АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 28.05.2018


ЖАЛПАҚТАЛДА 1998 ЖЫЛҒЫ МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІ «СТРИТ ВОРКАУТ» ЖАТТЫҒУ СПОРТ АЛАҢЫН СЫЙҒА ТАРТТЫ

Күні: , 178 рет оқылды

25 мамыр күні Жалпақтал ауылында 1998 жылғы түлектердің тартуымен құны 4 миллион теңге тұратын “СТРИТ ВОРКАУТ» жаттығу спорт алаңы ашылды. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: -Бәріңізді ашылып отырған жаңа заманауи жаттығу спорт алаңымен құттықтаймын. Сіздердің күштеріңізбен, демеушілігіңізбен жасалған тартуларыңыз елдің, ауылдың дамуына қосқан үлкен үлес деп білеміз. Сіздерге мың алғыс, 1998 жылғы түлектер, -деді. Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Қауметов те түлектерге алғысын жеткізді. Түлектер атынан сөз алған Сенім Раxметуллин түлектердің туған жерге деген тілегін білдірді. Спорт алыңының лентасын аудан әкімі Абат Абайұлы мен 1998 жылғы түлектер атынан Амангелді Жолдыбайұлы қиды. Жарайсыздар, 1998 жылғы түлектер!!! Туған жерді түлетуге қосқан үлестеріңізге ел риза!

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ЖАЛПАҚТАЛДА 1978 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДАРЫНА «ЖАСТАР САЯБАҒЫН» СЫЙҒА ТАРТТЫ

Күні: , 110 рет оқылды

25 мамыр күні Жалпақтал ауылында 1978 жылғы мектеп бітірген түлектердің тартуымен «Жастар саябағы» ашылды. Саябақтың ашылуында құттықтау сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков түлектерге xалықтың алғысын жеткізсе, 1978 жылғы түлектер атынан сөйлеген Талғат Нығметов, — елге деген маxаббаттан туған осындай сый ауыл жастарының сүйікті орнына айналып, еліміз көркейе берсін! -деген тілегін білдірді. Сонымен қатар 1978 жылғы түлектерге Жалпақтал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешов, ауылдық округ әкімі Самиғолла Ақмурзин ризашылықтарын білдіріп, алғысxат табыс етті. Саябақтың лентасын салтантты қию рәсімі соғыс ардагері Жұбат Сәрсембиев пен түлек Айгүл Тасыбаеваға берілді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ЖАЛПАҚТАЛДА 1983 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТАРТУЫМЕН «БАТЫРЛАР АЛЛЕЯСЫ» АШЫЛДЫ

Күні: , 172 рет оқылды

25 мамыр күні Жалпақтал ауылында орталық саябақта Жалпақтал ауылының 1966 жылы туылған түлектері «Батырлар аллеясын» сыйға тартты. Мұнда 13 «Социалистік Еңбек Ерлері» мен 2 Кеңес Одағының Батырының бюсті орналасқан. Бұл жұмыстарға мектеп бітіргендеріне 35 жыл болған түлектер 10 миллион теңге шамасында қаражат жұмсады. Ашылу салтанатында «Батырлар аллеясының» лентасын Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбат Сәрсембиев және мектеп бітіргеніне 35 жыл толған түлек Қазақстан Республикасының Даму және инвестициялар министрлігінің жауапты xатшысы Замир Сағынов қиды. «Батырлар аллеясының» ашылуымен құттықтаған облыстық мәслиxат xатшысы Мәлік Құлшар, аудан әкімі Абат Шыныбеков: -Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Жалпақтал ауылында түлектердің демеушілігімен үлкен-үлкен игі істер атқарылуда. Соның бірі бүгінгі ашылып отырған «Батырлар аллеясы». Туған жерді түлетуде түлектердің жасап жатырған істеріне ел атынан алғыс айтамыз, -деді. Аллеяның ашылу салтанатында еңбек ерлерінің бюсттеріне гүл шоқтары қойылып, «Қыз Жібек» үлгілі ансамблі арнау арнады. 1983 жылғы түлектердің атынан сөз сөйлеген ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты xатшысы Замир Сағынов, -бұл аллея түлектердің туған жерге деген сүйіспеншілігінен, еңбек ерлері мен батырларымызға деген құрметтен туған тарту. Туған еліміз түлей берсін, көркейе берсін. Мұндай істер алда жалғасын таба береді деп сенеміз! — деген лебізін білдірді. Сонымен қатар аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов ақ батасын берді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«МЫҢ АЛҒЫС САҒАН, АЛТЫН ҰЯ МЕКТЕБІМ!» ТҮЛЕКТЕР ФОРУМЫ

Күні: , 106 рет оқылды

24 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай және Алма Оразбаев атындағы орта мектебінің ашылғанына 150 жыл толу мерейтойы аясында осы мектеп ұжымының ұйымдастыруымен «Мың алғыс саған, алтын ұя мектебім!» атты мектеп бітірген түлектердің форумы оздырылды. Форумға ардагер ұстаздар, ауыл тұрғындары және Алма Оразбаева мектебін әр жылдары бітірген түлектер қатысты. Форумда сөз алған мектеп директоры Әлия Ғұсманова барша қатысушыларға қош келдің айтып, білім ордасына қаржылай және рухани қолдау білдіріп жүрген бір топ түлектерге алғысхаттар табыс етті. Форумда қатысушылардың назарына Алма Оразбаева мектебінің ұстаздары әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды. Форум жұмысы Алма Оразбаева мектебінде 25 мамыр күні соңғы қоңырау салтанатында жалғасатын болады.

Қайрат ЖАҚЫП


АЛМА ОРАЗБАЕВА МЕКТЕБІ МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

Күні: , 114 рет оқылды

150 жылдық тарихи мерейтойын атап жатырған Алма Оразбаева атындағы білім ордасында 24 мамыр күні Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай қайтадан жасақталған мектеп музейі ашылды. Музейдің ашылу салтанатына 50, 40, 30 жыл бұрын осы мектепті бітірген, еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден келген түлектер қатысты. Музейдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков мектеп ұжымын және мектеп бітірген түлектерді 150 жылдық мерейтоймен құттықтап,- бұл музейдің өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосар үлесі зор! -деген тілегін де жеткізді. Музейдің лентасын қию рәсімі аудан әкімі Абат Абайұлы мен Алма Оразбаева атындағы мектепті ұзақ жылдар басқарған, ардагер ұстаз Уахит Ищановқа ұсынылды. Музейде мектеп тарихынан сыр шертетін біраз фото суреттер мен қатар көне жәдігерлер де қойылған.

Қайрат ЖАҚЫП


БАТЫР БАЛАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 98 рет оқылды

24 мамыр күні Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков суға батып жатырған 3 жасар сәбиді ажалдан арашалап, үлкен ерлік жасаған қошанкөлдік, Ғ.Беғалиев атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушысы Нұрдәулет Айболатовты ата-анасымен бірге қабылдады. Қабылдауда аудан әкімі Абат Абайұлы,- Нұрдәулеттің бұл әрекеті барлық қазақ халқына үлгі боларлық ерлік деуге толық негіз бар. Осындай бүлдіршінді тәрбиелеп отырған сіздерге аудан халқы атынан алғысымыз шексіз! Нұрдәулет баламыздың болашағы жарқын болсын!- деген тілегін жеткізе отырып, батыр балаға облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан арнайы келген және өз атынан жазылған алғыс хаттарды табыс етті. Қабылдауда сөз алған Нұрдәулеттің ата-анасы Асқар мен Гүлжан осындай қабылдау жасаған аудан басшысына алғысын білдірсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков Нұрдәулетті Алматы облысы Қапшағай қаласындағы балалар жазғы демалыс лагеріне демалуға жіберетіндігін айтты. Қабылдаудан кейін аудан әкімі Нұрдәулетке аудан тұрғындары атынан су жаңа велосипедті сыйға тартты.

Қайрат ЖАҚЫП


ДАҢҚТЫ АПАМЫЗДЫҢ МҰРАСЫН КЕЛІНІ КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАП ОТЫР

Күні: , 90 рет оқылды

С онау 60-70 жылдары Сәлима Ғұбашева апамыз туралы бүкіл ақпарат құралдарында жиі жазылып жүрді. Сәлима апамызды аудан ғана емес, облыс өңірі түгел біледі десек қате болмас еді. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған апамыз өзінің жан жолдасы Есен ағамен бірге жүрек қалауларымен шопандық кәсіпке барды. Құр барған жоқ. Адал еңбек, ащы тердің арқасында биіктен көрінді. Әр жүз саулықтан 130-дан қозы алып, рекорд жасады. Бұл еңбек далада қалған жоқ. Үкімет бағалады. Сәлима апамыз ҚазақССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Ленин, Октябрь революциясы ордендерін кеудесіне тақты. 1968 жылы мемлекет апамызға «Волга Газ-21» автокөлігін сыйға тартты. Бүгінгі күнде еңбегімен даңққа бөленген Сәлима апамыздың шаңырағын ұлы Руслан мен келіні Света ұстап отыр. Бір айта кетер жәйт, келіні Света Сәлима апамыз қолданған дүниенің барлығын шашау шығармай, арнайы бөлмеге жинаған. Бұл еңбекті қадірлеу, өсіп келе жатырған ұл-қызына өнегелі жолдың тәрбиесін беру. Света Сәлима апайдың бүкіл еңбек жолы, өмірі туралы мағлұматтарды жинап, кітап қылып шығармақшы. Осыған көз жіберсек, әр шаңырақта Светадай енесін қадірлеген, оның өнегелі жолын үлгі еткен келіндер көп болса, бақытты шаңырақтар көп болар еді дейміз. 50 жыл өтсе де ата-анасының көзіндей болып қалған «Волга» автокөлігі гаражда мінін құрамастан әлі сақтаулы. Бұны да өнегелі іс дейміз. Суреттерден бүгінгі ұрпаққа ой салатын, тарихқа көз жіберетін құнды дүниелерді көреміз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Күні: , 98 рет оқылды

24 мамыр күні Бостандық ауылдық округінде жылдағы дəстүр бойынша «Дала қызықтары» ұйымдастырылды. Шараның ашылуына сөз алған округ əкімі Манарбек Сүндетов, «Нұр Отан» париясының Бостандық бастауыш ұйымының төрайымы Алтын Ақбаева, ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Жапақов ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, ақ батасын берді. Дала қызығында Тай, құнан, аламан бəйге жəне түрлі спорттық ойындар мен сауда-саттық ұйымдастырылды. Тай жарысынан 3 орынды Ернұр Есболовтың «Наркенже » аты, 2 орынды көктеректік Асылхан Төлеуғалиевтің «Самал» аты иеленсе, қазталовтық Ернұр Есболовтың «Таңшолпан» аты оза шауып 1 орынды қанжығалады. Құнан жарысында Құрманғазы ауылының Алтай Хангерейдің «Тұмар» аты оза шауып бірінші келіп, 1 орынды жеңіп алды, ал 2 орынды бостандықтық Марат Қасымовтың «Балакүрең» аты, 3 орынды көктеректік Бекзат Омарғалиевтің «Тасқын» аты місе тұтты. Аламан бəйгеге қатысқан тұлпарлар арасынан 3 орынды көктеректік Асылхан Төлеуғалиевтің «Шахир» атты тұлпары, 2 орынды құрманғазылық Жұмағали Жаңабергеновтің «Көкбастау» тұлпары иеленсе, бейге басталысымен бейгенің басын бермеген жаңақалалық Темірболат Қарабалиннің «Нұртөбел» тұлпары бірінші келіп, 1 орынды қанжығалады. Барлық жарыста орын алған тұлпарлардың шабондоздарына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Сонымен қатар 3 шақырым қашықтыққа жүгіруден ер балалар арасында 1 орынды Тұрарбек Қалиев, 2орынды Наурызбек Айтасов, 3 орынды Ғасырбек Бəриев пен Бегəлі Білəлиев иеленсе, қыздар арасында 500 метрге жүгіруден 1 орынды Нұржауған Қайырбекова, 2орынды Аида Ғұбашева, 3 орынды Жангүлім Тишанова иеленді. Дала қызығында арқан тартыс, қой көтеру, қазақша күрестен жарыстар өткізілді. Арқан тартыстан ер адамдар арасынды 1 орынды бостандықтық «Аралас», 2 орынды Əбіш ауылының «Əбіштің жігіттері» командалары иеленсе, əйел адамдар арасында бостандықтық «Чемпиондар» командасы жеңіп алды. Ал қой көтеру бойынша мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер арасынан қатысқан Дулат Адиев 1 орынды иеленді. Қазақ күресінен көктеректік Бекайдар Меңдешов «Түйе палуан» атанды. Барша жарыста жеңген жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Гауһар ҚҰРМАНҒАЗИЕВА


20 ЖЫЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУЫ

Күні: , 96 рет оқылды

24 мамыр күні Бостандық ауылдық округінде Бостандық орта мектебін бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің «Туған жер» бағдарламасы аясында «Бостандық. Қош келдіңіздер! Сəтті сапар!» атты композициялық белгісінің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында сөз алған ауылдық округ əкімі Манарбек Сүндетов, «Нұр Отан» партиясының Бостандық бастауыш ұйымының төрайымы Алтын Ақбаева, ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Жапақов, 20 жылдық мектеп түлектері атынан Абзал Хайруллин сөз алып ауылдың көркейіп, дамуына үлестерін қосқан түлектерге ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУЫ

Күні: , 132 рет оқылды

24 мамыр күні Тереңкөл орта мектебін бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер «Туған жер» бағдарламасына орай арнайы шара өткізді. Олардың демеушілігімен Тереңкөл ауылының композициялық белгісі қойылды. Сонымен қатар спорттық сайыстар өткізді. Күресте «Түйе палуан» атағын +90 келіде Дастан Ибатов, 70 келіде Еркебұлан Ерсайын жеңіп алды. Сайыстың басқа түрінен де үздік шыққандарға қаржылай сыйлықтар таыбысталды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.