АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 14.05.2018


ЖАРАЙСЫЗДАР, МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕР!

Күні: , 90 рет оқылды

Орал қаласында Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығы және мемлекеттік қызметшілер күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында өткізіліп жатырған облыстық спартакиаданың екінші кезеңі футбол және қол күресі спорт түрлері бойынша жалғасын тапқан болатын. Осы жарыстарға қатысқан Қазталов ауданының мемлекеттік қызметшілерінен құралған команда футболдан 19 команданың арасынан 4 орынды иеленсе, қол күресінен 2 орынды жеңіп алды. Жарайсыздар!!!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ДАЛА ҚЫЗЫҒЫМЕН ЖАЛҒАСҚАН ТОЙ

Күні: , 98 рет оқылды

Көктерек ауылында екі күнге созылған жерлестер форумы той төбедегі ұлттық ойындармен жалғасты. Аламан бəйге десе делебесі қозатын көктеректік ағайындар үш шақырымдық тай жарысын тамашалаудан бастады. Он беске жуық қатысқан тай жарысында көктеректік Нұрболат Əдиетовтың «Айқасқасы» үшінші келсе, тасқалалық Марат Жұмашевтың «Байторысы» екінші орын иеленді. Ал Тасқала ауданынан келген Ерлан Аянбергеновтың «Қарақаты» мəрені бірінші болып кесті. Ал алты шақырымдық құнан жарысында мəрені Тайпақ ауылынан келген Құбайдолла Биғазиевтың «Үміт» атты құнаны бірінші келсе, тайпақтық Сыдық Сырымның «Ерторысы» екінші, Құрманғазы ауылынан келген Асқар Мұқанғалиевтың «Еркенұры» үшінші орынды иеленді. Той төбедегі ұйымдастырылып отырған он бес шақырымдық Аламан бəйгеде көршілес Жəнібек ауданынан келген Сакош Насеновтың «Қасқалдағы» үшінші келсе, тайпақтық Бақберген Кенжемұратовтың «Ақжайық» атты тұлпары екінші келді. Ал Тайпақ ауылынан келген Құбайдолла Биғазиевтың «Лашын» атты дүлділі мəрені бірінші болып кесті. Ұлттық ойындардың тағы бір қызығы қазақша күрес. Әр округтен күші мықты деген жігіттер келген екен. Қай-қайсысын да әлсіз деуге келмес. Бірақ бәрі бірдей түйе палуаны атанбайтыны белгілі. Нәтижесінде айласы да, күші де басым түскен ақпәтерлік Аңсар Хамзин «Түйе палуан» атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Тамаша оздырылған той төбеде халық әрі демалып, әрі зор рухани азық алып, тойдан көңілді тарқады.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


КӨКТЕРЕКТІК АҒАЙЫНДАР КЕЗДЕСКЕН КҮН

Күні: , 94 рет оқылды

Көктерек ауылдық округіндегі жерлестер форумы 12 мамыр күні өз жалғасын тапты. Аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы қатысып, жиналған жұртшылық алдында құттықтау сөз сөйлеп, көктеректік ағайындарға толағай табыс, жарқын жетістіктер тіледі. Бұл күні ырысы тасып, ынтымағы ұйыған, жаңалыққа жаны құштар көктеректіктер кезекті қуанышты сәттің куәсі болды. Себебі, ауылдың бел ортасында бой көтерген «Менің жүрегім — Көктерек» атты жарықтық диотты (светодиотный) жазудың ашылу салтанаты елдің қуанышын еселей түскендей еді. Жүрек белгісі орнатылып, әріптері әсем безендірілген жазу ауылдың ажарын ашып тұрғандай. Бұған Көктерек орта мектебін 2008 жылы аяқтаған түлектер демеушілік жасап, өздерінің туған ауылдарына осындай қолтаңба қалдырғандары көпшіліктің көңілін қуантты. Бұл игі істің лента қия рәсімін аудан басшысы Абат Абайұлы, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева жəне түлектердің ұстаздары жасады. Мұнан кейін жақсы дәстүр жалғасып шағын орталық ауласынан мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер мен аудандық мәслихат депутаты Руслан Самиғоллаұлының демеушілігінің арқасында балалар ойын алаңы ашылды. Ашылу салтанатында Көктерек орта мектебінің түлегі, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, аудандық мәслихат хатшысы Сəрсенбай Молдашев құттықтау лебіздерін білдірді. Көктерек мәдениет үйінің алаңында күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жыл толуына орай «Асыл домбыра» атты композицияның ашылуы өтті. Бұл туындыны мектепті осыдан 30 жыл бұрын аяқтаған 1971 жылғылар сыйға тартты. Ашылуында Абат Абайұлы құттықтау сөз сөйлесе, ардагер ұстаз Лұқпан Сарбасов жəне Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дəуешов «Асыл домбыра» атты композициясының лентасын қиды. Бұл күнгі жерлестер форумындағы тағы бір қуанышты жаңалық ол Сарыөзен бойынан Балауса қыстағында Əдиет Мақатовтың 180 орындық «Зульфия» атты мейрамхананың ашылуы өтті. Екі күнге созылған алғашқы рет ұйымдастырылып отырған жерлестер форумы көптің көңілінен шықты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


КӨКТЕРЕКТІ ƏН КҮЙГЕ БӨЛЕДІ

Күні: , 80 рет оқылды

11 мамыр күні мәдениет үйінде жерлестер форумында «Əнім саған туған жер» атты концерттік бағдарламада киелі Көктерек жерінен шыққан облысқа, республикаға, ірісі халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген танымал өнерпаздар Көктеректі əн-күйге бөледі. Туған жерге əн шашуын алып келген өнерлі жерлестер қазақтың қара домбырасымен, саз сырнайымен туған жерге деген ыстық махаббаттарын əн арқылы жеткізе білді. «Өнер десе ішер асын жерге қоятын» көктеректік ағайындар екі сағат бойы өнерпаз жерлестерінің өнерлерін тамашалады. Концерт соңында өнерде жүрген жерлестер мәдениет үйіне қос гитара мен дауылпазды сыйға табыс етті. Ал округ әкімі Бауыржан Қабдолұлы шексіз ризашылығын білдіріп, өнерпаздарға алғысын айтты. Кеш соңы отшашумен аяқталды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


КӨКТЕРЕКТІКТЕР КЕЗДЕСКЕН КҮН

Күні: , 86 рет оқылды

11 мамыр күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында ауданымыздың Көктерек ауылдық округінде «Көркейткен көркін көп терек, Ауылым — Көктерек» атты жерлестер форумы өтті. Форумға қатысушы меймандар, ауыл ақсақалдары Көктерек орта мектебінде кездесіп, апалы-сіңілі Айшагүл, Айгүл Мыңбаевалар оқушыларға өздері атынан он домбыраны тарту етті. Мұнан кейін мәртебелі қонақтар Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Сонымен қатар көктеректік жерлестер тарихи өлкетану мұражайында болып, 2006 жылы мектеп бітірген түлектер мұражайға «ППШ-41» автоматын сыйға берді. Жерлестер форумы мәдениет үйінде жалғасты. Жерлестер форумының салтанатты ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Зəйлім Мəжитова, Көктерек ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы, зейнеткер ұстаз Теміржан Қажығалиев шараға арнайы келген жерлестерге алғыс айтып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Ал Көктерек тарихи өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Ақмарал Əдиетова өлке тарихы, округтен шыққан белгілі тұлғалар, табиғи ерекшеліктері жайында баяндама жасады. Кезегінде сөз сөйлеген форум қонақтары зейнеткер ұстаз, ақын Дариға Мұштанова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұргүл Жұбатова, Жаңақала аудандық «Нұр Отан»партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов, Құрманғазы оркестрінің домбырашысы Дәурен Ташпенов рухани құндылықтарды қастерлеп сақтауға шақырып, киелі Көктерек жерін елдің түкпір-түкпірінде жүрген жерлестер әрдайым құрмет тұту қажет екенін айтты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ТАЛДЫАПАНДЫҚТАРДЫҢ «АҚБҰЛАҚТЫҢ» ҚЫЗЫҒЫН КӨРЕТІН КҮН АЛЫС ЕМЕС

Күні: , 88 рет оқылды

11 мамыр күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Талдыапан ауылдық округіндегі Қособа, Қайшақұдық, Сарықұдық елді мекендерінде болып, жүргізіліп жатырған «Ақбұлақ» бағдарламасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Біраз жылдан бері күрделі мәселеге айналған осы аталған ауылдарға таза су құбырын тарту мәселесі оң шешімін тапты деуге болады. «Дөңгелек» су қоймасынан тартылған құбыр Қособа-Талдыапан – Сарықұдық ауылдарына жеткізілуде. Қазіргі күнде бұл ауылдарға қондырғылар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатырған «БатысҚазСтрой» ЖШС құрылысшыларының айтуы бойынша таза суды тұрғындардың пайдалануына берілуі өзінің белгіленген уақытында аяқталмақшы. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарымен таныса келіп, құрылысшыларға кейбір тапсырмаларын да жүктеді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ОКРУГ ӘКІМІНІҢ ҚЫЗМЕТІНЕ РИЗАШЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Күні: , 92 рет оқылды

11 мамыр күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Ақпәтер ауылдық округінің қауымдастық мүшелерінің жиналасына қатысты.Жиналыста аудан әкімі Ақпәтер ауылдық округі әкімі Есенгелді Айсағалиевтің басқа қызметке ауысуына байланысты берген өтінішінің қанағаттандырылғанын айта келіп, округ әкімі қызметінен босағанын жеткізді. Сонымен қатар аудан әкімі 5 жылға жуық округ әкімі болып абыройлы қызмет жасаған Есенгелді Айсағалиевке округтің әлеуметтік, экономикалық дамуына үлес қосқанын, көптеген жанашыл істердің ұйытқысы болғанын айта келіп, жаңа қызметіне де табыстар тіледі. Жиналыста сөз алған қауымдастық мүшелері Есенгелді Айсағалиевке абыройлы қызметі үшін ауыл тұрғындарының ризашылықтарын жеткізді. Өз сөзінде Есенгелді Айсағалиев те аудан әкімдігіне және ауыл тұрғындарына бірлесе қызметтер атқарғандары үшін рахметін айтты. Осы округте іссапарда болғанда аудан әкімі ауылда жүргізіліп жатырған «Ақбұлақ» бағдарламасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі күнде таза су құбыры 192 үйге кіріп тұр. Құрылыс жұмысы өзінің мерзімді уақытында аяқталады.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«АҚБҰЛАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АТҚАРЫЛУЫН ҚАДАҒАЛАДЫ

Күні: , 82 рет оқылды

11 мамыр күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Қайыңды ауылдық округінде болғанда Қайыңды ауылына тартылып жатқан «Ақбұлақ» бағдарламасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінгі күнде Үлкен өзен арқылы алынатын таза судың құрылыс жұмыстарын «НовоселсСтройсервис» ЖШС жетекшісі Жанболат Машаевтың бригадасы жүргізуде. Құрылыс жұмысында 12 адам жұмыс жасаса, сонымен қатар ауылдан 4 адамды жұмыспен қамтыған. Қазіргі күнде ауылдың 40 үйіне су құбырлары тартылып тұр. Аудан әкімі су жүргізу жұмыстарымен таныса келіп, құрылысшыларға бағдарламаның уақытылы аяқталуын тапсырды. Сонымен қатар аудан әкімі ауылда жасалып жатырған футбол алаңының жұмысымен де танысып, құрылыс жұмысын жүргізіп жатырған бригадаға тиісті тапсырмалар жүктеді. Бұл жұмыстармен танысу кезінде аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бегжанов та бірге болды.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


АУДАН ӘКІМІ ӨТКЕЛДІ КӨПІРДІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Күні: , 90 рет оқылды

11 мамыр күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Қайыңды, Болашақ ауылдық округтеріне қатынас жасайтын Үлкен өзеннің үстіне жаңадан салынған өткелі көпірдің жұмысымен танысты. Айта кету керек, бұрынғы өткелі көпірдің салынғанына да 20 жылға жуық уақыт болып қалып еді. Ауыр жүк көліктерінің көпір үстінен өтуі салдарынан және пайдалану мерзімінін де жетуіне байланысты көпірді пайдалану мүмкін емес жағдайға жетті. Орал «Судоремзавод» жасаған өткелі көпірдің құрылыс жұмысы да аяқталған. Аудан әкімі көпірдің жұмысымен таныса келіп, құрылыс саласына қатысты мекемелерге көпірдің сапалы әрі уақытында аяқталуын қадағалауларын тапсырды.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.