АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 04.06.2018


ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Күні: , 104 рет оқылды

14 маусым күні аудан әкімі Абат Шыныбеков аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесудің күн тәртібінде күні кеше Елбасымыздың Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының жаңғырту туралы көтереген бастамашыл жобалары туралы айтылып, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин хабарлама жасады. Елбасымыз халықтың партияға деген сенімін арттыру және оның электоралдық әлеуетін нығайту мақсатында 20 жобаны ұсынған. Соның ішінде 10 стратегиялық жобаның орындалуын тапсырған. Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге көшсек, сәуір-мамыр айларында халық қалаулылары өздерінің сайлаушыларымен кездесіп, есеп берген еді. Сол кездесулерде аудан тұрғындарының көтереген мәселелері мен айтылған ұсыныс-пікірлері бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, кездесуде кеңінен талқыланды. Жасақталған іс-шараларға қысқаша тоқталсақ, Қазталов ауылында Қазталов орта мектебінің шатырын жөндеу, ауылға техникалық су жүргізу, ойын алаңын салу, Қарасу тоғанын тазарту, Жалпақтал ауылында жаңадан музей үйін салу, көшелерді асфальттау, Кітапханаға бөлінген ғимаратты жөндеу, басқа да ауылдарда қордаланған күл-қоқыстарды шығару, интернет жүйесін күшейту, мектеп, мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу сияқты біраз мәселелер көтерілген. Кездесу барысында осы іс-шаралар жоспарының шешілу жолдары табу туралы Абат Абайұлы,- біз бүгінгі отырыста бұл іс-шаралардың бүгінде орындалуын немесе болашақта орындалатыны туралы анықтауымыз керек. Мысалға айтсам, Қазталов ауылында ойын алаңын салуға Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ауылдағы кәсіпкерлерді тартуымыз қажет,- деді. Отырыста талқыланған іс-шараларға қатысты аудан әкімі жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеп, мәслихат депутаттарының қосымша сұрақтарына да жауап берді.

Қайрат ЖАҚЫП


«МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – БІРЛІГІМІЗДІҢ НЫШАНЫ»

Күні: , 88 рет оқылды

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Мемлекеттік рәміздер – ұлттық құндылықтарымыз. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күні аудан орталығы Қазталовта мерекелік автошеру мен салтанатты шара өтті. Мереке күні аудан орталығында белгіленген маршрутпен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздері күніне арналған мерекелік автошеру аудан орталығындағы басты көшелер арқылы өтті. Жастардың ұйымдастыруымен және аудан орталығындағы мекеме-кәсіпорын ұжымдарының қатысуымен өткен бұл шараға 45 автокөлік тартылды. Мерекенің салтанатты шарасы «Достық» саябағында жалғасты. Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орталық алаңға кіргізіліп, республиканың барлық өңіріндегідей бір мезетте , бір уақытта саябақ алаңында Мемлекеттік Гимн шырқалды. Салтанатты шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, Мемілекеттік рәміздерімізді қастерлеу бәріміздің қасетті борышымыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз бен жұртымыз аман болсын!- деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді ұлықтау және мемлекеттік мекемелер ішінде стандартқа сәйкес орнатқан мекеме басшылары аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Мерекелік шара соңы аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Қайрат ЖАҚЫП


РӘМІЗДЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Күні: , 70 рет оқылды

 4 маусым күні  Жалпақтал мәдениет үйінің алаңында 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күнінен орай Менің Туым. Менің Елтаңбам. Менің Гимнім» атты іс шара акциясы өтті. Оған мекеме кәсіпорын басшылары, ауыл жастары, қоғамдық ұйымдары өкілдері қатысты. Мемлекеттік рәміздері күніне байланысты Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Меңдіхан Халимуллин, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов, ардагерлер ұйымының төрағасы Ғилым Едекешев игі тілектерін арнап, рәміздердің ерекшелегіне тоқталды. Рәміздер күніне орай І.Масалиев, С.Датұлы, Байқоңыр көшелері арқылы автошеру ұйымдастырылып, мәдениет үйінің алаңына тоқтады.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


КӨКТЕРЕКТЕ ШАҒЫН ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 96 рет оқылды

1 маусым күні Көктерек ауылдық округінің орталығында шағын футбол алаңы ашылды. Спорттық нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов көктеректің ағайынды 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, — осы мереке күні халық игілігіне пайдалануға беріліп жатырған нысан Көктерек ауылының спортшыларының игілігіне пайдаланылып, болашақ чемпиондар шыға берсін! -деген тілегін білдірді. Айта кеткен жөн, футбол алаңын салу үшін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 8 млн 368 мың теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстарын «РеалТехно» ЖШС жүргізіп, сапалы аяқтаған. Нысанның ашылу құрметіне округтің Сатыбалды, Киров, Оразғали, Көктерек ауылдарының командалары шағын футболдан жолдастық кездесу өткізді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАЙЫҢДЫДА ШАҒЫН ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 90 рет оқылды

1 маусым күні Қайыңды ауылында шағын футбол алаңы ашылды. Алаңның ашылу салтанатына қатысқан аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Өтебаев ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, -Қайыңдыдан жерлес чемпионымыз Даниярдың ізін жалғар спортшылар шыға берсін,- деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар Қайыңды ауылдық округінің әкімі Болат Төлеушов осы құрылысты жүргізген мердігер «Ақпәтер ҚұрылысЖол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысхат табыстады. Ашылу салтанатынан кейін Қайыңды, Болашақ, Ақпәтер, Талдықұдық ауылдық округі ойыншыларының шағын футболдан жолдастық кездесулері өтті.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ТУҒАН ЖЕР — ТҰНҒАН ТАРИХ»

Күні: , 76 рет оқылды

Жалпақтал мәдениет үйінің алаңында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының аясында «Туған жер — тұнған тарих» атты өнер фестивалі өтті. Бұл өнер фестивалінің шымылдығын Жаңажол ауылдық округі бастады. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Зəйлім Мəжитова: -«Туған жерге туыңды тік» деген дана халқымыз. Бұл әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Яғни кез-келген адамзат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлай білуі керек. Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына туған жеріне деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті. Бүгінгі өнер мерекесі соның көрінісі деп біліңіздер. Бүгінгі өнер фестивалі құтты болсын, -деп барша ауылдастарды құттықтады. Мұнан кейін Жаңажол ауылдық округінің әкімі Қайыржан Өміралиев те өзінің құттықтау лебізін білдірді. Өнер мерекесінде киіз үй тігіліп, ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарына мерекелік дастархан жайылды. Жаңажол өнерпаздарының тамаша əн шашу мен спорттың тоғызқұмалақ, арқан тарту, асық ату секілді ойындарын ұйымдастырылды. Кеш соңында сахна төріне Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Меңдіхан Халимуллин, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғилым Едекешев осындай кеш сыйлаған жаңажолдық ағайындарға алғыстарын білдірді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


«ТУҒАН ЖЕРІМ – ДУМАНДЫ ЕЛІМ, ҚАРАОБА»

Күні: , 74 рет оқылды

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасында туған өлкенің топырағы, шөбі, оның желі және жауған жауын-шашыны сол жерде туып өскен адам үшін ең қымбат байлық болып саналады. Сондай қазақтың байырғы атамекені – Қазталов ауданы. 2 маусым күні аудан орталығындағы «Достық» саябағында Қазталов ауданының 90 жылдығы қарсаңында және Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай ауылдық округтер арасында өнер фестивалі өз жалауын көтерді. Өнер фестивалін эстафетасын алғаш болып Қараоба ауылдық округі бастады. «Достық» саябағы төрінен ақшаңқай киіз үйлер құрылып, қуырдақ пен бауырсақтың иісі танауыңды жарып, қазақилықтың нақышын келтірді. Қараобалықтар сый-құрметті ауылдың ақсақалдарынан бастап, киіз үйдің ішінен дәм татқызып, олардың ақ батасын алды. Фестивальде Қараоба ауылының көркемөнерпаздарының даярлаған концерттік бағдарламасына кезек берілді. Концерттің шымылдығы әжелердің шашуымен басталып, Қараоба ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов жиналған көпшілікті айтулы мерекелермен құттықтаған жақсы тілегіне ұласты. Сахна төрінде құлақтың құрышын қандырар әсем әндер мен күмбірлеген күйлер төгіліп көпшілікті музыка деген құдіретке жетеледі… Қараобаның бишілері де билеген әдемі билер де жиналған халықтың қошеметіне бөленді. Концерттік бағдарламада әжелер ансамблі қазағымыздың ұмытылып бара жатырған дәстүрлерінен әдемі көрініс қойып берді. Концертте ерекше бір көңіл-күй сыйлаған Қараоба ауылының өнерпаздарынан құралған вокалды аспаты ансамблінің орындауындағы тамаша әндер саябақ төрінен Қазталовтың түнгі аспанын жаңғыртып жібергендей әсер етті. Концерт соңында сахна төріне көтеріліп сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин осындай тамаша кеш сыйлаған қараобалық ағайынға тұрғындар атынан ризашылығын білдірді. Тағы бір айта кететіні фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне Қараоба ауылының кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының демеушілігі мен қолдауы жақсы көрініс тапқан. Фестиваль соңына қарай саябаққа жиналған қазталовтықтар арасында лотореялық билеттер ойнатылып, көрермен болып келген ағайын үй құстары тауық, қаз, қой малы, бір тіркеме шөп сияқты құнды ұтыстарға ие болып, қуанышты көңілмен тарқап жатты…

Қайрат ЖАҚЫП


«БІРІККЕН БІРІКТІҢ ЖАСТАРЫ»

Күні: , 84 рет оқылды

2 маусым күні Әжбай ауылында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына аясында, Елордамыз Астананың 20 жылдығы орай әр жылдардағы мектеп бітіруші түлектердің ұйымдастыруымен «Біріккен Біріктің жастары» атты дала қызықтары оздырылды. Бұл шараның оздырылуына мұрындық болған ұйымдастырушылардың мақсаты — алдағы уақытта ауыл азаматтарының басын біріктіріп, туған ауылдары үшін қызмет жасауға шақыру болып табылады. Ауылдың шетіндегі алаңда жаяу, велосипед жарыстарымен қатар арқан тартыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар сауда-саттық та қызу жүрді. Арқан тарту сайысында Қошанкөл ауылының командасы білекті де жүректі жігіттерден күштері басым түсіп, бас жүлдемен қанжығаларын майлады. Ал қазақша күрестен боз кілемде белдескен палуандар арасынан көктеректік Бекайдар Меңдешевтің асығы алшысынан түсіп, «түйе палуан» атанды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» — демекші, тойдың қызуын тай жарысы мен 17 шақырымдық бәйге қыздыра түсті. Жеті шақырымдық тай жарысында қазталовтық Елнұр Есполовтың «Таңшолпан» атты сәйгүлігі бас жүлдені алса, аламан бәйгеде Орал қаласынан келген Марат Мұхтаровтың «Дара торы» атты тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті. Дала қызықтарының қорытындысы бойынша сайыстарда жүлделі орын алғандарға ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.

Қайрат ЖАҚЫП


«БАЛҒЫН БАЛАЛАР – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ»

Күні: , 80 рет оқылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Елордамыз Астананың 20 жылдық мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде Сағит Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының ұйымдастыруымен және аудан орталығындағы «Нұрбалапан» бөбекжай бақшасы мен «Жадыра», «Ақбота» балалар бақшасы бүлдіршіндерінің қатысуымен «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты мерекелік концерт өтті. Концертте бал қылықтарымен тамсандырған кішкентай бүлдіршіндер ән салып, би билеп, құбылтып күй ойнады. Сондай-ақ көременді тамсандыра көркемсөз де оқыды. Мәдениет үйінің залына лық толы жиналған көременнің ыстық ықыласына бөленген кішкентай бүлдіршіндер өздерінің талантты да талапты екендерін таныта біліп, болашақтарынан үлкен үміт күттіретіндіктерін көрсеткендей болды. Концертте сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңесші маманы Гүлзия Садықова балаларды мерекемен құттықтап, «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» жобасына белсене қатысқан «Нұрбалапан» бөбекжай бақшасы мен «Жадыра», «Ақбота» балалар бақшасының ұжымдарына алғысхаттар табыс етті.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.