АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 05.05.2018


ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ЖАРАТУҒА АТСАЛЫСЫҢЫЗДАР!

Күні: , 58 рет оқылды

4 мамыр күні аудандық музейде «Музейге сыйлық» акциясы өткізілді. Музей меңгерушісі Назкеш Адаялиева: -Аудан орталығында музейге арнайы орын бөлініп, жөндеуден өткізілуде. Жақын арада ол пайдалануға да беріледі деп күтілуде. Осыған орай аудан тарихынан сыр шертетін түрлі жәдігерлерді жинастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі акцияның мақсаты да осы болатын. Аудан тұрғындары Шәрипа Нығметова, Ораш Малаев, Бибігүл Әубәкірова өздерінің аталарының, әкелерінің құнды дүниелерін тапсырса, бостандықтық Есім Кенжәлиев өзінің әкесі, белгілі тарихшы Исатай Кенжәлиевтің тұтынған дүниелерін музей қорына өткізген. Сонымен қатар еңбек ардагері Тауфих Мұқанов та шаңырағындағы құнды дүние бесікті тапсырған. Бүгінгі күнде аудандық музейде 2300-дей жәдігерлер жинақталып отыр. Әрине, бұны тарихы терең Қазталов ауданы үшін көп деп айтуға келмес. Сондықтан ауданымыздың тұрғындары келешек ұрпаққа сыр шертетін көне жәдігерлерді жинасуға көмектессе екен дегім келеді, -деді. Бір айта кетер жәйт осы акция барысында музей меңгерушісі Назкеш Адаялиеваның өзі сонау Қытайдың Үрімші қаласында тұратын құдалары сыйға тартқан қолмен жасалған киізді де музейге өткізген. Акцияның өту кезінде сөз алған мәдениет саласының ардагерлері Сандуғаш Бекхожина, Гүлнәр Мырзағалиева, аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе жетекшісі Мирбол Адаялиев, аудандық туризм орталығының маманы Миржан Қарабалин: -Музейді жабдықтау – болашаққа деген саналы көзқарас болып табылады. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ өздерінің ата-бабаларының жүріп өткен жолын білмей, алға қарай жылжи алмайды. Сондықтан санаға рухани өзгеріс әкелетін осындай маңызды істерден құр қалмайық, ағайын! –деді. Акцияның өту барысы аудандық мәдениет қызметкерлерінің әнімен өріліп, шырайын аша түсті. ҚҰРМЕТТІ АҒАЙЫНДАР! ЗАМАНАУИ ЖАБДЫҚТАЛЫП ЖАСАЛАТЫН МУЗЕЙГЕ ҮЙЛЕРІҢІЗДЕГІ ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ТАПСЫРЫП, ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ЖАРАТУҒА АТСАЛЫСЫҢЫЗДАР!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ДОМБЫРАДАН ШЕБЕРЛІК САҒАТ ӨТТІ

Күні: , 74 рет оқылды

4 мамыр күні Қазталов орта жалпы білім беретін мектебінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу және қазақ күйлерінің тарихын таныту, орындау, әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов оқушылармен кездесіп, домбырадан шеберлік сағат өткізді. Кездесуде Нұрғиса Маратұлы өнер жолындағы өмірін айта келіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ домбыраның дәстүрлік шеберлігін, қағыс әдістерін көрсетіп, толық меңгеруге бағытталу қажеттігін айта келіп, күй орындап берді. -Тәжірибе алмасу – шеберлікті шыңдай түсетін мүмкіндік. Кәсіби маманның сабағына қатысып, ерекше әсер алдық. Әсіресе, біз де, оқушыларымыз да қазақтың қара домбырасының қыр-сырларын үйреніп, көптеген жаңа мағұлматтарды меңгердік. Осындай мағынасы да мәні зор шеберлік сабақты өткізген Нұрғиса Маратұлына алғысымыз шексіз, -дейді аудандық саз мектебінің домбыра сыныбы оқытушысы Жанат Өтешова. Кездесу соңында Нұрғиса Дауешов ағамыз аудандық саз мектебінің домбыра сыныбының 4 сынып оқушысы Аида Омарғалиеваға домбыра сыйға тартты.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталовта «Қызғалдақ көктем – Тюльпанная весна» фестивалі мәресіне жетті

Күні: , 64 рет оқылды

2-3 мамыр күндері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысу мақсатында Қазталов ауданы, Қайыңды ауылының қызғалдақты алқабында «Қызғалдақ көктем – Тюльпанная весна» эстрадалық әндерді орындаушылардың I Халықаралық байқауы өтті.
Байқауға келген қонақтар қызғалдақты алқаптағы «Гүлдер клайдоскопы» көрмесін тамашалаудан бастады. Бұл көрмеде гүлдер, соның ішінде қызғалдақтың түрлері туралы түрлі мағлұматтар жинақталған. Бұдан кейін фестивальдің ашылу салтанаты өтті.  Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, Саратов облысы, Александров-Гай муниципиалды аудан басшысының орынбасары Алла Луговская, БҚО мәдеиент, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтер құттықтау сөз сөйледі. Қатысушылар алдында  100 орындаушы қазақтың күйлерін орындап, ақындар Қайыңды қызғалдағына арналған өз туындыларын оқып берді. Қызғалдақты алқапта тігілген ақшаңқаң киіз үйлерді көргенде халқымыздың тарихына терең сүңгігендей әсерде қаласың. Этноауыл әртүрлі бағыттағы секторлардан жабдықталған. Бұнда қазақ ұлтының ежелгі ұлттық қолөнері, тағамдары және салт-дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік берілген. Мәселен, қымызды қалай дайындауды ауданымыздағы белгілі жылқы жануарымен айналысушы Меңдіхан Халықұлы жан-жақты түсіндіріп берсе, Баян Қабиеваның жетекшілігімен ісмерліктің құпиялары да ашылғандай болды. Сонымен қатар ағаштан және сүйектен жасалған бұйымдар көздің жауын алса, ал ақ дастарханның үстіндегі ұлттық тағамдар өзінің дәрумендігімен, сапалылығымен де ата-бабамыздың бізге тастап кеткен мол мұрасының қадыр-қасиеті өте жоғары екенін байқатады. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар да бүгінгі заманауи технологияларды пайдаланған бұйымдардан ешбір сапасының төмен емес екенін көрсетіп тұр. Осы этноауылда келін түсіру дәстүрінің жөн-жоралғысы да көрсетілді. Этноауылда үлкен қалалардағы сән үлгілерін жасайтын дизайнерлерден кем түспейтін қарасулық Толқын Моншатаеваның да ұлттық киім үлгілері қонақтарды таң-тамаша қалдырды. Ал осы киім үлгілерінің қасында тұрған қазталовтық арулар қызғалдықты алқапқа ерекше бір әдемілік әкелгендей… Фестивальдің құрметіне 1 мамыр күні Қазталовтан Қайыңдының қызғалдақты алқабына дейін веложорық ұйымдастырылған еді. Сол веложорықшылар ауданның Бостандық, Жаңажол, Жалпақтал, Ақпәтер ауылдық округтерінің үстімен өтіп,  барлығы 150 шақырымды артқа тастап фестиваль өтіп жатырған алқапқа келіп, сап түзеді. Қызғалдақты алқапта көрермендерге қазақ халқының ұмыт болып бара жатырған ұлттық ойындары – садақ ату, аударыспақ, күрес, күш сынасудың көріністері ұсынылды. Ауданымызда алғашқы рет, соның ішінде ашық аспан астында, қызғалдақғы жайқалған алқапта табиғатты қорғау тақырыбына арналған «Бірге қорғаймыз» атты сұхбат алаңы өткізілді. Бұл сұхбат алаңында табиғат кереметінің бірі – көктем шыға көздің жауын алып, қырларда құлпырып, жайнайтын қызғалдақ гүлін қорғау жөнінде келелі әңгімелер айтылды. Сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: -Еліміздің басқа өңірлеріндегідей біздің аудан территориясында да қызғалдақтар өседі. Жалпы өздеріңіз көріп отырғандай осы алқапта қызғалдақтың 11-ге жуық түрі шығады. Осындай ғажайып гүл өзге елдерде өсіріліп, насихатталып жатқанда, туған жеріміздің бренді ретінде қызғалдағымызды да мақтаныш етуге толық қақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, қорғауды да қолға алу керек. Бұл үшін насихат жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қажет, -деді. Сұхбат алаңында сөз алған БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, «100 жаңа есім» жеңімпазы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, осы білім ордасының аудит бөлімінің меңгерушісі Айболат Сейтақ, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, М:Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың доценті Жаңабек Жақсығалиев, осы университеттің магистрі Бақтияр Ғабдолов, облыстық экология-биологиялық орталықтың өсімдіктер әлемі бөлімінің меңгерушісі Фиягүл Қауымбаева, Қайыңды орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлфия Өтепбергенова және басқалары туған жер төсіндегі өсімдіктер әлемін қорғап, келешек ұрпаққа аманат ету мақсаты туралы құнды пікірлерін ортаға салды. «Қызғалдақ көктем – тюльпанная весна» эстарадалық әндерді орындаушылардың бірінші халықаралық байқауына қатысушылардың жеребе таңдау рәсімі өткізілді. Айта кету керек, ән байқауына еліміздің Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарынан және Ресей елінің Самара, Оранбург, Саратов облыстарынан 30 үміткер қатысуға ниет білдіп отыр. Байқауға қатысушылар өздерінің сахнада өнер көрсететін реттік нөмірлерін анықтады. Осы халықаралық байқауға төрелік ететін әділқазылар құрамында «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» Гүлнар Дәукенова, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Дина Хамзина, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов, әнші Марат Сарбөпеев бар. Жеребе суыру рәсімінен кейін аудан көркемөнерпаздары келген қонақтарға «Гүлдер әуені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Жеребе суыру рәсімінен кейін аудан көркемөнерпаздары келген қонақтарға «Гүлдер әуені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Қайыңдының қызғалдақты алқабында өткен дүбірлі шарадан соң «Қызғалдақ көктем — Тюльпанная весна» эстрадалық әндерді орындаушылардың І  Халықаралық байқауына арналған фестивальдің жалғасы аудан орталығында өткен тамаша концертке ұласты. Аудан орталығындағы «Достық» саябағында фестиваль қонақтары, үміткерлердің және ауыл тұрғындарының құрметіне аудан көркемөнерпаздарының даярлаған тамаша концерттік бағдарламасы ұсынылды. Саябақтың түңгі аспанын жаңғырта шырқалған әндер мен тамаша билер жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе концерт соңында түңгі аспанды жарыққа бөлеген отшашудың әсерлі болғанын өзіміз көрдік. 2 мамыр күні Қайыңдының қызғалдақты алқабынан бастау алған «Қызғалдақ көктем – Тюльпанная весна» эстрадалық әндерді орындаушылардың І Халықаралық ән байқауы 3 мамыр күні аудан орталығында жалғасын тапты. Сонау Ресейдің Орынбор, Саратов, Самара облыстарынан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 30-ға жуық жас әншілер қос өзеннің ортасында орналасқан аудан халқын әнге бөледі. Бір айта кетерлігі – байқауда үміткерлер бес тілде әндер шырқалды.Бұл байқауға еліміздің танымал өнер жұлдыздары қазылық жасады. Байқау болғасын жеңімпаздар анықталатыны белгілі. Екі кезеңнен болған ән байқауында таланттар анықтала бастады. Қорытындысында 3 орынды Қазталов ауданынан Асхат Нығметов, Орал қаласынан Азамат Амангелді, Сырым ауданынан Асыл Әбуғалиева иеленді. Ал 2 орынды Теректі ауданынан Айбек Дәулетқалиев пен Орал қаласынан Тарас Жауымбаев өзара бөлісті. Жүлделі 1 орынды Орал қаласынан келген танымал әнші Дамир Сатыбаев жеңіп алды. Сондай-ақ байқауға қатысқан барлық үміткерлерге де алғыс хаттар мен дипломдар табысталды. Бас жүлдеге Қазталов ауданының талантты жас әншісі Айымбек Сәртөков ие болды. Жеңімпаздарды құттықтаған аудан әкімі Абат Шыныбеков, -Кешеден бері Қайыңдының қызғалдақты алқабынан басталған осы бір өнер додасы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған идеялармен ұштасып жатыр. Біз осы фестивальді өткізуді жоспарлағанда бүгінгі жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу, туған жердің тасын да, гүлін де аялау, осы арқылы елге қызмет жасауға бағыттау мақсаты болды. Бүгінгі өткен ән байқауы өзінің мақсатына жетті деп санаймыз. Осы үлкен Халықаралық байқауды өткізуге ат салысқан, әрі қолдау көрсеткен ауданымыздың мекеме-ұйымдарына, облыстық, қалалық мәдениет басқармаларына, Сырым ауданының әкімдігіне және әділқазылық жасаған еліміздің өнер майталмандарына аудан жұртшылығы атынан ыстық ықыласымды жеткіземін. Сонымен қатар осы байқауға көрші Ресей елінен және еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас таланттарға да рахмет айта отырып, алдағы уақытта өнердегі қадамдарына ақ жол тілеймін! -деді. Марапаттау рәсімі байқауға қатысушылардың әндерімен өріліп және сөз алған өнер жұлдыздарының лебіздерімен ән мерекесінің шырайы ашыла түскенін айтқан жөн. Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ, Қайрат ЖАҚЫП, Қазталов ауданы     Ғалия ЕЛЕУСІНОВА – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің анасы -Мен Астанадан қуанышты көңіл-күймен келіп отырмын. Жұбайым Марат екеуміздің отау құрған Қайыңды ауылы біз үшін өте ыстық. Өзім Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келіп, осы жақтан бақытымды таптым. Осы жерде Дәурен мен Даниярдың кіндік қаны тамды. Алғаш осы елге келін болып түскенде Марат мені қызғалдақты алқапқа әкеліп қыдыртатын… Бүгінде Астанада жүрсек те Қайыңдының қызғалдақты алқабы жүрегімізде сақталып қалды. Күні кеше ғана Данияр кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісін елге, соның ішінде осы Қайыңды ауылына арнады. Демек, Данияр тек біздің ұлымыз емес, сіздердің аттарыңызды елге паш ететін елдің ұлы деп санаймын. Осындай қуанышты күндер алдағы уақытта да жалғасын таба берсін деймін. Еліме, ауылыма, Қайыңдының қайыспас халқына рахмет айтамын!   Алла ЛУГОВСКАЯ – Саратов облысы, Александров-Гай муниципиалдық ауданы басшысының орынбасары -Біз ежелден көрші қазталовтықтардың әрбір табысына қуана, қызыға қарап отырамыз. Еш уақытта да біздің мәдени байланысымыз үзіліп көрген жоқ. Өзімізбен көрші жатқан, арақашықтығы небарлығы 5 шақырымдай ғана Қайыңды ауылында гүлдер және ән фестивалінің өтуіне өте қуаныштымыз. Бұл табиғатымызды қорғаумен қатар біздерді осындай бір әсемдік әрі қарай жақындастыра түседі деп санаймын. Сондықтан осындай шаралар көбейе берсін!      

Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.