АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 31.05.2018


ҚЫРШЫН КЕТКЕН ЖАЛПАҚТАЛДЫҚ БОЗДАҚТАРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Күні: , 84 рет оқылды

Жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, жазықсыз жапа шеккендердің аруағына құран бағышталады. Биыл да Жалпақтал ауылындағы орталық саябақтағы «Қазақ халқын қорғаушылар одағы. Жалпақтал жасырын жастар ұйымы» атты ескерткіш тақтаға көп адам жиналды. Шараға ауыл әкімі Самиғолла Ақмурзин, мекеме-кәсіпорын басшылары, қуғынға ұшыраған азаматтардың ұрпақтары, ардагерлер, еңбек ұжымдары, ауыл тұрғындары қатысты. Гүл шоқтарын қою рәсімін жасап, бір минут үнсіздікпен еске алды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жанындағы шара қаза болғандардың аруағына Жалпақтал ауылдық мұсылмандар мешітінің имамы Тілепберген қажы Нұралиев құран бағыштап, дұға оқыды. Жиында округ әкімі Самиғолла Сафиоллаұлы, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Ғұмаров, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов сөз сөйлеп, бүгінгі бейбіт күнді арман етіп, соның жолында құрбан болған тұлғаларды еске алды. Ақ тілектерін арнады. Кейін Жалпақтал ауылындағы жастар демалыс орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ««Холо́дное ле́то пятьдеся́т тре́тьего…» атты кинофильм көрсетілді. Іс-шараның мақсаты келешек ұрпаққа осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау болатын.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


ОТБАСЫЛЫҚ АНСАМБЛЬМЕН КЕЗДЕСКЕН КҮН

Күні: , 94 рет оқылды

30 мамыр күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Рухани жаңғыру» залында кездесу өтті. Кездесудің кейіпкерлері – облыстық «Мерейлі отбасы — 2016» ұлттық байқауының жеңімпаздары Биғалиевтер отбасылық ансамблі. Еңбек пен өнерді қатар алып жүрген отбасылық ансамбльге биыл 40 жыл. Осы жылдар ішінде Биғалиевтер отбасы қиын кезеңдерден өтсе де, бір шағын мемлекеттің іргетасын берік сақтады. Кездесуге келген Марат аға мен Нұржамал апа жастық шақтарын еске түсіріп, өнер мен өмір жолдарындағы естеліктерімен бөлісті. -Мен Ақтөбе қаласындағы байланыс және электротехника техникумында білім алып, Алматыда жұмыс жасадым. Алматыда жұмыс жасап жүріп, Нұржамалды кезіктірдім. Сөйтіп, 1978 жылы отбасын құрдық. Әкемнің, -балаларым, ауылға келіңдер! -деген сөзін тыңдап, барлық армандарымызды Алматыға қалдырып, ауылға қайттық. Бірақ апаларыңыз сол кезде де ештеңеге қарамастан қаланың қызымын демей, ауылдың тірлігіне араласып кетті. Балаларымызға кішкентайларынан құлақтарына әннің әуенін құйып, түрлі аспапта орындауды үйреттік. Барлығы да өнерге жақын болды. Осылайша 1986 жылы отбасылық ансамбль құруға бекіндік. Дегенмен ауылдық жерде құр ән салумен өмірлік нәпақаны айырудың қиын екендігі белгілі. Бірақ біз сол өнермен бірге ата-бабамыздың кәсібі — мал шаруашылығын қатар алып жүріп, өз еңбегімізбен шаруа қожалығын ашып, кәсіпкерлікті өрістеттік. «Еңбек етсең, емерсің» деген қазіргі уақытта кенже ұлымыз Рустам «Рустам» шаруа қожалығына жетекшілік етіп, мал шаруашылығы тұқымын асылдандырумен айналысып келеді. Ал қалған балаларымыз да қаладан кәсіп ашып, еңбектерін елге, қала берсе қайырымдылық шараларына тигізуде, -деді Марат ағамыз. Ал үйдің Отанасы Нұржамал апаның бұл ісіне таңғалмай кетуге болмас. Апай өзінің әңгімесінде: -Бұл ауылдың топырағына ештеңе өспейді, -деген ауыл адамдарының сөзіне мән бермей, аула ішіне жеміс-жидек егіп, бақша салғанмын. Сол бақшамда жемістердің түр-түрі өсті, -деді. Міне, маңдай терімен ауласын жасыл желекке бөлеп, дастарханын көкөніс пен жеміс-жидекке толтырған Нұржамал апа адам шын ниетімен еңбектенсе, нәтиже шығатынын ауыл адамдарына осылайша дәлелдеген болатын. Отағасымен бірге өмірдің барлық ыстық-суығына төзіп, бар ауыртпалықты көтерген анамызға қызыға қарадық. «Өмірдің мәні — бала, сәні — бала» деп, үш ұл, үш қыз өсіріп, бүгінде «Күміс алқаны» тағып, Марат аға екеуі ақылшы ата мен асыл әже атанып отыр. Кездесуге келгендер де өнерлі отбасының өнегелі жолдарының естеліктерін ұйып тыңдады. Әнмен өрілген әдемі кеште жастар атынан өнерлі отбасына өлеңдер оқылып, әндер де шырқалды. Марат аға мен Нұржамал апа алдағы жоспарларымен де бөлісіп, жақын арада Қазталов сахнасына отбасылық концерт қоятындарын да жеткізді. Кездесуге жиналғандар отбасылық ансамбльдің қос бәйтерегіне ақ тілектерін айтып, естелік сыйлық табыстады.

Жұлдыз АСҚАР


ГЕНДІРЛІК ТЕҢДІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ СЕМИНАР

Күні: , 96 рет оқылды

Ұлтымыздың көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Біз елімізде әйелдің рөлін арттыру үшін әрі қарай жағдай жасай бермекпіз. Заманауи қазақстандық әйел қызметтік мәртебеге, еңбек мансабына ұмтылуы тиіс. Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсенді түрде баулу керек. Мен үшін әр қазақстандық отбасының берекесі мен қарапайым адамдардың ертеңгі күнге деген сенімі маңызды. Біздің бағдарламаларымыздың барлығы дәл осыған бағытталған»,-деп, еліміздің нысаналы мақсаттарының бірін айқындап берген болатын. Осы орайда бүгінде Қазақстандағы ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп мәселелерді көтеріп жүр. Қазіргі қоғамда гендер саласындағы сан қырлы күрделі мәселелерді түсіндіру үшін, ер де, әйел де өзінің құқықтарының тең екендіктерін сезіну үшін арнайы қоғамдық бірлестіктер арқылы түсінік жұмыстары жүргізіліп, жоспарлы іс-шаралар қолға алынуда. Осыған сәйкес 30 мамыр күні аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызының төрағалық етуімен «Еліміздегі гендерлік теңдіктің қалыптасуы мен ерекшелігі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинарда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы «Қазталов ауданы жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат» жөнінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ семинарда БҚО «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қадиша Мұқанова, БҚО ішкі істер департаментінің полиция майоры Шынар Қапаева, гендерлік саясат, қоғамдағы зорлық-зомбылық факторларының алдын алу шаралары жөнінде әңгіме өрбітті. Мемлекетіміздің ұлт саулығы жөніндегі бағдарламадан бастап әйел адамдарға қатысты барлық заңды екшеп берген Қадиша Халыққызы отбасы мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жыл сайын елімізде некелескен отбасылардың дені ажырасып кетеді және жалғыз басты аналар қатары жылдан-жылға көбейіп отыр. Бұл ащы да болса шындық, -деді өз сөзінде. — Әйел заты әрқашан да өмір үшін, адамгершілік үшін күрескен. Біз өзгерістер заманында өмір сүріп жатырмыз. 2009 жылы ерлер мен әйел адамдардың арасындағы гендерлік тепе-теңдікке мемлекеттік кепілдік жайлы және әйелдерге қатысты жасалынатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы екі гендерлік заң қабылданған болатын. Қазіргі қоғамда дұрыс гендерлік ұстаным болу қажет, -деген Орал қаласы әйелдерге арналған әлеуметтік бейімделу және оңалту орталығының директоры Ганди Шамкелова тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлері жайлы көптеген мәліметтер айтты. Семинарда жалпы аудан көлеміндегі әйелдің тыныс-тіршілігі жөнінде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина хабарлама жасады. Семинар барысында қатысушылар сұрақтар қойып, өз-ойларын ортаға салды.

Жұлдыз АСҚАР


«АЙГӨЛЕК — 2018»

Күні: , 102 рет оқылды

30 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде балалар шығармашылығына арналған аудандық «Айгөлек — 2018» балалар байқауы өтті. Байқауда вокал, би жанры бойынша бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Тек бір өкініштісі бұл байқауға үміткерлердің аз қатысуы болды. Байқаудың нәтижесінде вокал жанры бойынша 1 орынды Ақпәтер ауылынан келген Айсәуле Талғатқызы, 2 орынды Жаңатаңнан келген Дильназ Рафхатова жеңіп алса, 3 орыннан көктеректік Іңкәр Серікқызы көрінді. Ал би жанры бойынша сынға түскен биші бүлдіршіндер арасында 1 орынға ақпәтерлік «Жастолқын» бишілер тобы, 2 орынға қайыңдылық «Қызғалдақ» бишілер тобы ие болса, 3 жүлделі орынды Талдықұдық ауылынан келген «Балдәурен» бишілер тобы өз қанжығаларына байлады. Жүлделі орын алған жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.