назофарингитпен ауырады. Егер де баланың қорғаныс қабілеті жақсы болса, ауру әрі қарай таралмай тоқталады. Ал баланың иммунитеті әлсіз болса, онда қоздырғыштар мұрын – жұтқыншақтың лимфо тамырлары арқылы қанға өтеді. Баланың үстіне қанталаған дақ түссе бұл аурудың ең ауыр түрі болып саналады. Қазіргі күнде осы ауруға қарсы 1 жастан 8 жасқа дейінгілерге екпе жасалады. Оның 4 түрі бар. Екпенің құны 20 мың теңге құрайды. Ауруханада бұл ауруға қарсы вакциналар әзір. Лайымда ауданымызда бұл аурудың қаупі жоқ деп айтамыз. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ дегендей сақтану мәселесін есімізден шығармауымыз керек. Әсіресе жас балаларды көпшілік орындарға жиі жібермеу қажеттігін ата-аналар ескерсе екен дейміз — деді. Брифингке қатысушылардың,- аурудың алғашқы белгілері қалай білінеді? — деген сауалына дәрігер,- алғашқы белгілерде бас жиі ауырады, дене қызуы 38-39 градусқа дейін жоғарылайды, мұрыннан су кетеді, ештеңеге зауқы соқпайды немесе жанып тұрған жарықтың өзі ауырған балаға әсер ететіні де тағы басқа да белгілері болады – деді. Брифингте дәрігер осы ауру жөнінде басқа да сауалдарға жауаптар қайтарды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.