АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 30.05.2018


«МЕН ҚАЗАҚПЫН» МЕГАЖОБАСЫ АУДАНДА

Күні: , 108 рет оқылды

Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде домбыраның үніне ұйымаған, жусанды даланың иісін аңсамаған қазақты қазақ деу қиын деген екен. Иə, расында да ұлттық үніміз , əуезді əніміз, əкенің қанымен, ананың сүтімен əдет-ғұрып, салт-дəстүр, ғажап мəдениетіміз əлемнің теңдесі жоқ жауһары деп білеміз.
Бүгінгі таңда ұлттық рухани мұрамыз əн мен күйді, терме орындаушы жастарымыздың шеберлігін шыңдау мақсатында «Мен қазақпын» телевизиялық мегажобасы бастау алған болатын. Бұл мегажобада біздің ауданымызға келіп, нағыз таланттыларды анықтады. 29 мамыр күні аудандық мəдениет үйінде «Мен қазақпын» жобасының аудандық іріктеу кезеңі өтті. Жобаның ашылу салтанатында аудан əкімінің орынбасары Зəйлім Мəжитова сөз алып, қатысушыларға сəттілік тіледі. Байқауға 8 үміткер қатысты. Жоба соңында облыстық халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығы» бөлімінің басшысы Есенгелді Молдағалиев байқауға қатысушы Ержан Құмарғалиев, Мұрат Ахметов, Гүлзия Жанғалиева, Асылжан Оразаевтарға облыстық кезеңге жолдама алды. Байқауға қатысқан басқа да үміткерлеріміз алғыс хатпен марапатталады.

Жұлдыз АСҚАР


АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ВЕТЕРИНАРИЯ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТТІ

Күні: , 104 рет оқылды

29 мамыр күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен ауыл шаруашылығы, ветеринария және жер қатынастары мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңеске ауылдық округ әкімдері, мекеме-бөлім басшылары қатысты. Кеңесті ашқан аудан әкімі, -бүгінгі жиналып отырған басты себеП– ауыл шаруашылығы, ветеринария және жер қатынастарының атқаған жұмыстарымен алда тұрған міндеттерін саралау, -деді. Кеңесте аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов «Ауданның ауыл шаруашылығы саласында 2018 жылдың өткен кезеңінде атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттер туралы» хабарлама жасады. -Аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында 31 заңды тұлға, 616 шаруа қожалықтары тіркелген. Есепті мерзімге шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара малы 88594 басты құрайды. Бүгінде ауданда асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен 11 шаруашылық, қой өсірумен 3 шаруашылық және жылқы өсірумен 3 шаруашылық айналысуда. Сондай-ақ мал шаруашылығы бойынша аудан шаруашылықтары субсидия алуға берген өтінімдеріне сәйкес 342 млн. 389 мың теңге көлемінде қаржыландырылған. Субсидия көлемі бойынша ең төменгі көрсеткішті Болашақ округі (0 теңге), Қарасу (300 мың теңге), Талдықұдық (1 млн. 250 мың теңге), Қайыңды округі (2 млн. 350 мың) көрсетіп отыр. 2017-2018 жылғы қыс маусымының ұзарып кетуіне байланысты ауданның кейбір ауылдық округтері мен шаруашылықтарында мал азығының тапшылығы орын алып, шөп тасымалы ұйымдастырылды. Осы жағдайдан тиісті қорытынды шығару мақсатында мал азығының жылжарымдық қорын жасақтау үшін әрбір округке тапсырмалар беріліп, аудан бойынша жалпы 350,0 мың тонна табиғи мал азығын дайындауымыз қажет. Сонымен қатар маусымдық қой қырқу жұмыстары жүзеге асырылуына байланысты мамыр айының 23-25 күндері аралығында Атырау қаласының жүн өңдеу фабрикасы «Сaspiy lana Atyrau» ЖШС –мен келіссөздер жүргізіліп, барлық ауылдық округтерге жүн қабылдау жөнінде толық мәліметтер берілді, -деді хабарламашы өз сөзінде. Сондай-ақ кеңесте аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев хабарлама жасап, ветеринариялық іс-шаралардың орындалуы бойынша ағымдағы жылдың 5 айында атқарған жұмыстары туралы айтып өтті. — Ветеринария бөлімімен жоспарға сай, құтыру ит, пастереллез, сібір жарасы, бұлдырмақ ісік және т.б. ауруларға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бруцеллез ауруына қарсы 5 айлық жоспарға сай ауданда 43951 басқа бекітілсе орындалғаны 31978 бас ірі қара малы серологиялық тәсілімен зерттеліп(72,8%), 569 бас оң нәтиже беріп, зақымдану – 1,8 % құрады. Содан 301 бас санитариялық сойылымға тапсырылды. Қалған бас ірі қара малды санитариялық сойылымға тапсыру ұйымдастырылуда. Ұсақ қара малы бойынша 70260 басқа бекітілсе, 24845 бас зерттеліп (орындалу – 35,4%), оң нәтиже анықталғаны 53 бас. 64 түйеден қан алынып, 3 түйе оң нәтиже берді және 55 иттен қан алынып, оң нәтиже берген 7 ит аластатылды, -деді хабарламашы. Сонымен қатар кеңесте аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Артур Айтжанов та өз саласы бойынша атқарылған жұмыстардан хабарлама жасады. Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Абат Абайұлы тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«МЕДИАЦИЯ – ДАУЛАРДЫ ШЕШУДІҢ БАЛАМАСЫ»

Күні: , 108 рет оқылды

29 мамыр күні «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен «Медиация – дауларды шешудің баламасы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге аудандық сот төрағалары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, округ әкімдері, бөлім басшылары қатысты. Дөңгелек үстелде сөз алған аудан әкімі Абат Абайұлы: — Қазіргі таңда Қазақстанда медиация институты жұмысы белсенді түрде жүргізілуде. Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен ҚР «Медиация туралы» Заңы да қабылданды. Осы орайда ауданымызда 2016 жылдан бастап күні бүгінге дейін кәсіби, кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен 262 іс медиация тәртібімен қаралып, оң шешімдерін тапқан. Медиаторлармен қаралған істердің дені құқықтық болып келеді. Осы кезге дейін 8 ауылдық округ бойынша 12 кәсіби емес медиатор жұмыс жүргізсе, қазіргі кезде 1 кәсіби медиатор, 16 ауылдық округ бойынша 22 кәсіби емес медиаторлар жұмыстарын бастады. Кәсіби емес медиаторлардың саны бойынша ең көбі Жалпақтал ауылдық округінде – 4 медиатор. Соның ішінде жоғары белсенділікпен жұмыстарын атқарып отырған кәсіби емес медиаторлар – Абылай Молдашев, Ғилым Едекешов, Шымболат Өтешқалиев, Айсұлу Иманғалиеваны атап өтуге болады, -деді. Дөңгелек үстелде ауданымыздағы кәсіби медиаторы Марат Тоясов, аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Ұмсын Мұқанғалиева, №2 аудандық сот төрағасы Айбар Бижанов, кәсіби емес медиаторлар Абылай Молдашев, Ғилым Едекешов, Айсұлу Иманғалиева өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Мәселен, кәсіби емес медиаторлар санын арттыру, медиаторлардың медиаторлықты растайтын құжаттармен қамтылуы, шешендік, олардың арасында сөз саптауды жетілдіру, жеңіл, орташа қылмыстарды сотқа дейін жеткізбей шешу мәселелері айтылды. -«Дау мұраты – біту» деп Сырым бабамыз айтқандай, қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. Ауданда ашылған медиация кабинеті де алдағы уақытта халық игілігіне жұмыс жасап, дауларды шешуге, келісімді нығайтуға арналған орын болатынына сеніміміз мол. Медиаторлар тарапынан тиісті жұмыс жоспары жасақталып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргізілуі тиіс,- деді дөңгелек үстелді қорытындылаған аудан әкімі.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


МЕДИАЦИЯ КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

Күні: , 124 рет оқылды

29 мамыр күні ауданымызда «Әлеуметтік қызметтер, бизнес және демалыс орталығында» медиация кабинеті ашылды. Кабинеттің ашылу салтанатына аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауылдық округ әкімдері, аудандық соттардың судьялары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты. Медиция кабинетінің ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Шыныбеков: -Медиация заңының қолданылу мақсаты – бұл дауласушы тараптарды сотқа жеткізбей-ақ өзара бітімге келтіру, даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешу болып табылады. Осы орайда ауданымызда халық арасында медиация түсінігін қалыптастыру, заңның тиімділігін ұғындыру мақсатында бүгін әдістемелік нұсқаулықтармен жабдықталған медиация кабинеті ашылып отыр. Енді осы кабинет ауыл азаматттары арасындағы өзара түсініспеушілікті жоятын, елдің бірлігін нығайтып, дауларды азайтатын орынға айналып, халық игілігі үшін жұмыс атқарады деп сенеміз, -деген тілегін жеткізді. Жаңадан ашылған медиация кабинетінің лентасын аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Ұмсын Мұқанғалиева мен кәсіби емес медиатор Шынболат Өтешқалиев қиды. Айта кетейік, аудамызда биылдан бастап 1 кәсіби медиатор Марат Харесұлы Тоясов қызметін бастаса, ауылдық округтерде 22 кәсіби емес медиаторлар жұмыс жасауда.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ТЕРІС АҒЫМДАРДЫҢ АЛДЫН АЛСАҚ…

Күні: , 98 рет оқылды

Бүгінгі күнде әлемді лаңкестік қаупі алаңдатуда. Әлем елдері осы бір сұмдық құбылыспен күресуде. Мыңдардың өмірін жалмайтын неше түрлі лаңкестік әрекеттер қай жерден болса да көрініс беріп қалып жүр. Осы орайда терроризмге қарсы күресте бүкіл әлем бірігіп жұмыс жасауда. 28 мамыр күні облыстық терроризмге қарсы комиссия жанындағы жұмыс тобының отырысының мәжілісінің хаттамасына сәйкес спорт саласындағы деструктивті діни ағымдардың алдын алу мақсатында аудандағы спорт мектебінің және Қазталов, А.Оразбаева мектептерінің спорт пәніне сабақ беретін мұғалімдерімен кездесу өткізілді. Кездесуде аудандық жастар ресурстық орталығының маманы, теолог, «Ақниет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есбол Сақауов спорт саласында жұмыс жасайтын қызметкерлердің деструктивті ағымдардан сақ болулары жөнінде және теріс ағымдарға қарсы әрекет жасау туралы әңгімеледі. Кездесу барысында спортшылар өздерінің толғандырып жүрген сауалдарын қойып, жауаптар алды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.