АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Июнь, 2018


МОБИЛЬДІК ТОП ӨЗ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА

Күні: , 76 рет оқылды

28 маусым күні ауданымыздан құралған мобильдік топ Талдықұдық, Талдыапан ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесулер өткізді. Аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев тұрғындармен кездесуде мобильдік топтың мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде баяндады. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева ауыл тұрғындарына Елбасымыздың «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен айтып өтті. Бағдарламаға сай істелген жұмыстардың бейнеролигі халық назарына ұсынылды. Ал «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин партиялық жобалардың іске асырылуы, бұл жұмыстарға бастауыш партия ұйымдарының және партия мүшелерінің жауапкершіліктері жөнінде баяндады. Аудандық мұражай жетекшісі Назекеш Адаялиева аудан орталығында жабдықталып жатырған музейге жәдігерлер жинау туралы айтып, оған тұрғындардың атсалысуын сұрады. Сондай-ақ мобильдік топтың мүшелері Райымбек Нұрекешов, Жеміс Ғабдолнасырова ауданымыздағы жастармен бірлесе атқарылып отырған жұмыс және жұртшылықты алаңдатып отырған менингит дертінен сақтану мен балалар арасында екпе жүргізу мәселелерінде де назардан тыс қалдырмай халықты хабардар етті. Теолог маман Есбол Сақауов еліміздегі діни ахуал, жастардың теріс бағытқа түсуі, адасу негіздері және діни сауаттылық жөнінде кеңінен тарқатып айтты. Кездесулер барысында түрлі сауалдар қойылып, сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарылды. Мобильдік топ мүшелері Талдыапан ауылдық округінде болып, көптеген жаңашыл істерді көздерімен көрді. Мәселен, бүгінгі таңда Талдыапан ауылы аспанында үні қоңыр қазақтың ұлттық «Қазақ» радиосы әуелеп тұр. Жаңалықтарымен қатар рухани бағыттағы бағдарламаларымен «Қазақ» радиосы ауыл адамдарының рухани тынысына одан әрі дем беруде. Осындай «Қазақ» радиосы әр ауылда, әр шаңырақта сайрап тұрса ұтарымыз көп болар еді. Сонымен катар Талдыапан округінің әкімі Асқар Есқалиевтың бастауымен қысқы мал азығын дайындаудың және оның бағасын көрсетіп тұратын тақта көрсеткіш шығарылған. Бұл да ауылдықтар үшін ең маңызды шаруа болып табылатын мал қыстағына мол даярлықпен баруға септігін тигізері сөзсіз.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ҚАЗТАЛОВ АУДАНДЫҚ СОТЫНДАҒЫ МЕРЕКЕЛІК ҚАБЫЛДАУ

Күні: , 58 рет оқылды

28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай Қазталов аудандық сотының судьясы Ұмсын Сүйінғалиқызы Мұқанғалиева «Ауыл айнасы» газетінің қызметкерлерін қабылдады. Қабылдауда аудандық соттың судьясы, — «Ауыл айнасы» газеті сот қызметінің ашықтығын, жариялылығын «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» 5 институционалдық реформаларды жүзеге асыруда белсенділік танытуда. Ақпарат өкілдері мен аудандық сот қызметкерлері арасында тығыз байланыс орнап отыр. Сондықтан сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтап, жұмыстарыңа табыс тілейміз! — деді. Қабылдауда аудандық газеттің тілшісі Әсем Халиуллина (Болат) сот қызметін жазуда белсенділік танытқаны үшін аудандық соттың мақтау грамотасымен және естелік сыйлықпен марапатталды. Мереке күнгі қабылдау үшін газет редакторы Серік Жұмағалиев аудандық соттың ұжымына алғысын білдірді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!!!

Күні: , 72 рет оқылды

28 маусым — ақпарат және байланыс қызметкерлері күні мерекесіне орай облыс әкімдігінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен салтанатты шара өтті. Шарада өңір басшысы барша ақпарат саласында жүрген жандарды мерекелерімен құттықтап, газет, теледидар, ақпараттық порталдарда үздік қызметтерімен көзге түскен бір топ тілшілерді марапаттады. Осы салтанатта «Ауыл айнасы» газетінің жауапты хатшысы Мөлдір Әнуарбекқызы да облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Құттықтаймыз!

«Ауыл айнасы» ақпарат


«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ЖАҢА МҮШЕЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Күні: , 86 рет оқылды

27 маусым күні аудандық «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында «Гүлдерайым» әжелер ансамблінің мүшелерін және біртоп ардагерлерді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин қабылдады. Қабылдауда сөз алған төрағаның бірінші орынбасары ардагерлерді Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар 18 бастауыш партия ұйымында 2365 мүшені топтастырып отырған ауданымыздағы бірден бір партия ұйымының атқарып жатырған жұмыстарына тоқталды . — «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жоба бойынша ардагерлердің жағдайы партияның үнемі назарында. Сондай-ақ аудандағы атқарылып жатырған әлеуметтік-экономикалық мәселелерден де шет қалып жатырған жоқ. Көптеген еңбек адамдары немесе қызметкерлер белгілі бір салада табысқа жетіп жатса, олардың көпшілігі партия мүшелері. Осының нәтижесінде болар партия ұйымының қатары жылдан-жылға нығайып келеді. Соның бір айғағындай бүгін 15 ардагер партия қатарына қабылданып отыр. Партия билетін ала отырып, сіздер ауданымыздың қоғамдық-саяси істеріне қатысып, өскелең ұрпаққа өнеге болатындай істер атқарыңдар!,- деген тілегін жеткізді. Қабылдауда партия билеті салтанатты түрде табыс етілді.Қабылдауда сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина, ардагер-ұстаз Күләш Хасанова Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтап, «Нұр Отан»партиясының қызметіне табыстар тіледі.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ (АУДАНАРАЛЫҚ СЕМНАР-КЕҢЕС)

Күні: , 72 рет оқылды

27 маусым күні Қазталов ауданының Алма Оразбаева орта жалпы білім беретін мектебінде Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті жүзеге асыру барысында әлеуметтік көмек жөніндегі консультанттар мен ассистенттердің жұмысын ұйымдастыру туралы семинар-кеңес өтті.Семинар-кеңеске Ақжайық, Жәнібек, Бөкей Ордасы және Тасқала, Жаңақала аудандарының консультанттар,ассистенттері мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты. Семинардың ашылуында сөз алған Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова бұл орталықтың жұмысы халық үшін маңыздылығына тоқталды. Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек бөлімнің басшысы Қайырғали Надырғалиев жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті жүзеге асыру барысы және мақсат-міндеттерін атап, облыста атқарылып жатқан жұмыстар жәйін баяндады. Осы мәселеге байланысты Қазталов, Ақжайық, Тасқала, Жәнібек аудандарының халықты қамту орталығының өкілдері өз аудандарында атқарылып жатқан жұмыстардан хабарлама жасады. Семинар-кеңесте хабарламада айтылғандай ауданымызда да жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті жүзеге асыру барысында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанынан құлағдар болдық. Мәселен, 2018 жылдыі 1 маусымдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек, құрамында 13240 адамы бар 2803 отбасына тағайындалса, 1826 адам шартсыз және 11063 адам шартты ақшалай көмек алған көрінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда АЕК-тің көлемі шамамен 25 млн. теңгеге артып, адам басына шаққанда ай сайынғы төлем 7600 теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, 801 мың адам қоғамдық және әлеуметтік жұмысқа тартылса, 241 адам қайта даярлаудан өткен. Ал 7 адам өз бизнесін ашқан. Жалпы алғанда семинар-кеңесте айтылған басты мақсат – жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік мұқтаж отбасының барлық еңбекке қабілетті мүшелерінің жекелеген қажеттіліктеріне бағытталған кешенді қолдау болып табылады. Осы орайда отбасы қиындықтардан шығу үшін көмек алушының да әлеуметтік көмек көрсететін тараптың да араларындағы келісім шарттарға үлкен жауапкершілікпен қарау қажет етілетіні ашық та айқын айтылды. Семинар-кеңесті түрлі сауалдарға жауаптар қайтарылды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ӨКІЛ ИМАМ АУДАНЫМЫЗДА

Күні: , 88 рет оқылды

27 маусым күні Батыс Қазақстан облысының өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов ауданымызға келді. Өкіл имам аудан әкімдігінде қоғамдық ұйым өкілдерімен, ауыл имамдарымен кездесіп, әңгімелесті. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева ауданымыздағы діни ахуал жәйінде және ауылдардағы имамдар атқарып жатқан істер туралы оларды қолдау бағытындағы жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді. Бұдан өкіл имам Қазталов ауылының мешітінде жамағатпен кездесті. Кездесуде діни тұрақтылық, жастар арасында имандылық тәрбиесін жүргізу, арнайы діни білімі имамдарды ауылдарға тарту мәселелері төңірегінде келелі ойлар айтса, аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен кездесуде әлемде бой алдырып отырған экстремизм мен теорризмнің алдын алу, жастардың теріс бағытқа түсіп кетпеуі тағы басқа да келеңсіз жәйттерге ұрынбау үшін алдын алу жұмыстарын жүргізуде құқық саласы қызметкерлерінің рөлінің зор екеніне және оларға жауапты міндеттер жүктеліп тұрғаны туралы сөз қозғады. Осы кездесулерде діни мәселелерге байланысты түрлі сауалдар қойылып, оған тұшымды жауаптар қайтарылды.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖУРНАЛИСТЕРДІ ТӨЛ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Күні: , 78 рет оқылды

26 маусым күні аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің күні қарсаңында аудандық «Ауыл айнасы» газетінің ұжымы мен газеттің қоғамдық тілшілерін қабылдады. Қабылдауда Зәйлім Исатайқызы журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, «Ауыл айнасы» газетінің ұжымына аудан әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыстады. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары газеттің штаттан тыс тілшілері Мержан Қарабалин мен Үміткер Орынғалиевке және газеттің «Нағыз қазақ – домбыра» айдарының жүргізушісі Әсемгүл Жұмабаеваға да аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті. Қабылдау барысында редакцияның материалдық базасын нығайту мен алдағы жұмыс жоспарлары туралы әңгіме қозғалды. Сондай-ақ қабылдауда аудандық ардагерелер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина өздерінің құттықтау тілектерін жеткізе отырып, газетке қатысты ұсыныс-пікірлерін де білдірді.

Қайрат ЖАҚЫП


МОБИЛЬДІК ТОП ОКРУГТЕРДІ АРАЛАДЫ

Күні: , 82 рет оқылды

25-26 маусым күні ауданымыздан құралған мобильдік топ Болашақ ауылдық округінде Жаңатаң елді-мекенінде, Қайыңды ауылдық округінде және Ақпәтер, Тереңкөл, Қошанкөл, Қараоба ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесулер өткізді. Топ жетекшісі, аудан әкімі аппаратының басшысының міндетін уақытша атқарушы Жандос Дүйсенғалиев мобильдік топтың тұрғындармен кездесудегі мақсаты мен міндеттеріне тоқталып өтті. Тұрғындармен кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева Елбасымыздың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерге сай ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндаса, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин партиялық жобалардың іске асырылуы , бұл жұмыстарға бастауыш партия ұйымдарының және партия мүшелерінің жауапкершіліктері жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар мобильдік топтың мүшелері Есбол Сақауов, Жеміс Габдулнасырова ауданымыздағы діни ахуал туралы, жастардың теріс ағымдардан сақтану мәселелері, сондай-ақ жұртшылықты алаңдатып отырған менингит дертінен сақтану, балалар арасында екпе жүргізу жайы айтылды. Бұнымен қоса жұртшылық алдында әділет басқармасының басшысы Эльмира Қайсағалиева мен аудан әкімі аппаратының бас маманы Әсел Тәжібаева заң тараптарынан кеңестер берді. Ал аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Гүлдана Дәулетова аудан орталығында жабдықталып жатырған музейге жәдігерлер жинау, оған тұрғындардың атсалысуы қажеттігі туралы мәселелерді көтерді. Осы кездесулерде Болашақ ауылының тұрғандарынан көне жәдігер алынғаны туралы да айта кеткен жөн. Мобильдік топпен бірге болған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уалиолла Әбішов Болашақ және Қайыңды ауылдық округі ардагерлер бастауыш ұйымдарының жұмыстарының жайымен де танысты. Кездесулерде сауалдар қойылып, сауалдарға түсініктеме беріліп, тиісінше жауап қайтарылды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


БОСТАНДЫҚТЫҚ «ЖЫЛАНБАЕВТАР» 65 ШАҚЫРЫМДЫ 5 САҒАТ 37 МИНУТТА ЖҮГІРІП ӨТТІ

Күні: , 90 рет оқылды

Өткен жылы Бостандық ауылының желаяқтары Мержан Серіков пен Еділжан Қосболов 47 шақырымды жаяу жүгіріп өтіп, жұртшылықты таңқалдырған еді. –Апырмай, Жыланбаевтар қасымызда жүр екен ғой, -деп қазталовтықтар қайран қалған болатын. 26 маусым күні Мержан мен Еділжан өздерінің туған ауылына «Бостандықтық марафон» атағын қалыптастыру үшін 65 шақырым жерді жүгіріп өтті. Таңғы сағат 4-00-де басталған жүгіру Бостандық-Қаракөл-Әжібай-Қазталов-Бостандық ауылына дейінгі 65 шақырымды артқа тастап, 9-37-де желаяқтар Бостандыққа келді. Бір өкініштісі, Еділжан Қосболов жарақатына байланысты Әжібай ауылында марафонды тоқтатса, 24 жастағы Мержан діттеген мақсатына жетті. Ал кешеден бері 40 градустан түспей тұрған ми қайнатар ыстықта жүгіріп өту – нағыз мықтылықтың көрінісі. Міне, Бостандықтық «Жыланбаевтар» Астананың 20 жылдық мерекесі алдында осындай сый жасады.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ТӨСБЕЛГІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Күні: , 68 рет оқылды

23 маусым күні Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен салтанатты шарада ҚР мемлекеттік қызмет органдарына 20 жыл толуына орай Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Иxсанұлы Құтxожин «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды. Марапатыңыз құтты болсын!

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.