АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 18.05.2018


ҒАЛЫМНЫҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Күні: , 106 рет оқылды

18 мамыр күні Қошанкөл ауылында методист ғалым, оқулықтардың авторы, журналист Ғали Беғалиевтің туғанына 130 жылдығына арналған «Рухани жаңғыртудың тарихи бастаулары: Батыс Алашорда және ескерілмеген есімдер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұдан кейін конференцияға келген қонақтар мектеп жанындағы жаңартылған өлкетану музейінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Конференция жұмысына қатысушыларды аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтап, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталып өтті. Конференцияда М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы және өлкетану орталығының жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова, осы университеттің 3 курс студенті, алаштанушы Надя Жастілек, еңбек ардагері Батырғали Иманғалиев, Ғ.Беғалиев атындағы мектебінің директоры Руслан Ильясов, Бірік орта мектебінің директоры Уәлихан Жағыпаров, Ғ.Беғалиев атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлназ Айтқалиева сөз алып, ғалым-ұстаз Ғали Беғалиевтің өмір жолы мен еңбектеріне тоқталса, сонымен қатар өткен жылы ғана құрылғана 100 жыл толған Алаш Үкіметінің тарихы мен маңызы туралы кеңінен әңгімеледі. Ғали Беғалиев деген есімге келетін болсақ, Қазталов ауылының төл тумасы. Қазақ балаларын сауаттандырған тұңғыш әліппе авторларының бірі. 1918 жылы Ордада өткен мұғалімдердің тұңғыш сиезінде сиез төрағасының көмекшісі болған. 1922-24 жылдары Оралдағы педтехникумда мұғалім болып қызмет жасаса, Орал қаласынан шыққан «Қызыту» және Алматыдан шыққан «Еңбекші қазақ» газеттерінде жұмыс жасаған. Ол қазақ және орыс мектептеріне арналған оқулықтардың, оқыту әдістемелерінің авторы болып табылады. Сонымен қатар қазақ тілінің терминологиялық және түсіндірме сөздіктерін жасауға да қатысқан. Қазақ лексикологиясы мен морфологиясы саласындағы қазақ тілінің методикасын жайындағы еңбектері тіл біліміне қосылған айырықша еңбек болып табылатынын айтқан жөн. Ал оның жұбайы Мәдина Қожбанқызы Бегалиева қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш инженер. Ол өзінің саналы ғұмырында Бөкей, Орал губернияларының партия комиеттерінде әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі, ҚазақССР мемлекеттік бақылау органында абыройлы қызметтер атқарыпты. Міне, осындай саналы ғұмырын білімге, ғылымға жұмсаған тұлғалардың есімдерін бүгінгі ұрпақ ұмытпақ емес. Өзінің туған жеріндегі мектеп Ғали Беғалиев есімімен аталатын болса, ал Бөкей ордасы ауданындағы Бөрлі ауылдық округіндегі жалпы білім беретін мектеп Мәдина Беғалиеваның атында. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген осы бір ғылыми-тәжірибелік конференцияның бүгінгі ұрпаққа берері зор деп білеміз. Конференция соңы мектеп оқушыларының концертіне ұласты.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ТОБЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕ

Күні: , 94 рет оқылды

17 мамыр күні ақпараттық түсіндіру тобы Талдықұдық, Жаңажол ауылдық округтерінде іссапарда болды. Кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева ауданда Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылып жатырған жұмыстарды айта келіп, тұрғындар сауалдарына жауаптар берді. -Бүгінгі таңда ауданымызда атқарылып жатырған жұмыстарға қуанып отырмыз. Кəсіпкерлерді тарту арқылы біз түрлі жобаларды жүзеге асырып, туған өлкемізді жандандыруға атсалысуымыз қажет. Əсіресе, жастар. Ауылымызда белсенді жас болса, ауыл-жастарының уақытын өткізілуіне де бір септігі тиер еді, -деді жиында Жаңажол ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Нағым Ризуанов. Бұл жаңажолдық ардагердің ойы. Ал талдықұдықтық Ермек Аманғалиев: — Біз тарихты білмей, болашақты болжай алмаймыз. Қараоба, Қарасу,ауылдарындағы тарихи жерлерді көріп отырмыз. Талдықұдықта да осындай құнды жерлерді зерттеп, оның тарихын білу үшін арнайы мамандар жұмыстанса, аға буын өкілдері тарихымызды өскелең ұрпаққа аманаттаған болар едік, -деп, рухани əңгіме өрбіген кездесуді ұйымдастырушыларға ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді. Кездесуде дін жəне жастар мəселесі бойынша да мамандар түсінік жұмыстарын жүргізсе, жастар тарапынан ой-пікірлер де айтылды. Сондай-ақ тұрғындар арасында да сұрақтар қойылып, көптеген ұсыныстар айтылды.

Жұлдыз АСҚАР


«МЕДИАЦИЯ – ДАУДЫ ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ»

Күні: , 94 рет оқылды

18 мамыр күні Қазталов аудандық сотында «Медиация – дауды шешудің тиімді тәсілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға кәсіби медиатор Марат Тоясов, Қазталов ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұқанғали Бектілеу, «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаева және аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты. Дөңгелек үстелде судья Ұмсын Сүйінғалиқызы Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексінің жаңа нормаларында татуласу келісімдерін және дауларды медиация тәртібінде реттеу туралы шарттарын және партисипативті рәсім тәртібінде реттеу туралы келісімдерін жасасу рәсімдері мен салдары нақты реттелгенін, осыған орай медиация институтының артықшылықтарын түсіндіріп, медиацияның дау-жанжалға екі жақтың мүдделері мен қажеттіліктерін қанағаттандыратындай шешім нұсқасын таңдауға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Сондай-ақ кәсіби медиатор Марат Тоясов: -Ағымдағы жылдан бастап кәсіби медиатор қызметіне тағайындалдым, бізге адамдар өз кекілжіңдерін шешу мақсатында келеді, әрдайым оларға алғашқы көмегімізді аямаймыз. Сотпен тығым қарым-қатынас жасап, жақсы жұмыс жасаймыз деген ойдамын, — деп медиация туралы халық арасында үгіт-насихат жұмыстарына аса көңіл бөлу қажеттігін жеткізіп, медиация процедурасының қолдану барысында кездесетін сұрақтарын қойды. Дөңгелек үстелде медиаторлар мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері медиация институтын одан әрі дамыту туралы ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Әсем БОЛАТ


АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Күні: , 82 рет оқылды

17 мамыр күні ауданымызға іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары Бибигүл Қонысбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева аудандық орталық ауруxананың жұмыс барысымен танысты. Аудандық ауруxанада өңір басшысының орынбасары емдеу бөлмелерін аралап, медициналық құрал-жабдықтарды көр­ді. -Бүгінде Елбасымыздың Жолдауына сай барлық салада цифрландыру үрдісі жүріп жатқанда, денсаулық сақтау саласы бұл үрдістен шет қалмауы тиіс. Емделушілердің емxанаға тіркелуі, дәрігердің қабылдауына жазылуы бүгінде ұялы қосымша арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ауруxаналардағы мұрағаттағы барлық тіркеудегі емделушілердің карталары да электронды түрге айналдырылуда. Бұл да дәрігерлер жұмысын оңтайландырудың бір жолы. Біз xалыққа қажетті бар жағдайды жасап, бар мүмкіндікті пайдалана білуіміз қажет, -деді Бибигүл Қонысбаева.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ӨНЕР БИІГІНДЕГІ ӨРЕНДЕР»

Күні: , 100 рет оқылды

17 мамыр күні мәдениет үйінде Жалпақтал өнер мектебінің «Өнер биігіндегі өрендер» атты есеп беру концерті өтті. Алдымен, шара өнер мектебінің құрылғанынан бері қарай жетістіктері мен ұжым мәліметтері жайынды көпшілікті таныстырды. Әрмен қарай, кеш өнер мектебінің облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері мен шәкірттерінің өнерлерімен өрбіген концерттік бағдарлама оздырылды. Вокал, би, аспаптарда жеке орындаушылық пен оркестр, ансамбльда топ болып жоғары деңгейде өнер көрсетулері көрермендерді тәнті етті. Кеш соңында Жалпақтал өнер мектебінің директоры Қуаныш Сәбитұлы сөз сөйлеп, барша көрерменге өзінің шексіз алғысын білдірді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСҚА ТАРТУ ЖӘЙІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Күні: , 88 рет оқылды

17 мамыр күні ауданымызға облыс әкімінің орынбасары Бибигүл Қонысбаева іссапармен келді. Ол аудан орталығында іргетасы қаланып жатырған өнер мектебінің құрылысымен танысты. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін заңдастыру бойынша аудандық штабтың отырысына қатысты. Штаб отырысында облыс әкімінің орынбасары, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін заңдастыру бойынша облыстық штабтың төрайымы Бибигүл Қонысбаева бейресми жұмыспен қамтылған халықты рәсімдеу бойынша 2018-2019 жылдарға арналған жол картасының облыс көлемінде орындалуы туралы айтып өтті. Ал аудандағы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары, аудандық штаб төрайымы Зәйлім Мәжитова хабарлама жасады. Хабарламада айтылған ауданымызда бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен ауданымызда 7570-тей адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса, «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламасының бағыттарына сәйкес 90 адам әртүрлі мамандықтар бойынша оқып жатса, 38 адам несие алуға өтініш білдірген. Сонымен қатар «Игілік» бағдарламасы бойынша 19 адам несие алуға жолдама алған екен. Соның 9-ы жеке кәсіпкер болып табылады. Бұнымен қатар «Бизнес Бастау» бағдарламасы аясында күні бүгінде 28 адам оқуын аяқтады. Ал 38 жұмыс беруші 91 адаммен келісім-шарт жасасып отыр. Сондай-ақ ауылдық округтерде жүргізіліп жатырған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жергілікті жерден 18 адам жұмысқа тартылған. Штаб отырысында облыс әкімінің орынбасары ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының жақсы дамығанын айта келіп, шаруа қожалықтары жұмыссыз адамдарды жұмысқа көбірек тарту, олармен келісім-шарт негізінде жұмыс істеу, тиісті әлеуметтік төлемдерді төлеу мәселесін нақтылау тағы басқа да түйінді мәселелерге тоқталып өтті. Штаб отырысын аудан әкімі Абат Шыныбеков қорытындылады.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ВОЛЕЙБОЛШЫЛАРЫМЫЗ ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫНДА 3 ОРЫНДЫ ЖЕҢІП АЛДЫ

Күні: , 118 рет оқылды

15-17 мамыр күндері Орал қаласында Елордамыз — Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай волейболдан Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Чемпионатқа облысымыздың барлық аудандары мен Орал қаласының командасы қатысты. Осы жарыста Қазталов ауданының командасы тамаша ойын өрнегін көрсетіп, сайыс нәтижесінде 3 ОРЫНДЫ иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Айта кетейік, өткен жылы ауданымыздың командасы волейболдан Батыс Қазақстан облысы әкімінің кубогын жеңіп алған болатын. Жарайсыздар, ауданымыздың волейболшылары! Алда да осылай Қазталов ауданының атын асқақтата беріңіздер!!!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖЕКЕ ҚҰРАМ МҮШЕЛЕРІ МҰРАЖАЙДА БОЛДЫ

Күні: , 92 рет оқылды

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасында айтылған мәселелер ауданымызда жүзеге асуда. Өйткені әрбір адам өзінің туған жерінің тарихын, өткенін білмей, елінің өткені мен бүгінгісін сараптай алмайды. Осыған орай МКҚБ ММ 2-ПБ Қазталов ауданы 4-взводының жеке құрамы аудандық тарихи-өлкетану мұрайжайына экскурсияға барып, ондағы түрлі экспонаттармен танысты. Мұражай жетекшісі Назкеш Адаялиева мұражай көрмесіне қойылған мәдени мұралардың тарихымен таныстыра келіп, сонымен қатар өлкемізден шыққан белгілі тұлғалар: Ұлы Отан соғысының, тыл, еңбек ардагерлері мен қоғам, өнер қайраткерлерінің өмірлеріне қысқаша шолу жасады. Жеке құрам мүшелері аудан тарихына қанығып, оның жүріп өткен жолдарынан мол мағлұмат алды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР

Күні: , 86 рет оқылды

16 мамыр күні А.Оразбаева және Қазталов орта мектептерінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы жұмыскерлердің біліктілігін арттыру мақсатында «ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы «Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметтер көрсету, мүгедектермен қарым-қатынас жасау саласындағы жұмыскерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету» тақырыбында семинар өткізді. Семинар жұмысына Қазталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарынан мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік қызметкерлер қатысты. Семинар аясында қатысушыларға «Мүгедектермен қарым-қатынас орнатудың ерекшеліктері» тақырыбында кәсіби психолог Гүлнәр Кабулова дәріс оқыса, «Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметтер көрсету, мүгедектермен қарым-қатынас жасау саласындағы жұмыскерлердің біліктілігін арттыру» тақырыбында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы Берік Ибрашев және «Мүгедек жандарға көрсетілген әлеуметтік көмек бағдарламалары туралы» Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы Саида Сәрсенова дәріс оқып, психологиялық тренингтер өткізді. Қатысушылар семинар-тренингтен оң әсер алып, өз салалары бойынша сауалдарын қойды. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.