АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 07.06.2018


КӨКТЕРЕККЕ ГАЗ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛМАҚ

Күні: , 99 рет оқылды

— Көктерекке газ тарту жұмыстары басталады,- деді аудан әкімі Абат Шыныбеков Көктерек ауылдық округінің халқымен кездесуінде. Кешегі күні жазғанымыздай ауданымызда аудан әкімдігінің ашық есік күндері басталған болатын. 6 маусым күні әкімдіктің ашық есік күніне арналған кездесулер Көктерек ауылдық округінде жалғасты. Кездесулерге аудан басшысы тікелей өзі қатсып, кейбір салалық мекеме басшыларын да бірге алып жүрді. Көктерек ауылдық округіне қарасты Көктерек, Саралжын, Оразғали ауылдарында болған ашық есіктерде ауыл тұрғындарына ауданымызда атқарылып жатырған жұмыстар туралы ақпарат беріп, округ бойынша атқарылған жұмыстар да айтылды. Сондай бір қуанышты жаңалықпен бөліскен аудан Абат Абайұлы ауданымыздағы 13 елді мекенге көгілдір отын тарту туралы айтып берді. — Елбасының бес әлеуметтік бастамасында көтерілген бір мәселе – ол газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру бастамасы. Осыған орай ауданымызда да жобалық-сметалық құжаттары дайын тұрған Талдықұдық, Талдапан және Көктерек бағытында газ тарту жұмыстары осы маусым айынан бастап қолға алынбақ. Бәрімізге белгілі ауданымыз көгілдір отынмен 41 пайызға ғана қамтылған болатын. Енді міне осы проблемалық мәселе шешіліп, жалпы құны 603 млн теңге тұратын үш бағытқа республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлініп жатыр. Осы жұмыстар Көмекші-Көктерек-Оразғали-Жұлдыз бағытында басталмақ. Сондай-ақ қалған елді мекендердің жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз,- деп сөзін түйіндеді аудан басшысы. Міне, «көптен күткен ұлы той» — демекші газ мәселесі көктеректік ағайынның көптен бері қол жеткізе алмай жүрген арманы десек артық болмас. Енді осы арманды күндердің де ауылы алыс емес. Бұдан кейін әкімдіктің ашық есік күніне арналған кездесу Жаңажол ауылдық округінің Әбіш ауылында өтіп, ауыл тұрғындары өздерін мазалап жүрген сұрақтарына жауаптар алды.

Қайрат ЖАҚЫП


КӘСІПОДАҚ КҮНІНЕ ОРАЙ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Күні: , 82 рет оқылды

6 маусым күні аудандық орталық ауруханада 10 маусым күні аталып өтетін Қазақстан кәсіподақтарының күні мерекесі қарсаңында дөңгелек үстел оздырылды. Дөңгелек үстелде аудандық орталық аурухананың кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанна Жәрдемалиева кәсіподақ жұмысы, оның тарапынан атқарылып жатырған істер туралы айтып өтті. -Кәсіподақтың басты қызмет – жұмыс істеуші азаматтардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын және кәсіптік қызығушылықтарын қорғау болып табылады. Бүгінгі күні аудандық аурухана кәсіподақ ұйымының құрамында 282 мүшесі бар. Атқарушы комитет құрамында 8 адам жұмыс жасайды. Кәсіподақ ұйымына түскен қаржы есебінен өз қызметкерлеріміз бен олардың балаларын сауықтыру мақсатында түрлі демалыс орындары мен лагерьлерге жіберіп отырамыз. Сонымен қатар аудан көлемінде өтіп жатырған шараларға да белседі атсалысып отырамыз. Сондай-ақ өз ұжымымыздағы әріптестерімізге түрлі қолдау көрсетіп, мерейтой иелеріне сыйлықтар да жасап отырамыз. Кәсіподақ мүшелерін алда келе жатырған мерекемен құттықтап, осы жолда атқарып келе жатқан еңбегіміз еленіп, ұжымымыз бізден қолдау тауып, бірлігіміз арта берсін дегем келеді, -деді кәсіподақ төрайымы.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚОЛЫНА КЕТПЕН ҰСТАҒАН АКА…

Күні: , 96 рет оқылды

Тал түс. Аңызақ жел. Қапырық ыстық… Салқын кеңсеге жетуге асығып келе жатсам, орталық алаңда киім киісі өзгешелеу бір адам қолына кетпен ұстап, гүлзардың айналасын қопсытып жатыр. Апырмай, осы бір өзге ұлт өкілі ауылымызда жоқ еді ғой. Не істеп жатыр екен деп жанына бардым. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін білгенім — есімі – Бекмұхаммад – қажы, ұлты — өзбек азаматы екен. Оның айтқаны: -Өзбекстанның Сырдария облысы, Гүлстан қаласынын қасындағы қышлақтан келдім. Осы сіздердің елдеріңде қызмет істеп кетіп жүрмін. Есіміме қажы сөзінің жалғануы 3 рет қажылыққа барып келсем, анамды 2 рет апарып келдім. Жасым 60-та. Өмірім жермен өтуде. Бұл жаққа Айбек деген туысқаным алып келді. Орталық алаңға гүл өсіремін. Күні ертең уақыты жеткенде осы егілген гүлдер үлкен гүлзарға айналады. Оған сеніңіздер, -деді. Мен, -біздің жақтың топырағының құнарлылығы төмен, еккендеріміз шықпайды, -деген ескі сылтауды айта бастап едім, сөзімді бөліп, -жерлерің мынандай деп бас бармағын жоғары көтерді. Осы жаққа келерде жолдағы өзендеріңізді (шамасы Қараөзен болар) көріп, айналасына қауын-қарбыз, сәбіз тағы басқа да бау-бақша өнімдерін ексе, гектарынан 5 тоннаға дейін өнім жинауға болады. Суларың жаныңда, жерлерің керемет, бау-бақшаның ортасында отыратын адамдарсыңдар ғой, -деді. Айтқан жауабына ешқандай қарсы дәлел таба алмадым. Аз-кем ойланайықшы. Осыдан 7-8 жыл бұрын бір газеттен оқығаным бар. Сонда бір өзбек ағайын өзінің тамының жанындағы 1 соттық жерден біздің ақшамен есептегенде 500 мың теңгеге жуық пайда табатыны жазылған екен. Өзімізді-өзіміз сынап немесе басқа ұлттан төмен қойып отырған жоқпыз. Біздер мықты ұлтпыз. Бірақ қазіргі күнде әлі де болса бойымызда жайбарақаттық қасиеттер көп сияқты. Шындығы керек, мына қолына кетпен ұстап жүрген АКАНЫҢ жасындағы біздің АҚАЛАРЫМЫЗ көбінесе мінбеге ұмтылуға, қала берді ақыл айтуға шебер… Осы орайда Міржақып Дулатовтың: …Жатырмын, қазақ, оянбай. Мұнша қалың ұйқыны Бердің бізге, ой, Алла-ай! Бар ма екен біздей ғафыл жұрт… өлеңі ойға оралады.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ӨНЕРПАЗДАР ВОКАЛДЫ АСПАПТАР ТАРТУ ЕТТІ

Күні: , 76 рет оқылды

«Туған жерге тағзым» акциясының аясында Көктерек ауылында «Көркейткен көркін көп терек, ауылым — Көктерек» атты жерлестер форумында Көктерек мәдениет үйінің сахнасынан түлеп ұшып, қазіргі күнде облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүрген танымал өнерпаздар Көктерек мәдениет үйіне өз қаржыларына вокалды аспаптар табыс етті. Бұның өзі арттарынан ерген бүгінгі жас өнер иелерінің таланттарын ұштауына септігін тигізері сөзсіз.

«АУЫЛ АЙНАСЫ» ақпарат


3520 БОЗДАҚ… ШАРШАУДЫ БІЛМЕЙТІН ЖАНДАР

Күні: , 72 рет оқылды

Күнде көріп жүргендіктен болар кейде жанымыздағы адамдардың тынымсыз істерін байқамай да қалып жатамыз. Олар сол тынымсыз істерін жарнамалап та жатқан жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев ағамыз үш жылдан астам уақыттан бері Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, есімдері белгісіз болып келген боздақтардың тағдырын анықтау жолында еңбектенуде. Жетпістің төріне жетуге екі адым қалса да және күні кеше ғана жүрегіне ота жасатып келгеніне қарамастан осы бір тағылымды істі бітіруге қайтадан кірісіп кетті. Расын айтайық, айлық алып жүрсек те екі бет қағаз жазуға ерініп жатамыз… Ал Уәлиолла ағамыз осы бір жұмыс қоғамдық негізде болса да таңертеңгі сағат 8-де келіп, кешкі сағат 6-ға дейін жұмыс жасайды. Бүгінгі күнде аудан бойынша 3520 боздақтың соғыс жылдарындағы тағдыры анықталып отыр. Осы жұмыстарға аудандық кітапханалардың (Жалпақтал) кітапханашылары Мағия Нығметова мен Мөлдір Ғазизова да өздерінің негізгі қызметтері бола тұра көп еңбек сіңіруде. Сонымен қатар аудандық балалар туризм орталығының маманы Мержан Қарабалиннің де бұл іске қосып жүрген үлесі зор. Міне, инемен құдық қазғандай атқарылып жатқан іс айтуға тұрарлық. Себебі бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұрпақ жадында ағаларымыздың, апаларымыздың жүріп өткен даңқты жолы сақталып қалуы үшін жасалып жатқан тәлімді іс.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


АДАМДАРДЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУДА КӘСІПОДАҚТЫҢ РӨЛІ ЗОР

Күні: , 74 рет оқылды

5 маусым күні аудан әкімі аппаратында 10 маусым күні аталып өтетін Қазақстан кәсіподақтарының күні мерекесі қарсаңында дөңгелек үстел оздырылды. Дөңгелек үстел барысында кәсіподақтар және олардың қызметі туралы мәселе қозғалып, жан-жақты талқыланды. -Азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз етуде кәсіподақтар елеулі рөл атқарады. Кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларын сауықтыру жұмыстарына, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі мәселелеріне көңіл бөлу жұмыстың негізгі бөлігі болып табылады. Еңбек адамының мүддесі мен құқын қорғауда кәсіподақтар мықты күшке айналу керек, -деді жиын барысында сөз алған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының Қазталов ауданының комитеті төрайымы Айша Әбішева. Сондай-ақ барша кәсіподақ мүшелерін мерекемен шын жүректен құттықтап, отбасыларына береке, жұмыстарыңызға табыс тіледі.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


КӘСІПОДАҚ – ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ

Күні: , 82 рет оқылды

5 маусым Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханасында кәсіподақ ұйымы күніне орай кәсіподақ ұйымының жиналысы оздырылды. Жиналыста кітапхана кәсіподақ ұйымының мүшесі, кітапханашы Жанар Нығметова ұйымда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мекеменің кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің құқтары мен мүдделерін қорғау бағытында жұмыстануда. Сонымен қатар еңбек заңдарының орындалуы, қызметкерлерді марапаттау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жиналыста сөз алған кәсіподақ мүшелері қызметкерлерді еңбек демалысы кезінде демалыс-сауықтыру орындарына жіберу, олардың балаларын жазғы демалыс орындарына демалуын ұйымдастыру тағы басқа да мәселелер төңірегінде пікір-ұсыныстарын ортаға салды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ АШЫҚ ЕСІК КҮНДЕРІ БАСТАЛДЫ

Күні: , 68 рет оқылды

5 маусым күні ауданымызда аудан әкімдігінің ашық есік күндері басталды. Аудан әкімдігінің ашық есік күні Қарасу ауылдық округінде өтіп, аудан әкімі Абат Шыныбеков округтің Қарасу, Жұлдыз, Ащысай ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесулерге аудандағы салалық мекеме басшылары мен аудандық мәслихат хатшысы қатысты. Бұл кездесулерде округ әкімінің уақытша міндетін атқарушы Алтынғаным Бақытова округте атқарылған жұмыстардан баяндама жасаса, салалық мекеме басшылары ауыл шаруашылығы, ветеринария және халықты жұмыспен қамту салаларындағы өзгерістермен қатар жаңалықтарды да айтып берді. Кездесулер барысында аудан басшысы ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келіп, Қарасу округіндегі биылғы жылы қолға алынған іс-шаралар жоспарымен бөлісті. — Қарасу ауылдық округі ауданымыздың шалғай жатырған округтерінің бірі болып саналады. Дегенмен, округтің әлеуметтік жағдайы мен тыныс-тіршілігі біздің назарымыздан тыс қалған емес. Бұрынғы кездесулерде өздеріңіз көтерген біраз мәселелердің төңірегінде жұмыстанып жатырмыз. Жақсы жаңалықтарымыз да жоқ емес. Биылғы жылы Көктерек бағытындағы көгілдір отын тарту жүйесіне Жұлдыз ауылы да кіріп отыр. Республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржылар бөлініп, газ желісін тартатын мердігер де анықталды. Осы маусым айынан бастап газ құбырын тарту жұмыстары басталады. Сонымен қатар Қарасу ауылына таза ауызсу жүйесін тарту, Жұлдыз ауылынан жаңа мектеп салу үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттары толығымен жасалды. Ендігі уақытта қаражат табу мәселесі қалды. Ал Ащысай, Бостандық ауылдарына газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Тағы бір шешілген мәселе Жұлдыз ауылындағы таза су қондырғысының мембранасын ауыстыруға аудандық бюджеттен 3,8 млн теңге көлемінде қаржы бөліп отырмыз. Тек бір өкініштісі, Қарасу ауылдық округі ауыл шаруашылық саласына бөлінетін мемлекеттік субсидиядан құр қалып отырғандығы. Ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жұмыстары да қолға алынбаған. Осындай мәселелерге ауыл тұрғындары мен қожалық жетекшілері ойланса деймін. Енді бір қуантарлығы, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарасу ауылының әр жылдарда мектеп бітірген түлектері ауылдың көркейуіне өз үлестерін қосып, ауылға субұрқақ, «Менің жүрегім Қарасу» композициясын жасап, мектептің және мәдениет үйінің алдындағы абаттандыру жұмыстарын атқарған. Бұл да округ үшін үлкен жетістік болып саналады,- деді Абат Абайұлы. Сонымен қатар аудан әкімі Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы туралы түсіндіріп, кездесулер соңында ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен де қабылдады.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚҰЖАТТАР ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ ҚАБЫЛДАНАДЫ

Күні: , 86 рет оқылды

Қазталов аудандық сотының төрағасының міндетін атқарушы Ұ.Муқанғалиева «құжаттар электронды түрде қабылданады» тақырыбында брифинг өткізді. Брифинг барысында Ұ.Мұқанғалиева қазіргі кезде сот жүйесінде электронды құжаттарды қабылдау кеңінен қолданып келе жатқанын айтып, өз сөзінде: -Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыруға, адамның өзінің баруын қажетсінбейтін қызметтерді толық электрондық форматқа көшіруді міндеттеді. 2014 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Сот кабинеті» ақпараттық сервисін іске қосты. Бұл жүйе тұрғындарға қазірдің өзінде сотқа 50-дан аса электронды түрде өтініш жіберуге, соның ішінде, талап арыз, апелляциялық, кассациялық шағым және өтінішті, сонымен бірге, оларды қарау барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұны онлайн режимдегі Интернет арқылы үйден немесе кеңседен шықпай-ақ жіберуге болады. Сот қызметкерлеріне арналған «Төрелік» — автоматтандырылған жүйесі. Ол өтініш қабылдаудан бастап оларды мұрағатқа табыстауға дейінгі қызметті орындайды. Артықшылығы сол – келіп түскен арыздарды ешқандай соттың қатысуынсыз автоматты түрде өзі реттейді. Яғни, бұл жерде адам факторының ықпалы қажет емес. Сондай-ақ, «Төрелік» жүйесі барлық іс жүргізу мерзімдерін бақылап отырады. Сот бұйрығын шығару туралы арыздарының тек қана электронды түрде қабылдауына негізделген пилоттық жоба сынақтан өтіп, қазіргі таңда сот бұйрығын шығару туралы арыз сотқа жазбаша немесе электронды құжат нысанында беріледі. Осы ретте сотқа өтініш қағаз нұсқада келіп түскен жағдайда арыз бен оған қоса берілген құжаттар сканерден өткізіліп, «Төрелік» ақпараттық жүйесіне жүктеліп, судьяға қарау үшін электрондық нысанда жолданады. Судьяның сот бұйрығын шығару туралы арызды қарауы, сот актісінің әзірленуі, орындауға жолдауы тек электронды негізде жүргізіледі. Осылайша, бұйрық арқылы істерді қарауды 100 пайызға электронды нысанда жүргізу нәтижесінде азаматтардың уақыты мен қаржысы айтарлықтай үнемделіп, сот қызметкерлерінің жүктемесі қысқарып, қағаз нұсқадағы құжат алмасу көлемі барынша азаятын болды. Ағымдағы жылдан бастап оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде қаралатын азаматтық істер мен қылмыстық істер электронды түрде жүргізілетін болды. 2017 жылы 37 азаматтық іс электронды түрде қаралса, ағымдағы жылдың 5 айында 11 азаматтық іс электронды нысанда қаралып аяқталды. Қорыта келе сот төрағасының міндетін атқарушысы электронды сот төрелігін дамыту бойынша бастамалардың келешегі зор және бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Елбасы Жолдауы негізінде іске асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мазмұнымен толық үйлесім тауып отырғанын жеткізді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.