АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 11.05.2018


АУДАН АЙМАҒЫНДА АРПА, БИДАЙ ӨСІРЕ АЛАМЫЗ БА?..

Күні: , 106 рет оқылды

Сонау 75-інші жылдары Орал қаласында оқып жүргенімізде тамыз айында егін ору науқанында күн сайынғы қанша мың тонна егін орылғанын облисполком «қазіргі облакимат» ғимаратының жоғарғы жағында көрнекі түрде жазылып, шығып тұратынын көретінбіз. Сонымен қатар қай ауданның егін ораудан алда келе жатырғаны да көрсетілетін. Көбінесе көп Жымпиты ауданы (Сырым ауданы, Г.Шубин басқарған «Правда» атындағы ұжымшар) бірінші орында тұратын. Сол кездерде облыс, аудандарымызға сонау Украина, Ресейден әскери қызметшілер егін ору науқанына көмектесуге келетін. Біздің ауданымыздың шаруашылықтарында да «Урал» аутокөлігін айдаған солдаттар толып кететін… Егін жинау – үлкен саяси науқан болып саналатын. «Қазақстан Отанға миллиард пұт астық тапсырды!» -деген «Правда», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде рапорт жазылғанда бәріміз қуанатын едік. Сол кезде еліміз Кеңес елін ғана емес, тіпті, сонау біз білмейтін аштықтан сорлап жатқан қара құрлық елдерін де астықпен қамтамасыз жасайтын. Енді заман өзгерді. Экономикалық құрылымдар да түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Өнім өндіру нарық заңына ыңғайластырылып, шығынсыз табыс табуға көшірілді. Бұл егін шаруашылығы саласында да іске асырылуда. Көбінесе егін салу ауа райына тәуелді емес аймақтарға салу қолға алынуда. Осындай жағдайға байланысты соңғы жылдары біздің ауданымыздың шаруашылықпен айналысатын құрылымдары егін салумен айналыспайды. Айналысатын бірен-сарандарының өзі де Орал қаласының Зеленов ауданы аймағында егін салады. Күні кеше ғана аудан әкімі Абат Абайұлы бір топ еңбек ардагерлерімен кездесті. Сонда ардагерлер тарапынан аудан аймағында егін салу мәселесін қозғады. Осы мәселеге орай аудан әкімі: -Ағалар, өте маңызды мәселені қозғап отырсыздар. Айтуларыңыз дұрыс. Ауданымыз мал басын өсіруден алдыңғы қатардамыз. Мал басын өсіргесін оған құрама жемшөп қажет қой. Шындығы керек жемді басқа жерден аламыз. Өзіміздің жерімізде егін салып, ең болмағанда құрама жем әзірлейтін бірде-бір шаруашылық жоқтың қасы. Қазір бұрынғы егістік жерлер тыңайды. Егін салуға келеді. Сонымен қатар шаруаларымыздың да материалдық базалары күшейді. Енді солардың кейбіреуі егін салумен айналысса, ұтары көп болар еді. Сондай-ақ малға қажетті жоңышқа (судан), еркекшөп (житняк), люцерн сияқты көп жылғы шөптерді өсіруді қолға алатындар болса табысқа кенелер еді, -деген пікірін білдірді. Осы мәселеге орай 2000 жылдың басына дейін өзінің қарамағындағы жерге егін салып келген «Қайнар» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Бермағанбетовті әңгімеге тартқан едік. –Егістікке арналған 300 гектар жеріміз болды. Сепкен арпа, қара бидай сияқты дәнді дақылдарымыз 45-70 см-ге дейін жайқалып өседі де шілде айларында жаңбыр болмағандықтан әрі қарай дән бермей қалып жүрді. Амалсыздан шығынға ұшырай бергендіктен бұл шаруаны тоқтатуға тура келді. Аудан әкімдігінде мәселенің көтерілуі дұрыс. Егер өз жерімізде егін салып, ең болмағанда малға жем даярлай алсақ, тиімді болар еді. Оның үстіне біздің диірменіміз де бар ғой, -деген пікірін айтты. Жалпы ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласының ардагер мамандарының пікірлеріне сүйенсек, Кеңес үкіметі кезінде Карл Маркс атындағы колхоз (қазіргі Болашақ), Ленин атындағы колхоздарында (қазіргі Қайыңды) 10-15 мың гектар егістік алқаптары болған екен. Ал бүгінгі Қазталов ауылдық округінің өзінде 5 мың гектарға дейінгі алқапқа егін салынған. Әрине, бүгінгі заман талабына сай бұндай көлемдегі алқаптарға егін салу мүмкін емес. Дегенмен жоғарыдағы «Қайнар» шаруа қожалығы сияқты белгілі бір мөлшерде егін салумен де айналысу – өмір қажеттілігінен туындауда. Кейде егін туралы айтылғанда бұрын өзіміз көріп қалғандай комбайн техникаларын көру былай тұрсын, «комбайн» сөзінің өзі архаизмге айналып бара жатырған сияқты… ТҮЙІН 2017 жылы елімізде жиналған астықтың жалпы көлемі – 20,6 млн. тоннаға жеткен. Айта кетер бір жәйт еліміздің дурум бидайының экспорттық үлесі – 450 мың тоннаға ұлғайыпты. Еліміз ұн экспорттаудан алдыңғы қатарда тұр. Осыны ескерер болсақ, ауданымыздың өз жерінде ауа райына көп тәуелділікті қажет етпейтін дәнді дақылдарды өсіруді қолға алу мәселесі көрінуде. Әрине, ауданымыз аймағында салған егіннің әр гектарынан 10-13 центнер өнім ала қою мүмкін болмас. Көпті көрген агроном ағаларымыздың айтып жүрген әңгімелеріндегі өз жерімізге салған егіннің әр гектарынан 5-7 центнерге дейін өнім алудың өзі біздің аудан үшін үлкен байлық. Бірақ ауылдың бүгінгі диқандары егін шаруашылығы саласында көп айтылатын «зона рискованного земледелия» пікірінен айналсоқтап шыға алмай жүргендерін байқаймыз. Бұл да дұрыс болар. Бірақ халқымыздың «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де шығасың» деген нақыл сөздің де бар екенін естен шығармайық! Бұған ауданымыздың шаруа қожалықтарының әлеуеті молынан жетеді деп санаймыз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.