АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 23.05.2018


МАҚПАЛ КӨРЕРМЕНГЕ КЕРЕМЕТ КЕШ СЫЙЛАДЫ

Күні: , 94 рет оқылды

22 мамыр күні Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың «Ақжайыққа ән шашу» атты концертті өтті. Мақпалдың мақпал дауысын сағынған көрермен қошеметпен қарсы алды. Әншіні «Қыз Жібек» термешілер ансамблі арнаумен қарсы алды. Көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген әнші халықпен бірге ән шырқап, би билеп, көңілді кеш сыйлады. Жанды дауыста эстрадалық әндер, халықтың сұрауы бойынша қазақтың қара домбырасымен шырқаған «Фариза қыз» әндері мәдениет үйінің ішінде жаңғырып жатты… –Оразаларыңыз қабыл болсын, қазталовтық ағайын! Менің әкем дүниеден озса да, анам бар. Анам Аллаға шүкір 81 жаста. Барша аналарымызға ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін. Аман болыңыздар! — деп ақжарма тілегін жеткізіп, ана туралы әнін шырқады. Кешке әнші, сазгер Ержан БЕЛҒОЗИЕВ, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов қатысты. Кеште аудан әкімі Абат Абайұлы көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлаған әншіге ризашылығын білдіріп, алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Жұлдыз АСҚАР


«ЖЕҢІМПАЗДАР ШЕРУІ – 2018»

Күні: , 128 рет оқылды

21 мамыр күні «Достық» саябағында 2017-2018 оқу жылында халықаралық, республикалық, облыстық түрлі жарыстар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздарды марапаттауға арналған «Жеңімпаздар шеруі – 2018» атты салтанатты шара өтті. «Жеңімпаздар шеруіне» қатысушы мектеп директорлары, жеңімпаз оқушылардың жетекшілері және ауданымыздың атын асқақтатқан білім, өнер, спорт түрлерінен жарыстарда жеңімпаздар сап түзеп алаң ортасынан орын алды. Шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков барша жеңімпаздарды оқу жылы бойында алған мақтауларымен құттықтап, болашақ ұрпаққа берілетін білім мен тәрбиенің маңыздылығына тоқталып, оқушыларды алғысхаттармен марапаттады. Сонымен қатар аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев те бір топ оқушыларды аудан әкімінің алғысхаттарын табыс етті. Осы жерде айта кету керек биылғы жылы 226 оқушы қатысты. Халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жеңімпаздар дайындап алдыңғы қатарда орын алған 12 мектеп ұжымын аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова және білімді, өнерлі оқушыларды түрлі байқауларға дайындап, қатыстырған аудан мектептерінің 104 мұғалімін аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков алғысхаттармен марапаттады. Шеруде Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасының жүлдегері, грант иегері Гүлсезім Кәрімованың анасы Айгүл Жұмагелдіқызы барша ата-аналар атынан, Қайыңды орта мектебінің оқушысы Ғазез Әли Қадемұлы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған ұйымдастырушыларға, мектеп ұстаздарына алғыстарын білдірді. Шара соңы жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасына жалғасып, отшашумен аяқталды.

Гауһар ӘДІЛЖАН


МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҰЖЫМДАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Күні: , 106 рет оқылды

21 мамыр  — мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин айтулы күні сала мамандарын Жалпақтал мәдениет үйінде құттықтады. «Мәдени шаралар ұлт пен ұлысты ұйыстырып, күллі халықтың бар жақсысын паш етеді» десек, оның басы-қасында жүретіндер – өнер иелері. Ашығын айту керек, бұл жандардың еткен еңбегі кейде сахна сыртында қалып қойып жатады. Осыны ойлаған Елбасы 2013 жылы «21 мамырды- мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні»деп жариялау туралы арнайы Жарлыққа қол қойды. -Жалпақтал көлемінде өтіп жатқан ізгілікті, игілікті іс – шара сіздердің талмай еңбек етулеріңіздің арқасы. Сондықтан ауылымыздың мәдениетінің өркендеп қанат жая беруіне тілектестігімді білдіремін”,  -деген округ әкімі өнер иелерін төл мерекелерімен құттықтады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


«ЖАЗҒЫ КЕЗЕҢДЕ БАЛАЛАРДЫҢ ДЕМАЛЫСЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ» ТУРАЛЫ СЕМИНАР

Күні: , 86 рет оқылды

21 мамыр күні Қазталов орта мектебінде аудандық білім беру бөлімі және аудандық тәрбие жұмыстары орталығының ұйымдастыруымен «Жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру» тақырыбында семинар өтті. Семинарға орта және негізгі мектептердің жазғы демалысты ұйымдастыруға жетекшілік ететін мамандар, әдіскерлер және лагерь жетекшілері қатысты. Семинардың мақсаты – Жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету. Семинарда Қазталов ауданының ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер инспекторы Мержан Тлеубаев «Жазғы демалыс кезіндегі құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары», аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Дана Ғабдуллина «Балалардың сауықтыру орталықтарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» жөнінде хабарлама жасаса, БҚО төтенше жағдайлар департаменті судан құтқару бекетінің басшысы Марат Қабақаев «Суда зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету жолдары» туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ семинарда жазғы демалыс лагерьлерінде демалушы балалардың медициналық анықтамалардың дұрыс толтырылуы, балалардың демалысын туристік өлкетану бағытында ұйымдастыру және білім беру мекемелеріндегі ыстық тамақты ұйымдастыру сынды мәселелер талқыланды. Семинар соңында қатысушылар аталған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.