АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 01.06.2018


БҰЛ ІСТЕН ШЕТ ҚАЛМАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Күні: , 78 рет оқылды

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде музейдің ақылдастар алқасының мүшелері басқосты. Бұл басқосуда музей жетекшісі Назкеш Адаялиева аудан орталығында музейге берілгелі отырған ғимараттың жөндеу жұмысы аяқтала келгенін айта келіп, музейдің жәдіргерлермен толықтыру және басқа да ұсыныстарды ескере отырып, аудан тарихы жөнінде мол мағұлмат жинақтау мәселесі туралы ойларын ортаға салды. Айта кету керек, жаңадан арнайы орын берілген музей ауданымыздың өткені мен бүгінгісін кең қамтитындай дәрежеге жету мақсаты тұр. Бұл орайда бұрыннан жинақталған жәдігерлерді және жинақталып жатқан құнды дүниелерді белгілі бір тақырыптарға сай орналастыру, оның келушілерге ой салатындай дүниелер болуы қажет етілуде. Осы орайда ауданымыздың тарихы бай болса да әлі де болса жинақталмай, ашылмай жатқан мәселелер баршылық. Орталық архивтерден материалдар алу және жеке тұрғындардың үйлерінде тұрған құнды деректер, пайдаланған тұрмыстық заттар музейге тапсырылу баяу жүруде. Егер әрбір адам өзінің кіші Отанын қадірлей білсе, осы іске белсене қатысулары қажет. Бұл мақсатта ауданымыз тарихын жетік білетін және шежірелі адамдар да атсалысса екен дейміз. Мәселен, осы басқосуда белгілі өлкетанушы, ауданымыздың әлеуметтік дамуына өзіндік үлес қосқан Гүлзада Рамазанқызын да бұл жұмысқа тартып, қажетті көмегін беруге өтініштер де айтылып өтті. Сондықтан ауданымыздың бүкіл өткен өмір жолын, тарихын, мәдениетін, дамуын бүгінгі ұрпаққа жеткізетін музейдің толыққанды жабдықталуына үлес қосу — баршамыздың борышымыз болып табылмақ. Осы істен шет қалмайық, ағайын!

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


БАЛАЛАР МУЗЫКАЛЫҚ ОРКЕСТРІНІҢ ШЕРУІ

Күні: , 84 рет оқылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Елбасының «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясын іске асыру барысында балаларға патриоттық, рухани және эстетикалық тәрбие беру мақсатында ауданымызда тұңғыш рет балалардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Шеруді барабаншылар және күй атасы Құрманғазы және Дина апамыздың өнерін жалғастырған домбырашылар оркестрлері бастаса, мың бұралған бишілер, Баян Қабиева жетекшілік ететін «Қыз Жібек» ансамблі, Қазталов музыка мектебінің қобызшылары, примашылар, гитарашылар, термешілер, Жалпақтал өнер мектебінің бас қобызшылары, Қазталов музыка мектебінің мың бұралған бишілері («Шаттық» би тобы), «Күншуақ» балалар хоры, Жалпақтал өнер мектебінің және Қазталов музыка мектебінің домбырашылары жалғастырды. Жалпы шеруге ауданымыздың 200-ге жуық жас өнерлілер қатысты. Шеруге қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова құттықтап: -Ауданымыздың атын биікке шығаруда жас таланттардың үлесі көп. Олар тек аудан ғана емес, облыс, республика, халықаралық байқауларда да жүлделі орындардан көрініп, аудан тұрғындарын қуанышқа бөлеуде. Сондықтан бүгінгі мереке күні алдағы уақытта да үлкен биіктерге жетіңдер!- деген тілегін жеткізді. Балаларды қорғау күніне арналған салтанатты шеруге қатысқан өнер топтарына аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков ыстық ықыласын жеткізіп, алғысхаттар табыстады.

Жұлдыз АСҚАР


ҚОШАНКӨЛДЕ ӨТКЕН ДАЛА ҚЫЗЫҚТАРЫ

Күні: , 130 рет оқылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Астананың 20 жылдық мерейтойына орай және «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» жобасымен сабақтас Қошанкөл ауылында «Балаларға базарлық» атты балаларға арналған дала қызықтары өтті. Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен оздырылған, дәстүрге айналған бұл мерекелік шара осымен 5-ші жыл өтуде. Мерекелік шарада балалар арасында жаяу, веложарыс, эстафеталық жарыстар, арқан тарту, аударыспақ, тай, құнан жарыстары оздырылды. Сонымен қатар дала қызықтарында балаларға тәтті сусындар, қуырдақ және кәуәп пісірілсе, ауылдың азаматтары атынан 100 балмұздақ пен 100 құрт тегін үлестірілді. Дала қызықтары облыстық деңгейде өткеніне куә болдық. Олай дейтін себебіміз, Орал қаласы, Ақжайық, Тасқала, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы және ауданымыздың ауылдық округтерінен келген жас шабандоздар тай мен құнан жарыстарына қатысып, бақтарын сынады. Қызықты өткен ұлттық спортымыздың бірі түрі аударыспақ сайысында Жәнібек ауданынан келген Ерболсын Мақашев деген білекті бүлдірішін озық шығып, ақшалай сыйлық пен арнайы дипломға ие болды. Қазақтың қанын қоздырар, жал мен құйрығы таралған сәйгүліктер жиналған тай және құнан жарыстары қызықты өтті. Тай жарысы 6 шақырым, ал құнан жарысы 9 шақырым қашықтықты құрады. Жарыстың нәтижесінде тай жарысында мәре сызығын ақжайықтық шабандоз Ермак Усановтың «Қызғалдақ» атты тайы кессе, құнан жарыста өзіміздің Көктерек ауылдық округінен келген шабандоз Саят Төлегеннің «Жетіқазына» атты құнаны бірінші болып келді. Сайыстарға қатысқан бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар үлестірілсе, тай жарысына бірінші орынға тай, екінші орынға велосипед, үшінші орынға қысқа толқынды пеш тігілді. Ал құнан жарысына бірінші орынға құнан, екінші орынға велосипед, үшінші жүлделі орынға планшет ұсынылды. Ұйымдастыру алқасы және Қошанкөл ауылының тұрғындары балаларға осындай мереке сыйлаған және демеушілік жасаған ауыл азаматтарына ризашылықтарын білдірді. Әсіресе, тай жарысына тай сыйлаған Жексенбай Ғиззатов пен құнан жарысына құнан берген Берікбай Сариевтерге ерекше алғыстарын айтты. Балаларға базарлық сыйлаған және өскелең ұрпақты ұлттық спорт түрлерін сүюге тәрбиелеу бағытында оздырылған дала қызықтары басқа да ауылдарға үлгі болмақ.

Қайрат ЖАҚЫП


«БАЛАНЫҢ БАЛҒЫН КҮЛКІСІ»

Күні: , 88 рет оқылды

Аудандық модульді балалар кітапханасында 1 маусым — балаларды қорғау күніне орай «Баланың балғын күлкісі» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік шарада кітапхана директоры Гүлдана Дəулетова сөз алып, барша бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, болашақтарының жарқын болуын тіледі. Шарада «Нұрбалапан» балабақшасының бүлдіршіндері мен мектеп оқушылары əулете əн айтып, күмбірлете күй тартып, мың бұрала биледі. Сонымен қатар ертегілерден көрініс қойып, суреттер салып, жұмбақтардың жауабын тапты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


БАР ЖАҚСЫЛЫҚ БАЛАЛАРҒА

Күні: , 112 рет оқылды

Жыл он екі айдың жадыраған жаз айы да келіп жетті. Оқушы балалар үшін демалыс күндері басталса, ал мектеп бітіруші түлектерді ҰБТ күтіп тұр. Бәрінен де ең қызықтысы сол жаздың бірінші күні- Халықаралық балаларды қорғау күні. Балалық шаққа саяхат мерекесі күні. Жалпақтал мәдениет үйінде оздырылған шараға қатысқан округ әкімі Самиғолла Ақмурзин балғын бүлдіршіндерді құттықтады. -Адам өміріндегі ең үлкен бақыт-ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары. Бар жақсылығын баларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын. Бүгінгі Халықаралық балалар күнімен баршаңызды құттықтаймын. Бақытты балалық шақ тілеймін,-деді. Мұнан кейін жеке кәсіпкер Индира Әлібекова да өзінің шынайы лебізін білдіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға сыйлықтар таратып, мерекелік дастархан жайды. Мәдениет үйінде оздырылған мерекелік шара Ғ.Молдашев, К.Меңдәлиев атындағы білім ордаларының оқушылары мен «Бәлдаурен», «Ертегі» бөбекжайының бүлдіршіндерінің тамаша ән шашуы мен билерімен аяқталдыү Осы күні қос білім ордаларында жазғы лагерлердің ашылу салтанаты өтті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


«ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА»

Күні: , 78 рет оқылды

31 мамыр күні аудан орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Қазақ тарихындағы тұғырлы тұлға» атты еске алу шарасы оздырылды. Еске алу шарасы Сағит Садықов атындағы мәдени демалыс орталығы жанындағы Халықтық теартры әртістерінің репрессия құрбаны Тұрар Рысқұлов туралы «Қызыл жебе» ғұмырнамалық роман-эпопеясынан үзінді қойылым арқылы өрілді. Бұл қойылымда зобалаң жылдардағы қазақ ұлтының болашағы үшін аянбай қызмет еткен Тұрар Рысқұлов пен ұлы Ескендірдің өмірінің трагедиямен аяқталуы және жұбайы Әзизаның қуғынға ұшырауы жақсы көрініс тауып, жиналған көпшілікті үлкен әсерге бөледі. Шараға жиылғандар қуғын-сүргін құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш мемориалына гүл шоқтарын қойды. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин,- бүгінгі күн – барша қазақстандық үшін қаралы дата. Сол зұлмат жылдары солақай саясаттың кесірінен құрбан болған аталарымыз бен зиялы қауым өкілдерінің еліміз үшін атқарған істерін ұмытпауымыз керек. Сол тарихты бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіре отырып, олардың ерліктерін дәріптеуіміз қажет, — деді. Шарада аудандық кітпахананың ұйымдастыруымен Алма Оразбаева атындағы орта мектебінің оқушылары сол жылдары «Халық жауы» атанып, құрбан болған қазақ арыстарының портреттері мен олардың кітаптарын ортаға алып, олар туралы жазылған өлеңдер топтамасын оқыды. Шара соңында саяси қуғынға ұшыраған жерлестеріміздің ұрпақтары атынан еңбек ардагері Жұпар Мұханбетова сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.