АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 21.05.2018


ЖАЛПАҚТАЛДА ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ СӘКЕН ҒҰМАРОВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

Күні: , 76 рет оқылды

18 мамыр күні Жалпақтал мәдениет үйінің алаңында архитектор, суретші, Қазақстан Журналистер және Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Сәкен Ғұмаровтың ескерткіші ашылды. Сәкен Ғұмаров жас кезінен өнерге жақын болып, әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамбетжан Ғұмаров жетекшілік еткен Жалпақтал халық театрында ойнады. Кейін Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театрында әртіс, облыстық телестудияда бас режиссер болып қызмет еткенімен, суретшілігімен кеңінен танылды. Негізінен кескіндеме саласында қызмет еткен ол шығармаларын абстракциялық бағытта (поставангардизм) жазды. Суреттеріне бағзы заман түркілерінен бастап әскери полигондар зардабын тартқан Бөкей ордасының тыныс-тіршілігін арқау етті. Туындыларын түсіну қиын болғандықтан, ол кеңестік дәуірде көпке дейін мойындалмады. Тек 1985-1995 жылдары Алматы, Орал, Киев, Мәскеу және басқа қалаларда жеке көрмелері қойылып, суретшіге үлкен табыс әкелді. Салтанатты шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауданымыздың құрметті азаматы, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, «Казком» банкнің БҚО филиалының төрағасы, С.Ғұмаров атындағы қордың тең төрағасы, жерлесіміз Мерғат Ахметов, техника ғылымдарының докторы, академик, Талан Оразғалиев, ҚР мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері Нұрлан Шаканаев суретші туындылары кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып қала беретіндігін атап өтіп, ескерткіштің ашу құрметіне ие болды. С.Ғұмаровтың ескерткіші жерлесіміз аталмыш қордың тең төрағасы Мерғат Сисенғалиұлының бастамасымен және осы ескерткішті толықтай қаражатпен қаржыландырушы, академик, техника ғылымдарының докторы Талан Қабдрашитұлының қолдауымен жүзеге асып отыр. Осы шарада қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровқа «Ғарыш мінезді адам» атты қысқа метражды фильмі көрсетіліп, «С.Ғұмаровтың жұлдызды ырғағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция оздырылды. -Әсемдік әлеміне дара тынысымен келген Сәкен ағаның ғұмыры онша ұзақ болмағанымен өнердегі қолтаңбасы біздің мәңгі назарымызда. Ғаламат сурет салатын және сол суреттермен адамды емдейтін тума таланттың өмірде болағын айтып қана қоймай, оны еске алып, кейінгі ұрпаққа таныстырып отыру әр адамның қасиетті парызы деп есептеймін. Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы Сәкен Ғұмаровтың ғұмырын әрі қарай насихаттап, жалғастыру,-деген аудан басшысы Абат Абайұлы конференция жұмысына сәттілік тіледі. Шарада ауданымыздың құрметті азаматы, ардагер өлкетанушы, тарихшы Жайсаң Ақбай, суретші, «ҚР мәдениет саласының үздігі» Қазақстан суретшілер және Евразия дизайнерлері одағының мүшесі Мәдір Қуандық Насихатұлы, С.Ғұмаров атындағы музейдің меңгерушісі Ермек Айдарханов, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздіні «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық қолөнершілер одағының мүшесі, Жалпақтал өнер мектебінің мүшесі Бейбіт Мұқанов сөз алып, архитектор, суретші, Қазақстан Журналистер және Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Сәкен Ғұмаровтың өмір жолы мен еңбектеріне тоқталып, ой пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды. Жалпақтал мәдениет үйінің фойесінде мәртебелі меймандар облыстық С.Ғұмаров музейінің жылжымалы көрмесі және «Әсемдік әлеміне саяхат» атты оқушылардың туындыларын тамашалап, оқушылар арасында сурет байқауының сертификаттары табыс етілді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


НҰРДӘУЛЕТ КІШКЕНТАЙ СӘБИДІҢ ӨМІРІН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

Күні: , 104 рет оқылды

Бұл хабар бізге кешігіңкіреп жетті. Бірақ кешігіп жетсе де өзіндік батырлық тақырып болып қалатын хабар деп білеміз. 5 мамыр күні Қошанкөл ауылының 6 сынып оқушысы Нұрдәулет Айболатов кешкі сағат 19-дар шамасында өрістен келетін малды қарсылауға шығады. Ауыл жанындағы қар суынан жиналған тоғанға барады. Сол кезде тоған суының ішінен кішкентай баланың екі аяғын көзі шалады. Жалма-жан шешінбестен суға сектіріп баланы алып шығады. Сәби талықсып кеткен. Тездетіп алғашқы көмекті жасағанда бала есін жинайды. Әлі 3-ке толмаған Аршаттың әкесі Медет бізге болған оқиғаны былай деп әңгімелеп берді. –Суға кетіп қала жаздаған балам Аршат үйдің кенжесі. Өзінен үлкен екі баламмен бірге (үлкенінің өзі 1 сыныпта оқиды) осы тоған жағасына келіп ойнаған. Екеуі өздерімен өздері ойнап жатқанда Аршат суға түсіп кеткен. Нұрдәулет балам болмағанда әржағын айтуға келмейтін жағдай орын алатын еді. Айналайын, Нұрдәулетке барлық бақ қонсын!-деді. Аршаттың өзін де суретке түсіріп алайық деп ойлағанбыз, мектепте мұғалім болып қызмет жасайтын анасы Айнұр Орал қаласына оқуға кетіп, Аршатты Жалпақталдағы нағашы әжелеріне апарып тастапты. Сол себепті кішкентай Аршаттың суретін балабақшадан сұратып алғыздық. Нұрдәулеттің мектепте қызмет істейтін анасы Гүлжан Сисеноваға да жолықтық. –Иә, балам осындай бір азаматтық іс жасады. Осындай қасиет оның бойында бар екенін көргенде бойымды мақтаныш сезімі биледі,-деді. Ал Нұрдәулетті әңгімеге тартып баланы судан алып шыққанда алғашқы көмек беруді қайдан білесің?- деген сұрағыма: -Мектептің төтенше жағдайларда әрекет ету ережесін күнде көріп жүрмін ғой,-деді. Біз батырлықты, ерлікті алыстан іздейміз. Ал Нұрдәулеттің оқыс оқиға кезінде ешқандай абыржымастын кішкентай періштенің өмірін сақтап қалуы – нағыз батырлық. Өркенің өссін, айналайын Нұрдәулет!

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«АЛАУ» ЛАГЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Күні: , 128 рет оқылды

Оқу жылы аяқталып, балалардың көңілді демалысы да басталатын уақыт жақындады. Биылғы жылы да аудан оқушылары жылдағы дәстүрге сәйкес лагерьлерде демалып, бос уақыттарын көңілді өткізетін болады. Осыған орай 18 мамыр күні аудан әкімі Абат Шыныбеков «Алау» демалыс лагерінің балаларды қабылдауға әзірлік барысының жұмыстарымен танысты. Айта кету керек «Алау» лагерінің бірінші кезеңінде 45 бала демалатын болады. Бұл уақыттар ішінде демалуға келген балаларға жоспарға сай түрлі бағыттар бойынша мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылатын болады. Былайша айтқанда, демалуға келген балаларға демалыс уақыттарын көңілді өткізуге күш салынады. Лагерьдің әзірлік жұмысымен таныса келе, аудан әкімі Абат Шыныбеков тиісті мекемелерге қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталуына, тамақ өнімдерінің талапқа сай болуына, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуына және түрлі мәдени-спорттық шараларды өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз болуын міндеттеп, тиісті тапсырмалар берді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.